Ақсуда 12 млрд. теңгеге салынған жылу қазандығы жарамсыз болып шықты
Ақсуда 12 млрд. теңгеге салынған жылу қазандығы жарамсыз, деп хабарлайды Azattyq Ruhy AstanaTV-ға сілтеме жасап.
Мамандар 4 жылдан бері қазандықты іске қоса алмай отыр. Ал қала халқы қыста жылуға жарымайды. Құзырлы органдар жобадағы қателікті түзетуге уақыт бергенмен, одан да нәтиже болмапты.
Соңғы жылдары Павлодар облысында құрылыс талаптарын сақтамайтын компаниялар көбейген. Соның салдарынан 50-ге жуық құрылыста түрлі заңбұзушылық анықталды. Құлауы мүмкін деген 4 көп қабатты нысан бұзылмақ.
«Аталған үйлер бойынша сот шешімімен заңды күшіне енді. Қазір бұл құрылыстарды бұзу жұмыстары күтілуде. Сот шешімі сот орындаушыға берілді. Қамзин көшесі 102 мекен-жайындағы үйді де бұзу туралы сотқа талап арыз жолданды. Бүгінгі күні сот аппелациялық шағымды қарап жатыр. Осы айдың соңында сот шешім шығаратын болады», - деді облыстық мемлекеттік сәулет және құрылысты бақылау басқармасының бас маманы Арман Шағарманов.