Бауыржан Жақып: Көк түріктің мәңгі тірі рухымын, Көктегі Айға Көк бөрі боп табынған

Бауыржан Жақып: Көк түріктің мәңгі тірі рухымын, Көктегі Айға Көк бөрі боп табынған

АБАЙДЫҢ ҚАСҚАБҰЛАҒЫ

Абайдың Қасқабұлағы
Сағасы інжу-маржаннан
Жағасы жасыл пүліштен,
Тамшысы алтын, күмістен,
Жапырақ сүйген бетіңнен
Суыңнан сұлу гүл ішкен.

Абайдың Қасқабұлағы
Елімді қорғар қылыш па ең?
Жеріме біткен ырыс па ең?!
Ай сүйіп асыл ерніңнен,
Күлімдеп келіп Күн ішкен.

Абайдың Қасқабұлағы,
Ағасың асқақ тыныспен,
Шайырсың дәйім жыры үстем,
Батыспен байтақ тілдестің,
Шұғыласын шашқан Шығыспен.

Абайдың Қасқабұлағы,
Тұлпарлар тоқтап су ішкен.
Тұлпардай сен кең тынысты ең.
Етбеттеп жатып жағаңда,
Бала Абай сенен су ішкен.

Абайдың Қасқабұлағы,
Ұлы Ақын мұңын бөліскен,
Сөйлеспей жақын туыспен.
Іштегі өртін сөндіріп,
Дана Абай сенен су ішкен.

Абайдың Қасқабұлағы,
Қазағым атын қойған су,
Әлемге атын жайған су.
Шақпаққа бара жатқанда,
Шәкәрім бетін шайған су.

Абайдың Қасқабұлағы,
Әуелеп шабыт қуған су.
Әуезов үні туған су,
Бетінде кілкіп қаймағы
Мұқаңның сөзі тұнған су.

Абайдың Қасқабұлағы,
Халқымның аққан жыр-әні,
Көрмедім сендей тұманы,
Жағаңда сенің киелім,
Ұлылар ғана туады.

Абайдың Қасқабұлағы,
Қырық өрім таспа бұлағы,
Аспанның аспа бұлағы.
Отыз жыл ойран салса да,
Қырық жыл қырғын болса да,
Мөлдіреп жатыр суы әлі.
Абайдың Қасқабұлағы!!

 

АЛАШ ОТЫ

Тасшоқы, Алтыншоқы,  Сұлушоқы,
Уақыттың маздап жанған құбылса оты,
Жазғанын Әлиханның тауып алып,
Жас ұрпақ жадыңа ұстап, бірінші оқы.

Ақшоқы, Қызылшоқы, Қарашоқы,
Кеудемде жанды лаулап Алаш оты.
Кітабын Ахмет пен Міржақыптың,
Балалар, көзіңді ашып, таласа оқы.

Көкшоқы, Күмісшоқы, Қоңыршоқы,
Қазақтың «мен мұңдалап!» - жағылса оты.
Мағжан мен Жүсіпбектің маржандарын,
Теңізден сүзіп алып, табылса оқы.

Наршоқы, Жалғызшоқы, Құлыншоқы,
Ұлтының солар болған жылынса оты.
Ардақтап Алаш туын мен өтемін,
Болса да Уақыттың  бүгін соты.


1991

Мың тоғыз жүз тоқсан бір –
Бабама болған арман жыл,
Басыма бақыт қонған жыл.
Қазақтың көкте жұлдызы
Жарқырап тұрып жанған жыл. 

Мың тоғыз жүз тоқсан бір –
Қуаныштан көз жас тамған жыл,
Шаттыққа кеудем толған жыл.
Өз тізгінін өз елім
Қолына берік алған жыл.

Мың тоғыз жүз тоқсан бір –
Бодандық артта қалған жыл,
Бостандық елім алған жыл.
Іргесі бүтін, Тәуелсіз
Қазақстан болған жыл.

Мың тоғыз жүз тоқсан бір –
Қарыздармын мәңгі саған да,
Жыл сайын артар бағаң да.
Күміспен құйыл жадыма,
Алтынмен жазыл санамда.

Мың тоғыз жүз тоқсан бір –
Қорқыта алмас сен барда,
Қытайдың қайыс ноқтасы,
Орыстың темір ноқтасы.
Ашылған сенсің алдымнан
Еркіндіктің емен қақпасы.

Мың тоғыз жүз тоқсан бір –
Мойныма таққан тұмарым,
Қойныма тыққан құраным.
Аңсады сені мың күйім,
Арналды саған мың әнім.
Себілген Айдан нұр ағын,
Төгілген Күннен шуағым.
Сөндіре көрме, құдірет,
Азаттығымның шырағын.
Тіл-көзден сақта, Тәңірім,
Тәуелсіздіктің пырағын.


БӨРІЖОРТАҚ

Сал келген, бұл далаға, келген сері,
Ойымен Ұлы Абай да жерді өлшеді.
Бөрліде көрдім боран бөріжортақ,
Әузов бала кезде көрген сені.

Жол ұзақ болған соң ба, зерігіп ек,
Соқты – ой кеп бөріжортақ келіп үдеп.
Бөрісі көп болған соң осы жердің,
Бабалар қойған шығар Бөрілі деп.

Бөрісінен айырылғанды қаламас қыр,
Бөрілер жалғыз-жарым далада аш жүр.
Көк түгіл, сұрғылт түгіл, қызғылт түгіл,
Бұл жерде болған екен қара қасқыр.

Бұл заман ол заманмен аралық бар.
Қырыпты көп бөріні қалалықтар.
Топталып бөрілердің ұлығанын,
Бір кезде естіп өскен бала Мұхтар....

Соғады бөріжортақ тауды айналып,
Ұлыған дауысынан жол байланып.
Қара қасқыр тұқымы жоқ боп кетті,
Боранға кетті ме екен әлде айналып...

 

АҚ ҚАЙЫҢ
                                Сергей Есенинге

Шығысшалап айтқанда, шайыр – атың,
Естимісің даусымды, қайың ақын.
Жырыңды оқып сол кезде-ақ, сол заманда-ақ,
Мастанғандар мастықтан айығатын.

Ол кезде де маздайтын күлімдеп Күн,
Жыр оқитын ақын боп күбірлеп Түн.
Талай-талай арудың алма төсін,
Қоңыр самал өлеңмен дірілдеттің.

Жайық желі шашыңды қайыратын,
Ғайып болған жоқсың сен, қайың ақын.
Адалдарға нұр төгіп өлеңіңмен,
Арамдарды жырыңның жайы ұратын.

Деген жоқсың ешкімге: «Күштімін – мен!»
Лермонтовпен тілдесіп, Пушкиніңмен,
Тұтатып ап сөнбейтін жырларыңды,
Жұта бердің өмірді мүштігіңмен.

Жүргендерді елемей данасынып,
Сені іздеймін, Серега, аласұрып.
Қалың қайың ішінен тапқан кезде,
Қарап маған тұрасың баласынып.

Шалқарында шабыттың шағала едім,
Қанатымның қағысын бағады елім....
Даласында қазақтың бір інің жүр,
Сіңлісіне ғашық боп Шаганэнің.

ТҰМАР

Мен – рухпын!
Жаралғанмын жанған Күннен, Жалыннан,
Ғұн да болып сапар шектім сағымнан,
Көк түріктің мәңгі тірі рухымын,
Көктегі Айға Көк бөрі боп табынған.

Тәңірқұты Мөде болып құт тасып,
Баламер боп кездім жерді нық басып.
Еділ болып уысымда ұстадым
Шығыс пенен Батысыңның тұтқасын.

Бумын, Білге, Естеміс боп өрледім,
Тоныкөк пен Күлтегін боп ерледім,
Өсиетімді тасқа қашап қалдырып,
Сөзбен жудым ұрпағымның жөргегін.

Рухпын – мен!
Рухымын мен сақтардың,
Жүрегімді алау етіп жаққанмын.
Қыпшақ болып қылыш алып қолыма,
Қарсы келген жаудың басын шапқанмын.
Дүбірімен дүниені ояттым,
Дүсірлеген тұяғымен аттардың.
Кеңдік, Өрлік, Ерлік – осы үшеуін,
Үшбұрышты тұмар етіп таққанмын.


ТҮН. КАЗГУ ҚАЛАШЫҒЫ

Мынау КазГУ қалашығым,
Талай құстар қанаттанған.
Тауып тәтті жарасымын,
Жастық мұнда ән ақтарған.

Кешкі ауада күлкі ұшады,
Ұшады кеп шарықтап бір.
Жүректерді жыр құшады,
Бозторғай – ән қалықтап тұр.

Көкірегіме жыр тағайын,
Түртеді әуен тағы да ойды.
Желсіз түнде шырқады Айым,
«Желсіз түнде жарық айды».

Қайың ару тұрды арқамнан
Ұмытылған шумақты айтып.
Перде сырып бір балконнан,
Түн қойнына сіңді «Ақ бантик».

Жанарларға ақық тұнар,
Арман құшақ жайып тағы.
Бара жатыр бақыттылар,
Әуелетіп «Қайықтаны».

Өрте жастық өрті мені,
Алма ағашы бақта билер.
Алма-кезек шертіледі,
Шертпе күйлер, төкпе күйлер.

Көріп келем кешкі абатты,
Дауысымды тыңда менің,
Жатақханам бес қабатты,
Бес жыл сенде тұрған едім.

Мекені едің еліктердің,
Жырға айналды сол естелік.
Көріп сені көріктендім,
Елік қыздар елес беріп.

Көз алдымнан өтті айналып,
Сол кездерде әлем көші.
Өрік-жүздер өрттей жанып,
Өтті талай өлең кеші.

Бозбала едім ойға ғашық,
Құшағыңды жаясың ба?
Тұрған сәттер аймаласып,
Ақ қайыңның аясында.

Езуіме күлкі үйірді,
Еске түсіп соның бәрі.
Жастық атты бір фильмнің
Жүріп өтті кадрлары...

Араладым қалашықты,
Жастық шағым өтпе, тегі.
Елес тұнған қарашықты,
Сүйіп алғың кеп кетеді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста