Ақтөбедегі теракт кезінде қаза болған оңтүстікқазақстандық сарбаз Досбол Сапардың отбасына үй берілді. Зәулім баспана Шардара қаласының орталығында салынған.
Төрт бөлмелі үйдің іші қажетті жиһазбен де жабдықталыпты. Тіпті Досболдың артынан ерген інісі мен қарындасына арнап компьютер де сатып алынған. Отан алдындағы борышын адал атқарған қатардағы жауынгердің туған-туыстарына мұндай қуанышты өңірдегі тәртіп сақшылары сыйлады. Облыстық ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция қызметінің жеке құрамы арнайы шотқа біркүндік жалақыларын аударған. Нәтижесінде жиналған 12 млн теңгеге тұрғын үй салынып, төрт түлік те сатып алынды. Естеріңізде болса, Ұлттық ұланның 66/55 әскери бөліміне лаңкестер тосыннан шабуыл жасағанда, Досбол Сапар патрульдік топтың құрамында кезекшілік етіп жүрген. Алғашқылардың бірі болып қаскөйлерге тойтарыс беруге ұмтылды. 19 жасқа да толмаған жалындаған жас жігіт Отан алдындағы міндетін өтеу кезінде мерт болған еді. Бір әулеттің тұңғышы әскер қатарына өзі сұранып кеткен екен. Оңтүстік жұрты осылайша өз батырына құрмет көрсетті. Жұлдыз Құдабаева, сарбаздың анасы: - Біз бұлай болады деп ойламаған едік, барлығы аяқ астынан тосынсый болды. Не қуанарымызды, не жыларымызды білмей қалдық. Балам тірі болғанда, осындай үйдің 5-6-ын салар еді. Асқар Оспанов, облыстық ішкі істер департаментінің басшысы: - Ұлттық ұлан қызметкері елімізді қорғаған, Елбасы тапсырмасын толық атқарған, ерлік жасаған жерлесімізге сый-құрмет жасап отырмыз.