Өтежан НҰРҒАЛИЕВ: Бұл арамен кімдер бұрын жүрмеген?
Биыл қазақтың аса дарынды ақыны ӨТЕЖАН НҰРҒАЛИЕВТІҢ туғанына 80 жыл!
Өтежан Нұрғалиев - 1938 жылы 15 тамызда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының «Ақжар» ұжымшарында дүниеге келген. 1964 жылы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1964 — 1968 жылдары Жарқала орта мектебінде мұғалім, 1968—1969 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде тілші, 1969—1972 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, содан кейін «Жалын» баспасында редактор болып қызмет атқарған. Қазақ телевидениесінде жұмыс істеді. 2011 жылы 6 қаңтарда Алматы қаласында өмірден өтті. Әдебиетке алпысыншы жылдары «Менің махаббатым» атты жыр жинағымен келген ақын өлеңдерінде жаңа бояу, тың үн, тосын мінез бар. Ақынның өзі де әдебиетке жаңбыр болып қүйып, нөсер болып төгіліп келді. Әдебиетке жаңа леп, жаңа тыныс қосылды. Ол көптеген кітаптардың авторы. Шығармалары: Менің махаббатым. Өлеңдер. «Жазушы», 1962; Ақ нөсер. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1968; Нөсерден кейін. Өлеңдер. А., «Жалын», 1971; Ай астында ақбоз үй. Өлеңдер. А., 1972; Қайыңды тоғай. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1973; Таңдамалы. Өлеңдер мен балладалар. А., «Жазушы», 1976; Соғыстың соңғы жазы. Балладалар. 1-кітап. А., «Жалын», 1977; Соғыстың соңғы жазы. Балладалар. 2,3,4-кітаптар. А., «Жазушы», 1978, 1980, 1984; Тыныштық. Өлеңдер. А., 1987; Афина мектебі. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1997. «Құрмет» орденімен марапатталған.
БАЛАМ МЕНІҢ ӨЛГЕН ЖОҚ!
І
«Фашист неме көк есектен құлағыр,
Әкең келмей, біздей болып жылағыр…»
…Аман келген солдаттардың жырындай,
Сол жылдардың әңгімесі бұ да бір!
Аман келу — әр ошаққа алтын бақ!..
Кейбіреулер қуанып жүр жарқылдап.
Көз талдырған қырық бестің жазында
Солдат біткен келіп жатыр там-тұмдап.
Ошақтарда сақыр-сұқыр шай қайнап,
Жатыр еді жазғы аспанда жалт ойнап.
Жай түскендей қара бұлттан қазанға,
«Жексен келді!» — деді біреу айқайлап.
II
Жексен дей ме?
Өлген Жексен марқұм ба?
Келді дей ме аман-есен қалпында?
Өзі келген өзексізге өлім жоқ —
Еркек бала қалмап еді артында!
…Жаманаттың тас төбесін ойғанбыз,
Жексен жайын айтып-айтып қойғанбыз.
Биыл күзде жылы болды дегенге,
Жаназаға көк бұзауын сойғанбыз!
Таусылмайтын дәм-тұзына жерік бір,
Көздерінде тіріге тән көрік тұр!
Намазын да он қайтара оқыған,
Жексен марқұм о дүниеден келіп тұр!
III
Тірлігінде хан қоятын бұ халық,
Тастап еді тізімнен де шығарып.
Біздің кемпір салып жатыр айқайды
Ақ жаулығы аяғына шұбалып:
«Аман-есен оралдың ба, Жексен-ау,
Қара жерде ойылып жүр өкшем-ау,
Жат жерлерден тауық құсап теретін
Несібеңді тауыстың ба, Жексен-ау!…»
IV
Бұл сөздерді сүйсін, я сүймесін,
Үндей алмай, бұрай-бұрай түймесін,
Баласы өлген бурыл кемпір алдында
Бұға түсед жоғалтқандай инесін.
Жерде жатқан көн тулақты шұқылап,
Сөз таба алмай, басын төмен тұқырад.
Біздің кемпір
сұрау толы көзімен
Жексенжанның бара жатыр құтын ап.
Аспандағы куә қылып Күн, Айды,
Қарсы алдына бір тізерлеп құлайды.
«Бірге кеткен Нұрғалиды өзіңмен
Өз қолыңмен көмдің бе?» — деп сұрайды.
V
Қойдан жуас Жексен бұған не десін,
Төмен қарап тұқыртады денесін.
Біраздан соң күйіп кеткен тарыдай,
Орамалмен сүртіп маңдай, төбесін,
Жан қалтаға үш саусағын тығады,
Жұрт ыңғайсыз халде қалып, ығады.
Шиланынан саусағына ілініп
Өңшең кір-кір сарқұлақтар шығады.
— Қауесетке құлдық ұрмай, құламай,
Тағдыр салған тауқыметті сынамай,
Тыйылыңыз,
мынау жаман немесі
Мұқтаж болмай, өссін енді жыламай! —
Дейді-дағы, әлгі аз-маз ақшаны
Дәу кемпірдің алдына әкеп тастады.
Кемпір қалды жыпылықтап көздері,
Жексен емес, көргендей-ақ басқаны!
Жексен берген өңшең кір-кір сарқұлақ,
Тар дүниені онан сайын тар қылад.
Жаяу адам өте алмайтын орларды
Жексен бақыр «тиын салып қарғымақ!»
«Сыйлар болсаң, өз басыңды сыйлап ал,
Қинар болсаң, шыбын жанды қинап ал.
Азық болса Нұрғалиға берген бұл,
Жексен, мынау қағазыңды жинап ал!
Балам өлсе — жоғалмайтын көзі бар,
«Аман-есен келем», — деген сөзі бар.
«Балаң өлді» деген сөзің болса бұл —
Тиыныңды төкпей-шашпай өзің ал!
Аман келдің жанған оттың ішінен,
Жолдас болдың жақсы-жаман кісімен.
«Балаң тірі» деген сөзге тіліңнің
Жетпей тұрған жағдайын да түсінем!
Бұл соғыста кім жатқан жоқ құрбан боп,
Кімнің жанын жапырақтай жұлған жоқ…
«Балаң аман» дер екен деп келдім мен,
Өлді екен деп ақша сұрап тұрғам жоқ!»
Өлген адам тірілмейді… ексең де,
Жерге кіріп, аспанға ұшып кетсең де.
Сонда да ана «балаң тірі шығар деп
айтпадың» деп өкпеледі Жексенге.
Өкпеледі. Қара қайғы кетпендей
Жанын кеулеп жер түбіне жеткендей.
Жермен-жексен бола берді Жексен де
Жан жолдасын жауға тастап кеткендей…
«Көз көрген жоқ… Көңіл әлі сөнген жоқ,
Кебенекті киген түгел келген жоқ.
Төрт жыл бойы көрген түсім шын болса,
Балам тірі, балам менің өлген жоқ!»
…Жексен — талай сымнан өткен арғымақ,
Терең жардан болып еді қарғымақ…
Кір-кір болып жерде жатты бір уыс
Жаназаға жарамаған сарқұлақ.
Сол арада жұрт еңсесі тұқырып,
Қалды көп сөз көмейлерде тұтылып.
…Көз сүрінген тулақтағы жүн-жұрқа
Әкетуді күтіп жатты сыпырып!
ҚАЛҚА ТУРАЛЫ АҢЫЗ
(Сол кездің әзілі)
Тағы да сол - өмірінен Қалқаның
Алдарыңа бір көрініс тартамын.
Қалқа - жесір, Қалқа - көркем келіншек...
Күлкіменен қарсы алатын әр таңын.
Қаяу да жоқ, не жатса да ішінде,
Датсыз алмас - жарқ-жұрқ еткен пішінде,
Кір жуып жүр. Кір жайып жүр жарқылдап,
Сүйген жарын көргендей-ақ түсінде.
Қоян іздеп құлақ түрген тазыдай,
Қан іздеген қансонарда қажымай,
Қолда мылтық,
Қара мұртын ширатып,
Қарап қапты аң көргендей... Тәжібай...
Үй үстінде, Қалқа ұшып жүр - аспанда,
Қарай берсем - біреу ұрсып тастар ма?
Жер бетінен қарап қапты Тәжібай -
Түкірігі жерге түспес басқарма.
Ойынында нәзіктіктің азын-ай,
(Тасыр иттің нәндігін-ай, назын-ай)
"Жүрек тола - сүю демей,
оқ - дейді,
Мылтығымның іші тола" - Тәжібай.
Тәкең тұрып:
"Мылтық тола оқ!" - дейді,
Қалқа тұрып: "Қорқар жайым жоқ!" - дейді.
...Ел алдында қалжыңдасқан екеудің
Айтқан сөзі әлі есімнен кетпейді.
"Қорықпасаң, атам!" - дейді басқарма...
"Ата алмайсың!" дейді Қалқа аспанда.
Мен қараймын басқармаға... мылтыққа...
Атып алып жүре ме деп сасқанда...
Бір шал тұрып: "Сақ бола гөр, шырағым,
Түсіріп қой мылтығыңның құлағын..."
Сол арада қарқ-қарқ күлді Тәжібай -
"Өзіміз де білеміз!" деп бұ жағын...
Ойға кетем қарап тұрып сол бойда:
"Атпа!" деуге, "Қорқам" деуге болмай ма?
Әрмияға мен кеткенде осылай
Келіншегім басқармамен ойнай ма?
"Ат!" дейді ол. Басқарманы қайрайды.
Аш түлкідей екі көзі жайнайды.
Жұрттың көзі екеуінен тайса да,
Екеуінің көзі неге тоймайды?
Қауіп пенен қорқынышқа ынтыққан
Сығалайтын көңілдегі жыртықтан -
Халықтың да қарамайтын сөзіне...
Қандай күш ол тайынбайтын мылтықтан?
"Бір туғанмын, қалам енді бір өліп",-
Дейді дағы бір күліп, бір түнеріп,
"Ата алмайсың!"- дейді Қалқа қаз құсап,
Екі қолын бұлтқа жайып жіберіп!
Олар үшін ойын шығар ол да бір,
Мылтық деген сойыл шығар ол да бір,
Неге олар ойнамайды жақсы ойын,
Жақсы қалжың құрып қап па оңбағыр...
Солай ма, әлде, сол заманның адамы,
Арбаң келер - әрбір басқан қадамы.
Қалжыңы да дөрекілеу олардың,
Не ұғамыз біз, бүгінгінің "наданы"...
Ай-жылдардың сүйретіліп соңында,
Не бір қиын Қол Жетпейтін Орында,
Не бір қиын Махаббаттар жүретін
Аттың жалы, атандардың қомында.
Біреулерге бар білгенін үйретіп,
Біреулердің қабырғасын күйретіп,
Сүйген адам қиын үйге кіретін
Шыбыртқысын, мылтықтарын сүйретіп.
Сексен көлдің сапыратын сабатын,
Тоқсан тоңның ақтаратын қабатын.
Сүйем деген сөзді айтпай-ақ шіркіндер,
Көп адаспай махаббатын табатын.
Олар сонда... көлді кешіп мол жайқын,
Бұлт астына қанат жайып бойлайтын.
Қауырсынын сипатпайтын қаздармен
Жұрт көзінше мылтық кезеп ойнайтын.
1944 ЖЫЛҒЫ РАЙКОМ ҚЫЗМЕТКЕРІ ҚАРЛЫҒАШ АПАЙ ТУРАЛЫ ЖЫР
1
Жеңіс жылы. Жұрт көзінен қиналыс
Көрінбейді бұрынғыдай күй-налыс.
Бестөбеде май тойына арнап бір
Басқарма ашты әйелдерге жиналыс.
Ошақтарда түтін лаулап, шай қайнап...
Сөз сұйылып... кеткен жұртты қайта айдап.
"Сендерге енді келген уәкіл ауданнан
Ән салады!"- деді бастық айқайлап.
Таң қалдым мен жай түскендей төбемнен,
Ат үстінен - зіркілдейтін - іргемнен,
Балаларды қуалайтын уәкілдің
Қыздар құсап ән салғанын кім көрген?
Айтқандай-ақ, артық туған ақылы,
Жібермейтін жігіттерге ақыны,
Ат үстінде ор қояндай аунаған
Қыз боп шықты - райкомның уәкілі.
Айтылатын әннің де аты - Қарлығаш,
Айтатұғын қыздың да аты - Қарлығаш,
Қарлығаштың қос қанатын байлап ап,
Ұшатындай болды мынау Қарындас!
Етің де аппақ еді-ау сенің, Қарлығаш,
Бетің де аппақ еді-ау сенің, Қарлығаш,
Қыз жыласа - мұңымды айтсам саған деп,
Тыңдап тұрған қандай жүрек жарылмас.
Саған ғана сырымды айтам дегенде,
Саған ғана шынымды айтам дегенде,
Әйелдердің түсті үзіліп көзінен
Көңіл дейтін тізген қойдай көгенге,
Тозған көйлек... тозған көңіл... тозған бас...
Түсті үзіліп сол арада Көзден Жас...
Өңшең әйел сол арада жылады
Араққа емес, Қарлығашқа болған мас!!!
2
Бес жыл бойы ерден қалған жас болып,
Ене баққан, жетім баққан аш болып,
Ақ жаулықтар өңшең айыр сүйенген
Қарлығашқа теңселеді мас болып.
Ат үстінде Қарлығашты тыңдаған,
Майысқанда сына жаздап сынбаған,
Қымбат маған - ат үстінен айтқанда -
Өңшең жесір көзін сүртіп тыңдаған.
Қымбат маған - мың баптаған Қарлығаш,
Бой жетіп қап бұлғақтаған Қарлығаш,
Ат үстінен осылай деп ән салды
Басқарманың қасындағы қарындас!
Көріп тұрдым - Қарлығаштың бұл әні
Тыңдап тұрған қанша жанға ұнады.
Шаршағанда жыламаған әйелдер
Асылдарын аңсағанда жылады.
Көңілдегі көкей кесті құстарын,
Сағынғанда, сарғайғанда құштарын
Есіне алып өткен күнді Қарлығаш
Көкке қарай қанат байлап ұшқанын -
Сонда көрдім - жалаңаяқ... жалаңбас...
Қолдарында айыр емес - ақ алмас...
Ән тыңдаған ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЖҮЗІНЕН
ҚАМАЛ КӨРДІМ қаптаған жау ала алмас.
Бұлтың болса көкіректі буатын,
Әнің болсын аспаныңды жуатын,
Қонар жерін таба білген Сол Құстың
Сонда көрдім тіл жетпейтін қуатын!
МЕН ТУҒАН ЖЕР
Тарбағатайда тұрғам жоқ,
Таулары тума орманмен.
Жетісуда да туғам жоқ –
Жәннаты жердің болғанмен.
Көгілдір Жемнің бойында
Жарқамыс дейтін ауыл бар.
Мен өстім соның қойнында
Мен сонда тудым, бауырлар...
Ай болып жасыл құрақты
Әлдилеуші еді ол ақ түнмен.
Көк қасқа бұлақ сияқты
Көгалға сіңіп жаттым мен.
Ақ тақырлардың төсінде
Аяғым сынды ат тулап.
Адасқым келмей көшімнен
Орнымнан тұрдым шат қунап...
Сол жерден әкем жоғалды
Киініп шинель – көк сауыт.
Көк өгізімен солардың
Көгалға шықтым шөп шауып.
Сол жерден гүлдеп жас кеудем,
Сол жерден ұштым қияға.
Алматылар мен Мәскеуден
Оралдым сол бір ұяға.
Кішкене таң боп атамын
Сәулесі сөнген баулардан.
Сені іздеп келе жатамын
Аңырып тұрған таулардан.
Сен кімсің, десе соншама –
Тұрсың сен қайдан тіреу ап?
...Ұжмағың жетеу болса да,
Туған жер, дер ем – біреу-ақ!
Шыбығын ат қып бұл құмның
Садаққа шиін сайлаған.
Бозбала кезде жыңғылдың
Талына тайды байлаған.
Айдың төсегін шаңдаған,
Құлынның күзгі байлауы –
Бес материктен таңдаған
Жанымның сенсің жайлауы!
Қай тақырда жоғалды
Аспанға атқан сұр жебем.
Желі ме мынау – солардың
Тайбурылдай гулеген?
БІР МАХАББАТТЫҢ ХИКАЯСЫ
І
Менің қойған атым — Жарас.
Шын атын
Айтсам болды, мінезі бар сынатын…
Ол туралы айтпауға да болар ед,
Емес көңілім дертін төкпей тынатын.
Оған біраз жылдар болған, ұмытылған.
Оның көңілі, менің көңілім бір тынған.
Екеуміз де мақсаттарға жеткенбіз,
Аш қасқырдай қой қораға ұмтылған.
Ол бір кербез, ол бір сыпа, ол — ақын,
Қонған үйге ойын-сауық қонатын.
Қонған үйдің қыздарына қырындап,
Көз тастайтын әдеті де болатын.
Тез үйленіп Қалқа деген бір қызға,
Хош айтысып ауылдағы ұл-қызға,
Ғайып болды ұзақ уақыт ауылдан
Космонавтай ұшып кеткен жұлдызға!
ІІ
Аты да оның бірте-бірте ескіріп,
Естілмейтін болды әні кешкілік.
Бір күндері жиырма бес жыл әскерлік
Оқуға оны алынды деп естідік.
Колхоздағы есепші еді шот қаққыш,
Егін орғыш, шалғыменен шөп шапқыш.
Қуақы еді, тату жүрген ұлдарды,
Қызық көріп бір-біріне боқтатқыш.
Кетті Жарас. Кетті. Әскерге алынды.
Бар керегі — барған жерден табылды.
Келмей қойды Жарас ұзақ…
Сағындық.
Әсіресе, келіншегі сағынды.
Жесір де емес, әйел де емес, жар да емес,
Күйеуі бар. Бар болғанмен бар да емес.
Он жыл болды, келмей жүрді Жарасы,
Жоғалғаннан жоғалмайтын қалды елес.
ІІІ
Жаздың күні жаймен ғана кешкіріп,
Ауыл шайға отырғанда кешкілік.
Иттер үріп, бала шулап: «Ауылға
Жарас келе жатырды!» — да естідік.
Жылы хабар, жақсы хабар жарасты
Үйден-үйге сыпсың қағып тарасты.
Бір заманда патша ағзамды күткендей,
Күтті ауыл… түні бойы Жарасты.
Мал сойылып, абыр-сабыр, жанталас,
Күн де шықты, ауыл үсті қарбалас.
Ат үстінде, шыққан күннің астынан
Келе жатты он жыл күткен сол Жарас.
Тұла бойын зермен шегіп алтындап,
Он жыл күткен ақ көйлегі жарқылдап,
Шықты Қалқа күйеуінің алдынан
Он жыл күткен екі көзі жалтылдап.
Той қызығы әлі есімнен кетпейді,
Екі құрдас бір күреспей өтпейді.
Ұзын қалжың, «ұзынқұлақ», ұзын сөз,
Бәрін айтып беруге тіл жетпейді.
Бір күн болып ауылдағы қарбалас
Бір түн болып, ырду-дырду, жанталас,
Бір қонды да Қалқасының қасына
Ұшып кетті самолетпен сол Жарас.
ІV
«Ұзынқұлақ» бұл ауылда жата ма?
Сызат түсті деп естідік батаға.
«Бата бұзған оңбас», — деді үлкендер
Қалқа сұлу тағы да батты қапаға.
«Қой, өйтпес!» — деп өзін-өзі сендіріп,
Босаңдығын еңбекпенен жеңдіріп,
Жас келіншек жүрді шалғын ішінде
Ащы зарын көкорайға семдіріп.
«Қой, өйтпес!» — деп бір үмітке малданып,
Төрт өгіз бен қос түренге алданып.
Жас келіншек жүрді ащы қайғысын
Қара жердің қыртысына аударып.
V
Он жыл күтті сол Жарасты сол Қалқа
Он жыл күтті сүйген жарын жан Қалқа.
Отырғызды оң жағына омалтып,
Сары аурудай сарсаң кесел — сандалтпа.
Махаббаты — мұзға кеткен жылудай,
Махаббаты — жылжымаған ұлудай,
Одиссейді он жеті жыл күтумен
Кемпір болған Пенелопа сұлудай.
Жігіттерге қарамай ма, қарай ма,
Ол да адам ғой, періште емес,
Алайда
Айта алмаймын, айтуға тіл жетпейді,
Ол жағына сен қинама, жарай ма?
VІ
Онсыз да оның қиып тағдыр қанатын,
Айналаға өсек-аяң қонатын.
Қос құлағын тығындаған келіншек
Екі көзі самолётте болатын.
VІІ
Жапырағы жоқ кеуіп қалған ағашқа,
Су сепсең де гүлдемейді, адаспа,
Дей алмаймыз, қия алмаймыз көңілін,
Қия алмаймыз тастап кеткен Жарасқа.
Жарас ұшқыш, ол да Отанның солдаты,
Ауыр болар мойынға алған тіл хаты.
Тым болмаса келіп тұрса қайтер ед,
Анда-санда сағынышты бір хаты.
Өсек деген қасіретпен бұл егіз,
Егіз жайға құлақ түріп жүреміз.
Горькийдегі генералдың қызына,
Айтпай жүріп үйленгенін білеміз.
Бір бақыт кеп бір бақытты тонай ма,
Тағдыр шіркін көңіліңе қарай ма?
Үш ұлы мен әйелінің суретін
Жіберіпті інісіне — Жолайға.
Бұл хабарды естігенде түсі аппақ,
Босағадан жығылыпты үш аттап,
Қалқа байғұс түні бойы өксіпті
Танымайтын төрт бейнені құшақтап.
Айтқан да жоқ салқынсың деп, мұзсың деп,
Бермеді еркін, енді еркінсің — қызсың деп,
Жүрді ме екен ел де жесір Қалқаны
Өз бетімен әлде күдер үзсін деп…
VІІІ
Астананың бір әскери тұрағы,
Жарас қазір Алматыда тұрады.
Мен сияқты ақынменен ауылдас
Анда-санда әңгіме де құрады.
Қосылғанын тағдыр айдап қайта жол,
Жетім болып өскенін де айтады ол.
Қалқа дейтін ыстық сөзге ауызы
Күйе жаздап барып-барып қайтады ол.
Шөп шапқанын шалғыменен айтады ол,
Әзілмен де, қалжыңмен де айтады ол.
Қалқа дейтін терең сөзге жүзе алмай,
Орта жолдан омыраулап қайтады ол.
Айта алмайды іште жатқан не сырды,
Қалай ауыр мұңды бастан кешірді…
Қалай ғана арқалайды тірілей,
Өмір бойы өзін күткен жесірді.
Адамзаттың Қаратауын, Балқанын
Шығармай ма Жанартаудың талқанын?
Жүз жыл бойы күтсе-дағы кешірмес
Бір кінәсі болды ма екен Қалқаның?
Сол жұмбақпен таңдар да атқан, күн батсын,
Әйел халқы шешілмейті жұмбақсың.
Күтуменен кемпір болған қыз Қалқа
Ар алдында — бәрімізге қымбатсың!
Сына берсін күні жетсе — ағаштар,
Ұша берсін ұшқыш болған Жарастар.
Жер бетінде сен қаласың күтумен
Көкірегінде толас таппай талас хал…
ІХ
Жылдар өтті. Жетімдер де жетілді,
Жесірлер де бақыт тапты не түрлі.
Қалқа ғана
Махаббаттың Қалқасы —
Өз Жарасын күтіп жүрген секілді.
Қызықпайды ол бақ, дәулетке, алтынға,
Ұрынбайды өсек-аяң… салқынға,
Ал, мен үшін Қалқа жеңгем аяулы,
Мәңгі-бақи қалады сол қалпында!
Он жыл күткен ақ көйлегі жарқылдап,
Тұла бойын зермен шегіп, алтындап.
Күн астында Қалқа келе жатады,
Қартаймайтын екі көзі жалтылдап!
Соғылады талай бетке шапалақ,
Соғылады тасқа барып жапалақ.
Жапалақ қып тасқа ұрса да өлмейтін
Мықты екен ғой әйелдерде махаббат!
Бұл өмірден тапса дағы жарасым,
Алды-дағы қоғамнан өз бағасын.
Қанша биік ұшса-дағы бұлттардан,
Аласарып бара жатыр, Жарасым!
Жел тараған қолаң шаштың әр талын,
Не жетеді аруына Арқаның?!
Қанша таудан асса дағы сол Жарас —
Жете алмайды биігіне Қалқаның.
***
Сол кезеңнің сыры нәзік білгенге,
Сол кезеңнің жыры нәзік білгенге,
Біле тұра қалай барам қорықпай
Шындық үшін бас кететін күндерге!?
Өткен күнге,
Өшкен сырға жан кіріп,
Жүрегіңді жүреді ұзақ жандырып,
Жүрегімнің қылдан нәзік хабарын
Айта алам ба нанбайтынды нандырып.
Қалар ма екем сәл жалғанға қақтығып,
Асып кетіп жүрмес пе екем аптығып,
Сор сыятын сұр маңдайға екі елі
Сыяр ма екен шындықтағы қаттылық!?
Кей нөрсенің шынын айту қиын-ақ...
Жалған жатар біреулерге жиі ұнап.
Біздің үйдің ай сайынғы кірісі -
«Жәрдем ақша» - бес сом алпыс тиын-ақ.
Шынын айтсам берекелі нәрсе өзі,
Базардағы байшыкештей әр сөзі,
Шай да аламыз, қант та аламыз осыған...
Әжептөуір аяқтанып, жан созып.
Өлмейтұғын өзектінің қорегі,
Колхоз бізге тары, талқан береді...
Тары да емес,
Талқан да емес,
Нан да емес...
Шай болатын
Сол кемпірдің қорегі...
«Жоқ!» деген сөз иттен жаман тақымдап,
Миды жейді аш текедей бақылдап.
Ең соңында сүтке қарап қаламыз
Пенсияны алар кезге жақындап.
«Жәрдем ақша» аталатын жаңағы
Мәпақаны өзі барып алады.
Орнын тапса - отырған қыз сияқты
Сол бір ақша әр керекке жарады.
Бұрын талай алып соны көргем-ді.
Мен алатын болдым бір күн жәрдемді.
Дақ-дақ басып бардым жайлап почтаға.
Ақша кеулеп иісі жақсы... кеудемді...
Шытыр-шытыр ала қанат, шап-шағын,
Сауысқандай құйрығы бар ақшаның,
Күзен құсап түсетұғын қауынға
Бір жағынан ұрланып кеп бақшаның,
Ақша тыққан қонышым бай, қойным бай,
Шығайбайдың баласынан айнымай
Қалдым білем, өңшең жаңа сарқұлақ
Санап берді - сап-сары қып Ойлыбай...
Сонан кейін көктен көмек күтем бе?
Ақшаны әлде түбіт қылып түтем бе?
Барып кірдім аздап басым айналып
Аудандағы астанадай дүкенге.
Коньки таққан табанындай баланың...
Көзім тайып, аң-таң болып барамын...
Иіс сабын, айна-тарақ, иіс-су
Толып тұрған сөрелерге қарадым.
Қимайының иісі аңқыған ат доға,
Жылқы құсап маған қарап қапты о да.
Бәрі маған - ақшаң бар ғой қалтаңда...
Дейтіндей-ақ қалтада бос сақтама...
Бұл дүкенде түрлі «тауар» мол дейді,
Сауда істемей кеткім, сірә, келмейді.
Талай жұттан аман шықты біздің үй...
Нар тәуекел, биыл, сірә, өлмейді.
Осындай ой жан-жүйемді кезгендей,
Әрлі-берлі ауытқыған безбендей.
Көзім барып Шаршы Тұзға тоқтады
Бір сұмдықтың болатынын сезгендей.
Карта ойнаса құрыстайды арқа бой,
Карта алсам ба деген ұры тартады ой.
Ойбай мынау ақ киіздің үстінде
Басқармалар ойнайтұғын карта ғой!
Карта жатыр мөрдей болып таңбасы,
Дегендей-ақ кәне сатып алмашы,
Қып-қызыл боп күйсеп жатыр түйесі,
Қап-қара боп қонып жатыр қарғасы...
Карта алмасам біздің жағдай қиынға
Айналарын сезді білем миым да,
Жақан марқұм ат, түйедей бағалап
Карта берді үш сом жетпіс тиынға.
Картаны алдым - оныменен тоқтау ма!?
Түсіп кеттім бас қатырған көп дауға...
Оныншының алып әдебиетін
Ішін аштым, өлең болса, жаттауға!
Ақша осы ғой бар керекке жараған,
Ақша осы ғой қайта-қайта санаған.
Жан азығы тойынған соң, бір сомға
Сатып алдым екі бөлке қара нан.
Бәрін алып, екі аяғым қақтығып,
Сауда істеуге қалғандай-ақ жаттығып,
Май ішкендей жүрегім сәл қобалжып,
Үйге жеттім базаршыдай аптығып.
«Болды ғой деп менің, адам қарағым!»
Айта ма деп бағамын да қабағын,
Шайың қайда әкелген деп айтар деп,
Жаймен ғана кемпірге көз саламын.
Қарап тұрсам... қара кемпір мен білген
Қара судай беті тулап жел жүрген,
Я, немесе жанып жатқан өртіңді
Жаңа ғана жаңбыр жауып сөндірген.
Секілді боп қолына алып балғаны
Сөнгендей боп ішіндегі арманы,
«Көрдің бе деп мына сорлы маңдайды»
Өз маңдайын өзі салып қалғаны!
«Өмір бойы жетім бақты бұл маңдай,
Өмір бойы отын шапты бұл маңдай...»
Осылай деп өз маңдайын өзі ұрды
Барлық пәле сол маңдайда тұрғандай.
...Құйттай ғана әжім-әжім сұр маңдай,
Кемпір айтқан сол арада жыр қандай!-
Мен маңдайға үрейлене қарадым
«Соғыс» дейтін сөз жазулы тұрғандай!
Мен маңдайға,
Маңдай маған қарады,
Секілді боп қан майданның алабы.
Балға тиіп шодырайған ісігі...
Соғыста өлген әкемді еске салады.
Сол арада айту керек дұрысын,
Төгілгендей болды барлық ырысым.
Шағып ішкен несібенің ыдысын
Бүйтіп көрген қызығы да құрысын.
Сол арада сізге өтірік, маған шын,
Келді менің келмей кеткен хабаршым.
Ар оянып жүрегімнің түбінен
Деді: мені болашақтан табарсың!
Деді-дағы қара түнге жоқ болды,
Айтқаны аз да, ұққан затым көп болды.
Король крес - көк сақалы сапсиған
Кейін талай ұялмауға сеп болды.
Кемпір жатты. Қарындасым жан-жақты
Барлап қойып, қараңғыда шам жақты.
Қалт-қүлт еткен әлсіз шамның түбінде
Бомбы құсап екі бөлке нан жатты...
«БИТҚОШ»
1
Шынын айтсам, үргедекпін, қорқақпын,
Әңгіме айтқан үлкендерге ортақпын.
Жақсы оқимын үшіншіде, алайда
Анау-мынау орысшаға шорқақпын.
Мұндай жаз да, болады екен мұндай күз,
Күз келді деп, қысылып та қыңбаймыз.
Биыл шаруа келер жылға қалмайды,
Бәрін тастап, Кемелбайды тыңдаймыз.
Жаңа үйленген Кемел - ұста, елпілдек
Күле қалса екі иығы селкілдеп,
Қызыл беттің мәйегі атқан жас ұста
Сөз сөйлейді жирен мұрты желпілдеп:
«Сені білед дейді орысша көп енді,
Білгіш болсаң, айтшы кәне, енеңді...
Аңқам кеуіп, шөлдеп тұрмын, жарандар,
Айтшы білсең, су беріңдер!» - дегенді.
Білмейсің бе, сен білмесең мен айтам,
(Білмесіңді орысшамен молайтам),
«Битқош!» - дейді - су беріңдер!» дегенді,
Оның қызық тарихы бар, соны айтам!
2
Бір соғыста, сары шілдеде шөлдеп кеп,
Бір «хатыға» әрең жеттім еңбектеп.
Немісті де біраз қырып тастаппын,
Кескен терек секілді ғып дөңбектеп.
Қаным қатып шөлдеп кеуіп барамын,
Қасымдағы жолдасыма қарадым.
Іуан дейтін орыс еді ол, «Битқош» деп
Айқайлады кенеп тұрып тамағын.
Сол-ақ екен бір келіншек жас қыздай,
Жетіп келді, қолында су - тас мұздай.
Әлгі «Битқош» жалғыз ауыз күшті сөз
Бәріміздің шөлімізді басқызды-ай!
Сонан кейін... Мен де қулық жасадым.
Шөлдей қалсам мен несіне сасамын,
Шөлдесем де, ашықсам да үйренген
Жалғыз ауыз орысшама басамын!
Фашистерге талай жерде ит қостым,
(Қолдан келсе қоныштан бас, сүйт, достым)
Қашан орыс тілін біліп алғанша
Аш болғам жоқ арқасында «Битқоштың».
Жирен мұртын өртке талай жандырып,
Талай жерге... қасық қанын қалдырып,
Елге сөйтіп аман қайтты Кемелбай
«Битқошпенен» шөлін талай қандырып.
«Осылай да осылай» деп Кемелбай,
Ішкі ойларын буырқанған жеңе алмай,
Екі көзі әңгіме айтса, алақтап,
Ентігеді бізге қарап дем алмай!..
...Айтса да ел, менің әкем өлген деп,
Көз алдымда суреті көлбеңдеп,
«Битқошты» да білмей қалып Біздің Шал
Ойлаймын мен өлді ме екен шөлден деп...
Жас баламыз, не салса да көнеміз,
Үлкендерді тыңдағышпыз және біз.
«Орысша айтқыш» Кемелбайдың сөзіне
Пайғамбардың дұғасындай сенеміз.
...Жазғы шілде... Қайтар емес түнгі ыстық.
Кемелбайда әңгіме бар бір қыстық.
«Битқош» деген жалғыз сөздің маңында
Ет піскенше отырады білгішсіп.
Бастан сипап мен сияқты жетімді,
Сауаты жоқ Кемелбай да көкиді.
«Битқош» деген сөзді білмей Біздің Шал
Оқтан емес, шөлден өлген секілді...
***
Бұл арамен кімдер бұрын өтпеген,
Жазғытұрым жауқазындар көктеген.
Тоймайтындар тойлай берген өмірін,
Ойнайтындар ойнай берген отпенен.
Бұл арамен кімдер бұрын жүрмеген?
Самал есер Алатаудан, іргеден.
Жауды жеңген жауынгер де өтіпті,
Чапаевтай мұрт ширатқан түрменен.
Онша атақты болмаса да бұл алаң,
Талай жолдар өткен бұдан бұралаң.
Әрбір тағдыр оймақ болса, бұл жерді
Оймақтайдан ойып алып құраған.
Ту тігетін ұялар бар бұл жерде,
Қанат қағып қызыл мейрам келгенде.
Жигулилер тұсаулы тұр жұп-жуас,
Жуастықтан жуандаған шерменде.
Бес баласын жүрегіне бөлеген,
Бұл арадан жүріп өтті Төлеген...
Болдырмастан, қиналмастан қартайып
Жасынмен бір жарқ ете ғап жөнеген!
Өлең жасап Алау менен Жалаудан,
Жырлап өтті бұл арадан Төлеужан –
Аума-төкпе Алатаудың бұлтындай
Басқа бақыт сан тұрақтап, сан ауған...
Бұл арадан кеше ғана (сор қайнап!)
Мұқаш дейтін ақын өтті жорға ойнап.
Әлдекімше өлермен боп өткен жоқ
Жабысымен жандайшаптап борбайлап...
...Мен солардың қай бекетке тоқтарын
білгім келіп...таба алмадым. Жоқтадым.
Өлең дейтін станцияға бес минут
өшпейтұғын жағып кетті оттарын...
Қалың шөпке сіңіп кеткен соқпағын
Табам ба деп, үйіндіге тоқтадым.
Тебен кетті үйіндіге жылт етіп,
Жібі қалды! Жібін үзбей сақтадым.
Жоқ іздеген жолаушыдай жалтаңдап,
Мойын жағым ұясында қалтаңдап.
Жіп сүйреткен құсқа ұқсап ажалсыз,
Мұқағали қыдыратын асфальтта
Мен қыдырып жүрмін бүгін талтаңдап!