Қайран көктем
Армандарға жетелеп асқаралы,
Дүниенің ашылып қас қабағы.
Хантәңірдің оранып шапағына,
Көктем біздің ауылдан басталады.
Беделіңе қарамай, атағыңа,
Аппақ таңы арайлап атады да.
Көктем біздің ауылдан басталады,
Хантәңірдің оранып шапағына.
Тіршіліктің осынау сағатында,
Озатын да пенде бар, қалатын да.
Құйқылжыса құс біткен бір әуенмен
Көктем келе жатады қанатында.
Алақанын арманым жайған көктем,
Ғұмырыңды мәігілік сайран деп пе ең?
Өткендерге салауат айтып бүгін,
Көктем келді, тағы да
Қайран көктем!
Аспантаудың көктемі
Сайран кеткен коңілден,
Сауық кеткен,
Откіншілеу бір нөсер жауып кеткен.
Асқарымнан жүргенде арман сұрап,
Аспантаудан бір коктем ауып кеткен.
Шашқан шақта шашуын аспан нұрдан,
Жанарымды жасыны жасқандырған.
Күзгі ырғақтың жүргенде жетегінде,
Біздің жақтың көктемі асқан қырдан...
Толқыныңда шалқыған шағала едік,
Жанарыңнан жас болып тамар едік.
Аспантаудың көктемі,
қайда тарттың,
Тірлік біткен барады саған еріп?
Соонау...
Көктің бұлғаған орамалы,
Көз ұшына сағым боп оралады.
Аспантаудан барады көктем ауып,
Арман ұшып барады одан ары...
***
Жабырқатты мына жаз жанымды илеп,
Жүрегімді күйдірді жалын күй кеп.
Арайыңды алқа етіп жолға шықсам,
Көз алдымда барады сағым билеп.
Тірлік, сенің керуен көшіңдемін,
Жеті өзеннің желпиін жесір желін.
Алдымнан ақ бұлағым ақтарылса,
Өлеңіме сол әуен көшіргенім.
Мендік ғұмыр ақындау менен гөрі,
Елік көңіл сәт сайын елеңдеді.
Мен өлеңді жазбайтын секілдімін,
Жазып жатқан секілді Өлең мені.
Толқынымды қарсы алсаң өткел беріп,
Көздеріңнен кетейін көктем көріп.
Қараөлеңнен мойныма тұмар тағам,
Қара түннің қойнына кеткенде еніп...
***
Мен сияқты
Ей дүние, тотың барда,
Айтып қалшы бір сәтке арманыңды.
Көк майсаңды көрпе қып отырғанда,
Көгершіндер қоршады жан жағымды.
Толқып едім,
Дүние ай... тасып едім,
Заңғар көкпен сол сәтте амандасып.
Құс біткенге мен дағы ғашық едім,
Қанаттының бәрі де маған ғашық...
Қиялымды,
Ей тағдыр, тұсар ма едің,
Көгершіндер көлбеңдеп келмесеңдер.
Мен сендерге ілесіп ұшар ма едім,
Ұшарсыңдар менімен әлде сендер...
Өмір кешсем бәрінен шалғай жатып,
Арман қуып кезер ем алапты кең.
Саған,
Маған,
Титтей құс, қандай бақыт,
Жалғыз сәтке кезігу қанаттымен?!
Түс...
Кеудесіне түннің көк сыйып кеткен,
Ақ сәулесін далама құйып көктен.
Аспанымда ақ құсым қалықтайды,
Мені осылай өмірге сүйікті еткен.
Армандар,
ей армандар,
арсың аппақ,
Сол аппақ құс ұшатын тау-шың аңсап.
Кеудеме кіріп өлең оқып отыр,
О ғажап!
сенің қоңыр даусыңа сап.
Тағдырын талайымның күркіретіп,
Жанарға жаңбырларын бүркіп өтіп.
Дәл сендей оқиды өлең мына аппақ құс
Кішкентай көкірегінен жыр түлетіп.
Көп ойлап жатқанымда сені ішімнен,
Түс кіргенін қарашы, тегі сыймен.
Көктен түскен бұл қай құс деп оянсам,
Өз жүрегім екен ғой сені сүйген...
Жалғыз желкен
Жұпар шашқан жаз осы,
жанары арбап,
Бір ән салып берейін саған арнап.
Көк теңіздің бетінде бесін ауа,
Жалғыз желкен барады ағараңдап...
Өмір осы бірде бал,
бірде кермек,
Жүрегімді алғалы жыр мекендеп.
Жалғыз желкен барады көл бетінде,
Арманымды аяулы бірге тербеп.
Ұқсағанмен жаз туа жайдарыға,
Қайран көңіл тартады қайдағыға...
Менің күткен тірліктен бір тойымның
Көтерілген бұл желкен байрағыма.
Дүниені қуалап дөңгелеген,
Өрім кезден өзекке өргем өлең.
Жалғыз желкен жел тұрса тербеледі,
Сол қайықта тербеліп мен де келем...
Жалғыз желкен!
Жаным-ай, мұңлы арайлы,
Көл бетінде сырғиды,
сырғанайды.
Сол қайықтың ернеуін толқын сүйіп,
Сол қайықтың табанын құм жалайды.
Бұл тірліктің жолдары қиыр, ұлы,
Тереңінің тартады иірімі.
Көк теңіздің бетіне ағараңдап,
Жалғыз желкен шығады жиі-жиі...
Мақпал әні...
Жанымды жыр қыла көр,
таңымды нұр,
Қос ішек пернесінен ағыл, дүбір.
Тамылжытшы, тамсанып мен тыңдайын,
Мақпал жайлы салшы, аға, әніңді бір!
Жазиралы сол кездің жазына енем,
Сағынышты сарғайтқан сазыңа ерем.
Әуеніңнен ән болып үзіледі
Мақпал қызға арналған нағыз өлең.
Аспан, жердің арасы –
Мақпал... Мақпал,
Сал-серінің сазынан тапқан бақ бар.
Өз алдына өлеңнің өрімі де,
Көз алдыма келеді ақтаңдақтар.
Көктем тумай көңілі көктемеген,
Айналайын, үніңнен төкпелеген.
Сегіз сері әні осы Мақпал жайлы,
Кешегіден бүгінге жеткен өлең.
Жанарынан сол әннің мұңды көрем,
Сырды көрем,
кей-кейде нұрды көрем.
Әуелеткен Әсеттің үкісіндей
Мақпал әні еді ғой үлбіреген?!
Көгімде жұлдызым боп жанбап па еді,
Асылын өлеңінің арнап тегі.
Арқада арда туған Ақан сері
«Мақпал-ау, Мақпал» деп ән салмап па еді?!
Бұл жайлы өткенім көп сыр айтады,
Қуантады,
көңілді мұңайтады.
Мұңдасы, сырласы да, тағдырласы –
Мақпалды Біржан айтпай кім айтады?
Бұл фәни ажыратса ақ, қараны,
Басынан баян көңіл бақ табады.
Сол әуен – бір ғұмыры қазағымның,
Сол ғұмыр – «Мақпал» әні,
«Мақпал» әні...
Анама
Анашым, жаның аппақ нұрдан ба екен,
Жүректі шымырлатқан жырдан ба екен?!
Мен дүниеге келгелі мына дүние
Өзіңнен аумай қалған туған мекен.
Өзіңе ұқсап кеткен қыр, алабым,
Гүл теріп көбелегін қуаладым.
Есімде...
бәрі есімде сүрініп ап,
Еңкілдеп етегіңде жылағаным.
Тұнығы өзің екен нұр дегеннің,
Нұрыңмен гүлің болып гүлдегенмін.
Алпыс екі тамырың иігенде,
Мейірімін Алланың бірге емдім.
Бітпесе де тірліктің әуресі мың,
Жанымды тербетіп жүр тал бесігің.
Анашым, көгімдегі Күнімсің ғой,
Сол күннің мен бір үзік сәулесімін.
Басымда баян тапқан бақ аралым,
Тірліктен осы менің қалағаным –
Жарығың сөнбесе екен, Аналарым!
Жарығың сөнбесе екен, балаларым!
Жаратқан сізге берген жарасымын,
...Анашым, жүрегім ай,
жан асылым!..
Мен қайтіп өмір сүре алар екем,
Үзіліп жерге түссе қарашығың...
Қайнарбұлақ басындағы қарағай...
Көктем туса көп іздейтін қыр гүлін,
Менің мұңым түсінгенге нұрлы мұң.
Айдыныма ай жүздірген сәттерде,
Жанарыңның жарығына сүңгідім.
Тауқызы едім бақыты шың, бағы арай,
Еңсені езер еңістерге қарамай
Сайдан құлап аққан жылға не дейді,
Қайнарбұлақ басындағы қарағай?
Мұнартаудың етегінде мұңлы ырғақ,
Шолпан туар шолпысымен түнді ұрлап.
Аспантауға асылатын секілді,
Жұлдыздардың сырғалары сыңғырлап.
Жұлдыздарға сен де, мен де жақынбыз,
Жарығынан жаһұт теріп жатырмыз.
Қайнарбұлақ басындағы қарағай,
Аспантаудың етегінде ақын қыз.
Ай да жалғыз,
мен де жалғыз,
ол жалғыз,
Жалғыздықтың жырын талай толғармыз.
Қайнарбұлақ...
қарағайдың қасында –
Қарашығы қараөлеңге толған қыз...
Беу Көкше!
Бұл сапар сергіткенде сезім мені,
Әлде осы бақыт кешкен кезім бе еді?!
Мен өлең оқып тұрдым мөлдіреген
Көкшенің көлдерінің көзіндегі.
Беу Көкше!
Көркеміңді елемес кім,
Дәл мұндай жанды нұрға бөлемеспін.
Ақының толғайтындай өлең естім,
Жақыным болмайтындай сенен ешкім.
Беу Көкше!
Қасиетіңді кім елемес,
Бұлттары Бурабайдың үдере көш!
Айдынға Айнакөлде ай құласа,
Жер үсті, аспан асты түгел елес...
...Қай үміт жетелеген өрден мені,
Көк сағым көз ұшында көлбеңдеді.
Оқжетпес туымды іліп, жуындырып –
Ақ жауын басылмады мен келгелі...
Бізге де қай күн арман, қай күн сынақ,
Жанымның жапырағын жайдым сұрап.
Көкшенің бар жігіті - Біржан болса,
Көкшенің бар аруы - Ләйлім шырақ!
Әйтеуір мен келгелі жаңбырлы күн,
Түйіскен мекен осы тағдырлардың.
Қайтқанда Қопа көлден құлағыма,
Үздіккен үні келді сал Біржанның...
Көкшенің күнгейінен күнес күліп,
Көгінен ән қалқыды,
Жыр естіліп.
Аруын Аспантаудың жолға салды,
Сексен көл сексен сері ілестіріп...
Аққу арман...
Екіндіге таянып түс бекінді,
Жаным менің сол сұлу құс секілді.
Керуені күндердің өмір емес,
Ұйқтап жатып көретін түс секілді.
Көгім, күнім, мәңгілік көзімдесің,
Көктем барда көңілім көз ілмесін.
Қанаттылар тобымен ұшқым келді,
Өзімді де қанатты сезінгесін.
Керуен уақыт, несіне асықтырдың,
Торықтырма, тағдырым,
тасып тұрмын.
Ақ дүниенің арайы – аңсағаным,
Мені мәңгі өзіңе ғашық қылдың.
Ырғағына аққудың іштен құмар,
Түсінетін жан болса түстен де ұғар...
Аққу тектес ғұмырым ақ дүниенің
Қанатынан сусылдап түскен жырлар.
Бәлки мұным болар-ау жайт сенбеген,
Жұмбағын шешер болсаң,
айт, сен, көкем.
Айдынымды аялар армандар көп,
Дәриға-ай,
қайтсем екен,
қайтсем екен?!
***
Жұбататын жырларымен сол ақын,
Жалғыз-жарым қалған кезде құса түн.
Өмір кейде жел секілді соғатын,
Өмір кейде құс секілді ұшатын.
Бұл болмыстың бөлекшелеу бітімі,
Сағыныштың сарғайғанда сағымы.
Мендік жүрек соғысының лүпілі,
Біздің ауыл жұлдызының жарығы.
Тірлігімнің шырқалған жоқ бар әні,
Аспантаудың асқарынан самғау шың.
Бұрымымнан сипап өтіп барады,
Мамырдан соң мамырланған сол маусым.
Айдынымды аймалайды ай жарық,
Аппақ, аппақ армандардың досымын.
Кірпіктерім жұлдыздарға байланып,
Жанарыма жас сыйлады осы күн.
Жел құрғатар жанарымның шықтарын,
Не құдірет қара түннің көзінде?
Өлеңдерім өзің екен ұққаным,
Өлең болып кеттім,
жаным,
өзім де!
***
Сезімдер өз бақытын таңдайды ма,
Әуенін ғашықтардың салмайды ма?
Ертегіге еліткен өзің барда,
Тірлік біткен керемет қандай мына?!
Күн көрдім көкжиектен нұрын шашқан,
Түндердің тылсымдары, сырың дастан...
Жүрегім сіз дегенде құстай ұшты
Артына бір айналып бұрылмастан.
О, Махаббат!
мәңгілік баста мұңға,
Бақты қалай қиярмын қас қағымға?
Ғашықтардың әуені елжіретіп,
Қалықтасын аққулар аспанымда.
Сезімдердің киесі...
түс, аңыз ба?
Бір көруге зар болған құсамыз ба?
Ғашықтардың әуені тербеп тұрсын,
Қол ұстасып зәу көкке ұшамыз ба?
Шіркін, бәрі болса ғой «бүгінімдей»,
Ай, жұлдыздар тұра алмас мұны білмей...
Жүрегімнің соғысы сізге ұмтылған
Дүлдүлдердің дүбірлі дүбіріндей.
Махаббат, өртесе де өртің мейлі,
Сол өртің мені ешқашан өлтірмейді!
Ақ қағазға төгілген мөлдір өлең
Жанардағы жастай боп мөлтілдейді.
***
Жарық күнге жүрегін тосқан күнім,
Өлеңіме өзіңді қосқам бүгін.
Тылсымымда толқыған сезім нұрын
Қуанышым бұл тұрмақ қоштар мұңым.
О өмірім,
Арманды солдырмадың,
Бақыт кешпес түсінбес сордың мәнін.
Тағдырымның басынан сипап тұрып,
Ертеңіме өзіңмен қол бұлғадым.
Мен кешкен мұңлы жырдың лағылысың,
Тірліктің қайда апарар ағыны шын?
Жанарымнан жас болып үзіледі,
Көздеріңде қап қойған сағынышым...
Мен өмірді сезбегем бұрындары,
Шуақ болған, күнім ау, жырымдағы.
Өлшемдерге сыймайтын сезім нұры
Махаббат деп аталар ұғымдағы.
Барын берем алдында арлы үміттің,
Сол үшін де қаншама жанды үгіттім.
Бүгінімен ғұмырымен өлшейтіндер
Қадірін қайдан білсін мәңгіліктің...
Күзгі әуендер
1
Құстар қайтып барады түстігіне,
Өлеңіммен саз қостым құс тіліне.
Сары күзде сарғайтқан жапырақты
Мендік жалқы жүректің ыстығы де,
Құстар қайтып барады түстігіне...
Тәңіртаудың талықсып таңғы етегі,
Жабырқаған жанымды жарлы етеді.
Саздар ұшқан айдыннан қаздар ұшса,
Оның дағы сағынар бар мекені.
Тәңіртаудың талықсып таңғы етегі...
Қара таппай тұратын ұрынарға,
Бұл тағдырдың беймәлім сыры бар ма?
Бақыт деген сыймайды алақанға,
Уақыт деген ұқсайды зымыранға.
Тәңіртауға қарасам күнес көрдім,
Етегінде шалғынмен бір өскенмін.
Қайтқан қаздың барады қанатында
Сағынышым сағымға ілескен күн.
Тәңіртауға қарасам күнес көрдім...
2
Осы күздің боларын
Өткенде білдім,
Көктемде білдім, жан құрбым.
Мен онда көк белде тұрдым,
Өткелде тұрдым,
Жазуы шығар тағдырдың...
Мен онда
Бұлақтың көзінен жыр оқып,
Тау етегіне гүл ектім.
Күмбір көңілдің күйін түлетіп,
Қалауы шығар жүректің...
Жасылым көшсе,
Ішім бос,
Қырларым қайда гүлдеген?
Көктемнің сырын түсінбес –
Күздің боларын білмеген...
3
Күзім менің,
Сарғайған сағымдардың ізінде мұң.
Сабағынан жапырақ үзілгенін,
Тырналардың мен көрдім тізілгенін,
... Күзім менің!
Сенбі күні,
Тағдырым не айтады ендігіні,
Жанымның күй тартады шерлі мұңы,
Қараша, желтоқсанның желді күні...
Төбемде ай,
Қарайлай қоймайтындай төмен қарай,
Өзекті жарып шыққан өлеңде арай,
Білмеймін келем қалай?
Далада күз,
Біздерден де бір күні қалар аңыз,
Сағынышқа айналар самаламыз,
Сенен жақын өзіне таба ма қыз,
Сары ала күз?!.
Қордай асуы. Желтоқсан...
Сәті туса сапардың бақ табар ем,
Аппақ дүние,
Аппақ қар,
Аппақ әлем...
Асуынан Қордайдың мені асырар,
Ақ әлемге қанатын қаққан өлең.
Дүбір іздеп дүлдүлім таң асқасын,
Ақ дүниеде белгілі адаспасым...
Айыр қалпақ ағайын қарсы алады,
Асу бермес Қордайдан ары асқасын.
Сапар басы үкілі үміттейін,
Мақтарсыңдар жырымды ұғып кейін...
Асу бермей алдымда Қордай жатыр,
Ақ түтегі түтілген түбіттейін.
Көліне жыр сыйласам,
Көгіне нұр,
Ақ дүниенің атауы –
Өмір – Өмір...
Қалпағының түсіндей көңілі бар,
Сәлем берсем деп едім еліңе бір!
Шығып жатқан жайым жоқ күнде асуға,
Қырғыз доспен ойым бар сырласуға.
Хантәңірдің қызы едім хан сыйлаған,
Қайран Қордай асуы,
мінбе ашуға!
Бастап кетсең болады, думан, қырғыз,
Аман-есен өткен соң Шудан бұл қыз!
Оң жағымнан айымды туғызарсың,
Айтматов Шыңғысты туған қырғыз.
Ырға қосса ырымдап шырқап бәрі,
Тірлігінің басылар бұрқақтары.
Ақын қызын қазақтың аяласын,
Маң мінезді Манастың ұрпақтары!
Теңгермейтін текті едің жұлдызды Айға,
Бұрқасындар мойныңды бұрғызбай ма?
Қордай асу!
Қойсаңшы ашуланбай –
Бұл қыз қайда,
дүние-ай,
қырғыз қайда?!