Арыстардың азапты тағдыры ұмытылмайды
Биыл 30-жылдардағы зұлмат ашаршылыққа – 80, саяси қуғын-сүргінге – 75 жыл. Қасіретті жылдар құрбандарын еске алу үшін Алматыда «Асыл арыстардың есімі елдің мәңгі есінде» деп аталатын шара өтті.
400-ден аса адам қатысқан жиында сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин бұл күнді «тәубенің күні» деп атады. «1930-40 жылдары жасалған қателіктерді ешқашан қайталамауымыз керек. Жазықсыз құрбандарға құран бағыштап, аруақтары алдында бас иіп, тағзым етейік. Сол заманғы қатыгездердің қылықтары үшін арыстарымыздан кешірім сұрауға тиіспіз», – деген Н.Оразалин жастарға деген ақылын өлең жолдарымен жеткізді. Шарада ашаршылық пен репрессияның тарихы баяндалып, бейнефильм көрсетілді. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының атынан Қошмұхамбет Кемеңгеровтің немересі Гүлнәр Кемеңгерова сөз сөйлеп, атасының жазып қалдырған хаттарын оқып берді.