60 жылдан бері Абайды зерттеп жүрген Мекемтас Мырзахметұлы туралы не білеміз
Абайтанушы, бауыржантанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының өмірі мен ғылым жолын Sputnik дерекқорынан оқыңыз
Балалық шағы, білімі
Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылы 9 мамырда Түркістан облысы Түлкібас ауданы Майтөбе ауылында туған. Ашаршылық заманымен тұспа-тұс келген балалық шағында аман қалуы сол заманның келбетін, қазақтың тағдырын көрсетеді.
Мекемтас Мырзахметұлы – отбасының кенжесі. Отбасыда 12 бала болған. Бірі ашаршылық жылдары өмірден өтсе, енді бірі соғыстан оралмаған, арасында қылшамен ауырып, дүниеден өткені бар. 12 баладан бір ұл, бір қыз қалған. Ата-анасы баласы жастай шешектен өле бергендіктен, "тастай қатты, бекем болсын" деген ниетпен кенже баласының есімін Мекемтас қойыпты.
Әкесі Мырзахмет 1933 жылы дүниеден өткен. Ашаршылық жылдары анасы сегіз айлық қызы мен төрт жарым жасар Мекемтасты алып, басқа ауылға қарай жолға шыққан. Тау мен тастың арасынан өтіп, ауылға жақындаған тұста қасқырларға тап болып, анасы шарасыздықтан қызын қасқырларға қалдырып, ұлын аман алып қалған.
"Ұлды алып қалайын, қызды берейін. Басқа амалым жоқ, әйтпесе үшеумізді де жеп қояды" деп ойлаған болуы керек. Қараңғы кез еді. Үш қасқыр таласып жатқанда шешем мені арқасына салып, ала жөнелді. Артынан барып қараған кезде тек шашы қалған, басқа түк те жоқ. Жеп қойған. Ашаршылық заманда ондай көп болған. Ол кезде қасқырлар адам етін жейтін, басқа ештеңе жоқ. (...) Қазақта әулетті сақтау керек деген бар. Көрмеген нәрсені көріп өстік", - дейді Мекемтас Мырзахметұлы сол оқиға жайлы.
Ал анасы 1946 жылы төсек тартып қалған.
Мекемтас Мырзахметұлы анасы қайтыс болғаннан кейін ағайындарының қолында тұрған. 8 жасында мектепке барды, кейін балалар үйі мен мектеп-интернатта тәрбиеленді. 1948 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектебін бітірді.
1953 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін, 1964 жылы аспирантурасын бітірген.
Әкесінің досы Бауыржан Момышұлының жанашырлығымен көптен бері қолы жетпей жүрген аспирантураға түскен. 31 жасында оқуға қабылданып, үш жыл Момышұлының үйінде жатып оқыған.
Үйіндегі ұстазы – Бауыржан Момышұлы, оқу орнында Абайды тануға жетелеген ұстазы – Қажым Жұмалиев.
1953-1961 жылдары Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан, проректоры болды.
1975-1991 жылдары Қазақстан ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, абайтану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
1991-2000 жылдары Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушісі, Ясауи ғылыми лабораториясының меңгерушісі, әдебиет және этнофилология ғылыми-зерттеу орталығының директоры болды.
2002-2003 жылы Түркітану ғылыми-зерттеу институтының директоры болды.
Абайдың "Толық адам" ілімі
Абай "мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла" деп жазған. Сол жұмбақтың жауабын тапсам деген жолда Мекемтас Мырзахметов 60 жыл ізденіс жасайды. 90 жасқа келгенде тоқтам жасады. Абай армандаған "толық адам" формуласын түзді. Ол үш нәрседен тұрады екен: ақыл, әділет, рақым.
"Толық адам" ілімінің тамыры терең, тарихы алыста жатыр. Біздің заманымызға дейін Ү-ҮІ ғасырда "ахи" ілімі пайда болған. "Ахи" сөзі жомарт деген мағынаны білдіреді. Біз ХХІ ғасырға дейін осы іліммен сусындап келдік. Он бірінші ғасырда Әл-Фарабидің "Парасатты адам" ғылымы жасалды. Одан кейін "Құтадғу білік", ХІІІ-ХІҮ ғасырда Яссауи ілімі, одан кейін Абайдың "Толық адам" ілімі, ХХ ғасырдың басында Шәкәрімнің "Ар ғылымы" шыққан. Адамгершілік тақырыбын қаузайтын бұл деректер ар ғылымының бізде алты сатысы болғанын айғақтайды. Ал, біздің заманымызға дейінгі бес жүз жылдықта "Оқымысты адам" ілімін көкке көтеріп жүрген қытайлардың өзінде кейін "Конфуций ілімі" шықты да әрі қарай ол дамымай, тоқтап қалды", - дейді Мырзахметұлы бір сұхбатында.
"Мен тек қана бірен-саран жұмбақтарының буындарын шештім. Абай деген – феномен. Жай адам емес. Мектепте де оқыған жоқ. Университет оқыған жоқ. Бар болғаны үш жыл медреседе оқыды. Сол кезде Шығыстың ақындарын мықты оқып, қуатты бойынша жиып алған. Мен Абайды өмір бойы зерттедім. Сонда да түсіне алмадым", - дейді ғалым Абай Құнанбайұлына қатысты зерттеуі жайлы.
"Толық адам" ілімі арқылы жастарды тәрбиелей аламыз. Алланың бойындағы сегіз сипат адамда да бар, бірақ Алладағыдай толық емес. Сондықтан бойымыздағы сегіз сипатты Аллаға еліктей отырып күрделендіріп, жөндеуіміз керек. Соған ұмтылуымыз керек. "Толық адам" ілімі содан барып шығады", — дейді Мекемтас Мырзахметұлы.
Мекемтас Мырзахметұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында әрқайсысы 400 беттен тұратын Абай туралы еңбегінің он томдығын шығарды.
Марапаттары
Мекемтас Мырзахметұлы 1989 жылы филология ғылымдарының докторы, 1995 жылы профессор құрметті атағы берілді.
1996 жылы Елбасының жарлығымен ғылым саласындағы ерен еңбектері үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын алды.
2001 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды.
2003 жылы "Түркі әлеміне сіңірген еңбекгі үшін" халықаралық сыйлығының лауреаты атанды.
Бауыржан Момышұлының атындағы "Құрмет белгісі", "Парасат" ордені берілді.
2019 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев І дәрежелі "Барыс" орденін табыстады.