Көкшетау қаласында баспасөз мәслихаты өтті. Оның барысында Ақмола облыстық мәслихатындағы «AMANAT»-тың бұрынғы депутаттары істеген жұмысы жөнінде баяндап, БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берді. Бұл туралы Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын орындау аясында 1115 орындық 14 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылды. Қосшы қаласында 1200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Бұған қоса, 70 білім беру ұйымында жөндеу жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылында дәрігерлік амбулаторияның және Қоянды ауылында алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының құрылысы аяқталды.
«Облыстық маңызы бар «Щучинск-Степняк-Уәлиханов» және «Астана қаласының шығыс айналма жолы» - Сарыоба стансасы сынды екі автокөлік жолына күрделі жөндеу жүргізілді. 18 шақырым жол жөнделді. Жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 87%-ға жетті», – деп атап өтті Ақмола облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Омар Шоназаров.
Өз кезегінде, бұрынғы халық қалаулысы Айнагүл Балташева оң шешімін тапқан депутаттық сауалдар туралы айтты.
«2021 жылы Степняк қаласында орналасқан Абай атындағы №2 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге қажет қаражатты бөлу мәселесі Жұмабай Әміржановтың депутаттық сауалы негізінде шешімін тапты. Бүгінде жөндеу жұмысы аяқталып, мектеп заман талабына сай қалыпқа келді. Сондай-ақ, оның атсалысуымен Бұланды ауылында орта мектеп және Степняк қаласында екі көппәтерлі үй салуға қаражат бөлінді. Депутаттар Біржан сал ауданы тұрғындарының сұрауы бойынша кентішілік жол салу, жөндеу және жалпы білім беретін мектепке қосымша жылу қазандығын орнату мәселесін шешті, – деді ол.