Алматыда XVII ғасырдағы Құран қолжазбасы көрмеге қойылды
Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде ашылған көрмеге араб, парсы, түрік, шағатай, татар, өзбек және қазақ тіліндегі сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдар ұсынылды. Көрме "Алматы - ислам мәдениетінің 2015 жылғы астанасы" бағдарламасының аясында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Көрсетілген көрнекті экспонаттардың ішінде 1643 жылы жазылған Құран қолжазбасы, Абай Құнанбайұлының (1845-1904) "Қазақтардың шығу тегі туралы бірер сөз" және Мұхамеджан Сералиннің (1872-1929) "Қожалардың генеалогиясы" деген шығармаларын ерекше атап өту керек.
Сонымен қатар, көрмеге ХХ ғасыр басындағы зиялылардың бастамасымен жарық көрген, қазақ халқының сол кезеңдегі мәдени-тарихи және әдеби өмірі туралы құнды мәліметтер беретін "Абай", "Айқап", "Шолпан", "Тілші" сынды қазақтың тұңғыш басылымдары да қойылды.
Музейден арабографиялық шығыс нумизматикасы коллекциясы, соның ішінде қарахандықтар, шағатайлықтар, тимуридтер, сонымен қатар, Осман империясының, Қырым, Бұхар және Қоқан хандығы, Мысыр мен Ауғанстанның алтын, күміс және мыс монеталарын тамашалауға болады. Монеталардағы араб тіліндегі "калима" сөзі мен эмитенттің атаулары сол кездегі мемлекеттің мәдени және саяси өмірі туралы ақпарат береді. Еске салайық, Алматыдағы көрме 2015 жылдың шілде айына дейін жалғасады.