Алматыда қан тапсыру қайырымдылық шарасы басталды
Қан тапсырып донор бол! Бүгін Алматыда осындай ұранмен жылсайынғы қан тапсыру қайырымдылық акциясы басталды. 14 маусым дүниежүзілік донорлар күні қарсаңында ұйымдастырылған шараға қарапайым тұрғындардан бөлек саясаткерлер мен өнер жұлдыздары қатысуда. Ал, жиналған қан ақ қан ауруы мен қатерлі ісікке шалдыққан балаларға берілмек. Сондықтан, игі шараға көптеп донор тарту үшін биыл арнайы ұтыс ойындары да ұйымдастырылмақ. Яғни, қан орталығына келіп, донор болған азаматтар арасында лотерея ойнатылып, түрлі сыйлықтар үлестіріледі. Сондай-ақ, қан тапсырған азаматтар 14 маусымда өтетін қайырымдылық концертіне қонақ ретінде шақыртылады.
Гүлсара БЕКМҰХАЕВА, Республикалық қан орталығы директорының орынбасары:
- Донор болу бұл азаматтық борыш. Қан тапсырып, біреуге өмір сыйлау ерлікпен тең. Мұқағалиша айтсақ «Өмір беріп өзгеге, өмірімізді сақтайық!»
«Сенің күнің, Донор!» қайырымдылық шарасы бір ай бойы жалғасады. Осы аралықта 1 тонна қан жинау жоспарланған. Ал, республика бойынша бас-аяғы 3 мың литр қан жинау жоспарланған.
Диас Нұрақын
Алматы