Нұргелді ӘБДІҒАНИ: Алақанымда Тәңірдің мөрі басылған
Ақын
Қазір түн. Қою қараңғылығы аса тым,
Жұлдыз да жоқ аспанда үмітті тосатын.
Адасып келеді, ырғалып оңға да, солға да
Иә, рас. Мас ақын...
Қолында арағы. Жо-жо-жоқ, ойында тек өлең,
Тарам-тарам тармақтар, шұбылған көп өлең.
Ол өзін Байроннан артық көреді. Ақиық Абай ғой тіпті,
Түф, сезім не деген?!
Делебе қозғанда долдиып кетеді күш демде
Жоқ әлде көшенің шамдары тек оның ізіне түскен бе?
Жүрекпен жазбайды ол өлеңді. Қайрат –кем. Ақыл жоқ.
Есіне түскенде жазады ол текқана ішкенде.
Шылымын тұтатып, мұрынның қышуын қандырып,
Қаңғырып келеді. Мәңгілік елінде мәңгіріп.
Білмейді ол ешқандай философия дегенді
Ол үшін дүние жаңғырық.
Жатырда жатқанна көргені түн ғана, көрмеген Күн бетін,
Мүтіксіз атқарып келетін секілді тертендік міндетін.
Шытырман ойларын шимайлап, шөлмегін тауысад
Күнбе күн.
Ол өзін қояды анда да мұнда да,
Ішінен ызыңдап, сыбырлап, күбірлеп келеді мұңдана.
Е, жоқ. Ол өлеңмен дұға оқып келеді
Сырласы – Түн. Дала.
Ол да мынау өліара өмірге өкпелі.
Қайтпады құстары. Әттеңі келмеді көктемі.
Бағдаршам. Қызыл түс. Шамданып тұр қазір сол ақын
Өтпелі кезеңнен өткелі...
***
Көшпенділер астрономиясы
Бүркеулі беті қырық күн босқан Үркердей
Бөрі тістеген Ай бүгін тағы жаралы.
Боз бие иіп, бозаңды жауын бүркердей
Бөлтірігі өлген Құртқа -күн жүзі қаралы.
Айғыз да ұйғыз, қансырап жатыр аспан- көк,
Айыбы оның қайырсыз еді тұралық.
Күлтелі жалды күн шұғыласын шашқан жоқ,
Ұйығы тұйық. Тәні түр оның дір қағып.
Прото уақыт мүжіліп біткен сыбағам,
Ішім- жанартау. Ұту отына өртендім.
Мыңжылдығымда мың Кронсыңа шыдағам,
Жұлдыздарға да ізін қалдырғам ертеңнің.
Сел болып ақсын, нөсірі құйсын сіркіреп,
Темірқазыққа тертендігімді жасырғам.
Тұқым-қанымда тулаған ұран Түркілеп!
Алақанымда Тәңірдің мөрі басылған.
Тұлпар- тағдырымның шекесін қанмен бояған,
"Айғыр сойғанды" таратып еді Үт бабам.
Делебем қозып, дегбірім қашып оянам,
Лаусыз түндерде шаман қобызын шыттаған!
Ғарыштық тылсым,ғұмырдың ғажап үлгісі,
Бес қонақ та өтер, өлі ара бізді әурелер.
Жарық күнімнің үзіле көрме үлбісі
Ғаламда мүрші сөнбесе екен сәулелер...
***
Түркілік космогония
Көк айғыр кісінеп, жан біткен үркіген
Емшенің ұмынан ақ жауын бүркіген.
Ұмай мен Тәңірдің пейілі жұптасып,
Кәм-шаман қосағы пір болған ілкіден.
Күншығыс бөктерге қараған есігі
Киіз үй - ежелден тұғырлы бесігі.
Төртеуі төрт бақан - Жер мен Су, көк Тәңір
Емеген Ұмайдан бұйырған несібі.
Ғарыштың ағашы - үш әлем,бір түбір,
Шаңырақ, кереге, текемет - шырқы кіл.
Керме арқан,бақанға иілген әйелден
Туылған Мөденің кейінгі жұрты бұл.
Мәңгіге жалғасқан осылай құлын- күн,
Бабамның ұға алсын бұл күні тілін кім?!
Қансырап, Ай қашқан сұрлауыт түндерде
Ұйып кеп, Ұмайдың отына жылындым.
Өкпем жоқ өткенге, өзгерген өспірім.
Таңсық бір жаңа әлем танытты кеспірін.
Үлген Күн, күлген Ай сұлбасы елестеп
Есімді алаң қып ойнайды ескі күн.
Ендігі бәрі де сығалақ, сұр елес,
Шық - ғұмыр шыдамас. Кірпікте түнемес.
Сендерді қайтейін, тыныштық беріңдер,
Құлқынға құл болған, құр өзек, қыл өңеш!
***
Қыжыл
Білем, әлі жүз жылап, жүз күлермін,
Үміт кешіп, жүз мәрте үздігермін.
Өмірімде өткінші сан адасып
Небір ойды санамнан сүзгілермін.
Білем, әлі жүз жылап, жүз күлермін,
Іркітіне айналман ізгілердің.
Жылтыр қоғам күлдірер біз білер мың
Ақиқаты жылатар біздің елдің.
Бір қарасаң дүние кең секілді,
Бәрі жақұт, бәрі де жөн секілді.
Есіл елім еркіндік тойын тойлап
Терезесі талаймен тең секілді.
Ақ қағазға басылған нүктедей боп,
Жалғыз ғана ақымақ мен секілді.
Бір қарасам шыр қоғам бастан кешкен,
Қотыр түйе секілді қашқан көштен.
Жоғарғы жақ жайпай жеп, пай-пай дескен
Төменгі жақ айқай көп, астаң-кестең.
Мазалаған ұрын ой есімді алды,
Деліқұлы теңселген десім қалды.
Шын-өтірік күрескен күнде мынау
Біреулерге өмірлік өшім қалды.
Досымыздан қаптаған қасымыз көп,
Мақтанамыз тарихтың басымыз деп.
Ал ендеше ерлікпен күресейік
Бабамыздың жоғалған басын іздеп!
Сақтан қалған тектілік көне сарқыт,
жет бүгінге керексің еле шарпып.
Тек біз үшін қаптаған көсемдерден
Хан Кененің басы жоқ денесі артық.
Зерек бөлсең деніңді деректі ізге
еркек қайсы елім дер ерек бізде
Дөңбастарды тәубеге келтіретін
Исатайлар бүгінде керек бізге.
Армандаған айдынға жүз батармыз,
Сайқалдардың сазайын сыздатармыз.
Бүгін олар, ал ертең біз күлерміз
Бүгін тоңсаң бізде ертең мұздатармыз.
Өзімшілмін, соныма өкпелімін,
сөніп бара жатқандай ептеп үнім.
Бірақ батыр ұлдарды тудырармыз
Егер болсақ ұрпағы Көк Бөрінің!
***
Эллегия
Ақ көбік шайнаған,
Ақ-желмен ойнаған, жылқының кісінегені
Кеңдікке құштар кіл,
Ендікке тұспал бір
түндерде түсіме енеді.
Сәйгүлік жырымды
Жанымды-сырымды, әттең-ай, адамдар емес,
мөп-мөлдір көздері
Тек сол бір кездері арғымақтар ғана түсінер еді.
Мұқатып -кекетіп,
Кекетіп-мұқатып, сыртыңнан мазақтаса да,
Наданды қара,-деп,
Қараны- надан-деп жоңқалап, азаптаса да
Тұлпарым секілді
жырым да кекілді, сен шаңғытқан шабандоз көрсең
Бабасы тақымдап,
Баласы тоқымдап ат мінген алып бір-қазаққа сана!
Жалын жел тараған
Еріме жараған айғырлар түсіме енеді
Түсіме енеді
Ішіме енеді
олардың кісінегені
Сайқыға мазақ боп
Мазаққа қайқы боп жүргенім осы бір күні
Тұлпар да, мінез де...
Сыртым сау... мұң езбе әттең-ай ішім өлі еді...
Өткенге сағыныш,
Ақ құсым алып ұш
тұлпарсыз тарылды дала
Қаптаған көліктер
Көлікте өліктер мүжиді жанымды жара
Жылқының тер иісі
Көң қатқан жер иісі
қамшының табы иісі қолыма сіңген
Еміс бір еске кеп
қалғанда кесте боп өкініш соқтырар санымды ғана...