Рафаэль Ниязбеков: Бауыржан - алты алаштың ар-намысы

Рафаэль Ниязбеков: Бауыржан - алты алаштың ар-намысы

1. МАЙДАН ІШІНДЕГІ МАЙДАН
Қалың қолдың ішінен сұрыпталған
Қазақ қанша қатерге құрықталған?
– Направо! Налево!..
Бұйрықты ұқпай,
Бір жас боздақ аңырып тұрып қалған.

Замандардан заманға қарғып өткен
Орман шулап,
көл тулап,
тал дір еткен, –
Бір офицер тілімді ұқпадың деп,
Көздегенде жігітті қақ жүректен.

Неге төзсін қорлыққа есті пенде?
Сағымы да сұстанып көшті белде.
– Неге атады боздақты? – деп күйінген
Баукең алғаш сұмдықты естігенде.

Көкірегіне күй толып күмбірлеген,
Ата берсе, қазақты тіл білмеген.
Орыстан да қасиет кеткені ғой
Күрек ұстап, қолдары күлдіреген.

Ұлығанда ашудың қасқыры өріп,
Бура күшін ер Баукең тасқын көріп:
–Оңға, солға бұрыл! – деп күркіреген
Жауар бұлттай қабағы тас түнеріп.

Көк Байрағын қолынан түсірмеген,
Қай кезде де Бауыржан кішірмеген.
Жас боздақтың соңынан жөнелткен-ді,
Офицерді қазақша түсінбеген.

Өжет мінез тірлігі пайдаға аспай,
Басын шаба жаздаған қайқы алмастай.
Баукең – Баукең бола ма жүрмесе егер
Майданның да ішінен майдан ашпай.

2. ҚОРШАУДЫ БҰЗЫП ШЫҒАРДА
Жарақты жау күші артып басынғанда,
Намыс тулап бұлқынған асыл қанда.
Мың солдатпен қоршауда қалып қойып,
Қайран Баукең ызадан ашынғанда.
Көк орманға амалсыз шегінген-ді,
Сескенбеген найзағай, жасыннан да.

Ой да жанған, соғыста ми да жанған.
Тұтас аймақ түп-түгел миналанған.
Қалай аман бұл жерден өтеді алып,
Мың солдатты ой-қырдан жинап алған?
Не дейді елі аман-сау өте алмаса,
Қатын-бала не дейді үйде қалған?!

Ер болмаса жетілген өрелі елде,
Не істейді өресі төмен пенде.
Солдаттардың үрейден иманы ұшқан
Шыршадайын шаншылған төбе, белде,
Мина көмген жерлермен құстай ұшып,
Баукең атын ағыза жөнелгенде.

Үміті мен сенімін тауыспаған
Батыр кенет ызалы дауыстаған:
– Бауырларым!
Көмкеріп гүл-жапырақ,
ажал жатса алдында кім қарғымақ?
Мың адамға жол ашса – тектілігі
Ауыздықпен алысқан бір арғымақ.

Ақбоздың да бар екен бір білері,
Бәрің түгел ізімен жүргін бері!
Мина көмген жерлерді сезе білген
Жылқы ақылды адамнан бұл күндері...

Қуаныштан көздері нұрға тұнып,
Сәуле шашып жарқылдап шыңға атылып,
Аман-есен қатерден өтті бәрі
Ақбоз аттың ізімен шұбатылып.

Шалғынында ақ шуақ арай күлген,
Өңір болса бір сәрі талай жүрген.
Бір қасиет Баукеңде болмаса егер,
Аттың мина баспасын қалай білген!

3. ВОЛОКОЛАМСК ТАС ЖОЛЫ
Соғыс туып, жер-жаһан дүрліккелі,
Бұзылмаған ерлердің бірліктері.
Волоколамск жолына бекінген-ді,
Бауыржанның ер жүрек жігіттері.

Шептен өтіп, жау ішке сұғынғанда,
Бозторғайдай шыбын жан шырылдар ма.
Тәнкінің де тұмсығын талқандаған
Жұдырық боп жігіттер жұмылғанда.

Жұлдыздар да көп сөнген айлы аспанда
Бесті айғырдай екі жақ шайнасқанда.
Батыр кенет сілкінген аруақтанып,
Барша жұрттың есігін Қайғы ашқанда:

–Жанықса да жау қанша тайталасып,
Кескілеспей тынбаған майдан ашып.
Сенім артып артыңда Мәскеу тұрса,
Шегінгенде барасың қайда қашып?!

Соғыс өртін серуен, сайран көрген
Жер бетіне зұлым жау қайдан келген?!
Отан үшін,
ел үшін,
ұрпақ үшін
Азамат ер шайқасып майданда өлген...

Бағып өскен ел-жұрттың қас-қабағын,
Шырқағанда хас батыр асқақ әнін.
Фашист қанша шапса да бұза алмаған
Жүректерден орнатқан тас қамалын.

Қарақұрым көп тәнкі қаптағанда,
Адам қаны тасқындап ақты алаңда.
Басып алмай Мәскеуді тынбас еді,
Жолын байлап Баукеңдер жатпағанда.

Қилы қатер өткеріп жастай бастан,
Жеңіс іздеп үйренген қанды айқастан.
Кутузов та сарсылған күші жетпей,
Қайтара алмай жау бетін қаптай шапқан.
Амалсыздан құйтырқы тәсіл жасап,
Наполеонға Мәскеуді тастай қашқан.

Бес қаруын түгендеп сайлап алған
Ресей бәрін соғысқа пайдаланған.
Жау тоқтатып,
Мәскеуді Бауыржаннан
Бұрын егер қорғаса қайда қалған?!

4. ОҚ АСЫРМАЙ БАСЫНАН...
Күн кешсе де жүдемей, жоққа арымай,
Күн өтті ме жүрегін шоқ қарымай?
Маңайына бұрқ еткен тайқып барып,
Маңдайына атылған оқ дарымай.

Жылқыдайын жығылған өрісінде,
Баудай түсіп жатқанда орыс күнде.
Бөрі ішінде өскенге бөрі тимей,
Оқ тимеген жүргенге оқ ішінде.

Өлім сеуіп бұрқанған дала, белге
Оқ та, сірә, батпай ма қаһарлы ерге?
Ер сардарды көздеген қандай оқ та
Қадалатын, жалт беріп, қара еменге.

Келген бұлт та басына жеке төніп,
Жалт бұрылып ғайыпқа кетеді еніп.
Қаһарынан сескеніп қалт тоқтаған
Қандай оқ та батырға жете беріп.

Тұрмас еді от шашып сөзі өлеңде,
Болғанда егер Бауыржан өзге пенде.
Сан соқтырып сарсылтқан бір оқ тимей
Сұр мергендер жарыса көздегенде.

Ел қорғаған ер ғана серт етеді,
Қорғанса да, шапса да жер жетеді.
Бір құдырет батырда болмаса егер,
Атылған оқ айналып неге өтеді?!

Жауға шауып көрмеген қолы ашынбай,
Қаһарланса тұрмаған жолы ашылмай.
Сөз асырмай басынан өткен Баукең
Соғыстан да оралған оқ асырмай.

5. КРЕМЛЬДЕГІ ҚАҚТЫҒЫС
Айбар сұсы танылған алыстан да,
Баукең де бір,
бір және арыстан да.
Генералға қыжылын бір-ақ айтқан
Кремльдің төрінде қағысқанда.

Шекпенін де, шенін де сес көрмеген,
Ұлы сардар қалт тоқтап «честь» бермеген.
Жекігенде генерал қарсы ақырып:
«Кімсің, – деген, – ай-шай жоқ төске өрлеген?!
Жұрттың бәрі майданда...
Жүрсің неге
Қалып қойған төбеттей көшке ермеген?!

Сый көрсетсең солдатқа... масқара ма?
Қорған болған Мәскеуге – астанаға.
Алпыстағы шал шығып сәлем берген
Алыс жолдан оралған жас балаға.

Жарқ-жұрқ етіп, айналып наркескенге,
Түспейсіңдер неге ара зар шеккенге?!
Сәлем берсін жан баққан генералдар
Жанын жалдап майданда қан кешкенге.

Кім санасын жан бақсаң, сені адамға,
Айтарым сол, қусаң да мені Аралға.
«Честь» беремін тік тұрып, құрмет тұтып,
Жау өтінде от кешкен генералға...».

Тауға салып жүрегін мың сынаған
Асыл ердің сөзіне кім шыдаған?
Кете барған генерал сырт айналып
Қызыл қаншық ішінде қыңсылаған.

Бағына емес, ерлердің сорына өскен
Дүлей еді.
Шыға ма қорлығы естен.
Хас батырды Жұлдызға ұсынғанда
Сол генерал бергізбей жолын кескен.

Қилы өмірдің бағында, бақшасында
Ардақ тұтқан досын да, жақтасын да.
Панфиловтың қайыра ұсынғаны
Кремльдің жоғалған тарпасында.

Абыз қайда ар-иман ұялатқан?
Қайда азамат жебесін қияға атқан?!
Құрбан болды батырдың қанша ерлігі
Адам қолы жасаған қиянаттан?

Терезесін, есігін айқара ашып,
Төріне кеп жайғасқан Ай жарасып.
Кремльдің атағын қайтсін Баукең
Жарты әлемге тұрғанда айбары асып.

6. ҚАЗАҚСТАН ӨКІМЕТІНЕ МАЙДАННАН ХАТ
«Жүйе жоқ па жігерлі ер ісінде,
Кие жоқ па серкесі, серісінде.
Ақ арғымақ болса егер ана тілім,
Сыпыруға айналған терісін де.
Соғыстарда қолданар диверсия
Жүріп жатқан секілді ел ішінде.

Жуас желде күш бар ма шамалы ескен,
Ұғым ұрық шаша ма санада өшкен?
Далада өскен ұқпаса орыс тілін,
Ана тілін ұмытқан қалада өскен.

Төбесіне от жағып жесірлердің,
Кебін киіп жүрміз бе кесірлі елдің?
Тілін қорғап шайқасар еркек қалмай,
Бәрі аттанған майданға есіл ердің.

Самғағалы маңдайын желге беріп,
Керегесін жайғасын өрге керіп.
Босағаға ығысып қазақ тілі,
Орыс тілі жайғасқан төрге келіп.

Сұсты заман қабағы түнергенде,
Бір кісідей жағдайды білем мен де.
Неге, неге сұңқар тіл шідерленген
Төрге шығып шүлдір тіл шіренгенде?!

Қолға қалай бақ құсын қондырасың,
Мұрат тұтпай қазақтың мол мұрасын?
Ел ішінде жоқ деме бұл күндері
Сындырғандар Біржанның домбырасын.

Ұмытқандар өз тілін, салт-санасын
Сыйлайды деп ойлама қарт данасын.
Көк егіннің емес пе күні қараң,
Арасына арам шөп қаптағасын?
Қазақ азбай қайтеді жылдан-жылға
Анасына қыздары тартпағасын,
Атасына ұлдары тартпағасын.

Айналса егер мәңгүрттер мұнараға,
Шырақты да басына шығара ма?
Ана тілін ұмытқан өгей бала
Өгейлігін жасамай тұра ала ма?

Жатырына ананың теріс біткен
Шарана да алдынан жеңіс күткен.
Қаз мойынды қазанат – тілімді де
Көргім менің келеді кеңістіктен.

Өкіметім!
Бақытты күн кеше бер,
Сен тайқысаң жүрегім кімге сенер?
Қандай ұлтқа жатады Болашақта
Ата қазақ өз тілін білмесе егер?!

Соғыс туып, мезгілде қайғы алмасқан,
Хат жолдаған – таңбадай тайға басқан.
Момышұлы Бауыржан деп білгейсің
Дінсіздерге тіл үшін майдан ашқан».

P.S.
Жүйе жоқ па жігерлі ер ісінде,
Кие жоқ па серкесі, серісінде?
Баукең қандай көреген –
Диверсия
Жүріп жатқан жоқ па әлі ел ішінде?

Өмір – майдан, діл – майдан, тіл де – майдан,
Қайшыласқан ел іші күн де майдан.
Қалт-құлт етіп келеміз кеме үстінде
Оқ тиері белгісіз кімге қайдан.
...майдан, майдан!

7. ГЕНЕРАЛ ПАНФИЛОВТЫҢ МҰҢЫ НЕМЕСЕ БАУЫРЖАН ХАҚЫНДА
Тұла бойын жастықтың желі буған,
Айналайын қазақтан сені туған!
Бір арыстан туса да алты арыстан
Ата жолын өзіңдей ері қуған.

Бәрі құдай болғанда жердегінің,
Нар халықтың көтеріп еркелігін, –
Динозавр қоғаммен сен алыстың
Батырлары секілді ертегінің.

Ұрпағы азған ер қанша ел қорғамай,
Ақылы азған ел қанша ер қолдамай.
Батырлардың батыры сен болмасаң,
Мен де өмірден өтер ем шер толғамай.
Көмсе терең тепкілеп қара жерге,

Көктеп қайта шығар ең дала, белге.
Иір бұтақ, Бауыржан, сен емес пе
Қарсы біткен қасарып қара еменге.
Табаныңды жолдардың мұзы қарып,
Шабынғанда бураның күші дарып, –
Ойран салып жаулардың ордасына,
Шықтың қанша қоршауды бұзып-жарып.

Құрыштайын қыздырып шоқта ұстаған,
Нарттай жанса бет-жүзің отқа ұқсаған.
Өлім сепкен немістер жатқанда өліп,
Оқпен ойнап сен едің оққа ұшпаған.

Асып туып атадан жер үстінде,
Жәдігерсің жаралған ер пішінде.
Оқтан аман жетсең де суық көзден
Құтылам деп ойлама ел ішінде.

Ездің бәрі ер жігіт жоқта еңселі,
Қызық қуып, қыз құшқан топта сері.
Сүрінтем деп ойлайды сені қалай
Сүрінте алмай жүргенде оқ та сені!

Майданда өліп жақсылар...
Кіл жұтынған
ел басқарып жарқырап күні туған.
Заман бұзған азамат ер атанып,
Қамал бұзған жыл өтпей ұмытылған.

Қоғам тұтас сауығып, бүтінделмей,
Елің неге тозбасын күтім көрмей?
Қамығатын күндерің аз болмас-ау,
Жер бетінде жер басып жүргің келмей.

Сұмдықтарға күйзеліп қайран жаның,
Қайнамасын көргенде қайдан қаның.
Сені ойласам, қазақтар түседі еске
Егін егіп, қырға айдап жайған малын.
Дара тұлғаң аңыздан сомдала ма,
Тал бойыңа құймаса майдан бәрін?
Сен тарайсың аңыз боп елден елге
Алыстаған сайын да сайран бағың.
Айналғаның аңызға –
қалың елден
Сырлас таппай жалғызға айналғаның!

8. ФИДЕЛЬ КАСТРО МЕН БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ НЕМЕСЕ ОЙЛАР ҚАҚТЫҒЫСЫ
Фидель:

–Жүйкесін де жұқартқан тие беріп,
Елім жаңа келеді жүйеге еніп.
Батыр Бауке!
Көз жазбай оқып келем,
Жазғаныңның бәрін де кие көріп.

Түн қамалып, бөлмеңде күн қамалып,
Қаламыңды жыр жазсаң нұрға малып.
Соғысуды үйрендім, қорғануды
Мен де өзіңдей майданда тұлғаланып.

Бауыржан:
– Ұмытылып артыңда қайғы қалған,
Жүрмексің бе төнер деп қай күн Жалған.
Күші басым жау шапса не істейсің,
Бес қаруын асынып айбындаған?!

Фидель:
– Сен болмасаң, оу, Бауке, не білемін,
Ар-намыс боп бірақ та тебінемін.
Жілігіне күш жинап қайта ұмтылған
Қошқардайын кейінге шегінемін.

Бауыржан:
– Көресіңді көрсең де көрге кірмей,
Жетем деме жеңіске, жөнге жүрмей.
Шегінетін жер бар ма?
Жерің сенің –
Жаңа туған сәбидің жөргегіндей.

Шегінгенде барасың қайда қашып?
Онда еліңе кіргені қайғы адасып.
Басқа амал жоқ.
Барыстай тік атылып,
Жеңілсең де, жеңсең де тайталасып,
Соғысасың қын қырғын майдан ашып.

...Дұшпан жауын тынбаған сойылдамай,
Құптамайсың батырдың ойын, қалай?
Куба елінің көсемі Фидель мырза,
Қайда барсын шындықты мойындамай.

Көздерінен ызалы жалын шашып,
Куба елінің күрескен бағын ашып,
Қателігін ер Фидель мойындай ма,
Тұрмаса егер Баукеңнің ақылы асып.

9. БАТЫРДЫҢ ЖАЗУШЫ А.БЕККЕ АЙТҚАН ӨКПЕ-НАЗЫ
Бұршақ соғып, бұлт шалған басын талай,
Алатауды тұр деме бақ сынамай.
Жау таппаған қазақтың күні бар ма,
Жатты сыйлап, күшігін асырамай.
Мені өзіңе, ендеше, тең санама,
Тартып туғам кең қолтық мен де анама.
Тоқсан ұлтқа торқа да, марқа болған
Оқтар аз ба атылған кең далама?

Ерттеп беріп атын да, көлігін де,
Құрақ ұшып күткенге төрі күнде
Сезіндің бе өзіңді бір керемет
Бір ақ сайтан ұялап көңіліңде.
– Бауыржанды, – дедің-ау,
– мен сомдадым,
Қайта шыңдап ұстаның көрігінде.

–Оңға қарап жазсам да, солға қарап,
Ақ қағаздың үстінде қол жорғалап.
Мен әлемге таныттым, – дейсің және, –
Жұрт білмеген батырды сом тұлғалап.

– Жазып сендей бір туар ер данасын,
Емдедім, – деп желпіндің, – ел жарасын.
Тау секілді менсінбей сен қарама,
Өзін биік көтерген кең даласын.

Бұлақтардың күші артпай, шамасы артпай
Бұлқынғанда өзенмен таласа ақпай, –
Биіктеген бойыңа жараспай ма,
Өзге биік тауларды аласартпай?

Адастың ба итке еріп қайдағы үрген?
Кебін киме кедейдің байға күлген.
Менен бұрын танылсаң жазушы боп,
Керемет ең адасып қайда жүрген?!

Алжасқанда бақыт та, бақ та адасқан,
Жандар аз ба жоғалған бақталастан?
Жақсы ағаштан салынып сәулетті үйлер
Қонағына жүгіріп қақпаны ашқан.

Кісінемей қыдырсаң жөнге көніп,
Жүгірмей ме көңілін ел де бөліп.
Жер көтеріп жүргенді, желіксе егер,
Айдалаға ұшырған жел көтеріп.

Александр!
Көп сөздің керегі не?
Шабақ болып түспейтін шелегіңе.
Теңіз болсам мен егер,
Сен – кемесің
Маржан сүзіп сүңгіген тереңіме.

Пір тұтпасаң бұл елдің көп асқарын,
Кәрі боздай сенің де жорға ашқаның.
Ағып түскен құйрықты жұлдыз аз ба,
Менсінбеген құдайын – көк аспанын!

10. БАУЫРЖАННЫҢ ЖАЗУШЫЛАР СЪЕЗІНДЕ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ
«Қырдан да ескен, жел көп те сайдан да ескен,
Қалам ұстап қолына сайтан да өскен.
Жазушыны танимын жазушы деп,
Тіршілікте мылтықсыз майдан кешкен.

Борап тұрған мезгілде құм дауылы,
Ұша алмаған қырдың да қырғауылы.
Туындының бәрі де туынды емес,
Саясаттың шырмаған шырмауығы.

Қақ суындай қалтырап қырға тұнбай,
Жазған бар ма Шындықты шырматылмай?
Әлі күнге ауызы тығындалып,
Кеуделерден вулкандар тұр ма атылмай?!

Желде қуат бола ма қойнауда ескен,
Қасқыр алған төбеттер жайлауда өскен.
Алтын жабу жапсаң да үкі тағып,
Бұзау бұқа болмаған байлауда өскен.

Бәрінің де қыр аспай талғамдары,
Жазғандары өтірік...
Жалған бәрі.
Жалғыз жүрген бұқамын ел ішінде,
Қамыт киген өгіздер қалғандары!..»

Арман қуып өмірге күле келген
Жұрт дүркіреп қол соғып түрегелген.
Алатауын көруге асықты ма,
Залдан шығып ер Баукең жүре берген.

11. 250 ЖЫЛ. БОДАН ТОЙ
(БАУКЕҢ ДӘЛ ОСЫ ТОЙ ӨТІП ЖАТҚАН КҮНІ ҚАЙТЫС БОЛҒАН)
Алқымы іспес кең қолтық тынысты елде,
Неге кенет жығылды құрыш кеуде?!
Қазақстан Ресейге қосылғанын
Жаңа, жаңа тойлауға кіріскенде.

Сұрланғанда жүзінен қаны қашып,
Шөгіп қалған әп-сәтте арып-ашып.
Көкірегіне құйылып ақтарылған
Замандардың заманға зары ұласып.

Мұрағат па – қызының күң болғаны,
Ұлағат па – ұлының құл болғаны.
Қазақстан Бәйтерек болса егер де,
Тамырынан суалып тұр солғалы.

Қандай елге барсаң да өркендеген
Ерлік Рухы бәрінің өрге өрлеген.
Сауыт киген ер қазақ
бұл күндері
Қамыт киген өгіздей өңкеңдеген.

Өңкеңдеген бұл жұрттың қой ма бәрі,
Құл болу ма арманы, ойлағаны?..
Баукең суыт аттанып кете барған
Бодан тойды жатқанда тойлағалы.

Қысастығын жасаған елге білген
Ез де жүрген бұл тойда, ер де жүрген.
Азаттықты аңсаған қайран Баукең
Өліп кетіп, намыстан жерге кірген!

12. БІР ОБЛЫСТЫҢ ХАТШЫСЫ
Қысқартты ма өмірін көнбей Жалған,
Шырақ сөнген күн еді сөнбей жанған.
Бодан тойға қатысқан бір дөй хатшы
Қазасына Баукеңнің келмей қалған.

Алатаудың құзына бұлт асылып,
Күйзелгенде қайғыдан күрт ашынып.
Хатшы неге келмеді, алыстан да
Ат арытып жеткенде жұрт асығып?!

Жұрт қызынып мәнісін сұрағанда,
Бір сыпсың сөз тараған мұңды алаңда.
Марқасқадан морфиді артық көрген
Не қасиет бар дейсің бұл адамда?!

Тау-тас асып бұлақтай аққан жылап,
Неге асығып жетпеді ат қамшылап?
Күллі әлемді ұмытып,
хатшы сол күн
Морфи салып үйінде жатқан сұлап.

Ұшықтайын қағынып жиі ұшынған,
Құйын жүріп өтсе де үй тұсынан,
Қанға сіңген морфидің күші қайтпай
Оянар деп ойлама ұйқысынан.

Тонап,
қорлап,
бұрқанған тілдеп елін,
Басшы қанша өрге атқан күнде демін.
Әлі күнге жұртыңды, кім біледі,
Наркомандар басқарып жүрмегенін?

13. БАУЫРЖАННЫҢ РУХЫМЕН ӘҢГІМЕ
Түсінбеген ұсағын, ірісін де,
Жұрт оңа ма жүйе жоқ бір ісінде?
Ақты – қара, қараны – ақ деп ұғып,
Қара мысық іздеген түн ішінде.
Көз жұмғанда ұлылар ұлы атанып,
Ұмытылып у ішкен тірісінде.

Тірісінде ұлы жоқ у ішпеген,
Қоғам ба, әлде, адам ба – кім күштеген?
Ел қорыған өзіңдей жапа шегіп,
Ел торыған сайманын күмістеген.

Алтын құрсақ аналар бала тумай,
Жұртың азып-тозуда сана қумай.
Өгей шеше – өкімет кімге дәрі
Туған халқын ұмытқан жаны ашымай.

Арды ұмытса сескенсін қай тәңірден,
Көгертсе елін көктетпей қайда жүрген?!
Доңыз қанша көзіне жын ұялап,
Көңіліне сапалақ сайтан кірген?

Сайтанға еріп азса егер жастың бәрі –
Күшіктеген қылмыстың асқынғаны.
Тірі адамның киімін сыпырғандай
Шешіндірген не сұмдық тас тұлғаны.

Ит сарыса ұлыны көмген жерге,
Кие кетіп бір зауал төнген елге.
Қадірлей ме бұл адам тірілерді,
Маза бермей жүрсе егер өлгендерге?!

14. КЕШІККЕН ҰЛЫ КӨКТЕМ
Бір үй деп ойлай ма жұрттың барған
Тас түрмеге түскенді кім құтқарған.
Ерлер ғана дейсің бе
Ресейде бұл
Шындықтар да шырмалып тұтқындалған.

Келмей жатса бәйгеден аты өрліктің –
Салдарынан қатыгез қателіктің.
Бауыржанды ұмыту мүмкін бе еді,
Қасиеті жоғалмай Ата Ерліктің.
Көз жанарын мұнар мұң торлағанда,
Болар, бәлкім, аруақ қолдаған да.
Алтын Жұлдыз иесін таппас еді,
Президент Нұрсұлтан болмағанда.

Қара бұлттай төнсе де қатерлі күн,
Кремльдің түзетіп қателігін,
Хас батырдың қайтарған майдандасып,
Тыға салған архивке Ата Ерлігін

Нұрсұлтанға мың алғыс мұнаралы!
Ол болмаса көтерсін кім ағаны?
Соғысса да жан беріп
Қазақ қанша
Үлесінен құр қалған сыбағалы?

Тағдыр егер күлмесе бетін беріп,
Жұмыр жердің кім жатсын шетінде өліп?
Алтын Жұлдыз иесін тапқан жоқ па,
Кешіккен ұлы көктем секілденіп.

...Жасыма аға!
Жасыма сардар аға!
Сен дегенде еліңде жан қала ма?
Сардалаға кешіккен ұлы көктем,
Бір ұлылық сыйлаған сардалаға!
Сол ұлылық сен едің, сардар аға!

15. ТІРІЛМЕЙ МАҒАН БОЛА МА НЕМЕСЕ БАУЫРЖАННЫҢ СІЛКІНІСІ
Зауал боп төнген қайдан да.
Кісіліктен пенде тайғанда,
Ұрпағым неге қорлайды,
Соғысқан қартты майданда?

Жұлдызы жанбай сөнгенде,
Қор болады неге өр кеуде?!
Ат ойнатып келіп сабардай
Жұлып ап мені көрден де.
Қорғап па ем оқтан бораған,
Зар илетсін деп өлгенде.

Қызыққан күміс, қолама
Ұрыдай түскен қораға, –
Үстімнен түгел сыпырған,
Түн жамылып келіп молама.
Аруақты күтпей қорлатқан
Елдерде ерлік бола ма!

Көз алдын мұнар торлаған
Жұртпыз ба, сірә, сорлаған?
Кім көрген мұндай сұмдықты
Аруақты тонап қорлаған?

Сапалақ сайтан, жынға ерген,
Сұмдарды бұрын кім көрген?
Жасырынып күндіз ініне,
Қандаладай қаптап түнде өрген.

Желбіреп биік тулары,
Қайда жүр елдің сұңқары?!
Жалаңаш күйде қалдырған
Жаналғыш заман сұмдары.

Қабірді көріп жайраған,
Халқымның қаны қайнаған.
Өлген соң мені басынды-ау,
Тірімде тісін қайраған.

Төбемнен ажал төнгенде,
Бір өлсем жерге көмгенде,
Мың өлгенім емей, немене,
Қорлығым көрген өлгенде?

Аласұрдым көрде зарланып,
Топырақ қауып қарманып.
Жалаңаш мына күйімде
Шыға алмай тысқа арланып.

Күзетпей түнде моламды,
Тонатқан күміс, қоламды.
Не дейін, елге қойса егер
Ағызып көзден сорамды.

Күн жаумай боран, қарлатқан
Ішіме мұз боп қан қатқан.
Ел бар ма жердің бетінде
Батырын мендей зарлатқан.

Қыдыр боп қонып молама,
Күзетпесем, сірә, бола ма?
Сүйегімді кетер көтеріп,
Қызыққан сұмдар қолама.

Қабірдің бұзған қақпасын,
Кісілік қайдан сақтасын?
Кесіп ап алтын басымды
Жат елге неге сатпасын?

Дүние билеп санасын,
Сатқандар жоқ па анасын.
Денемді неге сатпасын,
Жат елге сатқан баласын?

Адасып елдің ардағы,
Сандалып қалса саңлағы.
Қасиет, намыс, Ар қайда?!
Жантақты жеген жардағы
Жанынан безген нар қайда?!

Бабалар қайда нояндай?
Балалар қанжау қояндай.
Егеулі найзаң жоқ болса,
Жүрмейсің қанға боялмай.
Жарамайсың қару ұстауға.
Намысың, Елім, оянбай!

Қорлатқан батыр данасын,
Ер дейін бе алаш баласын!
Моласын қорғай алмаған
Қорғасын қалай даласын.

Қан шапқан сара санама,
Түсемін қалай сабама, –
Ақымақ ойран салса егер
Арғымақ туған далама?

Қараңғы көрдің ішінде,
Жатырмын өжет пішінде.
Жағадан алсам сұмдарды
Тіріліп кетіп түсімде.

Сыпырылып ұят – томаға,
Басталған шабуыл молаға.
Жатқанда тонап тірілер
Тірілмей маған бола ма!

Елімнің мені көмгені –
Ерліктің қоса өлгені.
Тірілмей маған бола ма,
Қорлығым жетер көрдегі.

Айналсын қалай молаға
Ақ орда басым төрдегі
Тірілмей маған бол ма,
Жыландар басын көтеріп
Тұрғанда қатер төнгелі?!
Махамбет өлген екен деп,
Бауыржан өлген екен деп,
Ойламасын жаулар
Даласын
Атқа өңгеріп алып кетем деп.
Жауларды қуып жөнелмей,
Жатам ба көрде еленбей,
Жұмыр жер – алтын бесікте
Жетілмес Рухым бөленбей,
Тірімін!
Мәңгі жасаймын,
Қазағым барда мен өлмей!

16. ҒАСЫР САҢЛАҒЫ
Жанар оты жарқылдап жасынды ұрған,
Ата жолын, ар жолын асыл қуған.
Он саңлақтың ішінде жалғыз батыр
Өзің ғана шыңғырып ғасыр туған.

Кең даланың қыры да, қырқасы да,
Сен емес пе таулардың тұлғасы да?
Қазақта онда қасиет болсын қайдан,
Тумаса егер бір Баукең бір ғасырда.

Батыр болса қазақтың бар баласы,
Талапайға түсе ме сардаласы?
Бір ғасырда туса тек бір арыстан,
Жазыла ма Алаштың жан жарасы?

Абыройын, атағын асыра ма,
Сыйлай бермей өмірге асыл дана?
Туу үшін Баукеңдей ұлы сардар
Жүз жыл бойы толғатқан ғасыр – ана!
***
Кеудесінде оты бар, Рухы барын,
Қызықтай ма бөрідей ұлығанын?
Рухын сынау үшін де жанын қинап,
Азаптаған ғасыр бұл ұлыларын.

Алынбаған, кім білсін, құны бар ма?
Қара таппай жұлқынған ұрынарға.
Ұлыларды жарқылдап туған ғасыр
Қызғаныштан у берген ұлыларға.

Сұмдар озып тірліктің шайқасында,
Сұңқар болған асырып айласын да.
Ұлыстары ұғыспай, зардап шеккен
Ұлыларын жалмаған қай ғасыр да.

Рухы биік ерлерді дана демей,
Азапта ұстап қинаған шама бермей.
Хас батырды бұл ғасыр көп сынаған
Сүзгілерден өткізіп аран көмей.

Күйдіргенде кейде елі бағаламай,
Дұшпандары қалсын ба табаламай?
Уақыттың дауылы, бұршақтары
Өтті қашан сардарды сабаламай?

Тығырықтан жол таппай сарсылғанда,
Жарылыстан сескенбей, жарқылдан да.
Бүтін шыққан Баукеңдер – қызыл бидай,
Диірмені заманның тартылғанда.

Ат құйрығын шоқпардай түйген ердің
Бағы ашылған төсінде сүйген жердің.
Кеудесінен, ендеше, оқ өте ме,
Бауыржанды сауыт қып киген елдің!
***
Көктем етіп көңілін, көкке жетпей,
Арпылдаған ғасыр бұл көк төбеттей.
Ұшқан оқтың тынғаны бар ма, сірә
Асыл ердің жүрегін көктеп өтпей?

Жорта өкпелеп кетсе де жұрт қасынан,
Үйіріліп кетпеген бұлт басынан.
Сыйламайтын асылын ел бола ма,
Жүрегіне жүк артып, жүк тасыған?
Адам болса ұстаған...
Баукең еді
Құдай ашқан есіктің тұтқасынан.

Қиқуды естіп ер салған күреңіне,
Ері барда ел-жұрттың тілегі не?
Түскен жоқ па ғасырдың бар салмағы
Ат басындай сардардың жүрегіне?

Жолбарыс жон жұртына ері тартпай,
Шамданса да мұң-шерін еліне айтпай, –
Жалғыз кеме өзі еді көк мұз жарып,
Қарсы жүзген ағынға беті қайтпай.

Қыран көзбен қараған қыранына,
Құрық салып көрмеген құланына.
Оу, ағайын, айналса артық емес,
Алты Алаштың Бауыржан ұранына.

Қай қиырға салсаң да төте өрлеген
Сардар батыр биігін мекендеген.
Айналмаған ғасырдың саңлағына
Ғасырлардың салмағын көтермеген.

Ұрпағына өсиет, өнеге артқан,
Ата көріп оқ жонып, жебе тартқан.
Бауыржанның киелі рухы емес пе
Елін биік көтеріп келе жатқан!

17. БАУЫРЖАН – АЛТЫ АЛАШТЫҢ АР-НАМЫСЫ
Жосылып жарық жұлдыз ақсын талай,
Көгімде ай, күн сөнбей батсын ба арай?
Қалыпқа сыймай өткен ер Бауыржан
Табытқа шегеленіп жатсын қалай?

Қадау-қадау жайғасқан дала, белге
Не көрінген,
не болған саналы елге?!
Баукең деген қазақтың Рухы емес пе,
Рухты қалай жерлейсің қара жерге?!

Қалың қара орманда барысы өрген
Ата қазақ ел ме еді намысы өлген?!
Ата Рухын бұл қалай жерлегені
Көк төбеге етекте қамысы өнген?

Ит тірліктің шамданып күйігіне,
Жол тартсын деп жұлдыздың үйіріне.
Сыймағасын Кеңсайға туған елі
Қоймай қайтсін батырды биігіне?!

Дүниені көргенде алабұртқан
Көл тартылып,
тау шөгіп,
дала бұққан.
Ұлы сардар қайтқанда аза тұтып,
Аспан қара жамылған қара бұлттан.

Қоштасып ұрандасқан жұрт дүркіреп.
Көк нөсер құйып өткен дүр сіркіреп.
Мәйітті көр ішіне түсіргенде
Найзағай көкте ойнаған, күн күркіреп.

Ат басы жүрегінде жыр түлеген
Батырды тағдыр қанша сілкілеген?
Кіріп бара жатып та жер қойнына
Баукең еді күн болып күркіреген.

Жақсылықтың бәрін де мұра көрген,
Ел қорғаған ер қанша жыра көмген?
Жарқ-жұрқ еткен найзағай – Баукең еді,
Ат ойнатып аспанға шыға келген.

Сауық құрып, сәнді өмір сүре білген,
Туған елдің жаралған тілегінен
Бауыржанды іздесең, табасыңдар
Қалың орман қазақтың жүрегінен.

Дұшпан көпте, жау көпте, жат көрінген,
Азамат ер түспеген ат белінен.
Түрегелген ескерткіш Бауыржан – Рух
Бой көтеріп тараздың қақ төрінен.

Жоғалмаған шын асыл сайда қалып,
Ту тіксе де жарасқан қайда барып.
Бауыржан – сом тұлғасы Ата Ерліктің
Жүз жылда да тумайтын қайталанып.

Тарынғанда қырсығып мына Жалған
Тәңіріден жалынып сұрап алған
Ұлы сардар – айбынды бір Алатау
Қан майданнан оралып тұра қалған.

Терезесін тең ашпай Теңдік әлі,
Кірмей тұрған кезеңде жердің нәрі
Қабырғалы қазақта рух бар болса,
Бауыржан деп біледі елдің бәрі.

Мұнарасын көтеріп көк белестен
Ұмытпаған ерлікті көктеп өскен.
Бауыржан – батыр елдің Болашағы
Кемеңгер келбетінен көктем ескен.

Сұңқар болып самғаған сырласқаны,
Тәуелсіз ел атанып қырға асқалы.
Бауыржан – жаңа заман, жаңа Ғасыр,
Бауыржан – бар қазақтың нұрлы аспаны.

Жаралған асыл қаннан, таза ағыстан,
Қумасын неге жолын жас арыстан?
Бауыржан – алты Алаштың ар-намысы,
Бауыржан – Көк Байрақты Қазақстан! 

"Жұлдыз" журналы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста