Әнші әжелер алғашқы сыннан сүрінбей өтті
«Евровидение-2012» байқауының жартылай финалының қорытындысы бойынша «Бураново әжелері» тобы келесі кезеңге сәтті өтті. Кеше өнер көрсеткендердің арасынан Ресеймен бірге финалға тағы тоғыз мемлекеттің сайыскерлері жолдама алды.
Әзірбайжан астанасында басталған халықаралық ән байқауын қазақстандық «Еларна» телеарнасы тікелей трансляциялады. Белгілі радиожүргізушілер Қалдыбек Жайсаңбай мен Нұрберген Махамбетов комментатор болса, эфирдің сарапшы мейманы ретінде танымал продюсер Алуа Қонарова келді. Байқау биыл да посткеңестік кеңістік елдері өнерпаздарының талғамы биік екенін көрсетті. Финляндия, Израиль, Черногория, Латвия, Австрия сияқты елдердің әншілері талаптан шықпай қалды. Жартылай финалда барлығы 18 мемлекеттің өнерпаздары бақ сынаса, оның 10-ы келесі кезеңге өтті. Олар: Исландия, Грекия, Албания, Румыния, Кипр, Дания, Ресей, Венгрия, Молдова және Ирландия. 14-інші болып сахнаға шыққан ресейлік әнші әжелер «сен тұр, мен атайындармен» бәсекелесе ала ма, әндерін сәтті орындап шыға ала ма деген қауіптің болғаны рас. Бірақ қариялардың әнді жанды дауыспен топ болып орындауында мін болмады және сахнада тамаша думан көрсете білді. Удмурт-ағылшын тіліндегі Party for Everybody («Баршаға арналған думан») әні Баку байқауының ең сүйікті хитіне айнала бастады. Байқауға қатысты өз ойын білдірген Алуа Қонарова Қазақстан Еуропалық хабар тарату одағына мүше болса, отандық өнерпаздардың бұл байқауда тамаша үлгі көрсете алатынын айтты. «Біздің бұл салада әлеуетіміз жоғары. Егер байқауға қатысуға мүмкіндік туып жатса, қыз-жігіттеріміз ұлттық нақышта және қазақ тілінде өнер көрсететін болады», – деді ол. Алуаға бүгінге дейін қазақстандық әншілерді «Евровидениеге» өзге елдің атынан қатыстыру туралы ұсыныстар түскен екен. Бірақ продюсер даңқты байқауға еліміздің өзі қатысатын кезді күтуде. Естеріңізге салайық, Baku Crystal Hall-да байқаудың ақтық бәсекесі мамырдың 26-сы күні өтеді. Оған сахна қожайыны Әзірбайжан мен байқауды ұйымдастырушы әйгілі бестік: Германия, Испания, Ұлыбритания, Франция және Италия іріктеу кезеңінсіз қатысады. Жеңімпаз мемлекет 26 елдің арасынан таңдалады. Ақтық байқауды Лейла Әлиева, Эльдар Ғасымов және Нарғыз Бирк-Петерсен жүргізеді.