Мамандардың айтуынша, Арал теңізі өз тарихында төрт рет тартылған екен. Бір кездері Әмудария Каспийге құйып, Сырдың суы теңізге жетпей, Қызылқұмның құмына сіңіп кетіп отырған. Алайда табиғаттың тосын мінезінен бірнеше рет теперіш көргенімен Арал ернеуіне жетіп, қойны балыққа толып отырған еді. Жер бетіндегі ішкі сулардың ішінде ірілігі жағынан 4-ші орын алған Арал, 4-ші рет адам қолымен тартылып кетті. Аралдың күретамыры – Әмудария мен Сырдарияның суын толығымен мақта, күріш алқаптарына пайдалануды ұсынған кеңес «академигі» Григорий Воропаев жобаларының Аралды қасіретке ұшырата бастағанын көріп тұрып, биік мінберден: «Олай болса, Аралға «әдемі» өлім тілейік!» – дегені бар.
Нәтижесінде, 40 мың шаршы шақырым болатын теңіз табаны құрғап, қайран Аралдың 4/3-і жоқ болды. Тартылған теңіз құм мен тұз араласқан ондаған миллион тонна шаң түзеді. Адамның қиянаты табиғаттың тылсым мінезінен асып кетті. Тартылған теңіз табанынан ұшқан улы тұздар төңіректі тіршіліксіз шөлге айналдырып қана қоймай, Қызылорда қазақтарын ауру қылды. 90-жылдардың басында әлем ғалымдары Аралдан ұшқан шаң-тұздардың Солтүстік мұзды мұхитқа дейін жетіп, мәңгілік тоң мұздарды еріте бастағанын айтып дабыл қақты.
2005 жылы салынып біткен Көкарал бөгені теріскей Аралдағы су деңгейін 4 метрге көтеріп, жоспарланған 42 метрлік межеге қол жетті. Тартылған теңіз табанының 870 шаршы шақырымы қайта суға толды, қазір Арал айдынының беті 3,3 шаршы шақырымды құрайды. Сырдың суы теңіздегі тұз мөлшерін азайта бастады. «Судың тұщылана бастағанын камбала дейтін балықтың тұрқынан білуге болады» дейді мамандар. Тұзды суды жаны сүйетін балықтың бұл түрі Аралдың суы сор боп тұрғанда бір сүйемге өсіп кетсе, қазір екі қарысқа да жетпейтін көрінеді. Қайықтары қайырлап, немерелері теңізді теледидардан көріп өскен кәрі балықшылар атакәсіптеріне оралып жатыр. Жергілікті балықшы Серік Сүлейменовтің әкесі кезінде балық кеңшарының маңдайалды балықшысы болған. Серіктің айтуынша, теріскей Аралда балықтың түрі де, саны да өсіп келеді. Аралдың сазаны мен жайыны туралы естіген ел Ресейдің теңіз жағасындағы Астраханынан ат арытып келетін көрінеді. Сөйтіп, әлем тарихында адам қолымен жоғалған тұңғыш теңізді қайта қалпына келтірудің бұрын-соңды болмаған ғаламат жобасы іске аса бастады. Ғасыр жобасының екінші кезегінде Дүниежүзілік банктің 250-300 млн долларына Сырдарияның ағысын реттеуді жақсартып, Арал қаласын баяғыдағыдай айлақ-қалаға айналдыру жұмысы тұр. Аралдың суы аттас қалаға бірнеше шақырымға дейін жақындап, айлақтан теңізге дейін баратын кеме жүзетін арна салынбақ.
Сырдың суы толығымен теңізге жету үшін оның бойын тазалап, ағу қабілетін арттыру қажет. Ақлақ су тоспасы мен Қызылорданың түбіндегі Әйтек нысаны осы мақсатта салынуда. Ақлақ су тоспасы Сыр суының ағуын қазіргі секундына 60 текше метрден 400 текше метрге дейін көбейтпек.
Ақлақ арқылы Сырдария өзенінің ағу қабілеті артады. Жергілікті тұщы көлдер қажет сумен толығады. Құрылыс аяқталса, 20-дан астам елді мекенге су келіп, халықтың тұрмысы жақсарады. Және жылда су тасуынан балықтардың жағаға шығып, қырылып қалуы азаяды. «Көксарай» су реттегіші салынып біткеннен кейін Сыр өлкесінде қыс айларындағы су тасқыны қаупі сейіледі.
Бәрі жақсы, бірақ...
Алайда сол Ақлақ пен Әйтектің құрылысы тым баяу жүріп жатыр. Кей мамандар бұл су тоспаларының Сыр өзенінің ағысын реттейтініне күмәні бар. Олардың айтуынша, Кіші Аралға тұрақты түрде су жетуі үшін кем дегенде 20-дан астам гидронысан салу қажет. Оның үстіне, Шардара су қоймасын күрделі жөндеуден өткізбесе, Сыр суының көбі дамбаның тесіктерінен құмға сіңіп кетуде.
Үлкен Арал сексеуіл тоғайына айналмақ
Көкарал тұрғызылғалы бері үлкен Аралға мүлдем су келмейтін болды. Құм мен тұз араласқан шаңды дауыл адамның денсаулығын құртып, төңіректегі жерлерді сор тақырға айналдыруда. Ғалымдардың есебінше, қазір 4 млн га теңіз ұлтаны тіршілік атаулыдан жұрдай болған. Тартылған теңіз табанына барсаңыз, өлілердің патшалығына тап болғандай боласыз. Айнала меңіреу тыныштық. Жыбырлаған жәндік жоқ, құстың үні де естілмейді.
Көшкен құм мен тұзды тоқтату үшін бірнеше халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп, теңіз табанына сексеуіл егу жобалары қолға алынған еді. Бір-екі жыл істеген шетелдіктер қаржымыз жетпейді деп кетіп қалған. Мемлекет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, былтырдан бері Аралдың тартылған табанын игеруге қатысты жоспарын жүзеге асыра бастады. Дегенмен өз еркімен теңіз табанына сексеуіл егіп келе жатқан жандар шенеуніктерге қарағанда үлкен іс тындыруда.
Біз болған «Әулиетөбе» шаруа қожалығы темір тұлпардың да тұяғы әзер ілінетін шалғайда отырып, сексеуіл көшетін өсірумен айналысып келеді. Күзде сексеуілдің тұқымын жинап алған соң, олардан көшет шығарып, артынша теңіздің құрғап кеткен ұлтанына егеді.
Шаруашылық басшысы Амангелді Есімовтің айтуынша, 2006 жылы 4 гектар, 2007 жылы 2 гектар жерге тұқымбақ ұйымдастырған. Жеті жыл ішінде 10 мың гектар жерге тұқым сеуіп, 4000 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызған.
– Машақаты көп бұл жұмыстың берері де үлкен. Ең алдымен сексеуіл тоғайы құмды тоқтатып, жердің сор тартуын тежейді, – дейді Қызылорда облыстық табиғат байлығы мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы бөлімінің бастығы Байкенже Ахметов.
Сексеуіл көбейісімен бұл жерде аң-құс пайда болған. Сексеуілдің көлеңкесін паналап, қояндар, киіктер, қырғауылдар келіп жатыр. Соңғы кездері құландар да көбейіпті. Ал болашақта сексеуіл тоғайының төңірегінде түзілетін шөп-шалғынды жайылым ретінде пайдалануға болады. Қазір 70 мың гектардың үстінде сексеуіл егілген. Тұзды құмға тамыр жайған сексеуіл өсіп-өніп,100 мың гектар алқапқа жетіпті. Алайда тіршіліктен ада 4 миллион жер үшін 100 мың гектар сексеуіл сөз болып па? Жергілікті мамандардың айтуынша, көрші Өзбекстан өз күшімен-ақ біздікінен 3-4 есе көп сексеуіл егеді екен.
Әзірге өткен ғасырдың 60-жылдарындағы Аралды қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан барды қанағат тұтып, соның өзін жоғалтып алмауды үйрену керек. Егер Аралға бюджеттің шығын бөлігі ретінде ғана қарайтын болсақ, ондағы жобаларды тек қағаз жүзінде жүзеге асырсақ, табиғаттың бергенін бүлдіре берсек, әлемнің ең көгілдір теңізі атанған Аралдан біржола айырылып қалуымыз да ғажап емес.
Анықтама
Арал теңізінің көлемі 700 мың шаршы шақырымды құрайды.
Аралдың негізгі су алатын көздері – Сырдария мен Әмудария өзендері.
Арал теңізі барлық Орталық Азия елдерімен шектеседі.
Соңғы 40 жылда Аралдың су көлемі 6,5 есеге дейін тартылып кетті.