Алтай Көлгінов елорда мектептерінде қашықтан оқудың қашан аяқталатынын айтты
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында вакцинаның бірінші компонентін 170 мыңға елордалық алғанын айта келе мектептердің офлайн форматқа қашан көшетінін мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Бір жылдан астам уақыт бұрын пандемия басталып, бұл індеттің барлық жағымсыз салдарын білдік. Осы жылдың басынан бері тұрғындарды вакциналау басталды. Вакцинация – COVID-19 жеңудің, денсаулығыңызды, туыстарыңыз бен айналаңыздағы адамдардың денсаулығын қорғаудың жалғыз тиімді әдісі. Қалыпты өмірге оралу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру қажет.
Коронавируспен күресте алдыңғы шепте келе жатқан мұғалімдер, медицина қызметкерлері, тәртіп сақшылары, әлеуметтік қызметкерлер және т. б. бірінші кезекте вакцина алуы керек. Өйткені олар тек өздерін ғана емес, науқастарды, оқушыларды қауіпсіздендіреді. Осылайша аса қауіпті індеттен арылуға болады.
Қазір жаз мезгілі, көптеген адамдар демалысқа шығатын кез. Ал 1 қыркүйектен бастап жаңа оқу жылы басталады. Оқу форматы ұжымдық иммунитет пен педагогтардың екпе алу көрсеткішіне байланысты болады. Қазір мұғалімдердің екпе салу көрсеткіші 40%-дан асты. Бірақ бұл мектептерді офлайн форматта ашу үшін жеткіліксіз. Оқушылар да, ата-аналар да офлайн-оқыту форматына оралғысы келеді деп айтсам қателеспеймін. Өйткені мұғалім-оқушы тет-а-тет форматында білім алғанға ештеңе жетпейді.
Ұжымдық иммунитетке қол жеткізе отырып, қала бұрынғы қалыпты өмірге орала алады. Барлық қоғамдық орындар ашылып, қызметкерлер қашықтан жұмыс форматынан оралып, оқушылар офлайн форматта оқи бастайды, бизнес нысандары да бұрынғыдай жұмыс жасайды.
Бүгінгі таңда вакцинаның бірінші компонентін елорданың 170 мыңға жуық тұрғыны алды. Егу пункттері емханаларда, СОО, СҮ және басқа да қоғамдық орындарда орналастырылған. Індетті жеңу әрқайсымызға байланысты екенін естен шығармаған жөн», - дейді елорда әкімі.