Ақбақайдан алтын ұрлаймын деп арманда қалды
Ақбақайдағы алтын шығаратын фабрика – «жердегі жұмақты» іздеушілерге таптырмайтын орын. Осындағы кен орнынан алтын ұрлап, оны қымбат бағаға сатып байып кетуді армандаушыларды Ақбақай магнитше тартып тұратыны тегін емес. Жыл басынан бері мұнда 30-дан астам ұрлық болыпты.
Жуырда ҚР Ішкі істер министрлігінің арнайы күзет қызметінің басқармасы мен «Ақбақай» кен-байыту комбинатының қызметкерлері 1 келіге жуық, құрамында алтыны бар кварцты ұрлаған суыққолды азаматты қолға түсірді. Шу қаласының 26 жасар тұрғыны фабрика қоймасының қасында ұсталған. Фабриканың айналасының бәрі қоршалған. Күзет қызметі де мықты. Соған қарамастан, ебін тауып екі асауды аңсағандар айласын асырамын дейтін болар. Бағалы зат тек қана жергілікті тұрғындарды ғана емес, облыстың басқа аймақтарындағыларды да магнитше тартып тұрады. Сондықтан да мұнда арман қуалап келгендер абайсызда қолға түсіп қалады. Құрыққа іліккен алтын іздеуші өзінің бұл жорығы ойда жоқта орындалғанын, қолындағы бағалы дүниесін қалдық деп ойлағанын алға тартып отыр. Қолға түскен заттай айғақ – кварц Алматы қаласына сот-химиялық сараптаудан өткізу үшін жіберілді. Апта өткенде сараптаманың қорытындысы келуі тиіс. Сол кезде қылмыстық іс қозғау-қозғамау мәселесі шешілетін болады.
Батырхан ЗИЯШЕВ, Мойынқұм аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары:
– Жыл басынан бері 30-дан астам ұрлық орын алса, оның бәріне сараптама жасалып, бес іске байланысты қылмыстық іс қозғалды. Соған қарамастан, бағалы затты қымқыруға құмартушылардың қатары азаяр емес.