ӨЛЕҢІМ
Өлең, сенен өлсем қашып құтылман,
Жабысқан бір дерт болдың ғой тұқымнан.
Жүрегімнің тереңінде бір жел бар,
Жеткен маған зыңыранып зытымнан...
Қабағымда жатты талай торып түн,
Сонда маған Құбыла болып жолықтың.
Өлең! – Сені тірі сақтап қалам деп,
Талай жерде қорықпастан қорықтым...
Көкірегіме сәуле малып таңғы ыра,
Оятқасын – басқа амалым қалды ма?
Өлең! – Сені есен алып өтем деп,
Қанша бардым малғұндардың алдына.
Қасқа қазақ болған шақта қара бақ,
Жаудың оғы сені кетті жаралап.
Желтоқсанның қан атқанда көзінен,
Аман қалдың тар қаңқамды паналап.
Талай мәрте ит кісінеп, жылқы ұлып,
Періштемнің берген сыйын, жын тығып;
Апан-түнге адастырып апарды –
Ай-сүйекті тістей қашқан түлкі-бұлт...
Алтын сарай соға алмаспын мен саған,
Сенің арқаң – айналама келсе жан.
Жүрегімнің лүпілімен қанатын
Бірге қаққан, бозша торғай, болшы аман!
Бастан өтті – мұздай күндер, оттай түн,
Сонда өзіңмен бірге болдым – көпке айқын.
Бейітімде шырақ болып шырылдап,
Мен өлгенде – тек өзіңсің жоқтайтын!
Аман болса атажұрттың ақ тасы,
Мәңгіліктің жабылар-ау қақпасы!..
Құлып-Тастың құлап түсіп түбіне,
Шырлай алмай шалажансар жатпашы!..
ДӘУРЕН КӨШКЕН
Кез қайда жаз жәнатын қусырмаған? –
Көзімнен жібек құмдай сусыр ғалам.
Барады тас төбемнен Дәурен көшіп,
Қанаты құлағымда сусылдаған.
Кез қайда қусырмаған жаз жәнатын? –
Қалқамның әр қылығы наз болатын.
Сыңсыған, Айлы Дәурен, көштің қайда
Басымда қонақтаған аз ғана түн?
Қош, қалқам – әнді жалған, өлең-жалған,
Кеудемде әрең жанған сөнерде арман –
Саз қылып, самал қылып тарқатармын
Сарқытын сағыныштың сенен қалған...
Ай-дарақ, болғай жұлдыз-бұтаң да аман!
– Деп тілеп, саусағыма тұтам қалам.
Соңымда саз-самалым қалса аңқылдап,
Алдымнан күтер, бәлкім, ЖҰПАР-ҒАЛАМ?..
ЖАПЫРАҒЫ ЖАНЫМНЫҢ
Бөлек боп тағдыр таңбасы да ені,
Жыраққа сүйреп жол қашып еді.
Жолымыз біздің ажырағанда
Жапырағы жанның жап-жасыл еді...
Ғасырлар салып ізіңнен жеттім,
Күз уілдеп тұр...
Жүзіңнен де өптім.
Кірпігіңнен көріп тізілген көп мұң,
Мөлтілдеп барып... үзілген жоқпын.
Сезімнің сөлі сарқылмаған-ау,
Жанарда жатты жарқылдап алау.
Ғасырлап жұтқан сағыныш жасын
Қандай қиын ед алқымға қамау?!
Жиналдық зорға – сөгіліп барып,
Көңіл көбесі көмігіп тамып.
Сонша сүр-сартап сарқынды сабыр
Ұялта жаздад – төгіліп қалып.
Көңілшектенбей көңіл шектеліп,
Кеткен екенбіз шегіншек болып.
Жылдарға сіңіп жоғалған сынды
Үрпек қыз үркек келіншек теніп.
Күз жетті...
Дауыл сапырарына
Көз жетті – тағы аһ ұрарына.
... Ішіме жұтқан тамады жасым
Жанымның күрең жапырағына...
ӨҢ МЕН ТҮС
...Мен Жұмақта жатырмын...
Жасыл шалғын.
Тізесіне һүрлердің басым салдым.
Айналамда құстар жүр жібек қанат,
Әндеріне қосылдым жүрек қалап.
Дүниеде кір де жоқ, көлеңке жоқ,
Бұлақ былдыр қағады көп еркелеп.
Жасыл шалғын сөйлейді жұпарлы үнмен,
Қанғанымша сол үнді жұтам гүлден.
Мамық ғалам.
Салмақ жоқ білекті үзер,
Тікен де жоқ жүректі шым-м еткізер.
Саусағымда сыңсыған қауырсынның
Тасқа тамған көз жасын ауырсындым...
Ауырсындым, көз жасын тастан оқып,
Жалғап кеттім арғарай дастан етіп.
Тас та балқып, жанардан жас та балқып,
Кемпірғосақ исінен аспан аңқып;
Бұлтсыз көктен жауып тұр жұпар жаңбыр,
Шырақ жақты жаңбырдан тұтанған гүл.
Сол шырақты кеудеге қададым да,
Қарғып тұрдым – жалт ойнап жанарымда.
Әдетім ед От көрсем тұра алмайтын,
Бір пәле бар сол отта –
Құранға айқын.
Жанарымның жалтынан тастар күйіп,
Ала қойды жұпарын Аспан жиып...
Бір күш мені ылақтырды жыраққа ала,
Сыймайды екем мен байғұс Жұмаққа да.
Бар алғаным – жатқанда құлап бара,
Кеудемдегі сөнбеген шырақ қана...
Есім жисам, келемін қара қырда,
Күзгі жаңбыр құйып тұр қабағымда.
Тікен жарып, табанды тастар кесіп,
Турап жатыр жасындар аспанды осып...
Саусағымда сарнаған қауырсынның
Жанға тамған көз жасын ауырсындым...
Содан кейін тығылып бір қуысқа,
Шөлім бастым, толтырып жырды уысқа.
Шырақ аман.
Қалды артта ауыр сыным,
Саусағымда сыңсиды қауырсыным.
Жібек қанат құс емес – көбелектер
Шыраққа кеп – түсіп жүр көп әлекке ел...
Өң де, Түс де кешкенің – кешіремін, –
Бар көргенім өмірде осы менің...
ЖҰМАҚ-ТҮННІҢ ЖҰПАРЫ
Лүпілін жүрегімнің бұлаққа ілдім,
Деміне құлақ түрдім қырат-қырдың.
Ай – құлып.
Жұлдыз-кілтпен бұрап тұрмын,
Қақпасын ашпақ болып жұмақ-түннің.
Жұмақ-түн.
Жұмбақ әуен.
Шырын ғалам,
Түйсікпен аулап келдім сырыңды әман.
Ақтарып жеті ықылым құпиясын,
Сөйлейді жұлдыз ғана бүгін маған.
Мен кешкен ғажап ғұмыр осы-ай, жалған!
Бақыттан бұл бір дәурен бас айналған.
Жыр емес, көмейімнен нұр тамады,
Жұлдыздар сиқырына масайғаннан.
Лапылдап тамырымда ұшқалақ қан,
Сәулеге ілесердей тұстан аққан...
Сусылдап естілердей, періштенің
Дыбысы қанатының қысқа қаққан.
Шырышы бұзылмаған думан қырда
Бойыңды шайтан шөлі – шуға алдырма!
Үні бар Періштенің – тыңдап қара,
Дәл бүгін жүрегімнен туған жырда!
Бұл дәурен маған тиген бәсіре екен,
Асыл жоқ жалғаншыда бәсіне тең.
Жұлдыздай ағып шығып, жан-жағыма
Жұпарын жұмақ-түннің шашып өтем!..
ҚОШАҚАН-ДАЛА
Беу, менің, қоңыр қошақан-далам,
Неге маңырайсың көргенде мені?
Бұралқыларға тас ата алмаған
Мен де бір күздің шерменде желі.
Босағаныңмен кеше көгеннен,
Мойныңда жүр әлі бұршағың.
Жолыңды ындын-құрт кеседі өлермен,
Толтыра алмаған кәрі құрсағын.
Қорқатын болдым жең түрінгеннен,
Құрбан шалардай араны аш құлдар.
Бұлт емес анау жөңкіліп өрген,
Өзіңді аңдыған қара қасқырлар.
Шығатын болдым жылап түнімен,
Өшердей қырдың думан әндері.
Үңгір қазып ап құлақ түбінен,
Әулігіп жатыр шулаған бөрі.
Жатқандай қорқам сені қоршап ап
Кілең шибөрі түнек-көзденген...
Маңырай жүгіріп мені көрсең-ақ,
Не таптың, қозым, жүректі езгеннен?!.
...Жауым жоқ, шүкір, шаңырақты ұрған,
Есім де бүтін, аятым анық.
Тек... қоңыр қозы маңырап қырдан,
Жүреді ылғи да оятып алып...
БОЗБАЛА КЕЗДІҢ БОЗ ДАЛАСЫ
...Барып қонды көп жылдар көзден жырға,
Бар ма елестер – біз кеше кезген қырда?
Бозғыл айдың астында, боз көйлек қыз,
Бозбалаға боз атты кез болдың ба?
...Бұрымыңмен көзді орап әуре қылдым,
Құлағыңа сырға қып сәулені ілдім.
Өзі екенін сол түннің білмеппін-ау
Екі қайтып оралмас дәуренімнің.
Сәттер есте байланған сәтке тілім,
Сипап тұрдың ондайда ат кекілін.
Есімде әлі – Мұқаңның «Бозқараған»,
«Боздаласын» Қадырдың жатқа оқыдым.
Жан едің ғой сен сұмдық жырға ғашық,
Кеттік өлең көгінде бірге адасып.
Бара жатты екеуміз қосыла айтқан
«Желсіз түнде жарық ай» қырдан асып...
Құсжолы боп теңселген арман-шынар,
Жұлдыз емес шашқаны, маржан шығар!..
Бізді көрген сол түні жан болса егер,
Періште иә... солай деп қалған шығар!
Жүрек жырдан лапылдап, көз – құмардан,
Өте шыққан сол ғажап кез бір арман.
...Айлы қырды кезсем-ақ, боз көйлекпен
Қалқып шыға келесің боз мұнардан.
Бөліп кеткен жолдардың бұралаңы
Жыр-хатымды жеткізбей шұбалады...
Сол бір қырда сол қалпы елесің жүр,
Кешір...
жиі қатынап тұрам әлі...
«Ай таранған түн» кітабынан