Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылының аулаларын су басты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, ауылдағы арықтар уақытылы тазартылмаған. Су басқан жерге Ұзынағаш ауылының 4 өрт сөндіру бөлімінің жедел тобы шықты.
"Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері ұзындығы 40 метр көше бойында 20 тонна инертті материал төседі, сондай-ақ жертөледен 0,2 текше метр су сорылды. Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖ департаментінен 5 қызметкер мен 2 техника (1 бірлік - мотопомпа), 30 әскери қызметші, 1 бульдозер, ТЖМ 28237 әскери бөлімінен 2 Камаз, 10 қызметкер және жергілікті атқарушы органдардан 2 техника жұмылдырылды", - деп мәлімдеді ведомство.
Төтенше жағдай мамандары жеке сектор тұрғындарына еріген су арықтан кедергісіз өту үшін жеке аумақтарда, сондай-ақ үйлерге іргелес учаскелерде орналасқан арықтарды тексеру және тазарту керектігін ескертеді.