«AMANAT» партиясы елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге күш салады
Астана қалалық мәслихатының депутаттығына «AMANAT-тың» партиялық тізімі бойынша ұсынылған Кендебай Адамбеков және Бахаргүл Төлеген «Қазақ индустрия және экспорт орталығы» АҚ қызметкерлерімен кездесіп, сайлауалды бағдарламаны таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Әдемі-ай» ұлттық кәдесый орталығының директоры Бахаргүл Төлеген жергілікті мәслихатта ұлттық құндылықтарды насихаттауға, қазақы руханиятты дамытуға баса көңіл аударатынын жеткізді. Сонымен бірге елдің әлеуметтік ахуалын көтеруге күш салатынын айтты.
«Есілдің оң жағалауы мен сол жағалауы – екі әлем. Сол жағалаудың жолдары тақтайдай, жарығы жарқырап тұрса, оң жағадағы халықтың тұрмысы басқа. Әсіресе Ильинка ауылының жағдайы адам төзгісіз. Су, жарық тұрақты емес. Жол жоқ. Мектеп, балабақша жетіспейді, айта берсең проблема көп», – деді үміткер.
Астана қаласы әкімінің кеңесшісі, генерал-майор Кендебай Адамбеков «AMANAT» партиясының әйелдер қауымына деген құрметі ерекше екенін жеткізді. Сондай-ақ ұйым мүшелерінің 65%-ы нәзік жандылардан тұратынын, енді партия басшысының бір орынбасары міндетті түрде әйелдер санатынан сайланатынын айтты.
«Өздеріңіз көріп жүрсіздер, қоғам өзгерісті талап етеді. Біздің партия сұранысқа қарай жаңғырып, жетіле түседі. Сондықтан «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы 200 мыңнан аса адамның талап-тілектері, өтініш-ұсыныстарының сарапталуынан құралды. Біз сайлауға шын мәнінде халықтың аманатын арқалап барамыз», – деді Кендебай Адамбеков.
Сондай-ақ үміткер мәслихат депутаты болып сайланса, елорда тұрғындары алаңсыз жұмысына барып, бақытты өмір сүруіне жайлы болуы үшін қауіпсіз қалаға айналуына үлес қосатынын естіртті.
Астана қаласы мәслихатының депутаттарын сайлауда партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясының сайлау қорының қаражатынан төленді