Адами құндылықтарға бай кітаптардың авторы – Сара Алпысқызы
Алматы көпсалалы колледж кітапханасының оқу залында 2021 жылдың 28 қаңтарда «Сүйіспеншілік өмір өзегі» атты  «Бөбек» республикалық балалар қайырымдылық қорын ұйымдастырушы және президенті Сара Алпысқызының 80 жылдық мерейтойына орай кітап көрмесі ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты  - оқырмандарға Сара Алпысқызы жайлы жалпы мағлұмат бере отырып, өмірбаяны және адами құндылықтарға бай шығармаларымен таныстыру.
Сара Алпысқызы - 1992 жылы "Бөбек" қайырымдылық қорының негізін қалаған болатын.  Ұйым қызметінің басты бағыттары: ана мен баланы қорғау, нәрестелер мен балалар үйлерін қамқорлыққа алу, мектептерді қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз ету, тұрмыс дәрежесі төмен отбасынан шыққан дарынды балаларға қолдау көрсету, балалар денсаулығын сақтау ісіне жәрдемдесу. Ол жетім балаларды тәрбиелеудің жаңа жүйесін қалыптастырып, елімізде тұңғыш "SOS Киндердорф" балалар ауылының өмірге келуіне мұрындық болды. Сонымен қатар, Республикамыздағы колледждер мен жоғары оқу орындарында  білім алып жүрген жетім балалардың жағдайларын да ерекше назарда ұстап, «Бөбек» қоры арқылы қайырымдылық көмек көрсетеді.
Біртуар тұлғаның есімі тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге, шет елдерде де мойындалған. Мектептерде «Өзін-өзі тану» пәні енгізіліп, оңалту орталықтарының, жастар үйлерінің құрылыстары ұйымдастырылып, балаларды тәрбиелеу жөнінде жалғыз басты аналар мен әкелерге көмек көрсетілді, отбасылық үлгісіндегі балалар үйлері құрылды. Өзінің еңбегі үшін Сара Алпысовна көптеген жүлделерге, грамоталарға және сыйлықтарға лайық болды. Көрмеге Сара Назарбаеваның "Этика жизни", "Путь к себе", "Өзін - өзі тану" журналдары, "Сәлем, бөбек" т.б. кітаптары қойылып, кітапхана меңгерушісі Гулнара Жанахметова  1-курс студенттерін  кітап көрмесімен таныстырды. Адами құндылықтарға бай кітаптардың авторының қайырымдылық іс-шараларымен көрменің қызықты материалдары арқылы танысқан студенттер, өздеріне өмірлік тағылым жинақтады.