Әділет саласының мамандары 65 жалған құжат жасапты
Шымкент қалалық әділет басқармасында жалған құжат жасау дерегі анықталды. Оңтүстік Қазақстан облыстық әділет департаменті жүргізген қызметтік тексеру нәтижесінде басқарманың жылжымайтын мүлік құқығын тіркеу бөлімінде 65 нысанның заңсыз тіркелгендігі белгілі болды.
Бұл туралы облыстық әділет департаментінің бастығы Ерлан Дауылбаев мәлімдеді. «Жалған құжат жалған мөрді пайдалану арқылы жасалған. Заңсыз тіркелген нысандар саны 65-пен шектелмей, әлі де жалғасуы мүмкін. Сол себепті тұрғындар жылжымайтын мүлік сатып алуда абай болғандары жөн. Негізінен, бұл жалған құжаттар жылжымайтын мүлікті жария ету, яғни легализациямен байланыстырылыпты. Анықталған 65 нысанның бірқатарының құжаты тура болмаса, енді бірқатары құжатта бар болғанымен, өмірде жоқ мүліктер. Бұл келеңсіздік департамент тарапынан анықталып, тиісті құжаттар процессуалды шешім шығару үшін тергеу органдарына өткізілуде. Бұл келеңсіздікке қатысы бар екі қызметкер міндетінен уақытша шеттетілді», – дейді Ерлан Сламханұлы. Қуанышқа қарай, бұл заңсыздыққа тап болған тұрғындар құжат рәсімдеу үшін артық шығын шығармады. Әділет департаменті тарапынан дер кезінде қимылдаудың арқасында жалған құжат жасалған нысандарға қатысты барлық операция тоқтатылды. Сол себепті де бұл нысанды иеленушілер тарапынан ешқандай да қаржы төлемдері болған жоқ.
Баспасөз мәслихаты барысында адвокаттық, нотариалдық қызметтерді электронды түрде пайдалану мүмкіндігінің ерекшеліктері мен тиімділігі де сөз болды. Облыстық әділет департаменті құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімінің бастығы Айнұр Жаңбырбаеваның түсіндіргеніндей, бұл қызметтерді электронды түрде пайдаланған жағдайда, біріншіден, тиісті құжаттар жоғалмайды әрі жыртылмайды, екіншіден, мемлекеттік баж салығы төленбейді. Қосымша мәліметтерді де толығымен алып отыруға мүмкіндік мол. «Жалған кәсіпкерлікті жою мақсатында заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұрын шағын кәсіпкерлікті үш күнде тіркеуге болса, қазір ол бір күнде орындалады. Сол секілді орта және ірі кәсіпкерлікті тіркеу уақыты 10 күннен жеті күнге дейін қысқартылды. Кәсіпкерлер бизнес сәйкестендіру нөмірін алу міндетті екенін және бұл қызмет үшін ешқандай алым алынбайтынын білулері тиіс. Өйткені сәйкестендіру нөмірін осы жылдың желтоқсанына дейін алып үлгермеген кәсіпкерлер банк қызметін пайдалану мүмкіндігінен айырылады», – дейді Әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің бастығы Аман Абдуллаев.