Ұмытшақтық дертіне шалдыққан Хасан Қожақұловтың айтуынша, жалдап тұрған үйінен "Қалқамандағы" ауруханаға қарай өз бетінше бармақ болады.
Алайда ол діттеген жеріне жете алмай, басы ауған жаққа кете беріпті.
Абырой болғанда алдынан жақсы жандар жолығып, ішер асы мен қонатын жер ұсынған. Есесіне, қара күштің иесі қолынан келер жұмысты істеп, үй қожайындарына көмектесіпті.
"Жұмыс іздеп ақша табам деп бардым. Жұмысты тапқаннан кейін, 10 күн мал бақтым", - дейді Хасан.
10 күннен кейін Хасан Қожақұлов, жұмыс берушіге "Алтын Орда" базарына жеткізуді өтінген. Әйтсе де, базар маңын шыр айналған ол барар жерін есіне түсіре алмай, тағы да ұмытып қалады.
Барар жер басар тауы қалмаған өзбекстандық бірнеше күн жылу құбырының үстінде жатып, қақаған қаңтарда жан сақтаған.
Ақыр соңында, құзырлылар оны Алматы облысы Боралдай кентінен тауыпты.