Аймақтық ынтымақтастық – өзара ықпалдастықтың басты факторы
Кеше Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының IX форумы аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, индустриялық-инновациялық және өңіраралық даму, отын-энергетикалық кешені саласындағы тиімді өзара іс-қимыл мәселелері қозғалды.
– Бүгін біз тағы екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын нығайтудың және дамытудың тиімді алаңы болып табылатын дәстүрлі өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізіп отырмыз. Бұл күндері Павлодарда 600-ден астам компания қатысқан үлкен көрме жұмыс істеуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сондай-ақ өңіраралық форум өзге елдер үшін сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жақсы үлгісі болып табылатынын айтты. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Ресей байланыстарын дамытудың маңызды орталықтарының бірі болып табылатын бұл форумның қалада өткізілуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.
– Биыл біздің елдеріміз Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың 20 жылдығын атап өтуде. Бүгінде Қазақстан мен Ресей ұлттық экономика мен инновациялық дамуды жаңғыртуда ұқсас міндеттерді шешуде. Бұл ретте осы форумның тақырыбы – инновациялық ынтымақтастық – ерекше өзекті және өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті соңғы уақытта инновация мен жоғары технологияны дамыту саласында көп іс атқарылғанына тоқталды. Мысалы, тек өткен жылдар ішінде Қазақстанда сомасы 12 миллиард долларды құрайтын 440-тан астам жаңа өндіріс оры іске қосылды. Жалпы құны 77 миллиард доллар болатын 700-ден аса индустриялық-инновациялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Биылғы форумның қорытындысы бойынша бірлескен жобалардың портфелі сомасы 2 миллиард долларды құрайтын тағы 27 келісіммен толыға түспек. Мемлекет басшысы сондай-ақ біздің елдеріміз арасындағы индустриялық ынтымақтастық саласындағы серіктестік жаңа деңгейге шыққанын атап өтті. Өнеркәсіп кооперациясын тереңдету қажеттігі маңызды мәселе ретінде қарастырылды.
– Бірыңғай экономикалық кеңістікке біріге отырып, біз кәсіпорындар үшін кедергілерді алып тастадық. Енді тиімді өңіраралық индустриялық кластерді орнықтыру керек. Оған табысты мысалдың бірі – Шығыс Қазақстан облысында автомобиль өндірісінің құрылуы. Бұл ауқымды жобаға салынған инвестиция көлемі – 400 миллион доллар, жобалық қуаты – 5,7 миллиард доллар, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы өз сөзінде «жасыл» экономика принциптеріне көшу туралы айтты. Қазақстан экологиялық таза өнеркәсіпті дамытудың нақты механизмі болып табылатын «Жасыл көпір» бастамасын табанды түрде ұсынып келеді. Бүгінде озық технологиялар дамыған елдердің инновациялық дамуының іргетасын қалап отыр. Назарбаев екі елдің «жасыл» экономикасының технологиялық инфрақұрылымын құру үшін бірлесіп жұмыс істеу керектігін ұсынды.
Инновациялар мен жоғарғы технологияларды дамыту саласында әлі көптеген шаруалар атқару керектігіне тоқталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ келешекте ғарыш саласын дамытуда ынтымақтастық қажет екенін атап көрсетті. «Болашақ салаларды дамытудағы ынтымақтастық – мұнда ғарыш саласы басымдықты бағыт болып табылады. Байқоңыр халықаралық инновациялық бренд, біздің екіжақты қатынастарымызды дамытудың сапалы жаңа кезеңінің символы болуы тиіс. Ғарышты бейбіт зерттеу мақсатында біз «Байқоңыр» – инновациялық форумы» ғылыми-техникалық ынтымақтастығының жаңа бірегей алаңын құра алар едік. Қазақстан сондай-ақ Астанада тиісті зертханалар құруға мүдделі. Ағымдағы жылдың маусым айында біздің Ресей Президентімен бірге қабылдаған біріккен мәлімдемеге сәйкес екі елдің тиімділігі үшін ғарыш саласындағы екіжақты ынтымақтастықты, «Байқоңыр» ғарыш алаңын бірігіп қолданудың ұзақ мерзімді бағдарламасын жасау қажет. Бұл бағдарламаға қаланы жаңғырту, тиісті инфрақұрылымын құру мәселелерін енгізу өте маңызды», – деді Н.Назарбаев.
Біріккен қазақстандық-ресейлік комиссиялардың ғылыми-техникалық ынтымақтастық саласындағы жұмысын жандандыруға шақырған Елбасы: «XXI ғасырда серіктестігіміздің магистральдық бағыты болып білім үшбұрышының барлық үш элементі: білім, зерттеу және инновациялар болуы керек. Бізде ынтымақтастықтың оң мысалдары – «Қазына капитал менеджмент» пен «Роснано» арасындағы нанотехнологиялардың біріккен қоры – ЕурАзЭҚ жанындағы Жоғары технологиялар орталығы бар. Жаңа шараларды ұсынамыз: ғылыми-техникалық ынтымақтастық саласындағы жұмысты жандандыру керек, бұл саладағы көптеген келісімдер түбегейлі жаңартуды талап етуде. Біріккен ғылыми жобаларды белсенділігін арттыру қажет, қазіргі кезде осындай 130 жобаның тізімі қалыптастырылды. Оларды қабылдап, жұмысқа кірісу керек», – деді
Инновациялық кластерлерді дамыту қажеттігін атап өте отырып, Мемлекет басшысы Ресей компанияларын Алматыдағы инновациялық технологиялар паркінің жұмысына атсалысуға, аграрлық инновациялық орталықты қалыптастыруға, Курчатов ғылыми қалашығын құруға шақырды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Сколково инновациялық орталығы мен Астанадағы жаңа Халықаралық университет арасында серіктестік байланыстарды орнатуды ұсынды.
– Еуропа елдерінің үлгісі бойынша технологиялық платформаларды дамыту – жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу орталықтары мен бизнестің қатысуымен бірыңғай зерттеу жүйесін құру пайдалы. Ғылыми әзірлемелерді тиімді коммерциялау – өнеркәсіп өндірісінің бәсекеге қабілетінің негізі. Қазақстан мен Ресейдің бірлескен күш жұмсауымен болашақта толыққанды технологиялық және өндірістік альянс құратынымызға сенемін, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының сипатын аспанмен таласқан әсем зәулім үйге теңеді. «Менің білетінім, Ресей үшін Қазақстаннан, Қазақстан үшін Ресейден жақын ел жоқ. Бұл уақытпен дәлелденді, оған балама жоқ. Бізге тату көршілік одақтастықтың XXI ғасырға арналған жаңа тұжырымдамасы керек және біз оны жасаймыз. Біздің екіжақты қарым-қатынастарымызды дамытудағы сапалы жаңа деңгейді қалыптастыруды зәулім үйдің құрылысы процесімен салыстыруға болады. Әрбір кездесуіміз, олардың аясында қол қойған келісімдеріміз бізге жоғары технологиялық бұл үйдің жаңа қабаттарын салуға мүмкіндік беруде. Біздің КО және БЭК бойынша ықпалдастық шешімдеріміздің болашақта екі халық пен екі мемлекеттің мүддесі мен пайдасы үшін тату көршілік ықпалдастықтың мысалы болатынына сенімдімін. Біздің ынтымақтастығымыз басқа елдер үшін бағдар болуда және оған ешқандай дағдарыстар мен күйзелістер қорқынышты емес, өйткені оның іргетасында біздің екі туысқан халықтарымыздың достығының, өзара көмегінің сан ғасырлық дәстүрлері жатыр», – деді Елбасы Н.Назарбаев.
Ресей Президенті Владимир Путин өтіп жатқан форум тақырыбының өзекті екенін атап өтіп, бүгінде Қазақстан мен Ресей алдында экономикалық өсім көздерін әртараптандыру жөнінде ұқсас міндеттер тұрғанын айтты.
– Бүгінде Ресей Федерациясында мұндай бес шекаралас форум өтті. Осындай шараның іс жүзіндегі қайтарымы әр жыл сайын артып келе жатқанын атап өту қажет. Біз инновациялық жұмысқа тек ірі компаниялар ғана емес, сонымен бірге шағын және орта бизнес өкілдері де қосылады деп есептеп отырмыз. Мамандардың бағалауы бойынша әлемдік экономиканың дамуында шағын және орта бизнес кәсіпорындары барлық инновациялық өнімдер мен қызмет көрсетуде 30-35 пайызды құрайды, – деді Владимир Путин.
Ресей Президенті экономикалық дамудың жоғары қарқынын қамтамасыз ету екі мемлекет үшін басты міндет болып табылатынын және ғылыми-техникалық мүмкіндіктерді, сондай-ақ екі елдің инвестициялық әлеуетін арттыру қажеттілігін атап өтті.
– Өңіраралық жоғары технологиялық ынтымақтастықты дамыту үшін жақсы база құрылды. Ресей Федерациясының 76 субъектісі қазақстандық серіктестіктермен іскерлік байланыс орнатты. Мәскеу қаласы, Мәскеу, Новосибирск, Орынбор, Қорған, Челябі облыстары, Алтай және Краснояр өлкесі, Татарстан, Башқұртстан және Хакасия тәрізді өңірлер анағұрлым белсенді жұмыс жүргізуде, – деді Ресей Президенті.
Владимир Путин сондай-ақ машина жасау саласына ғылыми технологияны енгізу басымдық болып табылатынына тоқталды.
– Біз таяу жылдарда Қазақстанда толық циклді автомобиль зауытын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар біз К-226 Т азаматтық тікұшақтарды құрастыру жөнінде бірлескен кәсіпорындарды ұйымдастыруға мүдделіміз. Бүгін Ресей-Қазақстан нанотехнологиялар қоры жұмыс жасайды. Бұл маңызды жоба және оны іске асыру біздің ел арасындағы өнеркәсіп кооперациясының ауқымын және сапасын арттыруға көмектеседі, – деді Владимир Путин.
Сонымен қатар Мемлекет басшылары арасында су ресурстарын тиімді пайдалану және трансшекаралық өзендерді қорғау, сондай-ақ «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аймақаралық ынтымақтастығының ІХ форумының аясында екі ел министрлері арасында бірқатар бірлескен құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, екіжақты құжаттарға қол қою рәсімінде ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен Ресей Федерациясының табиғи ресурстар және экология министрі Сергей Донской ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі мен РФ Табиғи ресурстар және экология министрлігі арасындағы киіктердің Жайық-Еділдегі топтамасын қорғау, өсіру және қолдау келісіміне қол қойды.
ҚР мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев пен РФ энергетика министрі Александр Новак ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы ҚР-на мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығы туралы 2010 жылғы 9 желтоқсандағы келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттамасына қол қойды.
Республика Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында өнеркәсіптік апаттардың, зілзаланың, табиғи апаттардың алдын алу және олардың салдарын жою туралы 1994 жылғы 28 наурыздағы келісімге-хаттамаға қол қойылды. Апаттық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының мемлекеттік шекаралардан өтуін оңайлату тәртібі туралы осы хаттамаға Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мен Ресей Федерациясының азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және табиғи апаттар салдарын жою жөніндегі министрі Владимир Пучков қол қойды.
***
Екі елдің аймақаралық форумы қарсаңында ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Павлодар облысына жасаған жұмыс сапарының барысында облыс орталығында бой көтерген «Баянтау» әмбебеп спорт сарайында болды. Мемлекет басшысы биылғы Лондон Олимпиадасына қатысқан павлодарлық спортшылармен жүздесіп, өңірдің спорт саласындағы жаңа жобаларымен танысты.
– Баршаңызды жаңа спорт сарайының ашылуымен құттықтаймын. Жергілікті спортшылар құрама қоржынын медальдармен толтырып, келесі Олимпиада ойындарында ел намысын лайықты қорғайды деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Өңір спортшыларының атынан 1998 жылы Наганода өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Людмила Прокашева Елбасына отандық спортқа жасап жатқан шексіз қамқорлығы үшін ризашылығын білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары Арслан Әбдіхалықов Мемлекет басшысына облыстың спорттық өмірі жайлы баяндап, аймағымызда қолға алынып жатқан Sport City – Pavlodar спорт қалашығының жобасымен таныстырды. Ұлт Көшбасшысы спорт сарайында өтіп жатқан Рафаэль Вахитов атындағы халықаралық турнирді тамашалап, кешеннің спортзалдарын аралады. Сондай-ақ Ақсу қаласындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт кешені мен Екібастұз қаласындағы музыкалық мектеп туралы дайындалған бейне-баянды тамашалады. Естеріңізге сала кетейік, қос ғимарат та Елбасының тікелей тапсырмасымен салынған болатын.
«Баянтау» спорт сарайы ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға қатысты айтылған тапсырмаларының шеңберінде Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының (ENRC) бірлесіп қаржыландыруы арқылы салынды. Төрт қабатты кешенде он спорт залы бар. Мұнда гимнастшылар мен ауыр атлеттер, балуандар мен шығыс жекпе-жегінің шеберлері жаттығады. «Баянтау» бір уақытта 400-ге жуық спортшы мен бір мыңға тарта көрерменді қабылдай алады. Сарайда кәсіби жаттықтырушылардың басшылығымен түрлі секциялар жұмыс істейді деп жоспарлануда.
Спорт кешенінде өтіп жатқан халықаралық бокс турниріне арнайы келген бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жеңімпазы Серік Сәпиев: «Елімізде дарынды былғары қолғап шеберлері көптеп тәрбиеленуде. Әр өңірде боксқа айрықша қамқорлық жасалуда. Павлодар қаласында алғаш рет болдым. Аңғарғаным, өңір жастарына бокспен айналысуға мүмкіндік зор екен. «Баянтау» спорт сарайының өзі талай таланттардың жолын ашарына сенімдімін», – деді.
«Баянтау» спорт сарайы – республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған бірегей кешен. «Баянтау» бұла таланттардың бастауы болмақ!