Астана қаласының Полиция департаменті елордада жұмыс істейтін қоғамдық қайырымдылық қорлар аз қамтылған отбасы балаларына арналған пансионаттар атын жамылып, діни ағымды насихаттады деген күдікпен қылмыстық істі тергеуде, деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы қорлардың бірінің қызметкері қалың көпшілікке ашық уағыз жүргізіп, онда басқа конфессияларды ұстанатындардың діни сезімдері мен ұлттық дәстүрлері қорланды.
Аталған қор пансионаттарында заңды бұза отырып, кәмелетке толмаған тәрбиеленушілер арасында шетелдік уағызшылардың діни догмалары таратылған.
Пансионаттарда жүргізілген тінтулер діни сипаттағы шетелдік оқу материалдарының барын, сондай-ақ, балалардың діни жоралғыларға жүйелі түрде тартылғанын растады.
Бұл рәсімдер балаларды қазақстандық қоғамның ұлттық дәстүрлері мен құндылықтарынан алшақтатуға бағытталған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, басқа мәліметтер жария етуге жатпайды.