Абдолла Қарсақбаевтың мұражайы ашылды
«Қазақ кино өнерінің Құлагері», аты аңызға айналған режиссер Абдолла Қарсақбаев биыл 85 жасқа толып отыр. Осыған орай Алматыдағы Абдолла Қарсақбаев атындағы №41 орта мектеп қабырғасында әйгілі режиссерге арналған мұражай ашылды. Бұл салтанатқа «Қазақфильм» акцонерлік қоғамының президенті Ермек Аманшаев, киностудияның бас редакторы Дидар Амантай, талантты режиссер Сатыбалды Нарымбетов, танымал әртістер Нұржұман Ықтымбаев пен Болат Қалымбетов, Абдолланың ұлы, жас режиссер Тоқтар Қарсақбаев тағы басқа кино жұлдыздары мен өнер қайраткерлері арнайы келіп, мектеп ұжымы мен оқушыларымен кездесу өткізді.
«Менің атым – Қожа», «Алпамыс мектепке барады», «Балалық шаққа саяхат», «Біздің Ғани» тәрізді жауһар туындыларды өмірге әкелген тұлғаның мұражайында түрлі марапат қағаздар мен төсбелгілер, суреттер мен естеліктер, төсек, күлсалғыш, тостақан сияқты тұтынған бұйымдары көрініс тауыпты. Мұражайдың ашылу салтанаты өнер жұлдыздарымен кездесуге ұласып, ақыры мектеп оқушыларының концертімен түйінделді.
«Менің әкеме мұндай жоғары деңгейдегі шара ұйымдастырылмаған болатын. Есеп үшін емес, шын жүректен жасалған жұмыс екені көрініп тұр. Сондықтан мектеп ұжымына үлкен алғысымды білдіремін», – деді Тоқтар Абдоллаұлы. Шара соңында «Қазақфильм» киностудиясы мәшһүр режиссердің ныспысын иемденген мектепке тарту-таралғысын жасады.
Ермек АМАНШАЕВ, «Қазақфильм» АҚ президенті:
– Абдолла Қарсақбаевтың есімі қазақ кино өнерінің тарихында алтын әріптермен жазылған. Ол кісі жөнінде көптеген естеліктер жарық көріп жатыр. Біз өз тарапымыздан деректі фильм түсірмек ойымыз бар. Әлбетте, Әбекең жайлы фильмді бір түсірсе, ұлы Тоқтар түсірер деп соған жүктеп отырмыз. Абдолла ағамыздың қазақ киносына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Әлі күнге дейін халық «Қазақфильм» десе, «Менің атым – Қожа», «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» аталады. «Менің атым – Қожа» – уақыт сынына төтеп берген бірегей туынды. Мектеп ішінен Абдолла Қарсақбаевтың мұражайының ашылуы – өте қуантарлық жайт. Аудандық әкімдікке, мектеп ұжымына рақмет айтамын.
Маржан ЕРТАЙҚЫЗЫ, Алатау ауданы әкімінің орынбасары:
– Алатау ауданында 16 мектеп бар, сол мектептердің ішінде Абдолла Қарсақбаевтың есімін иеленген бұл мектептің орны бірегей. Мектеп осы кісінің атымен аталғандықтан, мұражайды дәл осында ашуды жөн деп таптық. Мұражайды толықтыруға өнер майталманының туған-туыс, отбасы көп көмегін тигізді. Бұл мектептің балаларына Қарсақбаевтың өмірі мен шығармашылығы жақсы таныс. Бүгінгі кездесудің өзі балаларға үлкен үлгі-өнеге деп есептеймін.