Алматыдағы теракт кезінде көз жұмған полицей Мақсат Сәлімбаевтың отбасына Алматы облысы Қарасай ауданындағы "Асыл Арман" тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер берілді, деп хабарлайды Today.kz.
20 шілде күні Мақсат Сәлімбаев туған Қарақыстақ ауылында азалы жиын өтті. Өз сөзінде облыс әкімі Амандық Баталов полицейлердің батылдығы мен жанқиярлығы Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын мысалы болғанын атап өтті.
"Әрине, бұл адамның орнын толтыра алмайды... Бірақ өмір жалғасып жатыр. Оның артында қалған балаларына, туғандары мен жақындарына ұзақ ғұмыр тілейміз", - деді Баталов пәтер кілтін табыстай отырып.
Естеріңізге салсақ, Мақсат Сәлімбаев Алматы ІІД Әуезов ауданы жол-патрульдік қызметінде жұмыс істеген. Көз жұмған полицейдің артында бір жасар қызы мен жүкті әйелі қалды. Ол отбасында бес баланың үлкені болған.
18 шілдеде Алматыда теракт болды. Бұл оқиғалардан бес адам мерт болды. 19 шілде күні ауруханада тағы бір полицей – Тимур Бегасылов көз жұмды. Тергеу нұсқасы бойынша, 26 жасар Руслан Күлекбаев Алмалы ауданы ІІБ мен ҰҚК департаментіне шабуыл жасаған.