Жәлел Қуандықұлы: Бабамның рухы сіңген жұмағымды, Жаппар Ием, Ешкімге олжа қылма!

Жәлел Қуандықұлы: Бабамның рухы сіңген жұмағымды, Жаппар Ием, Ешкімге олжа қылма!

Мен білмеймін, кім дейтінін мендейді,
Менің мұңым көп жараны емдейді.
Адамдардың жамандығын көрсем де,
Жақсылықтан үміт үзгім келмейді.

Аспан маған шуақ-нұрын төгеді,
Ал Жер-Анам табанымды өбеді...
Өзге ғалам маған қабақ түйсе де,
Мен бәріне құшақ жайғым келеді.

Досым-дағы, дұшпаным да жоқ менің,
Қыс тоңдырса, жылытады Көктемім.
Арысам да, азған жоқпын Арымнан,
Көктесем мен пейіліммен көктедім.

Қаламыма қайғы оралып сұм ерен,
Қаншама рет түйсігіме түнеген...
Парағыма төгіледі еріксіз,
Маңдайыма Тағдыр жазған тірі өлең.

Белестерге бастап барад(ы) нұр таңым,
Құлдыраңдап, Құлагерше жортамын.
Соқпағымнан жаңылмасым белгілі,
Жүрегімді кірлетуден қорқамын...

Мен білмеймін, кім дейтінін мендейді.
Менің мұңым көп жараны емдейді...
***
КӨШІРМЕ ЖАСАУШЫ КЕЛІНШЕК
Жанымды жаралап жыр ұшқын,
Ауырлап жүргенде тыныс тым.
Осы жан байқатты тым берік,
Боларын төзім құрыштың.

Жайсаң-ды мінезі, қылығы,
Елге асқан мейірі, жұғымы.
Көрсетті ала алмас екенін,
Күштіні тағдырдың құрығы.

Құйындар қақ та соқ өтпелі,
Қысқанда қапталдан өкпені.
Ұқтырды құлатпақ емесін,
Өмірдің тербелген өткелі.

Көктемгі ызғарда нұр сіңіп,
Жаярын жапырақ бір шыбық.
Сәттікпен тоқтамай ұлы көш,
Сәттікпен бітпесін тіршілік.

...Бір мезет уайымға берілсек,
Шерліміз сүрінсек, жеңілсек...
Түпнұсқа қалпыңды сақтай гөр,
Көшірме жасаушы келіншек.
***
Қара басын қамшылап,
Таба алмаған жан шуақ,
Болмысы оның қансырап,
Жақыным кетіп барады.

Кеуде тұсын өр шіреп,
Ойы да жоқ тершімек,
Ырысымды еншілеп,
Жатым кетіп барады.

Жал болса да жатары,
Әйтеуір, бар Отаны,
Жұрты үшін қапалы,
Ақын кетіп барады.

Боямасыз сезімде,
Ашылмаған көзіңде,
Уақыттың тезінде,
Ақым кетіп барады.
***
ҚОЖАЙЫН
О, Галина, төге бер қатеріңді,
Бір күн шыда, босатам пәтеріңді.
Далам – менің баспанам ұлан-байтақ,
Халқы сыртқа теппес-ті әкелі ұлды.

Басқа жан тап ақшалы, бағы басым,
Ақындардың білесің жарымасын.
Сен тәттіге балаған мына өмірдің
Шешіп қойғам «өлең» деп мағынасын.

Ақындардың қашан да десі нұрлы,
Айт, айтып қал, айта алсаң кесіміңді.
«Таспен ұрса, аспен ұр» дегендейін,
Телімекпін тарихқа есіміңді.

Түсін, қалқам, жыр дейтін дұға сырын,
Әркім қорғап қалмақшы өз асылын.
Бұл пәтердің иесі сен шығарсың,
Ал мен осы даланың қожасымын...
***
...Сен баланың көзіңде мұң бар екен...
Әмірхан БАЛҚЫБЕК
Көзімнен менің мұң көріп едің,
Ең алғаш кездескенімде.
Тағдырды арқаңа өңгеріп едің,
Өмірден сен де өткенің бе?

Мөлдірін жырдың астарлап ұғар,
Дес бермей-тұғын арын ең.
Мұң атаулыны тас-талқан қылар,
Айтылмай кетті тағы нең?!

Асылдар артық күн кешпес дейді,
Тектілер сүрген ғұмырдан.
Сенімім мені дірдектетпейді,
Тайынбан әр кез тұғырдан...

Көрсетпен енді мұңымды ешкімге,
Қағазға ғана төгемін.
Кісінеп тұрған құлын бес күнде,
Өзіңдей өр боп өлемін.

Сағыныш жанды тербейді бекем,
Бағалау қиын барды аса.
Өлеңің сенің өлмейді, көке,
Тіршілік тоқтап қалмаса...
***
Кейбіреудің түсіне де кірмеген,
Әлдекімнің кеудесінде бүрлеген.

Үмітсіздер үзіп қойған күдерін,
Күдіксіздер содан күткен жігерін.

Енді бізге қонбайды деп ұшқын бақ,
Пысықтары ғайбаттаған сыпсыңдап.

Көкірегі сағынышқа лық толып,
Зымыраған уақытқа жүк болып.

Алуан түсті гүлге бөлеп жан-жағын,
Дүниенің бұзып-жарып бар заңын.

Өр де емес, өктем де емес, жарқылдап,
Хақ бұйыртқан сол табиғи қалпында.

Сымбатына сәуле шашып күш нендей,
Мынау әлем келер күнін күткендей.

Көпке бірдей тарататын ұдайы құт,
Ырғағында ақиқат бар құдайлық.

Елес емес, жырға айналып өткен күн,
Мезгілінен кештеу келген көктеммін.
***
Жарық дүние!
От құшағың «жанымды ал, ұқ» дей ме?
Шапағыңа құлшынып сүйсінбейді-ау,
Көлеңкеге құмартқан халық кейде.

Жұмбақ ғалам!
Жүрегімді өлеңге құндақтаған.
Бүгін мені тербеген тылсымыңды,
Ертеңіме өзіммен бірге ап барам.

Жалған өмір!
Тола қоймас қашан да барға көңіл.
Ақындары күн кешіп пенделерше,
Пенделерге ақындық – арман-өмір.

Ақын – әлем!
Буырқанып кеудемде жатыр әрең.
Адамзаттың шер-мұңын кешіп келед(і),
Үндесе алмай жасанды сахнамен...
***
Сағынтпай-ақ келген едім қасыңа,
Баяғыдай қарсы алмадың тасына.

Құшағыңа ұмтыла алмай құныға,
Өкініш пен шер құйылды мұңыма.

Үзер жерде үзе алмай қап шідерді,
Арамызды алшақтатып жіберді.

Еміс-еміс елес болып көркің нұр,
Түйсігімнің терезесін түртіп жүр.

Қалам байғұс қаңтарылып кермеде,
Ауыздықпен алысуда шерлене...

Тағдырымды кім ұғады сор сіңген,
Деп өмірден баз кешпек те болдым мен.

Маған өзге қалмағандай сынағы,
Арлан өмір аяғымнан жұлады.

Бірақ, бірақ мен сен үшін тірімін,
Өр кеудемнің саған берем тұнығын.

Кірпіктерін тәтті мұңға малып ап,
Музам менің бір ажалдан жаны қап.

Жатсам-тұрсам өзіңді ойлай беремін,
Дер кезінде жаза алмаған өлеңім.
***
47-АВТОБУС
47-автобус
Алға жылжиды,
Айналып өтіп
Жыртық-жамау қияқты.
Жолы да құрығыр,
47 жыл
Тозығы жетіп,
Өңдеу көрмеген сияқты.

Жүргізуші ағай
Қара көйлекті,
47 жастар шамасы.
Бетіндегі
Әжімі сөйлеп тұр,
Өткен күндердің наласын.

47 адамын
Мінгізіп алып,
Шаңға оранып келеді.
Ескі шахталар
Арқада қалып,
Түпсіз ойларға көмеді.

Сол 47-мен
Мен де келемін,
Тамұқпен тылсым табысып.
Қаз-қатар жырды
Тірілте беремін,
Ойларымменен алысып.

47-автобус
Алға жылжиды,
Айналып өтіп
Жыртық-жамау қияқты.
Жолы да құрығыр,
Ойық та кетік,
Менің тағдырым сияқты.
***
МЕН...
Шырқалумен жанымның сор әндері,
«Мен» дегізбей келеді сол ән мені.
«Мен» дей алмай келемін арпалысып
Сонан бері.

Жүйткігенде жеткізбей түлкі-жалған,
Пәрменімнің кетердей кілті қолдан,
«Мен» дегенім мен емес, әуел бастан
Түркі болған!

Күлімдемей көз тартып кең, керім күн,
«Мен» демесем, сол, сірә, өлгенім шын..
«Мен» дегенім Жалаңтөс баһадүрдей
Ерлерім мың.

Жанына желеу болған байсалды өмір,
Олар жайлы әңгіме айтам небір.
«Мен» дегенім мен емес, даламдайын
Жайсаң көңіл.

Арбай алмас арымды қу күндерім,
Соны ойласам, шапшиды у дүрмегім.
Бабамның аманатын сақтап тұрған –
Рухым менің.

Елдігімнің еңсесі бек те батыл,
Әрбір сөзі сертке татыр.
«Мен» дегенім ол менің қанымдағы
Текте жатыр.

Барымның шырқау шегі – аза, кегі,
Енді ғана құрғаған жаза тері.
«Мен» дегенім мен емес, «Мен» дегізген –
Қазақ еді.
***
СОҢҒЫ
Қарбаласта түгеспес дамыл легі,
Соңғы вагон, соңғы орын бағым ба еді?
Дәтке қуат шақырған көңілімнің,
«Соңғы сапар» болмасын... бар тілегі.

Соңғы қармен қоштасып мұңды сүйреп,
Соңғы ақшаға алынған соңғы билет.
Жыр ғұмыр – бұл есеппен өлшенбейтін,
Гүл көктемі келетін тоңды түйреп.

Соңғы бағыт...
Ақырғы...
Соңғы нүкте,
Күдік шіркін бастамас оңды үмітке.
Сандалмада торықса жердің үсті,
Соқыр қоғам маталған соңғы жіпке...

Жүрген кезде мазадан еңсем жүдеп,
Таң күлімдеп қол бұлғар «келсеңші» деп.
Музам маған шабыттан қанат байлап,
Жыр жазардай желпінем ең соңғы рет...
***
ӨМІР
Көңілімді қоршап ап тайғанақ мұң,
Күйбең тірлік...
Басқаны ойламақ кім?
Ғашығымның өкпесі жүректі өртеп,
Құстардың да қайтқанын байқамаппын.

Тағдырыма налыдым,
Жыламадым...
Жаттан мейір жалынып сұрамадым.
Сүйгенімнің бейнесі жан-арымда,
Байқамаппын жапырақ құлағанын.

Қыран құстар сынамақ құзда бағын,
Аужайына сыймадым түз даланың.
Сыңғыр-сыңғыр күлгенің құлағымда,
Жүрегімнің сезбеппін сыздағанын.

Шала сенім, шала ес, жасық үміт,
Бет қаратпай барады тасыры нық.
Өкініштер өзекке көш боп құлап,
Өмір өтіп барады жасырынып...
***
АЛМАТЫ
Жеті өзен – тұнған тарих, арнасы – жыр,
Алатау – арынды елге арда тұғыр.
Көгершіні іспеттес жүрегімнің,
Ұшақтары тынбайтын Алматы – бұл!

Кәріге қуат сыйлап, жасқа сабыр,
Көрігі – көрер жанға әфсана бір.
Мұқаңның мұңы сіңіп көшесіне,
Тербеген Төлегенін бас қала – бұл!

Өзге заман көргенім, басқа дәуір,
(Тарихаттың шындығы тастан ауыр).
Арсыздардың зарынан заһар жұтып,
Пәктігінен айырылған жас қала– бұл!

Ішіне қатар қонып бақ, нала бір,
Қашан да майдандасқан ақ-қара кіл.
Қайратын қайта беріп қара жерге,
Жоқтаған Заманбегін тас қала – бұл!

Ежелден ерсі болмай баспана-жыр,
Жай отының жарқылы –Һаққа жәбір.
Жұматайын жылатып жас балаша,
Қасымдарын қаңғытқан астана –бұл!
Жасындарын қаңғытқан астана – бұл!
***
АҚЫН
Тәуелсіз ек, заман жаңа,
Жетілгенмін ес кіріп.
Мұқаң жайлы бағдарлама
Жүріп жатты кешкілік.

Зиялылар жиылып ап,
Қызу пікір таласты.
Бірі оған сыйынып-ақ,
Бірі кері дау ашты.

«Ішкіш қой – ол!» Бірі айтады:
«Аз-кем өмір сүрген жоқ.
Он бір жинақ – шын айғағы», –
Дейді бәрін білген боп.

Міне, осылай Ұлт ажары
Таланды әрі талданды.
Жүргізуші жұрт назарын
Экранға аударды.

«Мұқағали кім? Кім біледі?»
Сұрақ қойды, дені нық.
Басын шайқап кейбіреуі:
«Ақын!» –деді керіліп.

Осы бір сәт көшедегі
Мойын бұрып жас бала:
«Сазгер ғой – ол, сазгер,–деді,–
Жүрсе-дағы аш бола».

Бәрі оны келеке ғып,
Сыни көзбен қарады.
Талас бітіп мерекелік,
Жұрт үйіне тарады.

Бір-біріне дес бермеді,
Айтып кетті үкімін.
Бірақ ешкім ескермеді,
Әлгі бала пікірін.

«Сазгер», – дейсің даралана,
Көңілді әуен қолдаса.
Ақын ақын бола ала ма,
Күй кеудесі болмаса?

Жылайтындар, түнеріңдер,
Күлетіндер шын күлсін.
Ақындардың жүрегінде
Ырғақ барын кім білсін?
Әуен барын кім білсін?
***
ҚАС-ҚАБАҚ
Толғанып тағы жатырмын,
Жер менен көкке қарашы.
Осы бір алаң – ақынның
Қас-қабағының арасы.

Ерлердің күнін қор демен,
Епшілдің мынау заманы.
Түрлі-түсті әлем, ол деген –
Арудың қасы, қабағы.

Менің де жаным ортайған,
Оның да солғын жанары.
Тағдырдың соры маңдайдан
Қабаққа сырғып барады.

Жүрегім, жылай көрмеші,
Тау көңілімді жауыр ғып.
Қара өлеңімнің пернесі –
Тамырымдағы тәуірлік,
Қабағымдағы ауырлық.

Далам бар иен ғаламдай,
Сол қалпы мен де өтермін.
Өмірден опа таба алмай,
Өлең боп елге жетермін.

Не дейді мынау жарқын күн,
Қай жолға бізді бастайды ол?
Тырысып жүрген әркімнің
Қас-қабағынан сақтай гөр...
***
ЖАРЫҚ
Көктен жерге телміреді көп жарық,
Кеудем тұсын кернейді арман от қарып.
Тереземнен есеп сұрап тұрады,
Қап-қара түн оқталып.

Көптен бері аспан да үнсіз, мен де үнсіз,
Ол жаңбырсыз түнереді, мен жырсыз.
Жапырағын қар астына жасырып,
Кеудемізге көшіп алған теңбіл күз.

Ұлпа бұлттар жинамаса етегін,
Түндер, түндер – ойларымның мекені.
Қараңғылық мені әлемнен жасырса,
Қауыштырар тек қиялдар жетегі.

Көктен жерге телміреді мол жарық,
Ай-аруым көз тартады топ жарып.
Арасынан өлең жұлып аламын,
Жүректерге олжа ғып.

Адастырмас алтын – сабыр көбеммен,
Сенім – семсер, сүрінсем де бөгелмен.
Көп жарықтың арасында көз тартып,
Ең жарығы болып сәуле төгем мен!
***
Хас батырды өлтіру – қан майданнан аулақтау,
Қорқақтарды өлтіру – батырдайын ардақтау.

Хас сұлуды өлтіру – сұлулығын көзге ілмеу,
Жастығыңды өлтіру – ойсыздық қой босбелбеу.

Өр сенімді өлтіру –күмәндану өзіңнен,
Үр сезімді өлтіру – қасиетін сезінбеу.

Шын талантты өлтіру–арқасынан көп қағу,
Ғашықтарды өлтіру – ортасына от салу.

Адамдарды өлтіру –армандарын балталау,
Ал арманды өлтіру – талпынбау ғой, қалқам-ау.

Намысыңды өлтіру –арпалыспау арыңмен,
Ақындарды өлтіру оңай боп тұр бәрінен...
***
ЖАПЫРАҚТАР ӨЛМЕЙДІ
Тәпсірлеумен ғұмырлы күн, айды бек,
Жапырақтар өлмейді, құлайды тек.
Жайрап жатып тамырын қымтайды да,
Мама ағаштың саулығын сұрайды кеп.

Нәзік жүрек жайнап кіл жақсылықтан,
Сондай тағдыр әуелден Һақ бұйыртқан.
Адамзатқа сыбдырмен айтары көп,
Үлкен үміт күтеді жас шыбықтан.

Сақтанғанда «Жел» дейтін дүлей күштен,
Күз келгенде, ызғырық үдей түскен.
Олар сонда тәубе айтып болмысына,
Құламауды алысқа тілейді іштен.

Кәрі қыс кеп, шыңылтыр құрық бекіп,
Шымшылайды денесін ырықты етіп.
Ал көктемде қайтадан бүр жарады,
Қармен бірге тамырға сіңіп кетіп.

Ақ көрпесін тағы да кермек пе ерте?
Аяз қысты мезгілсіз, жендеттерше,
Табиғаттың ең адал перзенттері,
Қош болыңдар!
Көктемде кездескенше...
***
ЛӘЗЗАТ
Ләйләдай лағыл лебізге лайық,
Балапандайын бейкүнә бейнең.
Күлкіңнен артық ем іздеу –айып,
Тұншыға қалса керқұла кеудем.

Әлем әспеті әлі де әрсіз,
Сендік сиқырды сезіне алмаса.
Кереметтердің бәрі де нәрсіз,
Мейірімді сендей кезі болмаса.

Затыңдай зарсыз, Зайдалық зердең,
Бақытқа лайық қиялдай керім.
Өмірге тағы айналып келсем,
Ешкімді сендей сүйе алмас едім.

Заман заман ба заңдылықтарсыз?
Шегінсе шындық, шертеді мұң күз.
Ажарсыз дер ем паң қылық қар қыз,
Ғалам құбыжық еркелігіңсіз.

Ақын ақын ба арбаса арын?
Сезім сезім бе бір жылытпаса?
Өмір өмір ме далбасаларын
Тізгілей бермей, сырып тастаса?

Тағдыр тағдыр ма, тар жол торламай?
Шабыт – шабыт қой, шапса қайда да.
Жәлел Жәлел ме, бір жыр арнамай,
Жұматай жүз жыр жазса Ләйләға...
***
ҚАРА ҚЫЗ
Құбылғаның қас-қағым,
Жұртқа мынау бәрі – аңыз.
Қиғаш біткен қастарың
Қап-қара екен, қара қыз.

Қара түндей жайлылық,
Қара көйлек мақпалдай.
Жанарыңда Ай туып,
Тербеп келе жатқандай.

Кеуде керген қос алмаң,
Тағатымды тауысып.
Сабыр деген тосаңнан,
Қалғандаймын ауышып.

Сыр тартқанда тереңнен,
Қиялдар да туар мың.
Қара қыз бен қара өлең,
Мен сендерге құмармын.
17.11.2013
***
КҮЗ, ҮМІТ...
Сол бейне,
Сол бір сәт,
Сол бір түн...
Мен неге осынша солғынмын?
Жалт еткен бір күндік махаббат
Елес боп, көзіме толды мұң.
Мен неге осынша солғынмын?

Қондың да, қайта ұштың бағымнан,
Мен бе едім,
Сен бе әлде жаңылған?
Біз кеше бақытты ек,
Ал бүгін
Айналып барасың сағымға.

Пәк сенім шықты да бір қалқып,
Жүректі жіберді сандалтып.
Бір түндік махаббат жалыны
Түтеді жанымды дал-дал ғып.

Жылт еткен бұл сезім – жылымық,
Әп-сәтте жоқ болды үзіліп.
Атымды бір рет атамай,
Келдің де, кеттің ғой күз, үміт...

Ғұмыры аз ұшқынның әлегі,
Еркімді неге ұрлай береді?
Көңілім, сол қаңбақ сезімнен,
Әлі де боп жүрме дәмелі...
***
Тәрк етіп бойымның тулаған тамырын,
Жатсынып жанымның ып-ыстық жалынын.
Қып-қысқа ғұмырым болардай тағылым,
Мен сені ұмытқан екенмін, жарығым.

Кеудеме сәулесін түсірмей нәзік үн,
Мұңымды ешкімге шақпадым – жазығым.
Тас болып кеткендей мендегі әз ұғым,
Мен сенен алыстап кетіппін, нәзігім.

Дәл сенің көзіңдей дүние жарқылдап,
Ең соңғы демім де дәл солай сарқылмақ.
Неліктен жанарлар барады салқындап,
Сен менің ожданым едің ғой аңқылдақ?..

Өзіңсіз өмірді білмеуші едім мен,
Ал қазір бітпес мұң жанымды кемірген,
Осылай оқшау боп өтем бе өмірден,
Періштем, жүрегі сезімге көмілген?..

Тәтті өмір суытып, біресе жылытып,
Күмәннан жеркенем, сенімнің сыры – құт.
Құбылам,
Өмірдің қалмаса құны түк,
Тірілер сапында барымды ұмытып...
***
СУРЕТ
Мойыныма артқанында Тәңір жүк,
Сол бір жүктен табатындай жаным құт.
Ақша бұлттар оранғандай жалынға,
Көкжиектен Күн көрінді тамылжып.

Құстың бәрі көтеріп Күн шашбауын,
Иесіне арнап жатты жақсы әнін.
Ескі зауыт мұржалары үр желмен
Желпіп тұрды мақпал бұйра шаштарын.

Күн уылжып жанып тұрды жанудай,
Осы жайттан сөнер сәтін табуда Ай.
Күн-айнаға телміреді мұржалар
Қолайнаға шаш түзеген арудай.

Таң шапағы аймалаумен бетімді,
Жан дүниемнің көп кірбіңін кетірді.
Толқын шашты сұлу тектес мұржаның
Зеңгір аспан қолшатыры секілді.

Тылсым сурет өн бойымда тасытты от,
Тыпыршыдым жазғанына нәсіп көп.
Қолшатырлы сол арудың тамсанып,
Қарай бердім қылығына ғашық боп.
...мұнан асқан бақыт жоқ...
***
КӨСЕУ
Қараша ауыл...
Қара ошақта зорыға,
Анам жүрді қос білегін түрініп.
Сексеуілдің қыжынаған шоғына
Отырушы ем жылынып.

Армандасаң, дәл осында арманда,
Сарын қосып алабұртқан сарынға.
Анам отты көсеп-көсеп қалғанда,
Жарықтық шоқ ұласатын жалынға.

Жұмбақтанып таңғажайып атырап...
Көп білуге құмар едім Тегімнен.
Қара көсеу құдіретін бақылап,
Таң қалатын едім мен.

Содан бері өтті талай мұнар жыл,
Көсеу сыры кетпей қойды санамнан.
Өмір мені сан қиянда сынап жүр,
Бәрі –арман.

Кеңдік маған қанмен келген сый екен,
Адамдығым –анам сүтін өтеуде.
Бір ұққаным –ауыл жетпей жүр екен
Шоқ кеудемді көсеуге...
***
ТУҒАН ЖЕР
Көкейіме көркіңді күй арна ғып,
Дүрбелеңге қаламын жиі алданып.
Сағыныштан сарғайып өтетіндей,
Қайтқан құсқа қараймын қиялданып.

Өскен ұя, елессің, сыйың кемел,
Атады әлі бір ақ таң күйін төгер.
Бір сәт болсын мұңымнан арылар ем,
Құмыңа кеп тәу ету бұйырса егер.

О, туған жер!
Анам да, әкем де – сен,
Сенен қуат аламын бәсеңдесем.
Сенің сол бір мұғжизаң деп білгейсің,
Бір күні баурыңа кеп нөсерлесем.

Қара күшті қалқалап қалқаныммен,
Аласартпай бойымды асқақ үннен.
Сені сүю арқылы, о, құдірет,
Мен ғаламды сүйемін жан-тәніммен.

Көкірегімде жыр болып түнеп келген,
Демеген де сен едің мың өткелден.
Мен күресіп өтемін өлгенімше
Туған жерін аңсамас жүректермен.
*** 
ҚОҢЫР ӘУЛИЕ. ҮШ ТІЛЕК
Құлшындырып Құранның сүрелері,
Жасыбай көл кеудеме жыр егеді.
Құран оқып болды да шырақшы ата:
«Бір-бірлеп кір, Үш тілек тіле», –деді.

Атамекен!
Бөледің сонша нұрға,
Тарих жатыр ашылмай қанша қырда.
Бабамның рухы сіңген жұмағымды,
Жаппар Ием,
Ешкімге олжа қылма!

Азат күнім!
Өзіңсің – мәңгі тілек,
Қазақ бүгін сен жайлы әнді білед(і).
Досқа таба, дұшпанға күлкі қылмай,
Елдігімді мәңгілік ет!

Соқтығысып сан түрлі күбір мида,
Халқым үшін бар біткен тұғыр пида.
Анамның тіліменен жазарымды,
Жазып қалдыратындай ғұмыр сыйла!

Жәлел Қуандықұлы – 1986 жылы 10 қаңтарда Қарақлпақстан автономиялық республикасы, Беруний ауданы, Алғабас өлкесінде туған. Қарағанды Мемлекеттік Университеті филилогия факультетін түлегі. Жас ақын. Өлеңдері бірнеше ұжымдық жинақтарға енді. Мерзімді баспасөзде тұрақты жарияланып жүр. Халық қаһарманы Жұмабек Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» сыйлығының иегері (2015 ж). «Жыр-жауһар» поэзия клубының төрағасы.
 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста