Абылай - Алаш рухының айбыны

Абылай - Алаш рухының айбыны

Абылайлап жауға шапқанда дұшпанының құтын қашырған бабамыз Абылай ханның 300 жылдығы аталатын күні иісі қазақ көзін Көкшеге тікті. Көкшеге аузы дуалы талай ғалым жиналып, Абылай ханға қатысты мәлім һәм беймәлім тарихи деректерді жария еткені және аян. Баһадүр бабамыздың тойы ас ішіп, аяқ босатқан көп тойдың бірі емес. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, «Абылай ханның 300 жылдығы – елдігіміз­дің бедерлі бір белесі» болуы тиіс. Тарыдай шашылған қазақ руларын бір тудың астына жинаған ханның торқалы тойы кербез Көкшетау жерінде өтуі де тегін емес. Киелі Түркістан өлкесінде дүниеге келгенімен, Көкше жеріне ордасын тігіп, 40 жылдан астам уақыт хандық құрғаны бар қазаққа аян. Жалпы саны 600-ден астам қонақ келген той екі күнге созылды.
Мерекелік шара Көкшетаудың орталық алаңындағы Абылай хан­ның тұғырлы ескерткішіне гүл шоқ­тарын қоюмен басталды. Ал­ғаш­қы сөз кезегі Ақмола облысы­ның әкімі Қосман Айтмұхам­бетов­к­е берілген. Тамам елді торқалы той­мен құттықтаған әкім Абылай хан жайлы ойларын ортаға салып,  әлеу­метке ақжарма тілегін біл­дірді. Бірқатар министр­лік өкіл­дері мен депутаттар бастаған  ал­қалы жұрт «Көкшетау» мәдениет сарайына қарай ағылды. Онда «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты ғылы­ми-практикалық конференция өткізілді. Мемлекет­тік хатшы Марат Тәжин жиналған­дар ал­дында Елбасының құттықтау хатын оқыды.
Мемлекет басшысының құт­тық­тау хатында «Абылай ханның 300 жылдығы – елдігіміздің бе­дерлі бір белесі. Осыған орай ха­лық­аралық ғылыми-практи­калық кон­ференцияның ұйым­дасты­рылуы да, оның айбынды ханы­мыз орда тіккен киелі Көк­ше же­рінде өткізілуі де өте орынды. Біз бұл жиын­да Абылай ханның ерек­ше еңбегін ашып көрсетумен шек­теліп қалмауы­мыз керек.

Бәрінен бұрын Абылай ханның қолы неге жетті, неге жетпеді, бабамыз нені армандады, бізге нені аманаттады, болашақ ұрпақтарынан нені күтті, келер күндерге нені ескертті, біз сол заманның тарихынан қандай тағылым аламыз деген сауалдарға жауап іздеп, табуға тырысуымыз керек. Мыңжылдықтар тоғысында Абылай арманын жүзеге асырып, азат мемлекет құрған, тәуелсіз елдің ордасын ел ортасына, айбынды ханымыз ат ойнатқан Арқа төсіне орнатқан мына біз жас Тәуелсіздігімізді қалай шыңдаймыз, дү­бір­лі дүниеде алдымыздан тосылатын сын-қатер­лер­ге қалай шыдаймыз деген мәселелер өте маңыз­ды. Азаттықтың жолы азапты, Тәуелсіздіктің жолы тә­уе­келге толы болатынын ұмытпауға тиіспіз» делін­ген.
Конференция барысында талай тарихшылардың басын ауыртып, балтырын сыздатқан Абылай хан тақырыбында тың деректер ортаға салынды. Жинал­ған тарихшылар тақымына көкпардай талапайға түс­кен тақырыпта біршама соны, тың жаңалықтар да бар. Қазіргі күні «Халық – тарих толқынында» атты Ел­басының жобасымен Қытай елінен ханның біз біл­мейтін деректері де табыла бастағаны белгілі. Сон­дай-ақ еліміздің ғалымдарымен қатар Қытай, Ресей, АҚШ, Моңғолия ғалымдары да баяндамаларын оқып, Абылай хан бейнесінің беймәлім тұстарына үңілді.
Абылай хан жайлы тың мәлімет іздеушілер мәде­ниет сарайының екінші қабатында орналасқан көр­мені тамашалады. Мұнда Алаш баласының арғы-бер­гі тарихынан хабар беретін 300-ден астам тарихи жәдігерлер қойылған. Бұлардың көбі Алматы қала­сын­дағы Абылай хан ғылыми кітапханасының жәді­герлері екен. Ішінде Абылай ханның өз қолтаңбасы­мен жазылған қолжазбалар да бар. Сондай-ақ дара тұлға жайлы барлығы 50 қолжазба деректері мен 34 кітап жұрт назарына ұсынылыпты. Тарихи дерек­тер араб, латын және қазақ тілдерінде жазылған.
Өз кезегінде сөз алған Абылай ханның ұрпақтары ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, бар қазақ­тың бірлесіп Абылай ханын ұлықтап жатқанына ал­ғыс­тарын білдірді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына Абылайдың бюст мүсінін сыйға тартты.
Иә, 300 жыл. Тарих үшін онша көп уақыт та емес. Ал­айда бүгін өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Абы­лай заманынан кейін 300 жыл өткен соң бар қазақ ұлы ханын еске алды. Абылайдың тойына ат арыл­тып келген қонақта есеп жоқ. Қаламын қару ет­кен жазушылар мен ақындар, тарих тереңіне бой­ла­ған ғалымдар мен ойшылдар, әншілер мен жыршы­лар, абыздар мен ақсақалды қариялар. Ұлы тойға Абылай ханның тікелей ұрпақтары да шақырылыпты. Ресми және тарихи деректерге қарағанда, бүгінде олардың жалпы саны 20 мыңнан асып жығылған. Соның бір шоғыры Қытайдан 80 адам болып жетті. Бабалар топырағының ізі қалған жерді басып, хан Абылайдың рухына тағзым етті.
Ұлан-асыр тойдың жалғасы келесі күні Краснояр селосындағы «Құлагер» атшабарында жалғасты. Жау­гер­шілік заманнан көрініс беретін театрландырыл­ған қойылым қойылып, бар қазақтың қанын қыз­дыр­ған аламан бәйге өткізілді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен ақшалай марапаттар табыс етілді.

Ел бірлігін ойлаған...
Тарихшылардың айтуынша, қазақ тарихында 40-қа жуық хан болыпты. Ал олардың арасында қазақ­тың мемлекет болып қалыптасуында, басының бірі­гіп, ел болуында Абылай бабамыздың ерен ерлігі мен алыс-жақын дұшпандармен дипломатиялық тіл та­бы­са алғандығы туралы тарихи деректер де аз емес. Ол туралы абылайтанушы зерттеушілердің зерттеу­лері де жетерлік. Қазақ билерінің Абылайды жоңғар ханы Қалдан Сереннен босатуын сұрауының өзі ұлт­тың ұйыстыруының бір белгісі болса керек. Бұл тура­лы Абылай ханды зерттеуші ғалым Зарқын Тай­шыбай былай дейді...
«Әбілқайыр хан мен Әбілмәмбет хандарға қоқан-лоқы жасап, қысым көрсеткен жоңғар ханының үз­іл­ді-кесілді талаптары мәлім болған соң, қазақ жер­лерінен айрылып қалу қаупі төнген кезде ғана Ресей үкіметі 1742 жылы 2 қыркүйекте Қалдан Серен­ге ел­шілік жіберді, басқа мәселелер қатарында Абылайды тұтқыннан босатуды сұрады. Алайда Абылай сұл­танды босатып, сый-сияпатпен қайтару туралы Қал­дан Серен Ресей делегациясы келместен бұрын-ақ Абылайдың өтеуіне жоңғар жағына аманат барып, мәселе шешіліп қойылған болатын. Осыдан былай Абы­лай Ресей жағының адалдығына күмәнмен қа­рап, өз өмірі үшін сақтық жасады, дип­ломатиялық бай­ла­ныс­тардың хабарласу, елшілік алмасу тәсілде­ріне көш­ті. 1740 жылғы келіссөзден кейін, өле-өлген­ше, яғни 40 жыл бойы Ресейдің бір­де-бір қаласына ат ізін салған жоқ, патшалардың, биік шенді әскер­ба­сы­лардың ша­қы­руына барған жоқ және өзінің осындай қызмет тәртібіне ресейлік әріп­тестерін ерік­сіз көндірді.
1743 жылдың көктеміне дейін, яғни екі жыл бір ай Қалдан Сереннің қолында, күзет астында, бірақ бас еркі өзінде, жақсы күтіммен өткен тұтқындық ке­зеңінде Абылай жоңғар хандығының әскери жүйеге негізделіп, бір орталықтан қатаң тәртіппен басқарыл­ған мемлекеттік құрылымын, қорғаныс және ішкі эко­номикалық жүйесін мұқият зерттеген, ойрат тілін үй­ренген. Қалдан Серенге өзінің жеке басының озық азаматтық қасиеттерін мойындатып, тұтқыннан құр­мет­пен босап, мол сый және қалыңдық алып оралған. Абылай елге келген бетте Еділ қалмақтарының Аюке ханының тоқалы, Қалдан Сереннің қарындасы Дар­ма­балаға жазған құпия хатында қазақ-жоңғар қаты­настарының бұдан былай тату көршілік арнасында дамитынына сендірген».
Елдің тыныштығы мен тұтастығын сақтап қалуды ойлаған Абылай бабамыз көршілес елдермен бейбіт қарым-қатынас орнатып, қазақ дипломатиясының озық үлгісін көрсетті. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев та: «Ақылды хан жалаң қы­лыш, жадағай ұранның заманы өткенін өзгелерден бұ­рын аңғарып, ел болашағы тату көршілік пен аға­йын­ның ауызбіршілігінде екенін сезе білді», – деп жазады.
Мұхтар Әуезовтің «Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң сол қазақтың қазақ болуына, басы қосылып бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығаруға еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас» дегені және бар. Қай тарихшы болса да осы уәжге сөзсіз жығылары хақ.

Абылай туралы біз не білеміз?
Тарих қатпарларынан бүгінге жеткен Абылай ту­ра­лы біз не білеміз? Ұлы тұлға жайлы деректер же­тер­лік болғанымен, көңілге күдік туғызатын жайлар әлі де кездесіп жатады. Тіпті Абылай бейнесінің күні бүгінге дейін бір ізге түспей қоюы шындықтың бір па­ра­сы ғана. Дәл қазір Абылайдың 10-нан астам суре­ті бар. Бірақ бірі біріне келмейді. Әрбіреуі бел­гілі бір суретшінің көркем туындысы. Өкініштісі сол, солар­дың қайсысы бабамыздың нақты суретін айнытпай түсіре алғаны әлі белгісіз күйде. Яғни 300 жыл өтсе де үш жүздің басын қосқан айбынды тұлға­ның басқасын былай қойып, суретін нақтылай алмай келеміз. Тари­хи дерек құжаттарға сүйеніп жасалған Абылай хан­ның алғашқы суретін Жұмақын Қайран­баев салыпты.
Абылай туралы біршама деректер қоры мол бол­ғанымен, жүйелі зерттеуді қажет етеді. Биылғы жылы тарих мұраларын зерттеуді қолға алған «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы өткенімізді зер­делеп, дара тұлғамыздың бізге белгісіз қырларын тауып бере алады деп сенеміз. Бір қуанарлығы, жақында «Қытайдан Абылай жайлы да тың деректер мен Цинь империясы мен Абылай арасындағы қолжазба­лар әкелінді» деген қуанышты хабар жетті. Өткен тарих бедерінен сыр шертетін бұл құ­жат­тарды зерт­теуде ғалымдары­мыз жүйелілікке жете ме? Әзірге тарихшылар бұл қолжазбаларды зерттеп-зерделеу үстінде.
Абылайдың өрлігі мен ерлігі Елбасының да назарынан тыс қалмақ емес. Бұл туралы жақында Н.Назарбаевтың Абылай хан жай­лы ақжарма мақа­ласының жа­рық­қа шығуы – соған толық дәлел. Мақа­лада былай делініпті: «Бо­ла­шағымыз баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін біз бабалар­дан қалған аманатты есімізден шығармай, үнемі електен өткізіп отыруға тиіспіз. Өйткені біз Абы­лай бабамыз армандаған осы күн­ге оңайлықпен жеткеніміз жоқ». Елбасының мақаласы да та­рих­қа жүйелілік қажет деген пікірге не­гізделген.

Қадыржан ӘБУЕВ, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры:
– Біз осы күнге дейін Абы­лайдың жүздерді біріктіру және қазақ жерін жат­жер­ліктерден азат етудегі рө­лін дәл анықтай алмай келе­міз. Бір де­рек­терде Абылай бұл тұрғыда билердің кеңес­тері­мен шешкен деген ойлар басым. Сондықтан Абы­лай бей­несін ұрпаққа жеткізу үшін әлі де бол­са беймәлім жайлар мен тарихи құжаттарды нақ­тырақ зерттеу қажет деп есептеймін.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау


Ханның ұрпағы болу үлкен жауапкер­шілік жүктейді

Той барысында Абылайдың ұрпақтарымен сұхбат жасаудың реті келді. Шынымен де, тарихи тұлғаның бүгінгі ұрпақтары не дейді?

– Өзіңіз туралы айтып берсеңіз? Абы­лайдың қандай ұрпағысыз?
– Менің аты-жөнім – Құрманғазы Арыс­танов, Абылайдың алтыншы ұрпағы­мын. Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласының тұрғынымын. Мамандығым – инженер-конструктор.
– Абылайдың ұрпағы болу қан­шалықты жауапкершілік жүктейді?
– Күллі қазақ елі үшін ортақ тұлға, ме­нің арғы тегім екені, әрине, мақта­нарлық жайт. Біз Кенесары ханның төртінші ұрпағымыз. Әри­не, ханның ұрпағы болу үл­кен жауап­кер­ші­лік жүктейді, үлкен жауап­керші­лік се­зім­де боласың. Бұл туралы мен өз балала­рыма да жиі айтып отырамын.
– Абылай тойы бұрын да бір­неше рет өткізілгені белгілі. Оған келіп пе едіңіз?
– Бұдан бұрын Абылайдың 280 жыл­дығына әкем Қырқынбай келіп қайт­қан. Соған Абылай ханның суреті бейнеленген кілемді тарту еткенбіз. Бүгінде ол Көкше­тау­дағы мұражайда сақтаулы тұр. Соны осы жолы көріп кетсем бе деймін. Бұл –әкем­нің де үлкен өтініші.
Жөкен ӘНУАШҰЛЫ, Қытайдың Шыңжаң университетінің профессоры,  генетика ғылымының кандидаты:
– Қытай жерінде Абылайдың қан­ша ұрпағы бар? Бұл туралы хабарыңыз бар ма?
– Қытайдағы қазақтар ұлттық мүддеге, тарихқа аса зор көңіл бөледі. Әсіресе шежіре және тіл мәселесі бірінші кезекке қойылған. Ал ханның ұрпақтары жөніне келсек, олар туралы жақында кітап басыл­ып шықты. «Төрелер тарихы» деп аталған кітапта Абылай ұрпақтарының шежіресі толықтай жазылған.
– Бүгінгі той туралы айтып берсеңіз? Көңіліңіз қаншалықты толды?
– Қазақ елі ұлы бабамыздың тойын республикалық деңгейде дүр­кіретіп өткізіп жатқаны, ұйымдасты­рылуы, әрине, үлкен қуаныш. Барлық Қы­тай­дағы қандастар аты­нан, Абылай ұр­пақ­тары атынан Елба­сына зор алғысымды білдіремін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста