Сайысқа түсуден қариялар да қалыспайды екен. Оған Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен «Ардагерлер ұйымының төрағасы» атты байқау барысында көз жеткіздік.
Облыстың 19 ауданы мен қаласынан келген ұйым төрағалары сахнада қарияға тән қазыналық, дарияға тән тереңдігін танытты.
Кейінгі жылдарда өңірде ақсақалдар мен әжелер форумдары өткізіліп, қариялардың жастар тәрбиесіне белсене араласуына жергілікті билік барынша жағдай жасауда. Бұл байқау да сол қолдау шараларының заңды жалғасы деуге болады.
Аталар сайыс шарты бойынша төрт сыннан өтті. Алдымен өздерін таныстырып, ата-дәстүр, салт-сана, ар-намыс, тәлім-тәрбие жөніндегі сауалдарға тереңнен талдап, жауап берді. Бойындағы бар өнерін паш етіп, бата беруде де барын салды. Домбыра, баян, балалайка сынды саз аспаптарын еркін меңгерген қариялардың өнері және өз қолдарымен жасаған ат әбзелдері мен бұйымдары көрерменді бейжай қалдырған жоқ.
Қазылар алқасының шешімі бойынша, қараталдық Ғабдул-Сәбит Юсупов ардагерлер ұйымының үздік төрағасы атанып, бас жүлдеге лайық деп табылса, бірінші орынды Алакөл ауданының ақсақалы Арынтай Тұрарұлы иеленді. Балқаш ауданынан келген Асылхан Елбосынов пен қарасайлық Смағұл Садырқұлов екінші және үшінші орындарды бөлісті.
Егеубек Далбағаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Облыстық ақсақалдар кеңесінің жұмысы республикада көш басында келеді. Біздің бүгінгі бастамамыз басқа облыстағы қарияларға, ондағы ақсақалдар ұйымдарына үлгі болары сөзсіз. Осы игі бастаманың ары қарай жалғасын табуына мүдделіміз.