Алматыда дәрігерін атып өлтірген емделуші 18 жылға сотталды
Алматыда гастроэнтеролог Юрий Шумковтың өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сот 1987 жылы туған Т.-ны бірнеше бап бойынша кінәлі деп танып, оны 18 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді.
Сонымен қатар, сотталушы марқұмның отбасына өтемақы төлеуге міндеттелді.
Бұған дейін прокурор 35 жастағы Т.-ны 20 жылға соттауды сұраған болатын.
Кейін сотталушы дәрігер Юрий Шумковтың туыстарынан кешірім сұраған еді.
Еске салайық, биылғы 4 сәуір күні Алматыда дәрігер емделуші пациентінің қолынан қаза тапты. Оны күдікті аңшы мылтығымен атып тастаған.
Аса ауыр қылмыс қаланың Бостандық ауданында болған. Күдікті қалада енгізілген арнайы жоспар барысында Алатау ауданы аумағында ұсталды.
Кейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Юрий Шумков пен пациент арасында қандай да бір жанжал болмағанын айтты.