Ақмола облысында қола дәуірінде өмір сүрген адамның сүйегі табылды
Ақмола облысы аумағындағы Қызылұйым ауылы маңындағы қорғанды қазу кезінде адам сүйегі табылды. Мамандардың болжамынша, ол қола дәуірінде өмір сүрген болуы мүмкін, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Орталық мамандарының мәлімдеуінше, адам сүйегі оң жағымен, басы солтүстік-батысқа қарай қаратып, қол-аяғы бүгілген күйде орналасқан.
"Нашар сақталған остеологиялық қалдықтар табылды, оның ішінде бас сүйектің бөліктері, білек сүйектері, аяқтың тірсек сүйектері, аздап жамбас сүйектері жарым-жартылай сақталған", – делінген Ақмола облысы мәдениет басқармасының Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы таратқан хабарламада.
Сүйек қалдықтарының мойын бөлігінде 20-дан астам пасталы моншақтары (алқа) табылды.
"Жерлеу ерекшеліктеріне сүйене отырып, уақыт кезеңі қола дәуіріне жатады деп болжауға болады (б.з. д. алғашқы 1-2 мың жылдық)" –деп мәлімдеді Ақмола облысы мәдениет басқармасының "Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы" КММ маманы.
Тарихшылар бұл нұсқа қорғанды толық зерттеп, табылған жәдігерлерге тиісті талдау жүргізгеннен кейін нақтылауы мүмкін екенін алға тартты.