1 күнде – 1 айдың, 10 күнде 3 айдың жаңбыры жауды
Жаратқанның жаңбыры Қарағандыны әбден жуып, тазалап жатыр. 10 күннен бері жауған жауын Қарағандыны кір-қоңынан аршып, шомылдырып шықты. Осы 10 күннің ішінде үш айдың жауын-шашыны түсті. Маусымның 8-і мен 18-і аралығында Қарағандыда жауған жаңбыр туралы облыстағы гидрометеорологиялық орталық мамандары осындай мәлімдеме жасап отыр.
Әйткенмен жауын-шашынның мұндай қарқыны аймақтың барлық ауданында бірдей емес. Тіпті бір тамшы тамбаған аудандар да бар екен. Жаңбыр Қарағанды, Теміртау қалаларында, Нұра, Бұқар жырау аудандарында нөсерлетті. Соның ішінде бәрінен бұрын Қарағандыны қарық қылды.
Әсіресе өткен жұма күнгі жаңбырда жұрт жүріп емес, «жүзіп жүрді». Көліктердің ішіне де кіріп кетті. Нөсерлеткен жаңбыр қарағандылықтарды көшені тізеден кешіп жүруге мәжбүрледі. Көлік, жаяу жүргінші жолдарында қызыл асықтан асып, қылтаға жеткен жаңбыр суы қайран қалдырды. Мамандар бұл күні, яғни 15 маусымнан 16 маусымға қараған түні жауын-шашынның бір айлық нормасы түскенін айтады.
Валентина БРОДОВСКАЯ, Қарағанды гидромет орталығы ауа райы бөлімінің бастығы:
– Жұма күні, 15-інен 16 маусымға қараған түні Қарағандыға бір айлық нормаға жуық жауын-шашын түсті. Айлық норма 33 мм болса, ол күні күндіз – 24 мм, түнде 6 мм жауын жауды. Бір қызығы, мұндай жағдай облыстың барлық ауданында болған жоқ. Қарағандыда 10 күн бойы жауған жаңбыр үш айлық жауын-шашынның нормасымен пара-пар болып отыр.