Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Үкімет отырысының кулуарында журналистердің құқығы туралы айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Azattyq Ruhy.kz-ке сілтеме жасап.
Үкімет отырысына жиналған тілшілер министрге журналистер мен жеке ақпарат агенттіктеріне жасалып жатқан шабуылдарды айтып, министрлік бұл тарапта қандай қызмет атқарып жатқанын сұрады.
«Мен қыркүйектен бері арнайы 6 рет мәлімдеме жасадым: Ақтөбедегі оқиғадан бастап. Әр уақытта журналистердің құқығын қорғауға, оларға әртүрлі қолдау көрсетуге дайын екенімізді айттық. Ол туралы әлеуметтік желілерде де және өзімнің жеке аккаунтарымда баяндадым», - деді Қыдырәлі.
Сонымен қатар ол журналистермен кездескенін айтты.
«Мысалы Самал Ибраевамен кездесіп сөйлестім. Сондай-ақ Гүлжан Ерғалиевамен кездестім. Басқаларына да біз қолдау көрсетуге әзір екенімізді жеткіздік. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді. Сол бойынша кейбір азаматтар ұсталып жатыр. Біз мәселені өз бақылауымызда ұстап отырмыз», - деді ол.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі министрлік журналистердің құқығын қорғауға әзір екенін айтты.
«Бізде ақпараттық шабуыл көбейіп кетті. Сондықтан бұл мәселеде біз журналистердің құқығын қорғауға әзірміз», - деді министр.