Ақтөбе қалалық полиция басқармасының бастығы Қайрат Мырзабеков «қарамағында жұмыс істейтін әйелге қол жұмсаған» деген күдікпен қамауға алынды. Оқиға қарашаның 24-і күні болған. Соққыға жығылған әйелдің есімін әріптестері құпия ұстап отыр. Бізге оның жасы 30-да екені ғана мәлім. Облыстық ішкі істер департаменті Мырзабековтің абақтыда отырғанын растағанымен, әзірге оған қандай айып тағылғанын айтпай отыр.
– Аталған деректі жоққа шығара алмаймын. Подполковник Қайрат Мырзабековке біздің тарапымыздан бұрын-соңды ешқандай шағым болған жоқ. Қазір бұл іспен департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасы айналысуда, – деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиев. Алмат Иманғалиев Ақтөбенің бас полицейі уақытша тергеу изоляторында (ИВС) деген болатын. Ал Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Илиада Досова берген ақпарат оған кереғар. Илиада Досованың айтуынша, қараша айының 28-і күні Ақтөбедегі №2 сот Қайрат Мырзабековті тұтқындау (арест) туралы санкция берген. Ал мұндай жағдайда Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 150-бабы бойынша күдікті тек тергеу изоляторына (СИЗО) қамалады. Қарашаның 25-і күні ақтөбелік полицейлер «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты дәстүрлі акцияны бастаған болатын. Бұл – әйелдерді тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған акция. Бас-аяғы бес тәулікте полицияға некелі күйеуі немесе көшедегі бейтаныс адамнан зорлық-зомбылық көрген 97 әйел хабарласып, көмек сұраған. Қалалық жедел жәрдем ауруханасының көмегіне жүгінген 30 жастағы полицей әйел – солардың бірі ғана. «Ол кісі өткен сенбі күні өз өтініші бойынша ауруханадан шығып кетті. Мен сізге басқа ештеңе айта алмаймын. Дәрігерлік құпия. Полициядан сұраңыз», – деді аурухананың бас дәрігері Сәубет Келімбердиев. Полиция подполковнигі Қайрат Мырзабеков Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасын былтырғы қазан айынан бері басқарып келді. Бұған дейін ол Хромтау аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болған.
Ақтөбенің бас полицейі әйел сабаған ба?
Последние статьи автора