Ақтөбе облысында елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары бойынша кең көлемді жастар акциясы жүріп жатыр.
Қалаға жақын Алға ауданында бұл шараға жеті жүз оқушы қатысуда. Осы шараның арқасында Ақтөбе облысы күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан тазарып қалды. Ал Қарғалы ауданының орталығы Бадамша ауылында тазалық марафоны мамыр айында басталып, әлі күнге дейін қарқынды жүріп жатыр. Көктем келісімен-ақ бос жатқан 860 шаршы метр жерге гүл егіп, аудан орталығын абаттандыруды қолға алған оқушылар өздері өсірген әр гүлге айрықша көңіл бөлеміз деп көпшілік алдында уәде берген болатын. Қазіргі таңда олар тек тазалық жұмыстарымен ғана емес, сонымен қатар гүлзарлар мен саябақтарды күтіп-баптауды да өз қолдарына алған. Алғашқы топ ауылдағы он көшені түгелдей тазалап шықты. Жұмыс тоғыз бағыт бойынша атқарылады. Оқушылар ауылды жерлердегі спорттық алаңдарды да қалпына келтіруге өз үлестерін қосып жатыр. Қазір марафонға қатысушылардың көбі отыз жылдан бері тазалау көрмеген саябаққа жұмылдырылған. Жылдар бойына күтімсіз қалған теректер мен қайыңдар әктеліп, қурап қалған ағаштардың орнына жас көшеттер егілуде. Бірлесе атқарылған іске ауыл қарттары да дән риза. Тек осы Қарғалы ауданының өзінде 812 жас марафонға қатысуға ниет білдірген. Әр топ төрт сағат жұмыс жасайды. Марафонға қатысушының әрқайсысына бес күндік еңбекақысы ретінде 3782 теңгеден ақша төленеді.