Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Күндіз-түні Күлтегіндей көз ілмей, Мәңгі Елімнің мәңгілігін тіледім!

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Күндіз-түні Күлтегіндей көз ілмей, Мәңгі Елімнің мәңгілігін тіледім!

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫРЛАРЫ
1.

Жанартаудай жалын атқан дабылы,
Қазақ елін бүкіл әлем таныды.
Жүз жыл қырғын, мың жыл сүргін болса да,
Шайқалған жоқ Рухымның тамыры.

Тұрды Уақыт қабақ түйіп тұлданып,
Сонда-дағы мойыған жоқ бұл халық.
Үмітпенен, арманменен қарады
Шығар күнге нұрланып...

Қара нөсер құйып тұрды сабалап...
Өткенімді жатты біреу қаралап.
«Тағдыры жоқ»,– деді біреу табалап,
«Тарихы жоқ»,– деді біреу обал-ақ!

Атқа қондым тұлпарымды тағалап,
Үретін ит үре берер абалап.
Бабалардың көрем асыл бейнесін,
Сары далаға көз жіберсем саралап.

Әлдекімдер жүрегімді жаралап,
Әлдекімдер өктемсініп қарамақ.
Ұлы-Ұлы ұлдары бар Түркінің,
Тағдырымды көрсететін даралап.

Ер Еділдей ел билеген нарларым,
Көк Түркінің көрсем деген таңдарын...
Керей менен Жәнібектің арманын,
О,Тәңірім, ақиқатқа жалғадың.

Ғаламдағы жан жылытар жәннатым,
Келбетімен көздің жауын алатын.
Беу, бұл Дала – аманатым аяулы,
Мирас болып ұрпағыма қалатын.

Бабалардың үмітінің нұрымын,
Көк байрақпен мәңгі бірге ғұмырым.
Ұмытпайды тарих қайсар, ержүрек
Ұлы Дала ұлдарының дүбірін.

Еркіндіктің ерке таңын қарсы алып,
Еркіндікпен қайта оралды қанша құт.
Бүкіл әлем көз қадайды қызығып,
Ару қалам Астанама тамсанып.

Қазағым деп лүпілдейді жүрегім,
Садағаңмын, айналайын, Ұлы елім!
Күндіз-түні Күлтегіндей көз ілмей,
Мәңгі Елімнің мәңгілігін тіледім!!!
2.
Құт пен дәтiн ала туған жатырдан,
Танауына исi келiп ақырған.
Бесiгiмде саумалынан нәр берiп,
Сары далам сары қымыз сапырған.

Кетiп қалған ой-санасы шырқауға,
Ынтық болған менiң бабам сұңқарға.
Жазықтық пен биiктiктi өлшем ғып,
Тақым салған тай үйретiп, тұлпарға.

Арқау болған фәни жалған жырына,
Домбырама бұрыла кет, бұрыла...
Қара жылан қар бетiне қаптаған,
Басу айтып қара қобыз мұңына.

Боз жiбектен боз үйдегi басқұрым,
Ақ жолынан адаспаса жақсы ырым.
Алты Алаштың зары қысып ақыны;
Дат! – дегенде... «Айт!» – дейтұғын, тақсырым.

Ата-бабам өмiр бойы жинаған,
Салт-санама иманымдай иланам.
О, не деген ұлы халық – бұл халық,
Үлкенi мен аруағын сыйлаған.

Даналыққа ұласады түп-арнам,
Қиналғанда жол табатын мұнардан.
Ел ертеңi, ел мұраты үшiн де
Хан жарлығын қайталатпай құп алған.

Мирас болған мынау ұлы мекенiм,
Мекенiмдi ту көтерiп өтемiн.
Айтып кеткен баяғыда-ақ бабамыз
Елдi бұзар – алауыздық екенiн.

Қадам басқан күллi әлем төрiне
Бiрлiк керек менiң бейбiт елiме.
Көлеңкесiн түсiрмейтiн ешқашан
Қазағымның түп-тұқиян, тегiне.

Ұлт мүддесi – амандығы әманда,
Ұлт мүддесi – рухымда, санамда.
Жер бетiнде қазақ дейтiн ел барын
Мойындату мынау ұлы ғаламға!
3.
Кеткенiн талай басқаға кегiм,
Тастарға жазып тастаған едiм.
Жарқырап нұрың тұрсың ба жайнап,
Бегзада, дегдар – Астанам менiң!

Кiндiгiн тауып Ұлы Даланың,
Алдымнан шықты күлiп арманым.
Нұрсұлтан салған нұрлы қаланың,
Көшесiндегi гүлi боламын.

Шашыңдар шашу, қырмызы кiлең,
Тойлаңдар мәңгi ұл-қызым, ерен.
Түн менен таңның арасындағы,
Сәрiде туған жұлдызым сен ең.

Байлық пен құтқа тегенең толып,
Төртеуiң түгел – төбеден қонып.
Айнала ұшқан алты қаз құсап,
Алты Алаш елiм егемен болып...

Тарқады шерiм, көне сарыным
Саябыр таппай неге арыным.
Құны кетсе де нұры шалқыды-ау,
Қан құсып өткен Кенесарының.

Алыста қалған сағымдай бiр күн,
Көңiлiн баурап лағылдай ырым.
Ақ Орда тұрған бүгiнгi жерге,
Ақ шатыр тiккен Абылай бұрын.

Арқаның мынау төсiн жайлаған,
Бабаң да талай шешiм байлаған.
Қала салсам деп Қасым қалаған –
Есiлдiң бойын... Есiм ойлаған...

Мақсатқа жеттiк мәнi кетпеген,
Жүректi жарып дәнi көктеген.
Аманат болған Астанам менiң,
Керей хан менен Жәнiбектерден.

Кiндiгiн тауып Ұлы Даланың,
Алдымнан шықты-ау, күлiп арманым.
Нұрсұлтан салған нұрлы қаланың,
Көшесiндегi гүлi боламын.

Аспаған елiм, таспаған елiм,
Тарихын қайта бастаған дедiм.
Жұмыр Жер, кенет, жүзiк боп кетсе,
Гауһардай жанған – Астанам менiң!
4.
Құдай – көкте, мен – жердемiн, жердегi
Қаламымда тағдырымның кермегi.
Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп,
Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегi.

Кермегiмде – кешегiмнiң зәрi бар,
Өрнегiмде – өмiрiмнiң зары бар.
Боздар болса мен боздайын ботадай,
Жүрегiмде Аруана елдiң қаны бар.

Сол қайғыны жою үшiн, ғасырлық –
Арманымды алмау үшiн ғасыл ғып.
Оу, кер далам сөйлесiн деп биiктен,
Батыр тудың күркiреген күйiктен.

Ақын тудың Ұланғайыр Тұранға,
Бөрiнiң де көкiрегiн иiткен.
Олар сенiң бүлдiрген жоқ тiлiңдi,
Олар сенiң солдырған жоқ гүлiңдi.

Содан берi жазылып сан ғазалдар,
Қирамады дейсiң не дүр мазарлар.
О, туған ел – мен сен үшiн шаттанып,
Һәм күйредiм саған төнген ажалға әр.

Басыбайлы бөтен тұтып баламды,
Сыйлаудан да қалып мүлдем анамды.
Игере алмай иiрiмге кетем бе,
Деп ойлаушы ем жат билеген санамды.

Тiлiм, дiлiм – ғұрыптарым – күш, қаным
Қайта айналып қонса рас ұшқаным.
Босағамда сүйек мүжiп төбетi,
Ендi қайтып төрге озбасын дұшпаным!

Бiрлiгiмдi тапсам-дағы жоғалған,
Қайдан табам тарихымды тоналған.
Тар жатырын жарып шыққан құлдықтың,
Сәби елге сәулеңдi құй о, жалған.

Кәрiн қайта төкпесiн деп жат әмiр,
О, бабалар ұрпағыңа бата қыл.
Еркін ұрпақ тұлпарына ер салды,
Демеп жібер қолтығынан а, Тәңір!

Тамырынан таратылып тектi сөз,
Ал, арманшыл асыл халқым көктi кез.
Көк байрақты, қыран тектi қазаққа
Күн астында қанат жаяр жеттi кез!
5.
Біздей ел бар ма ғаламда нұрлы:
Сан ғасыр мұңы санамда тұрды...
Сақтауға мәңгі – бірлігін елдің,
Сақтауға мәңгі – даламды Ұлы!

Намысын кек пен қайраған күйік,
Алаштың ұлы айбары биік
Тізерлеп тұрып ант берген сонда,
Тәуелсіз елдің байрағын сүйіп.

Тәңірдің өзі жарылқап, қалап,
Қол соққан Әлем парқына қарап.
Мәңгілік Елге Елорда болар
Астана салдық Арқаға абат.

Жұртымен бірге иманы Ердің,
Мұхитқа өзен құйғанын көрдім.
Жүзіне Жердің шашырап кеткен
Шақырып қайта жинады елін...

Аңдатар көпке ақылдың нарқын,
Парасат тұнған, сабырлы, салқын.
Нұрсұлтан салған Нұрлы жол мынау,
Қастерлеп сүйген қадірлі халқын.

Бағына елдің алыптар туса,
Халықтың жолын жарық қып тұрса.
Тәуелсіздігі баянсыз, бақсыз
Жойылып кеткен халықтар қанша?!

Алалап бөліп ұлыс пен ұлтын,
Билемек болып қылышпен жұртын.
Кешегі кейбір патша мен хандар,
Қашырды елдің ырыс пен құтын.

Бірлік бар кезде болмаған мазақ,
Бірлік жоқ кезде орнаған азап.
Алауыздықтан айбыны қайтып,
Алауыздықтан сорлаған қазақ.

Аспаны жалын, астары қалың
Заманда мынау қас-қағым... Бәрін...
Ұшырып алсақ кешірмес ұрпақ,
Тәуелсіздіктің бастағы бағын.

Алтыннан ою ойдырған елміз,
Атаға белгі қойдырған елміз.
Қазақтың ханын, қазақтың арын
Түгендеп бүгін той қылған елміз.

Қол жетпей кеткен жалғанда ғасыл,
Сан мың жыл күткен армандар асыл.
Іргесін қалап Мәңгілік Елдің,
Толғады дәуір, толғанды ғасыр.

Көк түріктерден алдырып қуат,
Санада даңқы жаңғырып тұрад...
Тәуелсіздікті сақтайтын жол бар,
Мәңгілік Ел – ол, мәңгілік мұрат!!!
6.
Тұлпарға мінген ұлы даланың
Тарпаң мінезді ұлы боламын.
Жауларым семсер сілтеген сәтте
Қиылған талай гүлім, қарағым.

«Тереңдеп кеткен әжімің» деме,
Бүгінге қарап қажыдым неге?
Сұңқарлар анау торғайға түсіп,
Естілмей кетті-ау қаз үні көлде.

Бір ғажап рух ғарыштан келіп,
Дұшпанмен бабам алысқан дедік.
Сүйемдей жерге сүйегін берген
Арыстар туып, намыстан өліп.

Көнеден қалған жыр тегін ұқсақ,
Ұйқыдан безем Күлтегін құсап.
Келмейді мені мойындағысы
Өркениеттік ділдегі ынсап.

Неғылсын сон-оу заманды надан,
Жаулаған жарты ғаламды бабам.
Толассыз уақыт толғату керек,
Табанға салса адамды адам.

Болмауы тиіс мұратым мұңды,
Толағай бір ұл туатын сынды –
Кісі бейнелі, тарпаң жүректі,
Кешегі… біздің ұғатын сырды.

Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі
Бабалар бүгін түсіме енбейді.
Солардан қалған жүрек қой мынау –
Жүрегім неге кісінемейді?

Пұшайман халім өртеді мені.
Қылқобыз кеудем шертеді нені?
Жал бітті, кенет… жотама менің,
Оқиғадағыдай ертегідегі.

Ғаламат солай басталып бір сәт,
Құйғытып кеттім тастарды турап.
Атылдым көкке жай сияқтанып,
Тұяғым алтын – Ай сияқтанып…

Алапам тасып, ақырып, төніп,
Аруағымды шақырып келіп:
Шығысқа қарай адырна тарттым,
Жар болса Тәңір, ақырын беріп! 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста