«1 жыл, 11 ай, 3 күн»! Біреулер үшін түсініксіз бұл сандар, желтоқсан көтерілісінің қаһарманы үшін әр күні әділдіктің орнауын қапаста сарыла күткен, ұлтын сүйгені үшін айыпты болып, жазықсыз жазалы болған алтын уақыты. Қазақ халқының тарихында өз орны бар Желтоқсан оқиғасының шындығы әлі айтылу үстінде. Желтоқсаншы Ермұханбет Қуандықтың да желтоқсан оқиғасы кезінде өз көзімен көрген ақиқаты, азапты күндерінің естелігі «1 жыл, 11 ай, 3 күн» атауымен кітап болып жарық көріп отыр.
Кітаптың тұсау кесері Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында өтіп, оған Мәмбет Қойгелдиев, Талғат Мамашев, Бейбіт Қойшыбаев, Талғат Айтбаев, Шора Қарабаев, Мүсілім Дайырбеков, Дос Көшім, Серік Аббас Шах, Шоқан Сыздықов, Дәурен Берікқажыұлы секілді қоғам қайраткерлері қатысты. Кітаптың шынайылығы, ақиқаттың ашық айтылуы, қарапайым, жатық тілмен жазылуы, сол кездің кейіпкерлерінің анық айтылуы жиналғандар тарапынан жоғары бағаға ие болып отыр.
Кітап авторы Ермұханбет Әбдікерімұлы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі ретінде, Алматы алаңындағы қақтығыстар ортасында болғаны үшін 5 жыл бас бостандығынан айырылған.
Қарлагтың қатаң тәртіптегі еңбекпен түзеу колониясына айдалып, кейін бастапқы үкім 2 жылға қысқартылып, 1 жыл, 11 ай, 3 күнін өткізіп 1989 жылдың 3-ақпан күні, мерзімінен бұрын бостандық алып, босап шыққан. Студенттік кезінде оқуы аяқсыз қалғанымен кейін оқуына қайта қабылданып, 1992 жылы тарих және саясаттану маманы дипломын алып шығады. Ұстанымынан айнымаған Ермұханбет Әбдікерімұлы «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін тексеру жөніндегі Парламенттік Комиссияның» құрамында, оның жектекшісі М.Шахановтың қоғамдық көмекшісі бола жүріп, жазықсыз құрбандарды анықтауға сүбелі үлес қоса білген. Желтоқсан оқиғасы үшін істі болып, кейін оның ақиқаты үшін күрескен оның кітабынан да сол күндердің салқыны анық байқалады. Желтоқсан куәгерінің өз көзімен көргендері әдемі баяндалған кітап оқырманын еріксіз баурап әкетеді.
Кітап авторы «Мен үшін Желтоқсан ақиқаты түсінікті. Мен кітабым арқылы Желтоқсан оқиғасының ақиқатын кейінгі жастарға түсіндіргім келеді, салмағын ұқтырғым келеді» дейді.
Қуаныш Ермек