ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА: ҒАШЫҚ СЕЗІМ

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА: ҒАШЫҚ СЕЗІМ

 

КӨЗ АЛМАЙ НЕГЕ ҚАРАЙСЫҢ

Көрмеген бұрын кісің бе ем,
қадалды неге жанарың?
Көп жанның мынау ішінен
көз алмай неге қарадың?!

Бөтен сөз ешбір айтпайсың,
кездесе қалсақ оңаша.
Ойланасың да, таппайсың
жасқанған бейне балаша.

Елеусіз ғана сөз айтсам,
құп алып, үнсіз қостайсың.
Қуанасың ғой бір қайтсам,
көрмеген көптен достай шын.

Қадалса сенің жанарың,
лүпілдеп жүрек... Солай шын...
Айтсаңшы, дал боп барамын,
көз алмай неге қарайсың?!
1957

ҰНАТЫП ЕМ…
Жасымнан ұнатып ем бір жігітті,
сүюдің қиындығын кім біліпті.
Көз қырын тастамай ол өте берді,
жүрекке арқалатып нұрлы үмітті.

Әдейі оны күнде жанап өтем,
ойпыр-ай, ғашық болған жаман екен,
көңілдің жайлауында сайран салып,
жаныңды талай күйге салады екен.

Сол жігіт білсең атын өлең деген,
жымияр: "Саған оңай көнем бе мен!" –
Ерте-кеш болса да бір естір ме екем
бір сөзін "Сені жақсы көрем!" деген…
1957

ӨЗІМ ТУРАЛЫ
Қыз болып ойнамадым қуыршақпен,
ерке еді мінезім де қыңырсоқтау.
Тайқитын дөкей деген балалар да,
“Бұл шатақ шығарады ұрынсақ”, - деп.

Қыздардай білмедім мен қылымсуды,
доп қудым балаларша трусимен.
“Осыным өзгелерден бөлектеу”, - деп,
сонда да аяулы ана қызын сүйген.

Сондағы бала мінез, қайсар қылық
көрмеген мені ешкімнен тайсалдырып.
..Болдым да саған ғашық ойда жоқта,
менде бір пайда болды байсалдылық.
1958
* * *
Тебіреніп жүрегіңнен жыр арнадың,
көп мезгіл жылылығын ұға алмадым.

Мен саған үміт артар сөз бермедім,
сонда да ынтық болдың, өзгермедің.

Мен болып жүректегі жыр, арманың,
бейнемді көңіліңнен шығармадың.

Жанымның өзге болды ұнатқаны,
өмірлік жүрегімде ол тұрақтады.

Көз тартар болмаса да ол дана жігіт,
сол ғана бақытым деп жанады үміт.

Сан қилы тағдыр жолын сезбеген ем:
мен жүрмін ой-қиялым өзгеменен.

Сен жүрсің ынтық болып күлкіме бір,
не деген ғажап еді шіркін өмір!..
1958
* * *
Басымды айналдырды-ау мұң аптабы,
еніп ем тәтті қиял құшағына.
Жаныма жақындамай жырақтады
арманым ақ сағымға ұсады да.

Жан, жүрек, ой, қиялым сендік еді,
зулайтын саған қарай үміт-кемем.
Өн бойым хатыңа да елжіреді,
сенуші ем, болмайтын-ды күдік деген.

Көңілімнің арман туы
самалменен
қиын-ау қайта тағы желбірері...
Мөп-мөлдір сезімдерім саған деген
есейтіп жібергендей енді мені.
1958
* * *
Бір сезім жанарыңда елжіреген
жанымды тұңғыш рет дір еткізді.
Басармын сол дірілді енді немен –
бір арман кернегендей жүректі ізгі.

Жаныма жақын тартып барады үнің,
сені айтып сыбырлайды терек, емен.
Еркелеп асыр салған балалығым
алыстап бара жатыр неге менен?

Ұйқымды шайдай ашып ұзақ түнде,
елесің көлбеңдейді неге сенің?
Ойыма сөздеріңді жүз ап күнге,
күбірлеп қиялыммен кеңесемін.

Сыланам. Жиіледі шашты да өру.
Жанымды жайлап алдың, санамды ұрлап.
Қайғы ма, қуаныш па жақсы көру
баласын бөтен үйдің?
Маған жұмбақ.
1958
* * *
Лүпілдей соқты жас жүрек,
еркелеп назбен қарадым.
“Поезда-ақ хатты жазшы?!” - деп,
елжірей қалды жанарың.

Сезімтал жүрек, жас жаным –
бәрі де сен деп талпынды.
Білдірер аяқ басқаның
абыржып тұрған қалпыңды.

Сөз таппай, үнсіз тұрмын кеп,
теңіздей жүрек толқыды.
Ышқынды гудок жүр-жүрлеп,
мұңая қарап ол тұрды.

Сөйткенше қолдар бұлғанды,
мөлдіреп көздер соңғы рет.
Айтылмай талай сыр қалды,
қимастық сезім толды кеп...
1959

ҚЫЗ СЫРЫ
Жігіттердің жүрегін
ұрлай бергім келмейді.
Сүйдім деген тілегін
тыңдай бергім келмейді.

Кез келгенін ғашық қып,
әлек еткім келмейді.
Аз күндік жай машық қып
және де өткім келмейді.

Алғашқы арман-тілекті
шетке ысырғым келмейді.
Бірді сүйген жүректі
көпке ұсынғым келмейді.
1959

ҚОШТАСАРДА
Қоштасу кезі келгенде
жаутаңдап маған қарадың.
“Жүрмейсің бірге сен неге?”
Дегендей болды жанарың.

Елжіреп тұрды жас жүрек,
жеңе алмай күшін сезімнің.
Кеудеме жалын түсті кеп
жаныңдай ыстық өзіңнің.

Перронға шықтың, қарадың,
тұрсың ба мені қия алмай?
Сыр ашпай қалай қаламын,
“сәулешім” дер ме ем ұялмай?!

Айта алмай қалдым. Жалынға
өртеніп кеудем тұрды-ау бір...
Қалды да қойды жанымда
жауғалы тұрған бір жаңбыр.
1959

ОН ЖЕТІНІҢ ӘНІ
Аспан нұрдай ашық екен,
неткен ғажап, шіркін, бүгін!
Естігенше асық екен
менің мөлдір күлкімді кім?!
Жас көңілдер сыр ашсын деп,
жас армандар ұлассын деп,
ашып тастап тұр ғой, міне,
сұлу көктем түн түндігін!
Айналамда зыр жүгірген
бозбалалар - бір жарасым.
Бірақ мені бір-біріңнен
іштей бекер қызғанасың!
Қаққанменен жан есігін,
әрқайсысың - жеке елсіңдер,
еркесіне әжесінің бәрің ғашық екенсіңдер!
Болса да алда сынар күнім,
қызық маған орталарың,
(көтермеңдер бұған мұрын — сендерсіз де жол
табамын!)
Бірақ, бірақ кейде мен де
білгім келіп толғанамын:
қайсыңыздың мен дегенде
көп тартады оң қабағың...
Шеттеріңнен жақұт ұлсың
иектен бір қыл қақпаған.
Бірақ қайсың бақытымсың -
бұл әзірге жұмбақ маған...
Сөзбен сынап-мінеп ілдім,
бірақ... қайсың бақытым деп,
дүрсілінен жүрегімнің оңашада тыңдап қалам...
Ой, қайсыңа сырды ақтарам?!
1958
* * *
Сенің нұрлы жанарыңды
бақытым деп қалыппын ғой.
Адал ниет, жан, арыңды
содан маған таныттың ғой.

Қош! — дедім де кете бергем,
ойда бірақ қалыпсың ғой.
Мені өзіңе жетелеген
бір сезімді жаңа ұқтым ғой...
1959

ҚЫЗ ӘНІ
Құлпырды дала мына,
жаным - жаз, жайнады үміт.
Тұр, жаным, жанарыңа
қарайын айна қылып.
Туғандай ай арманым
осы бір шалғында анық.
Ұйқыңды аш, оян,жаным,
келеді таң нұрланып.

Көз жұмып, көңіл балқып,
ісім жоқ баспанамен.
Бақыты өмірде артық
жан жоқтай басқа менен.

Әнші құс, неге ертемен
сайрадың бүгін сен де?
Жарысып жел-еркемен,
сайлармен жүгірсем бе!

Шырқап сен шалғайда әнді
кең дала — қыр бағында,
бақытың болғай мәңгі
деп әлде тұрғаның ба?

Осылай мың күн өтсін,
сайрай түс бақта дәйім.
Кішкентай бір тілекшім
бар деп мен мақтанайын.

Сәуірдің таңына ұқсап
күлімдеп тұршы, жаным!
Жүрегім алып ұшад,
мен неге тыншымадым?!

ЖІГІТ ӘНІ
Атсын, сәулем, таңдар күліп,
санаспайық уақытпенен.
Осы емес пе арманды үміт,
осы емес пе бақыт деген?!

Куә болсын аспан, дала -
бақыт құшқан таңым бүгін.
Жабықпа сен, жасқанба да,
бар күдіктен арыл, күнім!

Атсын таңдар толып нұрға,
жайнай түссін гүлім менің.
Әлденеден қорықтың ба,
неге, жаным, дірілдедің?

Көрейін мен келбетіңнен
ылғи таңның арай нұрын.
Сені өтейін тербетумен,
кетсін тұнған талайғы мұң.
***
Атты да шұғылалы таң күншығыстан,
арайдан қараңғылық бұлты ығысқан.
Талпынған тіршілікке қыр әлемін
бөледі сазды әуенге жыршы құстар.

Бас иіп қырдың жасыл қияқтары,
тұрғандай жаныңа әсем күй ақтарып,
нәп-нәзік қырдың гүлі албырайды,
алғашқы балғын сезім сияқтанып.

Күн шықты жанарынан нұр атылып,
құм жатыр бұйра жондар шұбатылып.
Жартыкеш ай барады жаутаң қағып,
үйінен кеткен қыздай ұзатылып.

Тұнжыр түн ұйқылы-ояу таңға ұласып,
қыр жатты тәтті ұйқысын қалғып ашып.
Әлемде тек екеуі секілденіп,
отырды қыз бен жігіт албырасып.

СҮЙГЕН СҰЛУ
Сенің көзің көк те емес, қара да емес -
қой көзді деп атайды мұндайларды.
Ол көздердің оты да ғажап емес,
бірақ маған сол жанар нұрдай мәңгі.

Сенің көркің ерекше емес, тегі,
(дәрі боп па қыздарға сарылығың!)
Бірақ маған “керім” боп елестедің,
саған ғана табынды бар ұғымым.

Мен үшін сен — бәрісің тіршіліктің,
жаным ұйып тек саған сыр ағыттым.
Осы екен ғой, мен жаңа бір сыр ұқтым,
“Сүйген — сұлу” дейтіні бұ халықтың.
1959
* * *
Сыбырлай сүйіп самал жел,
толқытты жанды несіне?
Жұпарын шашып көгал бел
шақырды кімді төсіне?

өзенге әсем өң беріп,
жас қайың жайнап өсуде.
Жағада қайық тербеліп,
күтеді кімді есуге?

Мүлгиді неге жас тал да,
күткендей ынтық сырларды?
Алтын ай қалқып аспанда,
айналам неге нұрланды?

Құшағын кімге тұр ашып,
айлы түн мұнша сағынып?
Самалға жас қыз сыр ашып,
аңсады кімді жабығып?

Арманға толы жас жаны
тіледі кімді елжіреп?
Ұқпайды неге басқаны
өзімшіл асау өр жүрек?!
1960

* * *
Қадалып, іштей тамсана,
қайтесіз мені ұялтып.
өртенсеңіз де қаншама,
мен үшін құрмет – сый артық.

Бетке алып өзен жағасын,
сырлассам, рас, сізбенен,
жүрек те табар жарасым,
бағым ба ең әлде іздеген?!

Қадірлі туыс бол маған,
таппайын сізге баға да.
Жүректе мәңгі орнаған
бір тентек інің бар, аға!
1960
* * *
“Ғашық жайлы мұңды өлең
жазба!” - дейсің. Ақылың.
Тұра қалып тілдер ем —
ұғар емес батырың.

Сүю — сезім улары,
татпақ түгіл - қайғысын,
ғашық болып туғалы
көрмепсің-ау, байғұсым!
Кетісудің кілті — егес,
қозғамайық ол жайлы.
Махаббатың — күлкі емес,
мұңсыз сүю болмайды!
1960
* * *
Өзімді жүрегіңнің есі қылдың,
бұл жайды, амалым не, кеш ұғындым.

Өзіңді мен де оңаша қиялдадым,
жаным деп жүрегімнен күй арнадым.

Жас сезім гүлдей нәзік, адал да едім,
тек сенен бақытымды табам дедім.

Айлы түн қыз жанынан сыр ұрласа,
сен дедім ерке самал сыбырласа.

Жатсындым, өзгелерді көзге ілмедім,
сен бірақ жан күйіңді сездірмедің.

Бейнемді көңіліңнен шығармадың,
мен бірақ кезінде оны ұға алмадым...

Өмірде өткелі көп, әні қысқа,
ал бұған кінәлі кім —жазымыш па?
1960

ДИАЛОГ
- Сенсіз қалай күнелтем –
үйленейік, жүр, еркем!

- Мен сүймесем, не етеміз?

- Әлі-ақ сүйіп кетеміз,
үйренісіп күні ертең.

Сүймей, күймей, зар қылмай,
өмір құру – бір қайғы:
сыйласудан
тағдырдай
шын махаббат тумайды.
1962

ҚЫЗ ҚУУ
Елең болмай жайлауда жаз аптабы,
қызып кетті бойымда қазақ қаны:
- Ертте, жезде, ең жүйрік сәйгүлікті -
басталуға “қыз қуу” аз-ақ қалды!
- Ат - машина емес, ал ақыл ұғып,
кетері бар, балдызжан, қапы қылып.
Ерке қызын қаланың ат көрмеген
жығып кетіп жүрмесін атып ұрып!
- Тұрарым жоқ алданып айла-егеске,
белді будым қалсам да қай белесте!
Жол соңына жасықты қалдыратын
өмір деген өзі де бәйге емес пе!
... Арғымаққа жөнедім қамшы басып,
(қарап қоям қауіппен артыма шын!)
Мені қуып жеткенше, ей жігітім,
қара терге өзің де малшынарсың!
- Обалсыз, - деп, - есекке сеніп мінген!-
қамшы ойнаттым қайтарда төніп бірден.
Неге екенін білмеймін, жігітті емес,
атын ғана сабалай беріппін мен...
1965

* * *
Өмірде мынау менің бір
қоштаспас мәңгі досым бар.
Ол—менің жолым сенімді, болашақтарға жосылған.

Шарласам түгел аймақты,
терсем де қырдың гүлдерін,
барсам да қашан, қай жаққа —
сол досымменен біргемін.

Қымбат-ау кәрі- жасқа да,
шын досқа, шіркін, не жетсін!
Болмасын құның басқаға,
сен оған бірақ қажетсің.

Дос барда саспай табамын
жұмбақ сырлардың шешімін.
Өзімен бірге қағамын
тәкәббар Өлең есігін.

Өмірдің асу, асқарын
бетке алып шырқап кетем мен.
Қияға самғап жас жаным,
арман шыңдарға жетем мен.

Ананың аңсап құшағын
сағынып кеткен шақта мен,
сол доспен бірге ұшамын
ақ көңіл ауыл жаққа мен.

Өмірдің өзі сый қылған
жол - серік саған, маған да.
Тұра сап таңда ұйқымнан,
кетемін жолмен тағы алға.

Мені өмір талай сүңгіткен
жалғыздық деген айдынға.
Арыл да бір сәт мұң-жүктен,
дос барда, жүрек, қайғырма!

Қиналсам, дәйім тосты алдан,
сүйремей алға тынбайды.
Әкеме жандай дос болған
жол мені адастырмайды...
1966

ЖАСТЫҚ ШАҚ ГИМНІ
Шешпеген сұрақтарымның жауаптарынан,
жетпеген мұраттарымның абат бағынан,
Әділет аңсар жалғанның жеңістерінен,
өкпелеп кеткен жандардың келіскенінен,
алынбаған асқарларымның жалқын жонынан,
жазылмаған дастандарымның жарқын жолынан,
жетпеген армандарымның көктемдерінен,
шықпаған заңғарларымның өткелдерінен
мен сенің тұлғаңды көрем,
ұрпаққа жыр боп қалатын жылдарды көрем,
жауынды дауыл, қара түн сындарды көрем,
сағыныштан да тәттірек мұңдарды көрем,
о, алау жастығым менің!
1967

САҒЫНДЫМ
Жырымды алғаш тыңдаған
ауылымды сағындым.
Қош айтып қол бұлғаған
бауырымды сағындым.

Ақша бұлты жарасқан
аспаныңды сағындым.
Қуыршақ ойнап таласқан
достарымды сағындым.

Еркелеткен жасымнан
ағаларды сағындым.
Мейірім төккен асыл жан –
жан анамды сағындым.

Таң нұрымен даланың
жайнағанын сағындым.
Әнші құстар таң әнін
сайрағанын сағындым.

Жазғы кеште тербеткен
самалыңды сағындым.
Кеше ғана сенде өткен
бала күнді сағындым.
1956

АҚБӨБЕК ЖЫРЛАРЫ
Ақбөбек пен Қайыптың мұңды махаббаты туралы аңыз Маңқыстауда кең тараған. Өнерпаз кедей жігіт Қайыпты сүйген бай қызы бір түнде онымен қашып кетеді де, тауда үш күн паналайды. Қайып аң аулап кеткенде, қуғыншылар Ақбөбекті қолға түсіріп, Форт-Александриядағы (Форт-Шевченко) түрмеге қамайды. Қайып жићан кезіп кетеді.

ДАЛАМЕН СЫРЛАСУ
Дала, менің жеңешемдей
кетіпсің ғой құлпырып тым!
Маған пәлен демесең де,
жанарыңда нұр тұнып тұр.

Көктеменің күн шуағын
сағыныпсың, ұғып тұрмын.
Үйде мен де тыншымадым –
құлпырдың да, қызықтырдың.

Тыным көрмей жыршы құс-ақ
саған арнап жаңаша әнін,
түріне тым тұрсың ұсап
әжем терген алашаның.

Тіршіліктің бәрі бүгін,
бәрі бүгін бір түледі.
Таулар ғана кәрілігін
сезінгендей күрсінеді.

Сілкінбеді, шөге берді,
қажыған ба өмір соғып?
Асқақ кейпі келе ме енді,
ойлағанмен көңіл солып...

Кәрі таудың құшағына
тұрақтамай бұлақ-қыздар
қарт жүрегін құса қылып
кетіп жатыр құлап құздан.

Қатпар шыңның мүжік басын
келемеш қып, қарашы әні,
жеткізбей жүр күліп қашып
жалаң аяқ бала сағым.

...Мен түнімен көз ілмедім,
көңілім де тыншымайды.
Бір бейтаныс сезім менің
жүрегімді шымшылайды...

ЖЕҢЕШЕ
Жеңешетай, тоқташы,
құшақтайын сені бір!
Тасташы сол от басын,
отырмашы емініп.

Жақын келші жаныма,
жанарыма үңілші!
Шаттық көрсең жадыра,
отырма тек түк үнсіз.

Сен қуансаң, ақылдым,
қуанамын деуші едің.
Ағадан да жақындау
көремін ғой мен сені.

Жаным бүгін шашты гүл,
әлем бақыт сыйлап тұр!
Махаббаттың мастығы
қуыршақты жинатты.

Көзінде оның сағым-нұр
тұнып тұрған секілді.
Жүрегімді, жанымды
ұғып тұрған секілді.

Сол жанарда - қонысым,
қуанышым не түрлі.
Менің жаным онысыз
күнсіз аспан секілді.

Айтшы маған жыр етіп,
есіңе алшы бүгін бір.
Алғаш жүрек дір етіп,
ғашық болған күніңді…

ТҮҢІЛУ
Адайлар мені маңдайға біткен күнім деп,
қастерлеп аса мақтайтын –
аймаққа кетсе атағым менің дүбірлеп,
бетімнен бірі қақпайтын.

Сүйікті болса, еркелеу болып кететін
әдеті шығар пенденің:
бір басқа менің еркелігім де жететін,
ел еді сонда сенгенім.

“Бөбекте де арман бар ма екен” дейтін қыз
біткен,
жігіттер жүрді жыр арнап.
Оңымнан туар бақытым - Айым біз күткен
сағым боп өтті бұлаңдап.

Жұлдызы болдым елдегі думан-қызықтың,
алдыма шығар кім бар-ды.
Енді мен бүгін “күнәкар болып батасын елдің
бұзыппын”
сүйгенім үшін бір жанды.

Ата-ана қайда бетіме жел боп келмеген,
беремін дейтін тілегін?..
Әлпештеп жүріп безеді неге ел менен,
жасыды-ау әбден жігерім...

Құса боп өтсе қыздары елдің сәні ме,
халқым-ау, қалай төзгенің?
Алдамшы екен ғой мынау жалғанда бәрі де,
махаббатымнан өзгенің.

СӨНБЕЙТІН СЕЗІМ
“Атыңнан айналайын Бөбек деген”.
Қайыптың әні.

Дауысың келді-ау құлаққа, сағынышым,
құсалықтан Бөбегің арыды шын.
Кеше мені азаптап көп сұрады:
“Қай бетке ұшып кетті,— деп, - тағы құсың?”

Сенің әнің сайрап тұр көкіректе,
ойламашы азаптан өкінед деп.
Менің бойым өрт тұрған.
Қосылмайтын
жүректердің, жаным-ау, оты көп пе?

Қайда жүрсің қамығып, сұңқар құсым,
бізден бақыт қиялдай бұлтарды шын.
Бөбек сендік жанары жұмылғанша,
арнаса да дүйім ел мың қарғысын.

Төксін теріс батасын, жала, кегін –
өзгермейді өзіңдік жан екенім,
ұқсын, мынау ұға алса, көр кеуделер,
сөнбейтұғын сезімдер бар екенін.

АШЫНУ
Түрмедегі Ақбөбекті патша офицері корламақ болады.
Селтиген сары!
Жетіспей тұрғаным сен едің,
келдің бе тағы көлгірсіп зымиян күлкіңмен!
Ұстай алмассың Бөбектің шәйі желегін,
әзер болса, дозағым болар бұл түрмең.

Ит өлген жерден келді екен сені кім айдап,
қаңғыбастарға мекен болған ба бұл аймақ?!
Тірілей мені тәлкек қып қойған мұндайға
соқыр екен ғой Құдай да!

Күні кеше сен “жабайылар” деп шікірейіп
тұрдың емес пе,
сары жез мұртың тікірейіп тұрды емес пе!
Жабайыны жөнге саламын десең, алдымен
мәдениеттілігіңді елестет!

Жолама маған,
қолаңса-сасық, күлімсі исіңнен жерінем,
қорқытам деме - талай қорқудан батыр боп
алдым тегі мен,
сенсіз-ақ көрген азабым бастан асып тұр
мынау даланың шонжарлары мен бегінен.
Тірілей сенің құшағыңа енбен, жүн ерін,
аю мойныңа асыла алмайды Қайыпты ораған
білегім!
Асқақтығым асып, ашуың қысса, жарып же
жабайы қыздың жүрегін!

ӨМІРГЕ ТҰРАР ҮШ КҮНІМ
Туған жер, елдің ішінен
жанашыр болды түн ғана:
дегендей бәрін түсінем
жасыра қойды жылғаға.

Тауға да жеттік ентігіп,
бұлақ-қыз күлді сылқылдап.
Жұлдыздар жиі. Жел тымық.
Қос жүрек қана тұр тулап.

Жастанып жүпар жусанды,
Көрпеміз - түннің шәлісі.
От сезімдерден бусанды
қаңырап қалған тау іші...

Жүректер жалын. Мекен - құз.
Жанарға бақыт-нұр қонып.
Тілеумен жаттық екеуміз
тұрғай деп мәңгі түн болып.

Таңдағы түстей тәтті еді
өмірге тұрар үш күнім.
Таптады қыршын сәтте бір
тырнағы заман-күштінің.

Азапқа салсын. Жүдеп мен
кінәлі жандай жасыман:
Айнымас асау жүрекпен
ақ сезіміме бас ұрам!

АРМАН
Елестейді жанбаған бағым әлі,
Сорлы жүрек сол күнді сағынады...
...Ақбөбек пен Қайыптың қызығы деп
тойлы ауылға кәрі-жас ағылады.

Балалар мәз. Думанға күлкі ұласып,
жаңа жерді жатсынып, жылқы қашып...
Көк шалғынға көміліп жас құлындар
жатса-ау, шіркін, желіде шұрқырасып!

Қыз жүрегін жігіттер байқап ашып,
отырады өзара тайталасып.
Қатар-қатар тігілген ақ жұмыртқа
отаулардың түндігін айқара ашып.

“Кетеді-ау, - деп, - жат-жұртқа ұя салып”...
Кейде келген құдадан сый аталып,
отырады кемпірлер “өріс қой” деп,
жаулық ұшын көз жаққа жиі апарып.

Сонда бұл маң түп-түгел жатпайды анық,
жолаушы да тыңдайды тоқтай қалып.
Жас күйеуді ортаға ап жеңге біткен
сабылумен жүреді нарттай жанып.

Таңданады сол тойға халық тұрып
(қызық думан көрген бе жалықтырып!),
жарқылдасып жүреді ағаларым
жиған-терген дүниені сарып қылып!

Ән-күйіңді сен бүгін бұлдама деп,
достар тұрса даланы жырға бөлеп.
Сонда біздер бақыттың толқынында
қос қайың боп, дүние-ай, ырғалар ек!

Қол жетпеске талпынар көңіл деген,
аңсауменен бұл күнді өмірде мен
өтемін ғой, құдай-ай, құсалықтан
жалғыз тамшы жас қалмай төгілмеген...

Бақыт аңсап балалық күн кешіп ем,
болмағаны-ау бармақтай бір несібем...
Бұл қапырық қуыстан құтылармын,
қалай шығам заманның түрмесінен…
1966
* * *
Басқа қызды жар еттің. От-жалынмен
мені сүйген жүректі аямай-ақ.
Тікенекті өмірдің соқпағымен
тартып бердің әйтеуір жалаң аяқ.

Саған деген сезімнен есім кетіп,
өртеніп-ақ жатамын қызғаныштан.
Келе алмадым сонда да шешімге түк,
шаншу алды жанымды, ызғар ұстап.

Білем әлі жүректер ұғысарын,
бірақ көрсем - жалынды басып-жаншып,
асқақ қарап өтуге тырысамын,
сенен өзге біреуге ғашық жансып.

Тағдыр бізді осылай тұсады да,
екі айырды. Аңсаушы ек тел өсуді.
Беріп сені басқаның құшағына,
серік қылып жүрмін тек елесіңді.

Жұртқа жұмбақ болды да мендегі елес,
біреулерге бұл күнде мазақ та өзім...
Махаббаттың күйігі — ерлер емес,
әйел ғана шыдайтын азап-төзім.
1966
***
Екеу-ақпыз. Отырмыз тіл қатыспай.
Сен Күншығыс, мен бейне Күнбатыстай.
Бұл үнсіздік қанша күн өмір сүрмек,
жүруші ек қой қайғы да, мұң да құшпай.

Неге-неге осынша алыстадық,
өліп-өшкен жүректі жаныштадық.
Сен отырсың жігіттік өрлігіңмен
иілуге алдымда намыстанып.

Менде ме деп бар кінә, мұңға баттым,
құптамаппын бас иіп, тыңдамаппын.
Көтергендей аспанды мен де отырмын
нәзік жыныстығымды бұлдап-ақ тым.

Қойшы, жаным, пайда не бұдан ұтқан,
жүдеу тартты дүние, құлазып маң.
Біз екеуміз “сыймаймыз”, несіне онда
татулықты күтеміз мына жұрттан…
1967
* * *
Біз екеуіміз біргеміз.
Бақыттылықтан жанарымда менің қалды ғой күміс
шық түнып.
Дүние деген тып-тымық!
өліп-өшкен бар болмысыңменен сен отырасың тіл
қатпай,
жанарыңмен ғана ұқтырып
(адамдар бүгін бірінен бірі алшақтап кеткен заманда
ұғысу деген - мықтылық!)
Өмір бізді айырсын -
бұған да тіпті қайғыдан өксіп өкінбен,
түндерде мейлі арпалысайын жанымда жанған отыммен,
мейлің сен тіпті басқа жанменен мен жоқта
оңаша қалып отыр ма ең -
бәрібір мені ұмыта алмайсың. Мен сенімен біргемін
ұғысқан алғаш со күннен.

Менің аусарлау ақылдым!
Қақтығысы мол жер үстін басып жанымда өзің жүргелі,
қажыта алмайды мұң мені.
Мен жиіркенемін кейбіреулерден. Сүю дейтіні олардың—-
төсекте жатқан түндері.
Бұл дүниенің қасіреті менше –
ұғыса алмайтын жандардың
түсініскен боп жүргені.
1967
***
Налып келдің соншалық, тұнжырадың
өсегімен біреулердің.
Мен де өзіңмен қосыла қынжыламын,
мұндайда жүдеулеумін.

Қабағыңнан –
менен артып жан ұққан ба! –
іздеймін күлкі таңын.
Табынарым – сен бұлай жабыққанда
мен кімді пір тұтамын…

Жақсылықтың бәрінен түңілмеші
бір-екі жаман үшін.
Қайғы қылдың, жаным-ау, мұның несін
болмаса жалаң ісің?!

Түңілер сәт шындықтан өтер кейде,
өшетін үміт, сенім…
Бірақ өмір шарт мінез. Көтермейді
күйректігін жігіттердің!
1967
* * *
Өлең көп деп біреулер жазғырар ма
махаббат, сезім жайлы.
Олар, әттең, мендегі жазды ұғар ма
жолдар келіп тұрғанда өзің жайлы.

Өзің жайлы-
өкініш, өсегі мен
құштарлығы тағы мол өмір жайлы:
құштарлығым күн сайын өседі де,
қуаныштан тәттірек со бір қайғы.

Өмір – сенсің, бар жұртты ұмыттырып,
өзіңді құштыратын.
Ішіп-жеген жанарыңды үміт қылып,
күттіретін біткенше күш-қуатым.

Сенсіз жырмен жоқ менің тілдеспегім,
қайтем енді біреулер оны ұқпаса…
Бұл күнәкар тірлікте жүрмес те едім,
өзіңмен жолықпасам.
1967
* * *
Бұл жырлар жазылмас еді-ау,
мен қайғы жұтпаған болсам.
Бұл жүрек табынбас еді-ау,
сен жұртқа ұқсаған болсаң.

Көзіме ілінбес те едің,
шыға алар шыңдарым болсаң.
Тек саған жүгінбес те едім,
иіліп құрбаным болсаң.

Мен бұлай жүрмес те едім-ау,
өмірде болмаған болсаң.
Сүюді білмес те едім-ау,
сенімді қорлаған болсаң.
1967
***
Көрінбей кетсең, сені мен
көруге тіпті құштармын.
Жаныма жақын келіп ең –
келмеді бірақ тіс жарғым.

Жүрегім талай алқынды-ақ,
бір саған арнап мұң-әнін.
Жиында жұртқа жарқылдап,
көзге ілмей сені тұрамын.

Құдыққа барсам, қарадым
ат суаруға келгей деп.
Түңілтіп кетіп қаламын
түсімнен жылу бермей көп.

Жанымда арман, мақсат көп
екеуміз ғана ұғысар.
Сонда да саған асқақ боп
көрінуге мен тырысам.

Қыздардан өрлік қалған ба –
құлай сүйсе де шектелген:
сен алғаш сүйіп алғанда,
ашуланған боп кеткем мен…
1967

СЕН ТУРАЛЫ
Сен бір албырт жігітсің, білемін мен,
бір нәзіктік еседі жүрегіңнен.
Сен кірбіңсіз, көңілді болсаң дәйім,
жаным сая тапқандай жүремін кең.

Сен мұңайсаң, сан ойлар қоршап мені,
деп қаламын: “Жүр екен аңсап нені...”
Жалт етіп бір қараған жанарыңнан
жан-күйіңді ұғамын сол сәттегі.

Сен сырт көзге жігітсің көптің бірі,
байқалмайды қызбалық, өткірлігің.
...Бір ғажайып күш сенің бойыңдағы жүрегімді балқытып, төктірді нұр...
1968
***
Жанымда жүрші
аласармайтын армандай асқар тауым боп,
шілдедегі әппақ жауын боп.
Сенімен жүрсем –
мынау жалғанда мен көтермейтін ауыр жоқ,
бет қаратпайтын дауыл жоқ.

Сенсіз күндерім
бұлыңғыр күнгі көңілсіз күңгірт екінді.
Сезбей-ақ күннің шуақ сәулесін, жұпар самалды не түнгі,
өмір кешетін сонда да мәз боп өкінбей
ойсыз байғұстар секілді…

Жанымда жүрші
көңілімнің арай рауандап атқан таңы боп,
кіршік шалмаған менің әжемнің ары боп.
Күйдіре түссін өзімшіл мына жүректі
сендегі сөнбес жалын от.
Әйтеуір осы тірлік дегеннің мен үшін
өзіңсіз ешбір мәні жоқ.
1968

САҒЫНА ТҮССІН ДЕДІҢ БЕ
Жүректі тербеп бал сезім,
қоштастым сонда дірілдеп.
Аузымнан шықпай бар сөзім,
ішімнен тұрдым “күнім” деп.
Жанарың сенің қадалған,
жаныма күн боп нұр септі.
Жиналған мынау жарандар
қарамай бізге тұрса етті...

Кеттің ғой сонда көп күнге,
қолымды неге қыспадың?
Тіледім самолеттің де
кешігіп барып ұшқанын.

Несіне тіктің көзіңді
сүйілмей қалған ерінге...
Сарғая күтіп өзіңді,
сағына түссін дедің бе?
1968
***
Алыстарға кетейік.
Қаланың бізді көп жалықтырған күйбеңдерінен жыраққа,
ақ бас тауларға аймалап жатқан күміс шолпылы бұлақтар.
Сен ғажайып ертегілердің батыры
астындағы арғымақ атпен айшылық жолды бір аттар.
Өзіңе ғана табынған ессіз мен нәзік ару болайын
тозақ боп сенсіз көрінсін тіпті жұмақ та!

Өңгеріп мені ап кетші
көк ормандарға тылсымын аяқ баспаған,
түнектерімен өр көңілдерді жасқаған.
Толтырсын меңіреу дүниені у-шу дүбірге
сенің екпініңнен қашқан аң!
От махаббатыңнан өртенген маған еркек еместей
көрінісін
жалғыз өзіңнен басқа адам.

Ұмытайық біз сонда
мынау жалғанда біреулер барын жер басып жүрген
айла қып,
өсек-аяңнан пайда алып:
дүниенің бәрі біз екеуміздің жанымыздай мөлдір
болсын деп,
арманның ақбоз арғымағын Айға байлалық.
Рахаттан сонда жылайын күліп жатып мен
өмірден мың-мың айналып!
1969
***
Сен үшін сонау алыстардағы елес ем,
осынша мені арман қып келдің неге сен?
“Сыртыңнан сүйіп жүретінімді сезуші едің ғой”
демесең,
мен саған ғашық емес ем.

Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана
асқақтау басып, бақытты болдым. “Сонда да
жан-жүрегіңді толтырар бір жан жетпей жүрді ғой”
демесең,
мен саған ғашық емес ем.

Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,
сен екеніңді білген бе ем…
Әйтеуір, жаным, “бұл күнде менсіз жүре алмайсың ғой”
демесең,
мен саған ғашық емес ем.
1968
***
Самолетке барамын көтеріліп,
Көкіректі күдік-жел өтеді ұрып.
Асау көңіл жабығып осындайда,
оралмастай көрініп кетеді үміт.

Жалтаңдаймын “қалайша ол жетпеді” деп,
көтеремін тырмысып өкшені кеп…
Сонау тұрған көп жанның арасынан
сенің жүзің елестеп кетсе еді деп.

Орап жақсы сөздердің құндағына,
достар қалды қолдарын бұлғады да.
Жетпейді ғой өзгенің ақ тілегі
тіл қатпай-ақ өзіңнің тұрғаныңа.

Үнсіз-ақ сен тұрар ең жанымды ұғып,
(түсіну де, меніңше, дарындылық)
сенің келмегеніңнің өзі-ақ мені
оралдырар мың есе сағындырып!
1968
* * *
Табыстық. Екеуіміз де көктем едік.
Бір кештік су демедік, от демедік.
Соншалық ұғысқаннан,
бірімізге
біріміз тіл қатпай-ақ өкпеледік.

Оянып сүйіскенде ала таңнан,
сезімдер мөлдір шықтай жаңа тамған,
ұғамыз қос жүректің тіл қатысын
иыққа тиіп кеткен алақаннан.

Ол менің (сенің де!) өшпес кезім ыстық.
Бақыттан көрмейді әлі көзіміз түк.
Мен мұнда, сен жырақта жүргенде де
біріміз бірімізді сезіністік.

Рақат теңізінен жүзіп ішіп
келеміз.
Кетті талай мұз ығысып.
Көре алмас көздер ғана көлденеңдеп,
біреулер қадалады қызығысып.

Өзіңсіз қызықтырмай мені еш мекен,
сенімен жұмақты да елестетем.
Ал жұрттың таңдануы —
мұндай сезім
тым сирек бір құбылыс емес пе екен?
1968
* * *
Мейрімсіз, қатал десек те,
әр жанның жүрек оты бар.
Бақытын оймен есептеп,
елжіреп кейде отырар.

Сағыныш толмас жүректер
жоқ, сірә, мына жалғанда.
Өзіндік әркім тілекпен
өзінше шырқар арманға.

Мақтауға ол мейлі тұрмасын,
болмасын дана тұлға шын –
сүйікті болу, сүю хақ,
адам боп жаратылғасын.
1968

СЕН ЕКЕУІМІЗ
Менменшілдік артты да сана-күштен,
екеуіміз де кетістік “тамам іс” деп.
Махаббаттың жалынын жалғыз жұтып,
сен ренжіп жүрсің ғой маған іштен...

Екеуіміз де ақылға бекінбедік,
таластық та, “сенікі шетін” дедік.
Бүгін біздер мұңдымыз, жүрсек-тағы
дымымыз да кетпеген секілденіп.

Құр өкпені қайтеміз. Жетер, күнім,
деймін іштей: “ Табысқай екі ел бүгін!”
Екеуіміз де ұғындық, бірімізге
бірімізсіз өмір жоқ екендігін.

Елжірейсің—өкпенің бәрі біткен.
құшағыңды отырмын сағынып мен.
Екеуіміз де үнсізбіз... жақындасақ,
кететіндей өрт болып бал үміттер!..
1968

АУЫЛ ҚЫЗЫ
Қос жанарда тұрады арай кілкіп,
қадалмайды, жалт етіп қарайды үркіп.
Сұқтанады сан көздер сұлулыққа,
талықсиды қағылмай талай кірпік.

Ақша бетке жарасып пісте мұрын,
балғын жүзден мөлдіреп іштегі нұр,
бала мінез, пәк көңіл тамсандырып,
деседі іштей жігіттер: “Түс пе мұным?!”

Жұмыр кеуде жарасып иықпен тік,
тұр талдырмаш денесін биіктетіп.
Жалғыз жатыр жотада қара бұрым
нәзік белге кей-кейде тиіп кетіп.

Қынай белді көйлегін етегі кең,
қуыршақтай қомпитып кетеді жел.
Ақ маржандай тізілген сұлу тістер
көмкеріліп алқызыл екі ерінмен.

Шыдам жетсе, жігітім, қызбай қара,
қадалсаң да, тоймайсың, жүз қайтара.
Мынау дала жердегі жұмақ болса,
періште деп дәл осы қызды айтады, ә!
1969
* * *
Алтын арай атқанда таң нұрланып,
жыр-көктеммен құлпырды дала-кілем.
Құшағым – гүл. Келемін бал-бұл жанып
жастықтың алаңымен.

Қыз арманы секілді алғы уақытым,
шырын сезім жүректе, жанарда да.
Әлем сыйлап тұрғандай бар бақытын
жалғыз-ақ маған ғана!

Жастығыма болғандай уақыт ғашық,
жетелейді өмірдің бағына әсем.
Сезім көлі – жанарың бақыт шашып
келесің жанымда сен!

…Талқысы мол тағдырдың бір басында,
ұлылықты үреймен алыстырған -
бас иеміз сонда да бұл ғасырға
екеумізді табыстырған.
1970
***
Мен бір қызық адаммын:
қатал тағдыр сілкілеп мың сынаған,
құлап-тұрып, сонда да тыншымаған.
Жұртқа деген ызадан булыққанда,
сені орынсыз азаптап ұрсып алам.

Сен асқақсың – білемін.
Маған ғана иіліп кішіресің
(иілу де бұл күнде кісіге сын).
Қуаныштың мен үшін не екенін
бұл жалғанда сен ғана түсінесің.

Жыр жазбасам жабығам,
онысыз маған дүние жел өтіндей,
жұрт ұқпайды – жүрем мен неге күлмей.
Ал сен болсаң, қайрайсың, құлшынтасың,
содан саған бір пайда келетіндей.

Жандар көп қой,
жанашырсып жүретін көтермелеп…
жанымдасың болғанмен мекен бөлек.
О, мен кейде қорқамын көп ішінде
жалғыздықтан жарылып кетем бе деп…

Мен өзгенің көзіне
асқақтаған адуын, мұңсыздаймын,
ұқпайды олар – көзімде тұнсын қайғым.
Жыласам да, күлсем де – мен әйтеуір
сенің ғана алдыңда қымсынбаймын.

Сен жақынсың жаныма,
мейлің тіпті менімен күн-түн егес,
өзгелермен күлгенім – күлкі де емес.
Дос көп болсын деседі-ау. Сендей достың
көп болуы адамда мүмкін емес…
1971
* * *
Бір жүрейік,
қос дауыспен "Аққұмдай" бір ән салып,
тұтқындасын ақынды қылаң шабыт,
мұңдылар да еске алсын бақыт күнін,
жанарларды тұрмасын тұман шалып.

Өмір — жасыл бақ емес, арналы құз,
таба алмайтын сәттер бар қарманып із.
Бұл тірлікте түк емес кейде біздің
ұғыса алмай, керісіп қалғанымыз.

Несі қызық бар дәмін
татпай кетсек, өмірге келіп тұрып,
қуантпаса ол, жылатып, еліктіріп?!
Кейде дауыл соқпаса, тыныштық та
жібереді емес пе зеріктіріп?

Бір жүрейік
жүзімізден арайлы арман ұшып,
жанымыз — дәл гүл құшқан таңдағы шық.
Бізді көріп секемшіл мына жұрттар
бас шайқасып, дал болсын таңданысып.
1970
***
Келесің дәйім шілденің
от күні болып, ынтығып,
құшағыңда құрып сүлдерім
шыға алмай қалам бұлқынып.

Кетеді сонда жон аттап
тәкаппар менің өрлігім,
жанарда жүрген қонақтап
қоңырқай күздей сорлы мұң.

Сендегі сезім селінен
еркелей тұрып жасқанам.
Сүйе ала ма екен беріле
біз екеуміздей басқалар…

Сенімен еріп үйге бір
келеді шуақ жылытып.
тірліктің күйтің күйбеңін
кетемін сонда ұмытып.
* * *
Мен сені қызғанамын.
Жалт етіп қарағанына емес қыз баланың
(мен ешқашан қызғанбан қызға, жаным,
олар менің қашан да ақ тілеушім ғой –
байбалам сап несіне сызданамын.
Көкірегіңде мен тұрып, шамаң жетсе,
басқа жұртқа мейлің сен жүз қарағын!).

Мен сені қызғанамын
бәз біреулер өктемсіп басынғанда
(өктемсушілер көбейді – ғасырдан ба…),
доспын дейтін жігіттер бірге отырып,
сенен сырын қулықпен жасырғанда.
Осылардың бәрі оқ боп қадалады
сені нәзік сүйетін ғашық жанға.

Сен далаға тартқансың.
маңғаз мінез, кеңдікпен көзіме сен
менің дархан далам боп көрінесің,
өзекті өртеп, аңқаңды кептіретін
отты сезімді алдың ба шөлінен сен?!
Бір-біріңнен айнымай қалғасын ба –
мен даламды да қызғанып, өліп-өшем.

(Мен оны да қызғанам
отаны жат біреулер менсінбегенде,
ей, ағайын, мені тым “жершіл” демеңдер.
Мен төзбеймін жат біреу қожасып жүрсе,
бабаларымның қаны мен тері сіңген жерге!
Тұмау құртқан солардың танауларына
даланың жұпар ауасы келсін бе мүлде!)

Мен сені қызғанамын,
қадіріңді біреулер білмегенде,
сені сырттай көре алмай күндегенде.
Өзің жайлы орынсыз мысқыл айтса,
қаным қайнап кетеді бұл денемде.
…Осыған да шүкірлік. Пақырлық қой
қызғанышсыз, жалынсыз күн көрем деу.
1970

БОЙЖЕТКЕННІҢ СӨЗІ
Сен маған көктем боп кел
нәзіктеу жанымды ұғатын,
Отты махаббатыңмен өктем боп кел,
асқақтығымды табындыратын.

Қазақтың әні боп кел
жүрегімді дірілдететін.
Сол әндердің сырлы әуен — нәрі боп кел,
жанымнан мұңым кететін.

Сен айтпай-ақ ұғардай түсінікпен кел
осы бір қалпыммен мені.
Тек анамның алдына кішілікпен кел —
қайғы шалмасын аяулы алтын іреңді.

Табындыр, тауып тізгінін бұла көңілдің,
сол шақта мүмкін өзіңе ғашық етпегің.
Сен, әйтеуір, ұмыттыр мынау өмірдің
мені толғандыратын қасіреттерін.
1971
* * *
Сенің жүзің мен үшін ай нұрындай болмаса,
өзің барда жаныма жайлы мұндай болмаса,

тыныс берер кеудеме сенің демің болмаса,
аймалаудан танбайтын еріндерің болмаса,

үмітімді жалғайтын шын сенімің болмаса,
саған дейін қиял мен мұң серігім болмаса,

сен жүргенде ақ жаңбыр жайлы күндей
болмаса,
күздің тұман кештері айлы түндей болмаса,

сенсіз мынау әлемді кезбейтінім болмаса,
азаптарды сен барда сезбейтінім болмаса,

өзің барда жер-көкті ұмытқаным болмаса,
есімді алған еркелеу қылықтарың болмаса,

рақаттан сен барда тұншығарым болмаса,
тек өзіңнің алдыңда қымсынарым болмаса,

сен барыңда қайғыдан арыларым болмаса,
шыдам таппай өзіңді сағынарым болмаса,

мұңайғанда тек өзің жұбатарың болмаса,
сенің махаббатыңмен гүл атарым болмаса,

маған ғана сыр ашып шешілерің болмаса,
қате басқан сәтімді кешірерің болмаса,

от-сезімің жүректі табындырған болмаса,
бей-жай жүрген жанымды жалын қылған
болмаса,

бұла шақтың арманын сенен ғана көрмесем,
қиналғанда күш беріп, бастамасаң өрге сен,
сүю түгіл, жаныма жолатпас ем, көнбес ем!
1973
* * *
Қуанышты мендегі
сенің қайғың улайды.
Ешбір адам жердегі
білмейді бұл мұң жайлы.

Сүйсе бақыт емес пе —
мен біреуге тәттімін.
Түсесің де сен еске,
сап болады шаттығым.

Аяз шарпып денені,
сүйген болам бекер кеп.
Сені іздегім келеді
қай жерде отыр екен деп.

Сен жайлы ойды жасқадым —
қалмасын деп ол біліп.
Құшағында басқаның
сені ойлаймын. Сорлылық.
1973
***
Дүние бос қалды ғой сен кеткелі,
күлегеш достарды қой жер-көктегі:
ешбірі өзіңдей боп жүрегімді
шаттықтан не қайғыдан кернетпеді.

¥йқыдан сен деп аштым жанарымды,
сенделдім, белден астым - дара. шыңды.
Көңілім құздан құлап жүрмін ессіз
жаутаңдап жетім қалған бала ғұрлы.

Жүремін асқақ басып - жанымда мұң,
сол мұңнан мүмкін емес арылмағым.
Сезсең де сезгің келмей жүрсің бәрін,
ал мен де біле көр деп жалынбадым.

Қақшиып жүрген болам, күлген болам.
Сенім жоқ. Төсек аяз. Түндер боран.
Оны тек сен білесің, мен білемін,
ұқшы деп кірістірем кімдерді оған.

Қаптаған жан-күйімді мұнар мынау,
мен үшін аспан мен Жер тұман-қырау.
Өзімді білсем егер, өзіңді мен
ешқашан жек көре алмайтын шығармын-ау.
1973
***
Мен сені жүретінмін мақтан көріп,
қызғыш боп, өсек айтқан жаттан қорып.

Өзгеше жұрттан бөлек жан дейтінмін
жоқтай бір көлеңкесі – таң кейпіңнің.

Аңқау да аңғал жансып жүретінсің,
сезімтал, сырды айтқызбай білетін шын.

Әрқашан ақ көңілмен қарсыладым,
ерсілеу қылығыңа сан шыдадым.

Жүрдім мен өзің жайлы ойым дырдай,
гулеген өсектерге мойын бұрмай.

Арам да достарыммен кетті алыстап:
сен мені бөліп алдың шеттеп ұстап.

Қайғырсаң жүрді жаным жай таба алмай,
дұшпаннан бар кегіңді қайтарардай.

Мұңайсам, қайғы қостың үстемелеп,
бел бусам дедің-ау сен: "күш не керек!?"

Жарқ етсе бір жақсы ісім теріс дедің,
мен сосын оның бәрін кері істедім.

Көрсетсем бір жат қылық мақтадың кеп,
мән беріп оған бірақ жатпадым көп.

Білмедің түбі жырақ кетерімді –
өзің-ақ мені сұмдау етеріңді.

…Өзіңсіз қазір тіпті жайлы маған,
тек қана сенің үшін қайғыланам.

Бүйтпес ең, бар-жоғымды ескермес ең,
өзіңнен биіктігімнен сескенбесең…
1973

ӘЙЕЛГЕ ДЕГЕН МАХАББАТ
Түндерде жалын боп өткен
біреуді жаным деп өпкен
сенің гүл еріндеріңнен
әйтеуір жерінбедім мен.
Жұттым да көзде жасыңнан,
төсіңнен өзгеге ашылған
басымды ала алмадым мен,
(қайғым ба ең, жанар бағым ба ең?!)
Көлдегі сағым көрікпен
жанарды жанымды еріткен
құштым мен ашқарақ күймен,
(білемін - басқа да сүйген.)
Ең алғаш құшқаным да - өзің,
балқытқан күш жалын да - өзің,
ең алғаш сүю дегенді
үйреткен ұстазым да өзің.
Жанымнан мұңым кеткелі
сен болдың күнім көктегі.
…Қайғым тек - осының бәрі
басыңнан бұрын да өткені...
1973
***
Арылмай күйкі-кірбіңнен,
мазасыз өтіп түн мүлдем,
біресе жылап, бір күлгем.
Содан да – сені әлі күн
еркелете алмай жүрмін мен.

Жетесің ұшып, қайдалап,
сезімің шексіз, айдан ақ.
Қайтемін сөзбен майдалап,
сонда да тұрам жәй қарап.
Көрмедім сені жаныммен,
жүрегімменен аймалап.

Ұғынып өзің, сез мені –
өмірдің мынау тездері
қатыгездеу қып кетті ме
қатерлер көбін сезгелі.
Білмеймін, әлде қымбатын
қадірлей алмас кез бе еді…
1973
* * *
Менің екі жауым бар:
мәңгілік достаспайтын,
қимастықпен жыласып қоштаспайтын,
кіріп келсе, жанарым мұң оранған
қуаныштан жарқ етіп от шашпайтын.
ол — адамдар шындыққа жүгінбейтін,
көлгірсіп күлімдейтін;
өзі істеген жауыздық, зұлымдықтан
қайғы шегіп ішінен түңілмейтін.

Екіншісі — досымды жамандаған,
өсектерін өрбітіп сан арнадан
жүретіндер — қас жауым. Соларға мен
қаным талай қайнаған, алаңдағам.
Өтірік пен жала көп аяқ бассаң,
ал жақсылық жағына сараң ғалам.

Білем, ғұмыр мәңгі емес, қысқа мүлдем...
кешірмеген, жауласқан тұстарым кем...
Бірақ маған тіл табу мүмкін емес
осы екі дұшпаныммен.
* * *
Далам менің!
Сен жатырсың сусын ғып заман демін,
бусануда сол демнен жарау жерім,
толқынданып толықсып даламда егін!
Өзгертіп ән-ырғағын,
дала жатыр ақтарып барын —нәрін,
солқылдатып сорғызып тамырларын,
дүниеге тосуда дәнін-нанын.
Талпынған таң ғұмырға
кең даланы уақыттар салды мұңға.
Бүгін дала шалқиды батыр жасап
кеудесінде жүргеннің барлығын да.
Тың жерлерім!
Сол дүбірден өзгеріп түрленді елім,
жоталарды жусатып түрен-тістер,
қайыстырды белдерді, іргемді егін.
Байтақ жер жаңарғанда
/жаңарған жер таңбасын салар жанға/,
көз талдырып қарадым, біле алмадым –
нағыз батыр дала ма, адамдар ма?..
Тыңайған дала - бесік,
әлдилейді дәндерін,
самалы есіп,
аялайды жұлдызды батырларын,
тосып алдан жаңа күй, жаңа несіп.
Бидайлы құндағымда,
бақыт, байлық шалқиды қырда, құмда.
Көнбіс дала мақтан ғып жатыр бүгін
ер атанған қыздарын, ұлдарын да!
1969
***
Достарым, ортам, қоғамым,
оларсыз, семем, соламын.
Салқындық сеуіп, сырт берсе,
көңілімде – кірбің, жоқ әнім,
солардың қабақтарымен
налимын, тасып-толамын.

Өшіретін мені бір үріп,
өсіретін мені күні ғып
құдіретті күш те мен үшін,
жебейтін жігер, жеңісім –
жанымда жүрген сол жандар.

Жолымда талай орлар бар,
асуын бермес жондар бар,
жанымда теңдей тоңдар бар –
қиналғанымда қолдаңдар,
сәулелеріңмен қорғаңдар!

Шынары солса, жерге сын,
құрағы солса, көлге сын,
асылын ардақ тұта алмай
аздырып алса елге сын.
Сендерсің жерім, елдесім,
жауласатын да сендерсің,
жыласатын да сендерсің,

жазалайтын да сендерсің,
азалайтын да сендерсің.

Мен үшін зауза, ақпан бар,
қара сулар бар, ақ қар бар.
Мүсіркемеңдер – сақтаңдар!
Итерсең – жығып тастаңдар,
Тұрғызсаң – қолды қақпаңдар.
Сендер деп жүрмін, әйтеуір,
аялаңдар не таптаңдар!
***
Білмейсіңдер, мені әлі білмейсіңдер,
білмей тұрып бекерге күндейсіңдер.
Секілдімін біреуге күнгейсіз жер,
күнгей болсам, тістеніп тілдейсіңдер,
сұмдық ойлап сұрланып жүр дейсіңдер.

Еңсем түссе, мүсіркеп қорлайсыңдар,
озып кетсем, жолымды орлайсыңдар;
қатар жүрсем, ақылды торғайсыңдар.
Мәртебенің мінбесін меншіктесем,
қол қусырып, бас шұлғып сорлайсыңдар.

Өрекпімей сылдырға, жалаң жайға,
сөз бен сертті ар дейтін адам қайда?
Әлде бәрі сезім мен сенім таппай,
алаң-жалаң күн кешіп амалдай ма,
адамдықтың тіндерін тарамдай ма?

Көпке жағар жетіспей тіл мен ебім,
мүжіп келем ғұмырдың күн кемерін.
Мен өзім де білгішсіп жүргеніммен
білгенімнен көп екен білмегенім.
Мүмкін, біліксіздіктен тіл жебедім.

Мейлі, мені білмеңдер, бал ашыңдар.
кейде тіпті жағыңдар қара сырлар,
менің жұмбақ жанымды ұғына алмай,
түрлі саққа ой жебеп, таласыңдар!
Бірақ қиын күн туса бастарыңа,
осы неге мені іздеп табасыңдар?..
***
Мені білсем дегенің -
түрімде мұң,
кейпім сұсты, тек одан түңілмегін,
құздарымнан аса алсаң, Күн шығатын
планетамның жанына үңіл менің,
ұға алмайсың әйтпесе діріл, демін.

Бойыңды үйрет бұрқаған құм дауылға,
өзендері батырып тұнба мұңға,
көкжиегі бастайды алыстарға.
Көре білсең, көркем үн, сыр да мұнда,
аялайтын жылу бар құндағымда.

Жүрегіңе сіңір де оты, қанын,
көңіліңе таңбалап тоқы бәрін:
шұрқыраған құлынын, құралайын,
жыңғыл жапқан сайларын, шоқыларын,
анам иісі шығатын топырағын;

еркіндіктің жүгенсіз тағы күшін,
қасіретін даланың, бақ, ырысын;
"екі көзге мөлтілдеп жас келетін"
коштасудың кайғысын, сағынышын
жүрегіңе сіңір сен жану үшін!
***
Қайшылықтар, кереғар пікірлерден,
өзімді-өзім сынаудан, үкімдерден,
жазалаудан, ақтаудан, жазғырудан
тұратұғын мәнімді түтіп жеумен
келем әлі, жаным – от, түтін – кеудем.

Бет қаратпас сұрапыл – сезімдерім,
еске салар көңілім теңіз желін,
жаным нәзік тәніндей жас баланың,
қара түнмен арбасып көзімде күн;
сана – мұзарт таулардай, ой-сәйгүлік,
найзағаймен шешімім егіз менің;
шарттылыққа жаны жат болмысыма
шағаладай шарқ ұрып ем іздедім.

Мұндай мәнге мәз болып семірер кім,
үгіп жеуде ішімді жегі-дертім.
Жан әлемнің тартысы - күндіздерім,
буынымды сыздатып кемірер түн.
Қарсы ағысқа ұрынбай, жүзсем етті
толқындардың бойымен емін-еркін.
Қайшылықтар қағысы түбі, әйтеуір,
ақиқатқа апарар мені мүмкін!
1983
***
Өкпелеп жүрсіңдер ме?
Жетпегендей бір демі тылсым кеуде
тұншығады бейуақыт сендерді ойлап
оңаша күрсінгенде,
жарқын аға, жақсы дос, сыршыл жеңге,
шыныменен өкпелеп жүрсіңдер ме?

Жаюшы ем сырымды ұдай,
келмейсіңдер жарқылдап бұрынғыдай.
Сонау күнде ерке едім, ойламаушы ем
өздеріңсіз өтер деп ғұмыр бұлай.
Серпіп тастап көңілдің мұңын былай
мен де күлгім келеді бұрынғыдай.

Даңқы ма, атағы ма,
ағыл-тегіл байлық па – ата мұра,
мен туған датаны да
жатсын тойлап жапырлап жат ел мейлі –
түк рақат жаныма әкелмейді.
Мен сенбеймін ләззат татарыма,
қосылмасам сендердің қатарыңа!
Әлде бойын үйретсін дейсіңдер ме
мәңгі серік – жалғыздық сапарына?

Басып жатыр айқайға үнсіз кеуде.
Өкпелеп жүрсіңдер ме?
1984
***
Мұнарлы шыңдай сағым-мұң,
бермейді маған бір тыным,
жүрсем де мынау жанымның
бүтіндей алмай жыртығын.

Қандай күш өтер жердегі
достардың маған ең ізгі
сезімін сүйген, мендегі
ескермей жыныс не жүзді.

Ұйқымнан түнде тоналдым,
азапқа түстім бір керім:
өтермін қалай солардың
сезімін, кешірімдерін?

Табылмас мұндай еш халық,
жүрегі жомарт, жаны үлгі,
өзімнен бұрын еске алып
ойлайтын менің қамымды.

Жүремін қолдан түк келмей,
байлық жоқ, мал жоқ қорамда.
Осынша парыз жүктердей
өткіздім немді соларға?

Құлағым түріп жел-үнге
бос өткен күнім, айым көп.
Ендігі жерде менің де
жақсы болмасқа жайым жоқ!
1983
***
Біздің мынау даланы-ай!
Өзен, өріс жағалай,
талдары да – қарағай;
бала біткен ақылды
көпті көрген ағадай,
ауылы да қаладай,
қыздарының жамалы – Ай,
Ақынының бәрі – Абай.

Өрлері де қыраттай,
көлдері де сынаптай,
шыңдары да шаншылып,
өзеніне құлапты Ай.
Селеуі де құрақтай,
құлындары құр аттай,
таба нандай Күні де
күйдіреді шыдатпай.

Естіледі алыста ән,
құсы Күнмен табысқан,
адамдары елгезек
жылдарменен жарысқан;
заводтардың түтіні
ғарыштан да әрі ұшқан;
қалалары ғажайып,
хабар алған ғарыштан.
Жайлаулары жайқалған,
біздің дала – Бақстан!
1985
***
Қала қандай әдемі! Түнгі қала!
Түнгі қала құшқандай нұрды ғана.
Төбесінде мүлгиді
кеудесіне
Ай қадаған көгілдір бір мұнара.

Гүлзарлары көзіңді бақтай ұрлар,
сыбырласып қыз балтыр ақ қайыңдар,
тізіледі көк терек
жүргендейін
қызды ауылды күзетіп жатпай ұлдар.

Зәулім үйлер, сарайлар сұлу қандай!
Сұлулықтың жұтасың нұрын қанбай.
Терезелер оттарын жайнатады
ар жағында бәрінің жылу бардай.

Жылу бардай, сезім мен сенім бардай,
сенгендерін өпкендей ерін қанбай.
Терезеде мынандай сәуле бар үй
дерттен айықтырардай еміңді алмай.

Ешкім күйдірмегендей, сатпағандай,
онда ешкім де қан жылап жатпағандай.
Дөңбекшіген жан жоқтай жаутаңдаған
бір адамға жүрегін ақтара алмай.

Көмкеріліп жан-жағы дәу кемермен,
түнгі қала сарайдай сәнмен өрген.
Өзін-өзі жұбатып жымыңдайды
нәр алғандай осынау сәулелерден.
1977

ТУҒАН ЖЕР
Армысыңдар, туған жер, туғандарым,
кезіп Жердің тау-тасын, нулы орманын
келіп тұрмын, безгем жоқ өздеріңнен -
мені алысқа сендерден қуды арманым.
Шықтым талай талықсып шыңдарына,
ұялатты кей сәттер мұң жаныма.
Асып-тасқан, қиналған шақта кілең
ойша оралдым ақ мамық құндағыма.
Өлең деген алысып бір ағыспен
(түсінгенге азап жоқ мұнан үстем)
жырақ жүрмін сендерден тылсым кешіп
кейде күліп, кейбірде жылап іштен.
Жығылдым да.
Шаттандым жығып талай,
жолдас болдым жандармен сұрыптамай.
Биіктерге өрледім.
Кейде өзімді
сездім жалғыз жарылғын жұмыртқадай.
Өнер - түпсіз, ол да бір құдық терең,
өмір - күрес, шаршаймын сынып денем.
Оң, солымда шың құздар. Тек өздерің
мені жебеп жүр-ау деп үміттенем.
Жайбарақат күн кешу бұйырмаған,
қиял қуған мен болдым «қиын» балаң.
Салқын дүние көжектей қалтыратты -
сәбиіңе қойныңды аш,
үйім-далам!
Құшағыңның жылуын берсең болды -
мен әлі де талай шың,
қиырды алам!
1980

ДЕРТ
Біреуді жақсы көрсем деп,
құдайдай соған сенсем деп,
жанымды тордай шырмаған
қасаңдықтарды жеңсем деп,
өзіммен өзім күрестім.

Ақылым тартса ілгері,
жүрегім көнбей күндеді.
Сезімім салқын, самарқау,
немін мен мұнша күрделі —
түсіндірер ме мұны ешкім?

Баяғы ғашық дос керім
кезігіп, тағы тосты ерін.
Жанымда селт жоқ, күлкілі
бір кезде өліп-өшкенім...
Елестей ессіз сенген күн.

Іздедім қимастарымды
тазарта ма деп жанымды —
көрінді жат боп бәрі де,
қақсаған көңілім тартылды —
бұл дертті немен емдермін?
1994
***
Бақыт деген көшпелідей
кетеді өтіп мұңдарың да.
Жүрсе болды дос жерімей,
өртенумен бір жалынға.

Арман қуып, талар денең,
тұралатпай атақ-атың.
Сезсең болды саған деген
ұлы еліңнің махаббатын.

Ақтау үшін жас халықтың
сенімі мен үміттерін,
ұста жалын ақша бұлттың,
жанарыңды тігіп пе едің?!

Жігер-желмен керне үміттің
желкендерін – жаға шалғай,
торы шырмап пенделіктің,
ұсақталмай, аласармай.

Жігер құйып түңілгенге,
шырқа өмірдің ақпан әнін.
Өте шығар ғұмыр демде,
үміт отын жақ, қарағым!

Рақаттың ғажап таңын
сүйрер сенен уақыт-кемең:
қасірет пен азаптарың –
жұрт аңсайтын бақыт деген.
1984

ЖАРАЛҒАН ДЕП ЖАТ ҮШІН
Бабам қазақ қашаннан бала сүйген,
мұрагерім болса деп мақсат қылып.
Ұл дауысы шыққанда қараша үйден,
атан сойып той қылған, ат шаптырып.

Сүйіншіге ұл туса бермегі көп,
әзер болса астында аты қалған.
Қыз туғанда “қырсықтың келгені!” деп,
қырын қарап еркегі жатып алған.

Иығына елінің мұңын артып,
ұл алардай дұшпаннан бүтін кекті.
Қанша қызы болса да, ұлын айтып:
“Жалғыз бар ғой, құдайға шүкір!”… - депті.

Із қалғандай артында өшпейтұғын,
ұлы болса армансыз жүреді екен.
Ұл туғанын қашан да көксейтіні –
ұлды еліне қамқор деп біле ме екен.

Қайран бабам өтіпті шер-күдіктің
емін іздеп баладан жаны жалын,
Білсе еді ғой ел қорғар ер жігіттің
сол аруға күні ертең табынарын!
1962

ҮМІТ
Түңілгенде, қиналған сәттеріңде
маңдайыңнан сипайтын елің барда,
елің барда—үміт пен сенім барда
жаныңды нұр кернейді,
жүректі жыр тербейді. Арай жырлар.
Арай жырлар, күндейтін талай мұңдар.
Мынау жердің үстінде
бала көңіл, акпейіл адам берда,
тарылуды білмейтін далаң барда,
кеңдікке талпынасың,
ерлікке талпынасың,
талпынасың алдағы ақ арманға,
сосын сенімді ақтауға шарқ ұрасың. Мынау жердің үстінде
әділеттен жаралған жандар барда,
үміт барда талпынтқан таңдарға, алға,
досыңның түсін жылытып,
жауыңның мысын құртып,
төгіледі арай жырлар,
шуағында толқиды ақ айдындар.
1973
***
Өмірде мынау менің бір
қоштаспас мәңгі досым бар.
Ол – менің жолым сенімді,
болашақтарға жосылған.

Шарласам түгел аймақты,
терсем де қырдың гүлдерін,
барсам да қашан, қай жаққа,
сол досымменен біргемін.

Қымбат-ау кәрі, жасқа да,
шын досқа, шіркін, не жетсін!
Болмасын құның басқаға,
сен оған бірақ қежетсің.

Дос барда сасапай табамын
жұмбақ сырлардың шешімін.
Өзімен бірге қағамын,
тәкаббар өлең есігін.

Өмірдің асу, асқарын,
бетке алып шырқап кетем мен.
Қияға самғап жас жаным,
арман шыңдарға жетем мен.

Ананың аңсап құшағын
сағынып кеткен шақта мен,
сол доспен біге ұшамын,
ақ көңіл ауыл жаққа мен.

Өмірдің өзі сый қылған
жол-серік саған, маған да.
Тұра сап таңда ұйқымнан,
кетемін жолмен тағы алға.

Мені өмір талай сүңгіткен
жалғыздық деген айдынға.
Арыл да бір сәт мұң-жүктен,
дос барда, жүрек, қайғырма.

Қиналсам, дәйім тосты алдан,
Сүйремей алға тынбайды.
Әкеме жандай дос болған
Жол мені адастырмайды.
1966

ҮМІТ ЖӘНЕ ҮКІМ
Биіктерге қомдайтын қанатыңды,
түседі еске кей жәйлар бала күнгі.
…Ағамменен жарыса домбыра алып,
тартқан болам «Абылды», «Нар атуды».

Төкпе күйлер талдырып саусағымды,
бірақ құрбыластарым тамсанулы.
Тым жасаңдау болсам да,
сол әуендер
әкететін көңілімнен қанша мұңды!

Кетер сіңіп уақытқа ғасыр-бұлақ,
өнер ғана өлтірмес асыл мұрат.
Үйірме ашты ауылда Ханым апай
домбырашы жастардың басын құрап.

Мен де бардым, ағама ер қарамын,
демеді ешкім: «Сен мұнда келме, жаным!»
Күйшілердің ішінде жасы да жас
әрі бойы бір қарыс мен ғанамын.

Кеңесуге ауылда жалыға ма еш –
басқаратын кім бар деп – тағы кеңес.
Қала жақтан әйтеуір біреу келді –
жас дейтұғын жас та емес, кәрі де емес.

Басшы болу – сын дейтін бекер-ді ұғым,
кім көрінген игеріп кетер бүгін.
Жетекшіміз домбыра тарта алмайды –
бишілерді басқарған екен бұрын.

Ауызды ашып қараймыз дана екен деп,
күй шертеміз жамырап қара тер боп.
Күңкіл шықты: «Бұл құрғыр әйел көрсе,
текешіктеу мінезі бар екен», - деп.

Аңғармайсың көр-жерді бал шағыңда,
бірбеткеймін, ермеймін әр сарынға.
Озып кетіп отырам оркестрден,
басқалардан жүйріктеу саусағым да.

Анам теңегендіктен мақтап ұлға,
қыңырлаумын, сонымнан жақпадым ба –
жынын құрыстырады жетекшінің
өзгелерден жақсылау тартқаным да.

Қала деген қиялдан алыстамыз,
намыс та аңыз ауылда, ғарыш та аңыз.
Күндіз-түні күй тарттық оркестрмен
баратын боп аудандық жарысқа біз.

Бір күні айтты жетекшім күлкімді үзіп:
«Сен бармайсың ауданға – құлқың бұзық,
алып-ұшып саусағың отырасың
оркестрдің ылғи да шырқын бұзып».

Аудан – Мекке. Талпынар бала бұған.
Менен төмен басқалар барады, ұғам,
«Кеңесті» де тарта алмай терлеп-тепшіп,
отыратын шыға алмай сағағынан.

Ата-баба қалдырған мол мұраны
бап білместің белгілі қор қылары.
Атанып ем ауылда «күйші бала»,
кеттім содан ұстамай домбыраны.

Ұяттыны тынбайды жеңбей сотқар,
жүгенсізді жазалар нендей сот бар?
Тағдырыма әлі үкім жүргізуде
сол жетекші секілді кездейсоқтар.

ҚҰШТАРЛЫҚ
немесе махаббатта жолы болмаған ақынның бір сәттік көңіл-күйлері
I
Ойларым менің ойран боп,
сарқылып жүрген кезімде,
бұрқан да талқан сезімге
алқынып жүрген кезімде,
жанашырларды қайғыртып
дал қылып жүрген кезімде,
жер менен көктен жай таппай
шарқ ұрып жүрген кезімде,
жолықтың маған, жақсы Адам,
ерекше тұлғаң басқадан.
Осындай сәтте ойлап па ем
кездесемін деп тап саған.
Дұшпанды талай жасқаған
таусылып менде асқақ ән,
түңіліп барлық тірліктен
жүгініп менен жыр күткен
жұртым бар-ау деп саспағам,
ысырып бәрін тастағам.
Құшағын маған ашпаған
қиқа да жиқа өмірдің
несіне мәз боп мастанам?
Бәрін де қойдым, бездім деп
налимын, көзге жас та алам.
Шешімге бір-ақ келгенмін...

... әттең, тек үміткерлердің
сенімдерінен жасқанам.

II
Қайғылы, шерлі жаныммен,
жүректен аққан қаныммен,
бойдағы қайрат-ағынмен
осылай жазам бәрін мен.
Жетер ме барлық жүрекке
алқынған менің дауысым,
жанымның ащы зары шын?
Оятсын менің жырларым
жігіттің сөнген намысын,
әкетсін іштей тұншыққан
азапты ойлардың ағысын.

Сенім бар әлі кеудемде,
сеземін соны жаныммен,
естірткім келеді бар үнмен.

Жүректің бәрін өрт етпес
шерменен шыққан жалын дем...
Мейлі бұл менің жырларым
жазылсын қызыл қаныммен,
қайғыммен, аппақ арыммен.
Ұқсаңдар, достар, егерде
осынау өрттей жырларым -
шаттанғандағы сырлы әнім;
өкінішім мен ұяттан
өртеніп, өліп тұрғаным;
орындалмайтын арманға
құлашымды ессіз ұрғаным.

Достарым, менің жырларым -
құштарлық қысқан кеудемнен
бұрқырап жатқан бір жалын;
сәбише сәл бір нәрсені
көңіліме алып, сынғаным.
Көлеңкелерде тоңсам да,
күнгейді көптеу жырладым.
Мауқымды содан бір басып
жыр жазбай, сірә, тынбадым.

Ішіме менің сыймады-ау,
сыймады-ау жырым қанша күн
(қымбат та сол бір сал шағым).
Адам біткеннің бойынан
асқақтық, пәктік аңсадым.

Ешбір жан ұқпас қайғымды
ешкімге айта алмай шаршадым.
Қуанған аз-ақ сәтте де
жанымды жеді қанша мұң.
Сонан соң көзім бұлдырап,
жүректің жасын тамсадым.
Ұқпады-ау ешкім мені деп
кей кезде керім ашынам:
бұл өрттен қалай басылам?
Жанымның мынау өксігін
қай жаққа, қалай жасырам?

Біле алмай жүрмін дел-сал боп:
қашанғы үнсіздігімді,
жасанды үнсіздігімді
көрсетпей қалай жүре алам,
ақыл айтсашы бір адам...

Менің байғұс жүрегім
сүйіктісінен бір емін
таба алмай, сонсоң жыр қуып,
жарасын күнде мұң жуып,
іздейді жырдан тірегін.

Құмары қанбас мен ғашық,
кетсем де қандай елге асып,
сүйіктіме айтар сырымды
құтырып соққан желге ашып,
қанаты сынған қырандай,
әйтеуір, жүрмін жер басып.
1974
***
Жанымдасың.
Рақатқа батасың жана балқып,
жанарыңда бақыт түр дара қалқып.
Қалмағандай басыңда мысқал мұңың,
шыға алмаған талайғы құштарлығың
күн сайын барады артып.

Жалындасын,
алау сезім сендегі тұрсын жанып,
шын сезімнен қашпалық, қымсынбалық
(әйел соны қалайды - ойлағын сен):
алып ұшсын жүрегің, қайда жүрсең,
қашан маған жеткенше дүрсіл қағып.

Жанымдасың.
Көңілің өр, жүзіңе нұр жалатып,
арман болған адамды шын қаратып
алғаныңа масаңсың. Қалай демен.
Бақыт та ортақ біздерде. Алайда мен
кейде неге қаламын мұңға батып?..

Менің нәзік жаныма күнде үңілген
болсаң, сезсең күйімді - кірбіңім кем.
Бақытты ете алмайсың дер ем ашық:
егер асқақ тұрмасаң менен асып
болмысыңмен, ойыңмен, тірлігіңмен.
Жаныма ерер бір адам керек қой детқ-
ондайға түк жүгінбен.
1974
***
Отырдың алдыңа алып – қымсынбадым.
Осы ма сүю деген тылсым, жалын?
Ұмыттым өзімді өзім. Соңғы кезде
сен менің есімді алып жүрсің, жаным.
Сен барсың. Басқа ештеңе керек емес:
тастадым жырды, мұңды – құрысын бәрін!
Апыр-ау, бұл не сезім ел кешпеген:
қалмады титтей сабыр, менде ес деген.
Жеттің-ау көп аңсатып… Келмес деп ем.
Саған ессіз бас идім. Белді буғам
еш адамға ешқашан сенбеске мен.

Біреулердің өткінші сезімінен
тұманданған көгілдір сағымды іргем,
содан мөлдір жаныма жалын кірген.
Сенде қандай күш барын біле алмадым.
Әйтеуір табындым мен.
1974
***
Сағынған, аласұрған шақтарыңда
ешқашан батпа мұңға:
есіңе ал менің саған құштарлығым
басылмас өрт еді ғой ұқсаң, күнім…
Өзіңмен мені әрқашан бір деп білгін,
ерме сен жалғызына жүрдек тілдің,
мұңың жайлы ешкімге ақтарылма.
Мен сенің сеніміңді таптадым ба –
неліктен?
Ойландың ба оңаша жатқаныңда?
Өзің сертті сақтадың да,
мен ғана жаламенен даттадым ба?
Күнәсіз періштесіп жүрсің жатқа,
ал маған дәрменсізсің ақталуға!
…Қалай бұл? Түсінбеймін екеуміздің
(әлде бұл саған мендей батпады ма?)
қор қылып өзімізді жүргеніміз
онсыз да шын досың аз шақта мына.
1974
***
Білемін: өзге жанның шашы, басын
сыйпайсың, мойынына асыласың.
Ал менің өрлеу бейнем көңіліңде
тұрғанын (еркіңнен тыс!) жасырасың.

Сен мені еске алуды қаламайсың
(жүрегің маған ұшып барады-ай шын),
әйтеуір жүрегіңнің түкпірінде
ешқашан мені ешкімге баламайсың.

Қайтесің, көнесің де тағдырыңа,
теңегің келеді оны таң нұрына.
Зорлайсың өзіңді-өзің оған теліп…
жүрегің көнер ме екен ал мұныңа.
1974
***
Сен қалай есіңе алмай жүрсің мені,
ойламай: “Жүр-ау, - деп, - тек құр сүлдері”.
Жаныңды жүдетпей ме сүйіктіңнің
күндіз-түн сені ойлаумен күрсінгені.

Жоқ әлде уақыт таппай жүрсің бе оған,
болмаса жасырдың ба шын сырды одан?
Шындықтан сескенесің несіне сен:
адамдар білсін бәрін, білсін қоғам.

Білем: жүр өшкендей боп арай-нұрың,
жылатып жүрегіңді қамайды мұң.
Қалыпқа жұрт сиятын сыймаушы ең ғой,
бұл күнде шыдап жүрсің қалай, күнім?
1974

АҚ ПЕН ҚАРА ТУРАЛЫ АҚИҚАТ
Сонау бір шуақты шақ, балаң күнде
жыртылып не батқан жоқ жағам кірге.
Жұпыны тірлігіміз. Қала жақтан
ақ фартук алып келді ағам бірде.

Жиюлы кебеже, тең – жүгін ашып,
анам жүр қыстан қалған сүрін асып.
Балалар мені қоршап, жасқанады
ұстаса кететіндей түрі қашып.

Есімнен кетпейді әлі сондағы елес,
кішкентай өмір үшін ол да – белес.
Қырдағы сағым жапқан бұл ауылда
бұрын-соң мұндай киім болған емес.

Болар ма сол оқиға мұнша ма ерек,
кеткендей көктен маған нұр себелеп.
Мақтаншақ болмасам да, мақтанышым
жүзімнен төгіліп-ақ тұрса керек.

Ертемен жез қоңырау төккен үнге
асығып, алабұртып жеткенімде,
ақ құстың қанатындай фартугіме
қарады күлімсіреп мектебім де.

Көңілімнен сәулеленіп тұрды алыс қыр,
дүниеде жүйрік бар ма нұрдан ұшқыр?!
Қызыққан көп баланың арасында
от жанып төбесінен Қызғаныш жүр.

Жұрт түгел фартугімді мақтап еді,
сол бірақ шығармады таққа мені.
Мектепте, кластарда тазалықтан
сол күндер жарыс өтіп жатқан еді.

Ұрандап: «Біз – Ленин ұрпағымыз!»
Жарасып жүруші еді жыр-сәніміз.
Класта бізге онша қосылмайтын
бар еді Аққыз деген бір сары қыз.

Әкесі – жетекшіміз. Шатынаған
әйнектей мінезі де, заты да арам.
Мұрынын шүйіретін жан біткенге
бұрылмай, жатса сазға батып адам.

Ол кезде кітап десе өлеміз кеп,
жүреміз содан ғана керек іздеп.
Әлгі ағай жақсы айтсаң да кекететін:
«Сайрайсың, емтиханда көреміз!» – деп.

Бір кінә тағайын деп тәртібіме,
Аққызы ашу іркіп бал түріне,
кенеттен, мені байқамаған болып,
сиясын шашып қалды фартугіме.

Ол үшін мені даттау – жеңіс, міне!
Күншілдік күл шашады келістіге.
Састы ма ниетінен, сиясауыт
қолынан түсіп кетті өз үстіне.

Ойлаған жоспары ма күнілгері?
Былғанып өзі де іштей дірілдеді.
Көйлегі қоңыр еді – алдын жуған
көк сия онша керім білінбеді.

Фартугім!.. төрт-бес ноқат таңбасы алда,
кеткендей былғап біреу сазға, шаңға.
Ақ түстен бадырайып көзге ұрады
былғанып дәл Аққыздай қалмасам да.

Көрінді ол тірі көзге құм салғандай.
Басымда ой: «Кетпейді ғой, жусам да, алла-ай!»
Аққыздың көйлегінен білінбейді,
тек аздап жолақтанып кір шалғандай.

Жетекші ашты сосын кесір жиын,
сөзінен ауып кетті есім, миым:
«Класты сынға, ұятқа қалдырдың сен,
қор болған сендейлерге есіл киім!».

Кластан көшіп барады бақыт нұрлы,
сіресіп аяқ баспай уақыт тұрды.

«Аққыз ғой сия шашқан әдейі оған!»
Айтқожа шыдай алмай атып тұрды.

Бар класс жеккөретін қызын соның,
жанына жан жуымай жығылса оның.
«Мынандай староста тұрған кезде –
деді ағай, - алмайсыңдар бірінші орын!»

Мұғалім – құдай, оған кім үндейді,
жайың жоқ, қылғындырсын күбір мейлі.
Аққыздың онсыз да кір көйлегінен
сия ізі мендегідей білінбейді.

Ақтықтың – адалдықтың тапталды үні,
сезіндім мені ұрғандай жақтан бірі.
Фартуктің түсі қара болғанда ғой
көрінбес еді оның да батпан кірі.

Қанша рет жудым жанға көрінбей кеп,
боларын сезгем сонда жолым – бейнет.
(Содан соң Аққыз үш жыл бірге оқыды,
үстінде сол баяғы қоңыр көйлек).

Бұл маған қазасындай Құлагердің,
«Болады, - деп сенген анам, - ұланы елдің».
Үздік те, үлгілі боп жүрген өзім
әп-сәтте күнәһар боп шыға келдім.

Ағамның болғасын ба сыйы бөтен,
сол жайды көкірегіме түйіп өтем.
Дүниеде таза, аппақ күйде қалу
асылы адамдарға қиын екен.
1994
***
Өзіңді ойлап қайғыдан езіліп ем.
Аласұрған күйімді сез үнімнен.
Аң-таң болып әлі күн шошимын мен
сенің көктем күніндей сезіміңнен.

Есім кеткен, өртенгем сағыныштан…
Бірақ ешкім озған ба жазымыштан.
Иә... мен де бұл күнде түңілгенмін
көңіліңнен әркімге алып-ұшқан.

Мен өзімдей көргенмін. Бекер мұным.
Саған менен бұрындау жетер жырым.
Мен білмеппін сүйгенің, сағынғаның
мүләйімсу, көлгірсу екендігін.

Қайтем. Қатал тағдырға жүгіндім мен,
аңғалдарды жылатқан, түңілдірген.
Әлі сені қимаймын кінәлауға,
өмір шығар сені де сүріндірген…
1974

МЕН ӨМІРДІ СЕН ДЕУШІ ЕМ...
(Бозбаланың күнделігінен)
***
Солғандай гүл де мүлде,
кеудеме толып бір мұң,
құлазып жүргенімде,
өзінді жолықтырдым.
Қиялдай сағымдағы
сыртыңнан қарайладым.
Сездім мен жанымда әлі
атпаған арай барын.
Асықтым әр таңға мен
жүзіңді көрем бе деп.
Бұл кайғым тарқар демен
өмірде сенен бөлек.
Тіл қатсаң жігіттерге,
қызғандым аласұрып.
Күңкілшіл күдіктен бе —
сенделдім дара шығып.
Жаныма жай таппадым
сенделген кезде мынау.
Бір сезім шайқалтқанын
мені
сен сезбедің-ау...
Әйтеуір, байкатпадың.
***
Көргенім сол өткендегі
біздің кешке келгеніңде.
Қимасымдай көптен бергі
жылы ұшырай бергенің не?..
Бір көргенге қарамастан,
кеттің тәтті елес беріп.
Осы біздер бала жастан
бірге ойнаған емес пе едік?
Күнде осылай жүрші бірге,
Дос болайын ойланбай, шын.
Жүрегімнің дүрсілін де
өзің естіп қойғандайсың.
Қызғылт тарттың — көрісіп ем,
жок еді ғой ұятты ісің.
Бірақ мені көп ішінен
іш тартатын сияқтысың.
Жүрем “қаңғып” мен де кілең,
іздемеймін, — кезігемін...
Неге сенің келбетіңнен
бір жақындык сезінемін?..
***
Елемей нұрын да айдын,
көңілім жабығулы.
Көз тігіп қырындаймын
бетке алып ауылыңды.
Жарқылдап жүруші едім
достармен қалжыңдасып.
Көрдім де бүгін сенің
жүзіңді, қалдым жасып.
Әзілдеп кұрбы қызды
тұрғанда келіп қалдың.
Сендегі нұрлы жүзді
мұң шалды, сезіп қалдым.
Болмайтып түрің бұлай,
аңырып қала бардым.
Мен жаққа бұрынғыдай
күлімдеп қарамадың.
Болды деп бұның неден,
жүрегім дал-дұл, көкем.
Әлде... сен шыныңменен
қызғанып қалдың ба екен!?.
***
Қойғандай мен біреудің басын жарып,
сен маған қарамашы ашуланып.
Онысыз да сенің асқақ мінезіңнен
қаламын көрген сайын жасып, налып.

Біраздан екеуміздің арамызда
бір сырдың бары рас қой, жасырмалық.
Ол сырым — саған ессіз ғашықтығым,
мүмкін, сен жиіркенетін жасықтығым.
өзгеге жайраң қағып, мені көрсең,
бұлыңғыр тартатындай ашық күнің.
Ал маған кегің бардай көзқарасың
біреудің аялаған жасытты ұлын.
Сондағы жазығым не? Түсінбедім.
Құрыса, сыйласпастай кісің бе едім?

Бір жылы қарағаның арман еді,
сен бірақ көз қиығын түсірмедің
(білмеймін, неге, неге түсінбедің?).
Мен жүрмін бойым дел-сал, ішімде мұң.
Тәкаббар жаның әлде қалай ма екен
алдыңда біреулердің “кішіргенін”.
Көрмеймін енді деп-ақ қатуланам,
жетпей жүр бірақ соған күшім менің.
***
Елесің куантардай,
сен жайлы ой кешемін.
Өзіңе дым айта алмай,
құрбыңмен сөйлесемін.
Қолыңды алам да мен,
қысуға қысыламын.
Гүлімді саған деген
мен оған ұсынамын.
Ол маған жақын жан ба –
қам жейді алаңдап-ақ.
Киноға шақырғанда,
айтамын соған қарап.
(Қатады басым содан
ойлаумен күнде сені.
Ал менің досым саған
оп-оңай тілдеседі!)
Сені ойша серік кылып,
әр таңды атырамын.

Сені іздеп келіп тұрып,
құрбыңды шақырамын.
Ісін қып ақымақтың,
жүргем жоқ құр желікпен.
Құрбыңа батыл-ақпын,
жаным-ау, бұл неліктен?..
***
Күнде үйге асығасың...
Түсінбес ата-ана ма —
несіне жасырасың,
айтып қой апаңа да.
Айт оған бір жас жігіт
сүйеді қызыңды деп.
Жарқылдап тұрмас күліп,
көрмесе жүзімді деп.
Керек-ақ мұны айтуың —
жан анам бар екенін.
“Алладан” сұрайтынын
тапса деп бала теңін.
Айтуға асық бүгін,
жүрме тек жоламай түк.
Бәрібір ғашықтығын
жанарың қояды айтып.
Жасырма сол кісіден,
жүр десең — мынау қалпым.
Бұл сәтті ол да ішінен
тілеген шығар, бәлкім.
***
Жүрсең де есімді алып, жүрдім тынып.
Жыл өтті.
Сонсоң сол кеш... күз кеші еді.
Қос жүрек бір бөлмеде мың бұлқынып,
бір-бірін іздеседі.
Өзің ең арман көлде бақ құрағым,
тіл қатпай, тұл бойыңды кезіп тұрмын.

Осы кеш бір дауылға тап қыларын
өзің де сезіп тұрдың.
Мен іштей бір сезіммен арпалыстым,
жаңарың жанарымда тұрып қалды.
Білмеймін қалай төндім... Тарта құштым,

содан соң дүниені ұмытқам-ды.
Жаным-ай, өзің бе бұл? Бармын ба мен?
Қанша күн бұл сәт жайлы өртеді үміт.
Кеудемді жанағанда балғын денең,
дуние кетті-ау деймін төңкеріліп.
***
Оралдым сонда үйге мен
мас болып бір бал сезімге.
Пақырлық екен сүймеген
жалындап тұрған кезіңде.
Жүрегім — алау, от — дене,
бақыт нұр шашып жанарым.
Жерде ме әлде көкте ме,
әйтеуір, кетіп барамын.
Ән салып сонда жатты өңір,
әлемде күңгірт мұң калмай.
Адамның бәрі ақкөңіл,
күлімдеп маған тұрғандай.
Сарғайған дала құлпырып,
көктем боп кеткен секілді,
самал боп өбті ынтығып
күз желі менің бетімді.
Келемін құшып таң нұрын,
білмеймін қайда, қай бағыт.
Кетсе де мейлі дәл бүгін
бақыттан басым айналып!
***
Мінезің қыңыр дейсің,
тағасың досыңа мін.
Білмедім бұрын дейсің,
қайтейін, осы — барым...
Демеймін періштемін,
көп шығар кемшілігім.
Келіс не келіспегін,
тек маған сенші, күнім.
Суынған кезім бар ма,
құшамын өліп-талып.
Осындай сезім барда
мінезден қорықпалық.
Ол — сенен, мұң жамасам,
сезбейсің қалай, күнім:
назданып бір қарасаң,
бар ашу тарайтынын.
Ең басты бір кемісім —
шығармын қызғаншақтау
(Жөн бе екен сүйгені үшін
көңілге ызғар сақтау.).
Сабыр қып төзбес пе едім,
сүйгеннен — ол да, сенсең:
еш мінез көрмес те едің,
сүйкімді болмасаң сен.
***
Жүрегім — гүл
сәулелі таңды құшқан.
Бұл күндері шалқар бір теңіздеймін.
Қөп жандардың ішінен, әр бұрыштан
шыға келмес пе екен деп сені іздеймін.
Сені іздеймін,
(мен шағала, сен әлде шалқармысың?)
еш нәрсеге жанарым тұрақтамай.
Сенің мынау байқатпай тартар күшің
мені ылғи да осылай шыдатпағай.
Шыдатпағай,
шыр айпалып ұшатын шағаладай.
Шашырасын бақыттың нұры өңімнен.
Сен жүргендс шалқиды дала қалай,
көрмегендей өгейлік бұл өмірден.
Бұл өмірден
өтейін сені іздеумен,
шыбын құрлы көрінбей белес-белі.
Қазір менің дауылды теңіз кеудем
сені көрмей тыншитын емес, тегі.
***
Бал сезім билеп жанымды,
лапылдап жүрген шақта бұл,
жасырма, жаным, барыңды,
алдымда менің ақтарыл.
Түндерім өтті өртеніп,
Ойларым көзді ілдірмей.
Сендегі назды еркелік
байлады мені білдірмей.
Күңкілге толы күндізден
жаныма кейде мұң салам.
Адастырмайтын жұлдыз ба ең,
оралам кеште бір саған.
Тоқтатпай мені бақтағы үн,
жетуге саған асығам.
Сен болып сонда ақ таңым,
мұңым бір тарқап, ашылам.
Нұр кұйған мұңды көңілге
сен болдың маған Күн, әлем.
Кездеспей кетсең өмірде,
қайтер ем сонда мына мен?..
***
Сен маған бақыттасың, қайғыдасың,
Өмірсің, таусылмайтын бай мұрасың.
Өлермін сол сезіммен. Маған десе,
аспаннан қара жерге Ай құласын,

әйтеуір, анық менің айнымасым.
Сен маған күлкідесің, ашудасың,
ойым жоқ сенен өзге басымда, шын...
Мейлің сен не десең де...
Анық бірақ
өзгенің мойынына асылмасым,
өзіңді құшып-сүймей басылмасым.
Сен маған жасын болдың көктемдегі,
қақ жарған жүрегім мен от кеудені.
Бағым ба, қасіретім бе — кезіктірдім
бұрын-соң қиялымда жоқ пендені.
Сонан соң күйіп-жанып алауладым,
ұмыттым Ай, Күн барын, самал барын.
Әйтеуір, алай-түлей сол сезімнен
жаныма бір тыныштық таба алмадым.
Кезім жоқ сені ойламай көзімді ілген,
сені аңсап, елжіредім, егілдім мен!
..Ырзамын тағдырыма сен арқылы
махаббат деген күшті сезіндірген.
***
Жүрші, жаным,
сапарларға шығайык, кұлшынамын.
Кең далаға үйренген қайран басым,
мынау күңгірт бөлмеде тұншығамын.
Қол ұстасып,
меніменен ұзақ жол, жорыққа шық.
Қысқа өмірде күйзелмей, күйбеңдемей,
бір жүрейік қайда да толып-тасып.
Түнеп шығып аты аңыз қалаларға,
түстенейік порттар мен жағаларда.
Қатері мол тірліктің күлкі-азабын
бір көрейік, сүйіктім, дара қалма.
Серпілейік,
Кеттім ғой түршігіп мен
Күңкілдерден алумен күрсініп дем.
Бар тілегім — сақтағай екеумізді
жайбарақат топас бір тіршіліктен.
***
Мен кеттім оралмасқа буып белді,
маңдайдан сылып тастап суық терді,
алқынып кеп отырдым оңаша үйде,
бөтелке коньякпен жуып шерді.
Ызадан булығамын жарылардай,
менменшіл сиқыр күйден арыла алмай,
назданып еркелесең, елжіреген
сәттердің жүрегімде табы қалмай.
Мен үшін аспан бүгін құлағандай
қызығып енді бізге сығалар ма ай?..
Әлде сен өкпе-ашудың бәрін сарқып,
мені іздеп келермісің, шыдай алмай?..
Білмеймін неге күттім. Келер дедім,
әйтеуір есік жаққа елеңдедім.
Білмеймін саған қарай тартқан күшті
қуатым бар ма, жоқ па жеңер менің...
***
Көкетайым!
өзінді сағындым-ау.
Құлазыған көңілсіз шағым мынау.
Алатаудың басынан қыс келді ме —
бұрқан-талқан — көңілім. Жаным — қырау.
Күн санаймын,
күйзелгенім—көзімде тұнса қайғым.
Жылжымайды сағат та.
Сен кеткелі
жүзі ауғандай бір емес, біршама айдың.
Жабығамын.
Сенсіз қалай бұл күйден арыламын?
Асып-тасып қалайын алғаш рет
көріскендей, тез келші, ақ лағым.
***
Сенен өзге жанның бәрі
адамға ешбір ұқсамайды.
өзің жара салдың-дағы,
жанарымды құшса қайғы.
Керең жандай түк ұқпайды
бір өзіңнен басқа халық.
Жүректі ешкім жылытпайды,
Кетті сенсіз шаш та ағарып.
Сенің ерке қылықтарың
басқада жоқ— айдан аныҚ.
Сезімімнің тұнықтарын
жүрсің жалғыз жайлап алып.
Сағынсам да, амал қанша,
тынши алам қайда барып?
өзің қашан оралғанша,
жүрем енді қайғы оранып.
***
Аяулым!
Сен кеткелі қанша күн!
Күтуменен шаршадым.
Көкірегім толған сезіммен
кұшағыңды сенің аңсадым.
Таңдайымда қалған-тәтті дәм
талықсығандай тамсадым.
Еркем, өзің кеттің де,
душар болдым дертке мен.
Сағыныш деген өртпенен
лауладым.
Мұндай сезімді
бұрын-соң бастан шекпегем.
Қаңырап қалған бөлмеде
сенделіп, уакыт өткерем.
Жынданған жандай, көз жұмсам,
бейнеңді сенің көп көрем.
Мәңгіріп қалдым жандардай
ақ арманына жетпеген.
Дүниенің барлық қызығы
үдере көшкен секілді
сен ұшқан самолетпенен.

Қасірет екен жалғыздық.
Сен барда мынау қос бөлме
ұқсайтын қазды қос көлгс,
Құлазып қалған секілді
басынан бақыт көшкендей.
Калған жандаймын елсізде,
кездеспей жалғыз дос пенде.
...Қиянаты мол жалғанның
қиындықтарын арқалап
туар деп алдан арман күн —
мен үшін жалғыз күн кешкен
анама сонда таңдандым.
***
Елестеп таныс денең,
есті алды күндей мүсін.
Жүрсең де алыс менен,
соны сен білмеймісің?
Тартпайды үйге қарай,
көңіл де алаң бүгін.
Түстім бұл күйге қалай,—
өзіңсіз қараң күнім.
Ойлайтын ермегім — сен,
ешқайда шықпадым да.
Неге ерте келмедің сен,
жайымды ұқпадың ба?
Шаршатты қанша мың ой
өзіңсіз кездерімде.
Сені ылғи аңсадым ғой,
айтшы, сен сезбедің бе?..
***
Бір сырымды айтам өзіңе, жаным, ал тыңдап:
алдыңа сенің күліп те келем жарқылдап,
алдыңа сенің түнеріп келем кейде мен,
өмірдің кейбір көлеңкелерінен салқындап.
Алдыңа бірақ көлгірсіп келмен қашанда,
бар жаным осы: сүйкімді ме әлде нашар ма.
Көзіме жақсы көріну үшін өзің де
ұзатар қыздай сәнденіп, текке жасанба!
Сенсіз күндерде қайғы-мұң басып еңсені,
тілегем талай: “Аяулым жақын келсе еді...”
Жағынба маған, жарамсақтардан жиіркенем,
анадан туған пәктікпен сүйем мен сені.
Ашуың келсе, іренжиді-ау деп ашынба,
ішіңнен тынып, жаныңның күйін жасырма,
Екеуіміз, жаным, алдасып жүріп қайтеміз,
онсыз да мынау шындықка тапшы ғасырда.
***
Мынау жігіт алмаған құны бардай
неге сонша сен жаққа телміреді?

Іш жағымда аш қасқыр ұлығандай,
дүрсілдейді жүрегім, сезді нені?
Бар-жоғымда ісі жоқ мына менің,
саған қарап сөйлейді көзін алмай.
Асықпадың сен-дағы, тұра бердің,
әңгімешіл жан еді өзі қандай.
Сыртқа шықтым. Сенделдім.
Күлкі, бакыт
өткінші екен. Көктемгі сағым—бәрі.
Өшім қалған кісідей бұрқыратып,
сигаретті тауыстым жанымдағы.
Бір шықтыңдар бір кезде. Лапылдадым.
Қозғалуға бойымда күшім қалмай.
Жылдам басып жаныма жақындадың,
мені жаңа көргендей, қысылғандай.
Тіл катпадық. Бермедім сұрақ та мен,
айтар сөзді жүрекке қамалаппын.
Иықтасып келеміз. Бірақ менен
мәңгілікке алыстап бара жаттың.
***
Күтіп алдым тағы да. Бір келемін.
Айтқың келді бірдеңе— үндемедің.
Қимай әлде ұялып жүрсің білем,
өңің тура көнерген түрсіз кілем.
Аямашы. Ашып айт. Еңіремен.
Сүйіспеші, оны ойлап, меніменен.
Көңіліме қарама, мүсіркеме,
сезіміңнің онан да күшін теңе:
оған деген сезімнің күші басым
болса, менен несіне қысыласың?
Қызғанайын, мейлі мен жынданайын,
тек көңілді алдаумен ұрлама, айым.
***
Жанарың нұр ұшқынын қарады іркіп,
мен содан көрген сайын қалам үркіп,
Айтпай-ақ сезіп тұрмын:
бұл күндері
жүрсің ғой басқа адамға алабұртып.
Сонда да жүрек құрғыр саған ынтық.
Жүр сені бір жас сезім еліктіріп,
тулаған ту сезімге желік кіріп.
Мен саған бұрынғыдай келе алмаймын
кірбіңсіз ақтарылып, сеніп, күліп.
Тұрмайсың бұрынғыдай ашық, күліп
(мені де мысық етті пасық күдік ) ,
құлазып отырасың мені елемей,
сыр толы жанарыңды қашық тігіп.
Басқа адам кетті-ау, сірә, ғашық қылып.
Мен үнсіз телміремін саған талмай,
кір шалған көңіліңді жаңарта алмай .
...Мен енді іштей ғана өртенемін,
жана алмай жапырылған жанартаудай.
Барады мұнан басқа амал қалмай.
***
Тіл қатыстық.
Айттың сен ол ерекше ұнағанын,
сосын... сосын онымен кеткеніңді.
Мен қазбалап (қайтейін) сұрамадым,
кіналармын мұндайда текке кімді!...
Енді екеуіміз бөлекпіз,
былтыр бір ек!
Күдікті де мен сорлы ұмытқам-ды.
Демалысым жиілеп, бұлқып жүрек
көмейіме келді де тұрып қалды.
Не айтайын мен саған?
Аяғыңды құшып-ақ жалынар ем,
Жалыныштан махаббат орала ма?
Шығып кетпей тұр менің жаным әрең,
даяр да едім өлуге сол арада.
Айтарым жоқ.
Шамам да жоқ айтуға бүгін менің,
кете бардым қош деуге жарамастан.
Бар сезгенім — көшеде сүрінгенім,
сонсын сездім — айналып барады аспан.
***
Сен менің жанарыма жас тұндырып,
өзгеге көңіл кілтін аштың күліп.
Ошаққа отырғызып кетті мені
әне бір ұзын бойлы ақ сұр жігіт.
Мен қалдым шыр айналып қу далада,
жете алмай арман болған ну жағаға.
Сезгендей сүлдерімнен бір сұмдықты,
көз алмай көп қарады туған ана.
Жаншылдым, жанартаудай биік едім,
жоқ енді сүйенерім, сүйінерім.
Мен үшін қызығы да, қайғысы да —
бәрі бір секілді бұл дүниенің.
***
Мен келіп тұр едім
сіздің үйдің жанына тағы.
Ішпей, маспын.
Жалғыз білерім —
жүрегі құрғыр жалын атады.
Отыра кеттім дірілдеп тізем,
аймалап тұрды сені сол жігіт.
Енді мен қалай күнімді өткізем
оралар деген өшті соңғы үміт.
Сезімім мұнша алданар деп пе ем,
желге ұшып менің гүлім бүр атқан.
О, өмір-ай, алдамшы ең неткен,
кеше күлдіріп, бүгін жылатқан.
***
Сен отырсың бұл түні
аймалатып басқаға.

Мендік наз бен күлкіні
қидың ба оған? Масқара!
Ұсындың ғой шайды оған,
ішші дедің қиылып.
Бакыт шашып айналаң,
жүрегің де жиі ұрып.
Ол ғой көзден нұр ұшып,
отыр демнен тұншығып.
...Мен жатырмын құнысып.
О, өткінші тіршілік!
***
Келіп ем толып-тасып,
ұрмай-ақ жығып кеттің:
жігітпен қол ұстасып,
үйіңе кіріп кеттің.
О баста мені, жаным,
несіне үмітті еттің?..
Дел-сал боп есігіңде
тұрмасам, түңілмес ем.
Әзір ем кешіруге,
сен шығып: “Күнім!” — десең,
Әйтеуір, алдандың-ау
өткінші бір үнге сен...
Сейілмей тұман қайғым
сенделіп түн өткердім.
Есітіп тұрғандаймын
дүрсілін жүректердің.
Сездің ғой жүргенімді —
сен қалай дір етпедің?
Бір жағып, бір өшірдің
шамыңды, қас қылғандай.
Мен содан түгесілдім,
балтамен басқа ұрғандай.
Шынымен құшағыңды
сол итке аштың ба, алла-ай?!.
***
Не болып кетті дүние!
Айрылғаным ба сенен мен?!

Дүние быт-шыт. Жүрегім дал-дұл келем мен.
Сен болсаң, жаным, отырсың жат бір құшақта.
Қөзіммен көрдім.
Әйтпесе, жұртқа сенер ме ем.
Тек мендік деуші ем гүл ернің.
өзгені шындай сүйді ме ол балқып, елжіреп?
Жарылып кетпей, қалай-ақ тұрсың сен, жүрек?!
Орадың ба сен өзгені мендік білекпен,
оған да айттың ба: “Арманым бүгін келді!” —
деп?
Сол үйдің сыртын таң атқанша мен шарладым,
самайда шашым селдіреп
(оны тек мені келемеш қылған жел білед).
Қалшылдап тұрдым
қаңтардағы аяз қысқандай,
бойымды билер денемде титтей күш қалмай.
Көз алдымда да, көңілімде де — жалғыз сен,
дүниенің бәрі дұшпандай.
...Есігіңді әлде соқсам ба солқылдатып мен,
тұрсам ба сосын оған да, саған тіс жармай?..
Қайтермін енді...
Тумайды басқа көгімде менің сендей Күн.
өзіңсіз мен бір тартылыссыз қалған Жердеймін.
Өмірдей сиқыр сезімдер барда жалғанда,
тірліктің қатал заңдарынан өтер көнбей кім?
Есалаң болдым. Үмітке алданған мен сорлы
дәл менше соның сүйетініне әлі сенбеймін.
***
Мен қайтсем екен?
Мынау денем өртеніп, барады ысып.
Кетсем бе әлде сандалып арақ ішіп?..
Менен гөрі бақытты-ау әркімдердің
ит аяғын жалаған қара күшік.
Сенсіз өмір өмір ме? Құрысын бәрі!
Өлген артық мұнан да дала құшып.
Әлде сенің ызаңнан
қыз біткеннің барлығын қорласам ба?
Шашсамба екен өмірді оңға-солға?
Бақ -құсымды басқадан іздесем бе,

бағыма сен бұлбұл боп қонбасаң да.
Біреулерге бір күндік бақыт болып,
біреулерге қайғы боп орнасам ба?
Мынау қырсық дүние басар ма екен
қисық кеткен аярын оңға сонда?..
Быт-шыт болды-ау
сонау менің ләззатты ай, күндерім.
Қайтсем енді басылар қайғым менің.
Астан-кестен етейін дауыл күндей
бұл тірліктің топас бір жай дүрмегін.
Болмаса, бір таңданар іс қылайын,
сонда анау жігіттен айныр ма едің?
Сонда маған о баста өліп-өшкен
оралар ма көңілің?
Әй, білмедім...
***
Сен мені шынымен осы сағынбайсың ба,
оған да от болып беріліп жалындайсың ба?
Оны да мендей елжіреп, аймалайсың ба,
оны да іздеп, төзе алмай, қайдалайсың ба?
Оған да сәби қылықпен еркелейсің бе,
кетейін десе, қиылып “ерте” дейсің бе?

Жанарың ойнап, оған да “Күнім” дейсің бе,
мені құшқандай, денеңмен дірілдейсің бе?
Оңаша сәтті онымен армандайсың ба,
ол жоқта жетім ботадай қалғандайсың ба?
Оған да: “Сені өмірден іздеп ем...”,— дейсің бе,
“Жүрегім — қырау сен жоқта, мұз — денем”,—
дейсің бе?
Ол барда өзге көздерді жақтырмайсың ба?
оны да бір күн күз-жардан лақтырмайсың ба?
***
Өте шықтың. Таныс үн!
Тұла бойым дір етті.
Еркелеген дауысың
осып өтті жүректі.
Оған қарап назданып,
сөйлеп бара жатырдың,
ұмтылуға аз қалып,
қарамды тез батырдым.
Кездескендер түріме
таңырқасып қарады.
Елең болмай бірі де,
сен биледің сананы.
Күйге түстім не түрлі —
бір суынып, бір ысып.
Айыпты адам секілді
кете бардым ығысып.
Байқамадың бірақ та,
ақыл да екен бұл ісің.
Керең болғыр құлақта
тұрып қалды күміс үн.
***
Сені кұшып өзгенің жанды бағы,
менің миым соны ойлап қалжырады.
“Бақыт тапса сүйгенін, қуан” дейтін —
біреулердің шығарған сандырағы.
Ақылгөйлер соны айтып ұрандайды,
қу молдадай сандалған құран жайлы.
Шын ғашық жан сүйгенін өзгелерден
не десең де, қызғанбай тұра алмайды.
Сезермісің:
қанша күн жолықпадық!
Жынданамын, кейде оны көріп қалып.
Соны тастап, дәл қазір келсең маған,
баяғыша сүйер ем өліп-талып.
Еш күнәңді бетіңе баспас едім,
мылжыңдарға құлақ та аспас едім.
Су сепсе де лапылдап өршеленген -—
бұл не қылған мендегі қасқа сезім?!
***
Жанымды менің сілкілеп,
сүйіктім кетті басқамен.
Кездескен сайын бір түлеп,
гүлім деп құшақ ашқан ем.
Күңгірт күндерде нұр берген
айым да сен ең, аспан ең.
Сыр бермеген боп жүргенмен,
булығып жатам жасқа мен.
Жастық боп жатқа білегің,
шырақ боп түнде маздадың.
Соны ойлап сыздап жүрегім,
жынданып кете жаздадым.
Тосылды-ау жатқа гүл ерін,
өзіңді соған Күн еттің.
Мен сорлы жүрмін бір емін
таба алмай сендік жүректің.
***
Ойлап ем келер деп мен
салуға аттандырып.
Мені әлі елеңдеткен
баяғы жаттанды үміт.
Жүректі дірілдеткен
сонау бір сәттер есте.
Жүруші ем күнім деп мен—
сол елес тәтті емес пе?
Бұл күнде басқа адамның
құшағын мекен еттің.
Табылмай басқа амалым,
мен болсам жеке кеттім.
Жоқ енді ол. Менен кеткен.
Күлмейді алдан шығып.
Мені әлі елеңдеткен,
о, сорлы алдамшы үміт!
Қорғауға самал, гүлін,
бейбіт күн — ел арманын,
аттанып барам бүгін.
Қайтейін, келе алмадың.
Әз үміт, мені алдадың.
***
Мен сені сағындым,
Сағындым.. Жүдедім.
Жастығым, жалыным,
бір сендік жүрегім.
Ұйықтасам, күлсем де,
өзіңді ойладым.
Жырақта жүрсең де,
үмітті жоймадым.
Мүмкін сен мені шын
ұмытқан шығарсың.
Бірак тек сен үшін
тудым мен, ұғарсың.
Сүйсең де өзгені,
сен —менің арманым.
Жас жүрек төзбеді —
мұң жырын арнадым.
***
Мұнда түн.
Жаңбыр,
аспан қарауытып,
көз жасын жатыр оның дала жұтып.
Демалып отырмыз біз дабылдан соң,
әскери дайындықтар жаңа бітіп.
Әр жігіт өз ісімен шұғылданып,
біреу жазып, бірі иек қылын қағып,
енді біреу бір хаттан басын алмай,
қайта-қайта оқиды жымың қағып.
Біреу үйін айтады
(бұл — сағыныш белгісі, таныс қылық).
Біреуі жүр әндетіп сәл ысқырып.
Үшіншісі досына хат жаз дейді,
ауылының бір қызын таныстырып.
Біреу отыр тіл катпай,
бейтаныс қыз кешегі ұнап қалып,
дойбы ойнайды біреулер жырақ барып,
мен отырмын өзіңе жолданбайтын
дәптеріме оңаша сыр ақтарып.
***
Мен құлазып кеткенмін
мынау өмір дегеннен,
тіршіліктен.
Сені жоқтап алушы ем күрсініп дем.
Қызықтырмай ешнәрсе,
қалғандай-ды
сенің салған кайғыңнан құр сілікпем.
Самал өбкен түндерде ауа жетпей,
енді өлердей жүруші ем тұншығып мен.
Мен өмірді сен деуші ем:
сенің көзің, назды үнің, қылықтарың;
сезімімнің сен кештің тұнықтарын...
Бүл әлемде өзіңсіз тірлік барын,
Ай, Күн барын, ел барын түк ұқпадым.
Кеткен мені бір байғұс меңіреу қып -
сенің тез-ақ, сүйіктім, ұмытқаның.
Содан бері жыл өтті.
Көп ойландым.
Жүрек соға бастады жылып қаным.
Түндер өтті сергектеу.
Үлгерілмей жұмысым, қысқарды күн,
ығыстады біртіндеп дұшпан мұңым —
жүйрік күндер барады ұмыттырып
кейде өмірдің сараңдау, мыстандығын.
(Ұмытпаймын.
Кешірем сені бірак,
тапа-түсте қолымнан ұшқан гүлім.
Есімде әлі — ол мәңгі қалады есте —
сені алапат сезіммен құшқан күнім.)
Туған елді еске алсам, есейемін,
сөніп қайта жанғандай құштарлығым.
Әнмен туған жеріне ұшады екен,
үн қатпайтын секілді ед құстар бұрын.
Ел сенімін арқалап тұрып сездім
Отан деген өлтірмес күш барлығын.
1972

ШАЛДЫҢ МАХАББАТЫ
Менің бар мұңдарымды,
ешкімге де айтылмас сырларымды
сен ғана көңіліңе сақта, жаным.
Көкіректегі қасірет, қуанышымды,
өкінішім мен үмітті, жұбанышымды
саған ғана үн қатпай ақтарамын.
Егер сен түсінбейтін біреу болсаң,
мен бір шешендердей боп есілер едім,
бәрін талдап, бүкпесіз шешілер едім.
Амал не, үғып тұрсың ғой.
Ендеше, кұнім,
жанымды жүдете бересің несіне менің?
Мына тірліктің көп екен бұрқасындары,
шуақ аңсаған жанымның бұлты ашылмады,
өзіңнен ғана жылылык аңсап-ақ келем.
Түсініп тұрып (аяйсың, қимайсың мені),
түсінбеген боп кетесің, қинайсың мені,
ойлайсың көңілі түңіліп қалса деп менен.
Дейсің ғой маған:
өл, өртен, тағдырға бағын?
Ойменен өлшеп, салмақтап алдың ба бәрін?
Сонда да сенен өтінем, балғын қарағым,
онсыз да өмірден көп қалған көңілімді менің
тым болмаса сен ғана қалдырма, жаным...
1972

ЖОҚТАУ
немесе жесірдің зары
Стамбул маңындағы зиратты аралай жүріп әлсіз жылаған әйел үнін естідім. Жанымдағы Мырза Әли оның сөздерін былайша түсіндірді:

Шынымен жоқсың ба енді, арайлым-ай,
жалғыз ой маза бермей қамайды ұдай:
өзіңсіз, сенің ыстық құшағыңсыз
мен енді жүре аламын қалай бұлай?
Айт-дағы, жүре аламын қалай, жаным,
өте ме сенсіз сонда сан айларым?
Дайындап дастарқанды, отыра алмай
сен келіп қала ма деп қарайладым.
Еңсемді бара жатыр басып кайғым,
мені енді жұбата алар жасытпай кім?
Сен келіп қалар-ау деп жанталасып
үйге де бұрынғыдай асықпаймын.
Сарқылып біткені ме арман-селім,
айырар күш барына нанбаушы едім.
Асылым, жанарыңмен аялаған
қылығың көз алдымда қалды-ау сенің...
Қуатым, бойға қайрат-күш алғаным,
мен енді кімді аймалап құшам, жаным?
Аққу ем, қос қанатым қыркылды да,
қансырап талпындым да, ұша алмадым.
Аялап жүрсің бе екен мені ескеріп
жуымай, жүресің тек елес беріп.
Сен неге жалғыз кеттің, бірімізсіз
біріміз жүре алмайтын емес пе едік?
Сен ең ғой жаңа туған тұңғыш айым,
мен сорлы сенсіз енді кімге ұсайын?
Аңсадым, аяулым-ау, тым болмаса
түсімде келші армансыз бір құшайын.
1973

КЕК
немесе келіншектің ызасы
Сұлу әйел бардан тәлтіректеп шықты да, жанындағы балаң жігіттің жағынан тартып калды. Сосын жалғыз кетті. Хор (Иран) қаласы да, мен де оны үнсіз көзқараспен шығарып салдық...

Сен оның құшағында жаттың, жаным.
Мен болсам жалғыздықтың таттым зарын.
Шынымен кеткені ме көкірегіңнен
сонау бір ұмытылмас ақ түнгі әнің?
Сонда біз бақытты ек қой. Шын емес пе?
өзің де балқып ең ғой бұла кеште...
Сондағы мені есімнен жаңылдырған
қалпыңды алып жаттым жылап еске.
Сосын мен пәк сезімнен жырақтадым.
Айтпайтын болды маған бұлақ та әнін.
Сонан соң қайта атпады тұман тұтып өмірде күліп атқан бір-ақ таңым.
Әуелі есеңгіреп баттым мұңға,
бұл жайға талайды әлде тап қылдың ба?
Өмірге мысқыл жүзбен кеттім еніп,
паршалап жүрегімді лақтырдым да.
Қалмады ерке қылық, ыстық жаным,
булығып ыза, кекке құштым бәрін.
Баяғы менше қайғы шеккендерді
ешқашан аямадым. Мыскылдадым.
Тигенде от құшақта ерінге ерін,
о, қандай жиіркенішті жерінгенің!..
Мен сол бір құшақтардан сені іздедім
және де сенде кеткен кегім менің,
алсам деп жұрттан соны шегінбедім.
Жоқ бүгін менде ешқандай мұңның демі,
мақсатым, бар қиялым бұл күндегі -
мөлдірлік, пәктігімнің кегін алу;
тамырын қырқу тұрса қыр гүлдері.
Мейірім, сезім күтпе менен, адам,
өйткені өзің зұлым қылдың мені…
1974

КҮЙЕУІНЕ АШУЛАНҒАН ӘЙЕЛ
Не деген оңбаған ең!
Мен ашудан булығып зорға келем.
Өзің, өзің осындай бола тұрып,
не мейірім күтесің сонда менен?

Алса деуші ем барша жұрт сенен үлгі,
білсемші мен мұнша азап шегерімді…
қыңырайып қисайсаң сен, әйтеуір,
жасатасың қалай да дегеніңді.

Шыңыраудай шаң басқан елсіздегі
жанарымды қайғының жеңсін желі.
Енді сені көрмеймін, бітті. Болды.
өле қалар деп пе едің сенсіз мені?

Сүйіп тұрып, азап қой күрсінсе кім!
Біле тұра мендегі шыншыл сенім
жараланып қаларын сәл нәрседен –
бүйткен қыңыр мінезің құрсын сенің!

Мені осыншама батырып құса-мұңға,
сен де қатал жандарға ұсадың ба…
Кіріп келсең, әйтеуір, оңдырмаймын!
Қалмасам тек тұншығып… құшағыңда!
1974
* * *
Сен мені күтпе ешқашан. Алаңдама.
өзіңді айыптама, жамандама.
Жүрегің мен деп соқса,
басу үшін
бәрін де маған жама.

Мен соның барлығын да көтеремін.
Сені әзір аймаласын бөтен ерін,
бәрібір саған титтей тыным бермей,
ішіңді күйдіреді от өлеңім.

Сен мені басқаларға қорлап ем де,
тыншырмын көңіл қалып сонда мен де.
Мені ойлап жараланған жүрегіңді,
білсең де жазылмасын, зорлап емде!

өзіңді, өзгені де алда солай
(көмілсін менде ертерек шаңға самай),
қаншама жанталасып тырысқанмен,
жүрегің мені аңсаудан қан-жосадай.

Мен жайлы мұңайма сен дара қалып
(әлі ұзақ қайғы болам саған анық!).
Ұқ бірақ: бірімізге атқан оқтан
қаламыз екеуіміз де жараланып.
1974
***
Білемін:
сүйем сүйсем әйтеуір құлап-талып,
дүниенің барлығы жырақ қалып.
Сені мен мен түсінер жай туралы
көргенім жоқ ешкімге сыр ақтарып.

Сені аңсаймын көзімнен жас ағыла,
көбейді ғой бұл күнде шаш ағы да.
Сыр ашпаймын еш жанға. Шағынғанда
біреу сенің орныңды басады ма…

Сезім қолдан ешқашан жасалмайды,
жасағандар ұзаққа аса алмайды,
не алдасып бір-бірін күн кешеді,
мен ондайға көнбесім қашан да әйгі.

Мен сондаймын.
Сүйсем егер, ғұмырлық сүйіп кетем.
Жұртқа менің жүрегім – тұйық мекен.
Аласарсам, ешкімге ұқсамайтын
сезіміммен көңілді биіктетем.
1974

ЕР-ТҰРМАН
Өртейді бір өкініш жиі мені…
Киіз үй. Мекеніміз қиыр еді.
Анамның алданышы, сүйінері –
әкемнің ер-тұрманын күніне бір
тазалап, қайта-қайта иіледі.
Көзінің тірісінде қайран әкем
қастерлеп қадір тұтқан бұйымы еді.

Қырда едік, көп жайлардан жырақта едік.
Мен жүрдім ер-тұрманды мұрат көріп.
Үзеңгі күмістеген, күміс жүген,
соқтырған Сәрсен шалға құр ат беріп.
Әкемді сағынғанда, ер-тұрманын
сипалап отырушы ем жылап келіп.

Күміспен бағдарлаған өмілдірік,
қараушы ем құйысқанға өңім жібіп.
Тоқымы тобылғы түс былғарыдан,
тұрғандай, шылбырды алсам, қолымда үміт.
Шап айыл, төс айылды шірей тартып,
жүйрікпен жол тартатын көңіл-жігіт.
От тұяқ кең даланы дүбірлетіп,
терлікті терге малар со күнді күт!

Көңілімде бір сыр жатты жанға айтылмай,
сол сырмен әке үмітін жалғайтындай
сезіндім, атқа мінсем әкеміздің
шаң басып ер-тұрманын қалмайтындай.
Сол тұлпар, тізгін тартсаң, қаршылдатып
шайнайды ауыздығын таңдай тынбай.
Мұз шатқал, тау-тасты да тұлпар тұяқ
тағасыз тіліп өтіп самғайтындай!

Соғыстан соңғы кезең, жүдеткен ең,
нан тапшы, қуыршақ жоқ, тірек те кем…
Жанашыр, мейірімді еді адам біткен,
сол ғана аш қарынға, жүрекке де ем.
Түндерде жүйрік мініп, қиял қуып,
қараумен ер-тоқымға күн өткерем,
ат мініп, адам болып, әке арманын
жалғасам деген жалғыз тілекпенен.

Әкеміз елге сыйлы кісі еді арлы,
білмейтін жағынуды, күш-амалды.
Әкенің абыройын оранып ап,
кешпедік жетім күйді, құса-зарды.
Бір күні сәске түсте үйімізге
сау етіп төрт-бес атты түсе қалды.
Басқарма! Танитын жұрт оны тегі,
қаһарлы дейтін жүрген жолы пері.
Олардың айтуынша, ауылдағы
жүйрік ат, асыл бұйым соныкі еді.

Қадалды анамызға Құрман кенет:
«Бар қазақ ата салтын қылған медет:
ағаның ер-тұрманын мен ұстайын,
не пайда үйде босқа тұрғанда», - деп.
Жылады, шырылдады анам көнбей,
мен тұрдым сөз айтуға шамам келмей.
Әкетті ер-тұрманды.
Біз қосылып
жыладық әкем сонда жаңа өлгендей.

Сол күні әкеміздің қосын керіп
бір құйын ойрандады тосын келіп.
Жыл-ұршық зырылдады. Біз әйтеуір
ошағын әкеміздің өшірмедік.

Өмірдің бұл да заңды күйі ме еді…
Ойласам, жанымды жел үйіреді.
Сол күнгі жасты, ызаны кішкене қыз
кішкене жүрегіне түйіп еді.
Сол күннен басталған-ды оның және
шарасыз күйден күйреп, күйінері.
Мен сонда дертті болдым. Сол дертімнің
өмірде табылуы қиын емі.
Өртейді өкінішім жиі мені.
Әкемнің көзіндей бір бұйымы еді…
1985

ШЕШІМ
Текке бұлай
бірімізді біріміз қинамалық,
алыстадық иба да, сый да қалып.
Біз қайтеміз –
тағдырлар тоғыспады,
өмір кешкен болғанмен бұйдаланып.

Екі жүрек
қақпадай құлыптағы,
не істерге білмейміз мұны ұққалы.
Қырау қатқан көңілдің терезесін
түндер де жылытпады.

Келсең
кейбір жандардан сағың сынып,
мен емес пе ем жүгірер барымша ұғып?
Маған біреу оқ атса,
өр кеудеңді
сен емес пе ең тосатын жаның шығып?

Енді бүгін
қарасамыз сезінбей, құштарланбай,
қимастықтан көңілде мысқал қалмай...
Кездесіп ек бұл сезім мәңгілік деп,
қоштаспайық тек бірақ дұшпандардай.
1975
***
Жүрегім алқынады бұл күндері:
қуантып, есімді алып күлкің мені
өзіңе, өмірге де ғашық етіп,
шырқатып жібердің ғой күрт ілгері.
Бермейсің жүрегіме титтей тыным,
сен басқаша болуың мүмкін бе еді?!

Кетеді сыздап шаншып бұл жүрегім:
кенеттен бұлт жамылса нұрлы реңің.
Сенің де, шаншылаған жүректің де
таба алмай, дел-сал болып тұрдым, емін.
Сен өйтпесең, тек маған қырсықпасаң,
ұғынбауым да мүмкін-ау мұңды менің.

Білмеймін белгісі ме анық кектің
(мен жалғыз сезім зарын жанып шектім),
жүрегім ауырмайды, өйткені өзің
кеудемнен суырдың да алып кеттің.
Құтқардың мені азаптан алаңдамай.
Ал бірақ...
салмағы қос жүректің саған қалай?
1975
***
Мен сізді ұнатамын.
Сізді ойлаумен атады бұла таңым.
Жалғыз арман жанымды жайлап алып,
сенделемін, үмітпен бүр атамын.
Түк еместей әлемдік айыптаулар,
не ұмтылған асқарым – жыр, атағым.
Мүмкін ессіз осы бір сезіміммен

біреулерді өксітіп жылатарым,
не өзімді даңқтың тұғырынан
мүмкін тіпті біржола құлатарым.

Жанса бағым,
бәріне де дайынмын – қарсы аламын,
қарсы аламын үзіліп қалса да әнім –
біреулердің күңкілін, жазғыруын,
мысқылы мен өсегін – баршаларын.
Соның бәрі тұрмайды жалғыз ғана
сәтімізге қауышар, аңсағаным,
бірге жұтар ләззатты таң самалын.

Жырлап өтем,
белді будым алдағы сынға бекем,
арпалысам, асудан-мұңнан өтем.
Сізге жетер жолымда кешем бәрін,
мені тоқтата алмайды тұлға бөтен.
Арпалыссыз, армансыз, мұңсыз күндер –
жайбарақат тірліктің құндағы екен.
Соның бәрін, бәрін де сезіміңнің,
сезімімнің жолында құрбан етем!
***
Әйеліңді, жылы үйді – таста бәрін!
Бұз бірауық тірліктің тас қамалын,
қамалдар мен шарттардан тұрады өмір -
ізде одан да көңілдің басқа амалын,
шырқа сөйтіп өмірдің асқақ әнін!

Тереземнің алдына келме күнде,
көрінбеуге тырысып елге-күнге
(сүю деген – батырлық бұл заманда,
қаратпайды сезімдер шенге мүлде),
уақытым жоқ сенімен сенделуге!
Қызғаныштан күйдір де жерле жаман,
бірақ жұрттан ұрланып келме маған!
Қызғануға қақы бар, сүюге де
сеніміне өзінің сенген адам,
сезіктенбей, сескенбей иен даладан.

Мен бәрібір шықпаймын, түнер, жарыл,
(рас, сені тілеп тұр түгел жаным!),
өйткені мен адамның әлсіздігін,
сақаулығын, сақтығын – білем бәрін,
барлығына кереқар жігер, қаным!

Селдей сезім болмаса шоқ денеде –
толқын құшып ұмтылма от кемеге!
Қамалдарды бұзып кел – бірақ сонда
сөніп қалсам, өкінбе, өкпелеме –
еркіндік пен сезімге сот немене!
***
Қателескен екенмін. Бір-ақ рет.
Өкініштен өртен де жыла, жүрек.
Әр қадамды мысықша аңдамаппын,
айыптаңдар, қайтемін, кінәлі деп.

Өкпелеңдер бұлалау қылығыма,
қондырмаңдар талпынған тұғырыма.
Бұның бәрі түк емес, ал өзімнің
өкінішім жетеді ғұмырыма.

Кінәм жоқ деп ақиқат қарғанбасым,
сыздатып тұр жүректі ар - қорғасын.
... Қателесу керек те шығар мүмкін,
кешіре алар бір жандар бар болғасын.
1975
***
Қараң боп онсыз Жер, ғалам
жанымды мәңгі мекендеп,
кеткен бір жанды сен маған
ұмыттыра алар ма екен деп
толғанып талай күрсінгем.
Талқысып жүрек дүрсілден
дөңбекшіп жатқам түндерде.
Жылағам жалғыз, үнсіз мен.

Мәз екен деме күлгенге –
қансырап қалған жүрегім.
Оралмайды енді білегім
ешкімге, - деп ем, түңілгем.
Жанымның серпіп түнегін
әлі естілмеген бір үнмен
сен келдің. Қалай? Білмедім.
Кетпес деп менен мұң-желім,
күрсініп өткен түндерім,
жүрегімді қалай жаздың сен,
жүргенде таппай бір де емін?
Жаңбырдан соңғы күн бе едің?
Қайғыдан соңғы бұл бақыт
жүректің жасын құрғатып,
жанымды тербеп жүр менің.
***
Өзіңді жерлеп келіп,
жапа-жалғыз отырмын. Меңіреумін.
Айналамда қыстыққан еңіреулі үн...
Әлем деген қап-қара бұлтқа оранып,
жердің бетін кеткен бе-ау құрттар алып,
есі ауысқан шығар бұл сығыр құдай,
сосын, сосын... денемді бұрынғыдай
аймалаған секілді сенің ернің.

Буынымды босатып
сыбырлаған үздігіп сенің үнің,
сосын менің тек саған жерік үнім...
жанарымыз түк үнсіз ақтарған ой
тек екеуіміз білетін сәттер бар ғой? -
алақандар тигенде, бұлақ-құмар
дір еткізіп жүректен бір-ақ шығар -
барлық елес таптады мені бүгін.

Жерлеп келіп...
Жоқ, жоқ! Пә, өзіңді жерлеп келіп,
отырдым сен деп семіп,
өмір деген өзіңсіз қараң қалып,
керең болып кеткендей тамам халық...
осы менің бүгінгі есімдегі.
Сені осылай жерлегем. Кешір мені.
1975
***
Қызғанбаған сәттерің - қинағаның,
қинағаның - аяудан қимағаның,
аяғаның - өртенген сезім емес,
әшейін сыйлағаның.
Бұл - зұлымдық. Маған да, өзіңе де,
сен сөйткенің сыймайды миға, жаным.
Қайтем, қайтем, сезімді бұйдаладым.
1976
***
Бірімізден біріміз
құтылмаймыз қашсақ та қай далаға:
бізден басқа тірлік жоқ айналада!
Маған айтқан сөзіңді басқаға айтып,
өтірік аймалама!

Біз бәрібір о бастан
матаулымыз тағдырдың арқанымен,
бір-ақ сермеп қырқуға балта алып ем:
қансыратты, не пайда, үзілмеді –
сен менің жалқы әнім ең.

Мейлі біздер жүрейік
сыр ашқансып жаны жат басқаларға,
байқа, көзді оңаша жасқа малма,
түк түсінбес біреулер өр кеудеңді
әзірге жастанар да.

Білем, білем әзірше
бұрқан-тарқан болғандай селде теңіз,
біз осылай сенделіп сең кешеміз.
Шығынғанмен өртенген адамға ұқсап –
бәрібір кездесеміз!
1976
***
Жұрт мені қатал дейді,
найзағайдай мінезі шатырлаған,
біреулері айтады ақыл маған:
өр көкірек, тәкаппар, менменсіген…
ұнатпайды дәл мұндай ақынды адам
(одан сайын мен шіркін қатуланам).

Біреулер қиялдайды:
мұндай адам ешкімді сүйе алмайды;
өтірік өлең жазады талықсыған,
қайдан ғана бал сезім таныс бұған?
(Түсініксіз қалпыммен байғұстарды
ойларымен өздерін алыстырам).

Біреудің жаны ашиды:
ол ақын ғой өзгеше, дара сыйлы,
ал, ақындар сезеді барлығын да,
ақылды да болады, данасиды.

Жастар жара түспеген жанына әлі
түсінгендей жанымды табынады;
менің асқақ әм мұңды жырларымды
іздеуі хақ солардың, сағынары…
Мен кешпеген дүние жоқ екенін
сезеді олар. Сезеді бәрі-бәрі.

Мен солай көрінемін,
Жер секілді құбылтқан өмір өңін.
Міз бақпайтын адамдай жүре берем
күйіп-жанып жатса да төңірегім.
Білмейді жұрт (білмесін көңіл емін)
менің барлық бал қылық, нәзіктігім
сенің ғана алдыңда төгілерін!
1976
***
Білмеймін:
жанарыңнан сыр ұқтым ба,
әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба -
өзің болдың, әйтеуір, бұл күнгі әнім,
көтеріп ап кетіп ең - бұлқынбадым -
әлде аймалауыңа құнықтым ба?

Білмеймін:
құшағыңда дір еттім бе,
алып ұшып бара ма-ау жүрек мүлде...
Ойлағым да келмеді ештеңені,
күндіз бе әлде, білмеймін, кеште ме еді -
тек ұққаным - жан бірге, тілек бірге.

Білмеймін:
пәк сезімге мұқтаждау кезім бе еді,
сеніміңді көп болған сезінгелі,
сезінгелі, сені ойлап көз ілгелі...
Іңқәрлықтан, аяулым, тына көрме,
бақыт деген сәттерден тұра ма әлде,
онда өтіп кетпегей тез ілгері.

Сол сәтте
бұлтты аспаннан жарқ етіп қарады ақ Күн,
шуағына бойымды аралаттым.
Сезімімнің қақпасын дара қақтың.
Елжіресіп, ұғысып, сеніп бірге,
ағыл-тегіл сезіммен еріттің де,
өзің маған өзім боп бара жаттың...
1977
***
Өзіңменен жүрегім егіз менің,
түндер бойы қарманып сені іздедім -
жоқсың. Сонда еске алдым қимастықты
тағдырдың желі үзгенін.

Түндер қандай үрейлі жалғыз жанға,
қалғандаймын күздегі таңғы ызғарда.
Көзім жұмсам, шошытып сұсты елестер,
тылсым ба, жар, құздар ма...

Мазақтайды тағдырдың түні, желі,
көкірегім ызадан тілінеді.
Шыр еткендей қоңырау - сонда есікке
жүрегім жүгіреді.

Жүгіреді. Қайтадан басылады -
естілмейді ешкімге жасы, зары.
Тағдырымның дауылы азынап тұр -
бұл әлде басы ма әлі?..
1977
* * *
Әлде батып кетті ме сөзім менің,
әлде сенше жоқ па еді өзіңде мін —
бұрыңғыдай жарқ етіп қарамайсың.
Түсіне алмай, түнімен көз ілмедім.

Жүрегіңде бір зіл бар.
Үндемедің,
мұнар жауып көзіңнің нұр желегін.
Тым болмаса айтсаңшы — біреуде ме,
тағдырда ма, менде ме — кімде кегің?

Не боп кеткен, құдай-ау, адамдарға,
сен де сондай болған соң амал бар ма...
Шындықты айтсаң, ақымақ көреді жұрт,
жалған күлсең, жағынсаң, балар жанға.

Сен де ұқпадың, жаныма үңілмедің,
тіл табудың таба алмай жүрім бе ебін...
Жүрегімді саған да жая алмасам,
бекер екен өзгеден түңілгенім.

Бұл — мен үшін әуелден таныс қайғы,
көлгірсулер жанымды жаныштайды.
Ақиқатпен бетпе-бет келе алмайтын
жанның бәрі менен де алыстайды.
1978

БИ
Жүрегі алқынады,
ауған бұған жігіттің бар құмары.
Қайратты қол беліне тиген сайын
тұла бойы тұрғандай балқығалы.

Көрмеген бе дәл мұндай "сынға" түсіп,
әлде киім кеудесін тұр ма қысып,
басы айналды,
вальске дөңгелесе,
қалады тек кеуделер тіл қатысып.

Жүрек баяу соғатын қалыптағы
алып-ұшып жөнеді – бар ұққаны.
Айналада ақ мұнар, екеу ғана
теңіз-сезім төсінде қалықтады.

Қымсына ма әлде сәл қорғана ма,
сезім өткізгіштей ме қолдар ана…
Күйеуінің жанына отырғызды,
есін жиды келіншек сонда ғана.
1978
* * *
Мен оның құшағында,
ол сенің құшағыңда –
алдаймыз өзімізді және… ол байғұстарды;
біз бұлай азаптап ек қай дұшпанды?!
Мен оны сен деп құштым, сен оны мен деп құштың:
арпалыс. Жүректер мұз. Денені, оны алдайсың.
… Ал, астан жерінгенмен, аштықтан өле алмайсың!
1978
* * *
Білесің ғой,
онысыз
дүмпуіне шыдамай сағыныш-зардың,
жанымдағы жанартау-жарылыстардың,
көз аштырмас бір сезім дауылынан
жай таппай алып-ұшқанмын.

Ол жоқ жерде
таңдайдағы дәмімен бал үміттердің,
толқынына тұншығып, малынып шердің,
ештеңені, ешкімді көзіме де ілмей
тек соған табынып, сендім.

Үзіліп қыршын,
сонан соң...
өтетін болды жабырқау, жеке кештерім...
Қайғым бар (білем — басқалар бекер дескенін)
ол — өзгені сүйе алмай жалғыздықпенен
мәңгілік некелескенім.

Таппадым басқа жаралы жанның бір емін.
Махаббат аңсар менің де балғын жүрегім...
«Кімді де болса, әйтеуір сүйші,— деп,— жүрек»
жалындым, талдым, жүдедім...

ЖЕКЕМЕНШІККЕ ТАЛПЫНУ
(көңілдес әйелдің көңіл күйі)
Сүйе алмаймын -
сүйгім келіп тұрса да есім кетіп
(мейлің мені сол үшін кешірме түк),
болмағандай ештеңе барасың ғой,
аласұрып келесің несін жетіп?

Көрген жерден -
аймалайсың алқынып, құлап-талып,
есімді алып үздігіп, сыр ақтарып.
Ал, мен болсам, шығарып салған сайын
тұрам қимай ұзатып, жылап қалып...

Еркелегім келеді -
рахаттан сонда сен қалғыр едің,
бірге атқызғым келеді таңды менің.
Қазір тағы кетеді-ау деген ойдан
мұздап қоя береді жан-жүрегім.

Содан, содан қаламын
бар жаныммен алдыңда ашыла алмай,
тілеп тұрып - мойныңа асыла алмай.
Жекеменшік аңсайды көңіл-сайқал,
содан барлық желігі басылардай.

Мен салқындау көрінсем -
жарқылдауға жанарға жақұт қонып,
сені күтіп шаршадым, уақыт соғып...
Несіне ендің қиындау тағдырыма
қайғы болып, жартылай бақыт болып...
1985
***
Мен саған қарыздармын.
Жүрегімде шаттық бар. Бар ызғар, мұң.
Біз екеуміз кешкен күй ұқсас керім
сезіміне ғажайып аңыздардың.

Мен саған қарыздармын. Сен де маған.
Басқа қызық-шыжықтар ем бе маған!
(Бір-біріне қарыздар екендігін
неге біле бермейді жердегі адам?)
Менің мына жүзімнен жел жалаған
шаттықтардың шуағы танылмаса,
жанарымнан ой-тұман арылмаса –
жанымда бар ызғар, мұң:
оны сезім-нәріңмен емдеп алам,
немесе анау ақкөңіл елге барам –
жусаны да жайымды ұғынатын,
кемпір, шал да қалқам деп бұрылатын,
көтергендей ақ басын жерден анам.
Шырқыраған жанымның бір тынымын,
жүрегіме нәр берер күлкі, жырын
іздеймін сенен және кең даладан!
1975
* * *
Бұлай сүймейді, жарықтығым,
сезім емес есті алар – анық мұның.
Сенен көзді жұмғызып тамсандырар
еш ләззат қалған жоқ. Қалыпты мұң.

Жүрек құрғұр құрметті ескере ме,
не атақтан, даңқтан сескене ме:
қайтем, сенен жанымда түк қалмады –
қуаныш та, қайғы да – ештеңе де!

Табынған боп, сүйген боп көндігер ем –
көнер емес жүрегім, сорлы денем.
Сыйлағаннан махаббат тумайды екен,
сирек келер сезім ғой ол бір ерен.

Мүмкін бұдан жаныңда мұң қалары –
ер жігіттің намыс қой бір жарағы.
Құлай сүйгізе алмаудан, сүйе алмаудан
сезімдер былғанады.

Солай. Мейлің жек көріп жерлесең де.
Бірақ айыпты есмеспіз: мен де, сен де.
1975
***
Мен сонда жылап қалғам.
Сен сезбедің. Кетті ұшып жыраққа арман.
Мұның бәрі неліктен? Білесің сен –
өзіңді ұнатқаннан;
сосын-сосын жүргеннен ұмыта алмай
алып-ұшып жеткенде жырақтардан
кездеріңді алдымда құлап-талған;
өліп-өшіп өртенген кезеңдерің,
сосын… түк болмағандай безергенің –
осыларға түсінбей мұң ақтарғам,
басым қатып шешілмес сұрақтардан.
Сезіміңнің мұншалық жалғандығы,
сен үшін бір сәт екен арман құны.
…Мен сонда жылап қалғам
өзіңді жек көргеннен және де… ұнатқаннан.
1975

АҚҚУ - ТАҒДЫР
Қара бұлтқа кенеттен соғылды Күн:
құлады аққу. Қиды екен жолыңды кім?
Аққу-ана отырды ұясында
бауырымен тербетіп көгілдірін.

Киелі деп аққуды жұрт ұғады,
Арқалаған қандай жан бұл күнәны?
Аққу-ата қансырап жатты жерде,
жанұшырып сыңары шырқырады.

Көз ашқанша Ай, Күні батқаны ма?
Сол-ақ екен — құзғындар қаптады да,
бірін-бірі итере үймелесіп,
бас қойысты аққудың пәк қанына.

Шыр айналды сыңары жаны шығып,
қарағайлар сыңсыды, қамыс ұлып.
Сабалайды қанатын қақырата,
суға кеткен адамдай салы сынып.

Соқты лезде ақтымық таңнан ызғар,
қара жерде аққу аз, қарғаңыз бар.
Көгілдірін көзінше көзден шұқып,
енді өзіне тап берді қанды ауыздар.

Жағалауда жалпылдап жүн балағы,
жапырлады жез тырнақ жүз қаралы.
Қарауытқан көл бетін мамық жауып,
жаутаңдаған жалғызды жұлмалады.

Бұл не жаза? Көркінің «қалжасы» ма?
Тік келмеген тірі бір жанға, сірә.
Ғұмырында, жәбірлеу түгілі, аққу
көз салмаған қырғи не қарғасына.

Жауыздыққа тістеніп Күн жыласын —
құтқаратын амал жоқ, қынжыл, ашын.
Жаны бардың бәрінде бір-ақ ауру —
құртуға әзір әйтеуір сұңғыласын.

Есексің бе, не тышқан, бақасың ба —
болмас онда жауың да, бақасың да.
Қасиетті тірлікте қарға құзғын
қандары қас киелі заты асылға.

Жалқы болсаң, әлсізсің, жоқ қорғаның,
құрады өмір алдыңнан от торларын
Асыл туған аққудай тағдырыңнан
артық екен қарғадай көп болғаның.
1993
* * *
Өзіңе өкпелегенім –
мұңданып төккен өлеңім;

соншалық ашуланғаным –
жаныммен ашынғандағы үн;

қалғандай құрғап тамағым –
тіс жарып тіл қатпағаным;

сіміріп сағыныш зарын,
өзің деп алып-ұшқаным;

шайғандай тұнық бір ағын,
өкпені ұмыттырарың –

бәрін де татып келемін.
…Осы екен бақыт дегенің!
1976
* * *
Сен қайда жүрсің,
мені осынша сағындырып,
жүрегімді лаулатып жалын қылып?
Мен сені іздеп жүрмін
шығар-ау деп жарқ етіп түзден бір күн
мазасыздық жайлаған жанымды ұғып.

Жинап жүрмін жүрекке
ашу, ыза – кеудемде қамалған үн,
шаттығым мен пәк күлкім, ән-арманым,
басқаларға айта алмас сырымды мен
ішімде бүгіп жүрем –
ақтаруға тек қана саған бәрін.

Жанымды жайып салам,
көмілмей жасқа, мұңға!
Орап сені сағыныш – ақ сағымға
(қымсынбаймын бар әлем қарап қалса),
сені ұйқтатып алдымда таң атқанша,
отырамын көз ілмей бас жағыңда.

Арпалысқан сәтте сол
сағыныш, наз, қимастық, арман, үміт,
әттең, атып қалады-ау таң да күліп…
Әлде әйнектен қызғанып Ай қарай ма,
ол да сені нұрымен аймалай ма?
Қой, адамша қызғанып Ай не қылсын…
Сағындым ғой,
Сен… осы… қайда жүрсің?
1982
***
Екі бөлме. Қос төсек
екі жақта бір-бірден.
Екі жүрек шоқ көсеп,
қылғынады құрғыр дем.

Екеуі де от басып
дөңбекшиді тыншымай.
Шыдамдарға шоқ шашып,
күлімдейді қырсық Ай.

Алда – құз ба, ғұмыр ма –
жатсын оны кім ұғып.
Ызыңдаған шыбын да
бұрышта отыр тығылып.

Сықыр етсе бірдеңе,
аспан құлап кетердей.
Айдын кезген түн – кеме,
әрбір бөлме – шет елдей.

Екі бөлме тынады
бір-бірінен үн аңдып.
Бірі ұқпайды түк әлі,
біреуінде – құмарлық.

Екі елде де – аң-таңдық.
Келіссөз бе? Бұл да ауыр.
Шекараны талқан ғып
кетер ме екен бір дауыл?!
1982
***
Құлақ аспай күндегі мұңды үніне,
лапылдайды көңілдің от құмары,
екі жүрек талпынып бір-біріне,
сезім-сең соқтығады.

Алақандар кездейсоқ тіл қатысып,
қайнау мен суу жайлы
заңдар қайда – қалды ма қынға түсіп –
саусақтар дуылдайды.

Ерік бермей ту сезім сылаң ойға,
есті де таптай салып.
Тулап жатыр толқындар тұла бойда,
тамырлар аттай шауып.

Жүрек арай таңды да, әнді ұғынбай,
көрмейді айналаны.
…Қиқулары – көктемнің жаңбырындай,
көңіл де – бәйге алаңы.
1983
***
Келе жатам
әрі мұңды, әрі асқақ - сезсең мені,
елемей еш пендені,
көлгірсіген шуылдақ жұрттың бәрін
қойдай көріп жайылған тепсеңдегі.

Қалған сәтте кездейсоқ ұшырасып
бозарып түсі қашып,
қипалақтап қалады бейшаралар,
менің адалдығымның пысы басып.

Ай жерге құлағандай
аузын жимай қарайды бәрі маған
(дей ме әлде "жарым" адам?!).
Өйткені олар ешқашан ғұмырында
шыншылдыққа, шындыққа жарымаған.

Сиректеу құбылысқа
көзі үйреніп көрмеген дарқан халық
үрпиісіп қарайды сәл таңданып.
.. .Тек өзіңнің алдында (сенің ғана!)
балаға ұқсап қаламын жаутаң қағып.
1975
***
Көздеріңде
ақыл, ой, мұң тұнады,
адамдайсың қанбаған бір құмары.
Жаның жүдеп, дәрменсіз отырасың
маған қарай жүрегің бұлқығалы.

Мен біреуге жарқ етіп қарадым ба -
қызғанасың
жалт ойнап жанарыңда.
Менің такаппарлығым тұншықтырып,
көмілесің амалсыз нала, мұңға.

Жүрегіңді өртейді зар ма, мұң ба -
қайғы әкелер қол жетпес арман ұлға.
Мен елік боп көзіңе көрінгелі
көріксіз боп кеткендей жан жарың да.

Үміттенер мен жақтан естілмейді үн,
сезбей ме деп ой селін кештің кей күн.
Әйел сезбес сыр бар ма бұл жалғанда -
сезем бәрін. Білемін. Тек сүймеймін.
1976
***
Төсекте тынши алмай
жатсаң түнде,
байырғы тыңшылардай
құлақ салып күздегі қайтқан қаздың
мұңды әніне қосылып сыңсыған жай,
тыңдашы үн шығармай:
қаз қайтады
(арманы мол жүректің аз ба айтары...),
ол әлі күн өзіңе сездірмеген
мендегі назды айтады.
Қоштасудың мұңдысы-ай, кездесуді
табиғат жазғай тағы.

Қаз қайтады
әуенімен елтітіп таңғы үмітке,
үміт-нәрсіз көңілге сән кіріп пе?
Қош айтыссын, қиылып қоштасусыз
сағыну жоқ, жоқ тіпті бал күдік те.
Ауруынан тұрмасын сезген жандай
қоштаспағай тек қана мәңгілікке...
1977

ҰРЛЫҚ
(әзіл)
Жүрегімді
тәтті қиял, арманмен үлпілдеген,
сағынышым, ойым мен күлкім, денем –
бәрін алып қойдың сен, енді сенсіз
жүре алатын емеспін бір күн де мен.

Тәкаппарлау жалт еткен
көзімдегі ойнақы мысқылымды,
тиген жерін өртейтін ыстығымды
жұрдай еттің. Құдай-ау, қайда кеткен
менменшілдеу бойдағы күш бұрыңғы?!

Жаным елтіп шырқайтын таңдағы әнім,
жетелейтін ой-қырға арман-ағын –
бар асылым өзіңмен бір болғасын,
есі-дертім сен болып сандаламын,
ойлашы өзің – басқа енді бар ма амалым?

Мен өзіңнің алдыңда
әлсіреймін бойымда дым күш қалмай,
ойлайсың ба – бұл ісің қылмыс қандай:
мені тонып келесің жалғыз өзің
дүниені жаулаған Шыңғыс хандай!

Қарақшыдай
ауыл сыртын жүретін торып талай,
мені еркіммен ұрладың жорықта жай.
Тілейтінім - өмірде енді маған
сенен басқа "ұры" адам жолықпағай!
1977
***
Сен келмегенде
жанталасам сезімнің тасқыны ұрып
жанарға жас тығылып,
қоятұғын өзімді жер таба алмай,
жалғыздықтан жиналған шер таралмай,
отырамын ішімде қасқыр ұлып.

Арпалысам өзіммен
бәрін тұл ғып кететін жақ таба алмай,
думанды баққа бармай –
тарылғандай дүние аласұрам,
сосын, сосын таусылып шама, шыдам,
жер боламын біреулер таптағандай.

Саған аян бұл күйім,
бұрқанысым,
өзендердей өзгертер күрт ағысын.
Саған қарай қол созам, арман-әнім,
талықсимын, қайтадан жанданамын
тағы бір шырқау үшін.
1977
***
Менің тұнық сезімім
өзіңді сағынғанда,
соққандай ағын жарға
қара жердің бетінде сенделтеді,
сонда мені дару жоқ емдер тегі.

Желімделген жаныма
құтылсам бұл аңсаудан,
адамдай қыран сауған,
атан сойып бір тойды жасар едім!
Бірақ жүрек табады қашан емін?

Өзіңе ғашықтығым
ешкімге ұқсамайды.
Қариды мұз самайды.
О жасаған! Сүйе алар жүрек беріп,
неге маған сүюді мұң еткенің,
дәл осындай қасірет тілеп пе едім?
1979
***
Тынбайды жүрек алқынып
келгендей маған жалқы жұт.
Қай жаққа барып жай табам,
назымды кімге айта алам?
Шағала көңіл шарқ ұрып,
іздейді сені қайтадан.

Найзағай-ашу ноқталап
булығып жаттым мен бес күн,
қажеті жоқтай енді ешкім,
жанары – тылсым, от қабақ
жасынмен жалғыз белдестім.

Айналып түссін аспаным –
көрмеймін енді деп сені,
көзімді аштырмай кек селі,
тулайды тәнде жас қаным,
жалынды жалғыз кешкелі.

Көміліп жаттым жас, мұңға,
сезбеймін – түс пе, кеш пе еді,
самал боп үміт еспеді,
қайықтай жойқын тасқында
быт-шыт боп қалған ескегі.
1979
***
Қасиет көп адамда табынардай,
(шығара алмай қалмаса бағы жанбай),
ең керімі солардың - жат біреуді
сүйіп, жақсы көруі жаны қалмай.
Күйіп-жанып ауырады, сенделеді, талпынады жан дертін емдегелі. Сүйте тұра ол жаннан талап етер: “тиссің, - деп, - сүюге сен де мені!”
Болмаса да о баста еш тірегі, талмай жақсы көре алар естілері. Тек адамдар өзінің сүйгенін де міндет етіп кейіннен тепсінеді.
“Сүйем, жаксы көрмейсің сен неге?” - деп, сонау сүйіктісіне елден ерек бойындағы бар қарам қылықтарын, былықтарын көрсетер ең керемет.
Ұмыт калып сезімнің сағым таңы,
(адамзаттың кешірген сан ұрпағы)...
Басқаға өзі биязы, сүйгенінің
жанын осып, жүрегін ауыртады.

Ақиқатқа күн тумас айла қалмай,
өмірің де қайнаған тай қазандай.
Көк темір де құрышқа айналмайды,
от-жалынға өртеніп қайнап алмай.
1983
***
Мынау қолым, басым мынау,
жүрегімде – тосын әнім;
жүзім күңгірт, шашым қырау,
неде болса, осы барым.

Көзбен көрем, үйренемін,
ол да менің бір ардағым.
Бар ма, жоқ па ми дегенің,
соны бірақ біле алмадым.

Дидарымда – кемел көрік,
табиғаттың сыйы бұл да.
Тіршіліктің келем көріп
қызығын да, қиынын да.

Өмір биік, терең әрі –
тыным таппай сар желемін.
Бірақ ұқпай келем әлі –
қай жерімде жан дегенің?

Башпайда ма, білекте ме –
қайдан тапты сәтті жайды?
Алқынады жүрек неге,
тамыр неге шапқылайды?

Елтімеуші ем әрнеге онша,
жанды іздеймін, сабырлы едім.
Сүйіктім-ау, дәу болса,
сенде шығар жаным менің?!
1984
***
Өмірдің соқпағымен шаң адасқан
екеуіміз қол ұстаспай, дара басқан
күндерге бой үйреніп,
көрмегелі
қанша жыл өткеніне қарамастан,
жүрегім саған қарай ала қашқан!

Ешқашан ұғынбайтын жат былайғы
бұл менде ащы және тәтті қайғы.
Кір жуып, кіндік кескен жеріме де
жүрегім дәл осылай шапқылайды –
іздейді балалықтай шақты жайлы.

Сен десе, естілгендей алыс бір ән,
бойымды дүбірлеткен ағысты ұғам.
Бұл күйді сөзбен айтпас намысты жан –
тек қана туған жерге деген менің
сарқылмас сезіміммен салыстырам.
1984

ҚЫЗЫЛ ТЫМАҚТЫ ҚЫЗ
Тиіннің мамық тонына
оранып апты анау бақ.
Өртеніп жырдың шоғына
келеді жігіт алаулап.

Ақынның жаны Күнге асық,
ұйқыға батпас басқа ұлдай:
сәріден жырмен сырласып
көшеде жүрді жас Сырбай.

Жастықтың әні қашаннан –
тыным жоқ қолға қонса да Ай.
Сенімге тұнған жас арман –
Қызылорданың сол шағы-ай!

Ақынның кейде жаны-ағын,
кей сәтте – қажу, суалу.
Кенеттен қадап жанарын
жанынан өтті бір ару.

Қып-қызыл тымақ, түн-жанар
тұманды әлемге батырды;
бұл оқтан аман кім қалар –
жаралап кетті ақынды.

Азапқа түсіп қалды өрен,
ақыннан өзге көнер кім?!
Ол әлде келген таңменен
періштесі ме екен өлеңнің?

Өтсе де шақтар солар гүл,
кетсе де ақ қар, жаңбыр күз,
жүректе әлі сонау бір
қызыл тымақты балғын қыз!
1983
***
Қаласам, жасаймын да жайдан құрық,
дүниені тас-талқан майдан қылып,
өршеленіп бұрқанған өзендердей
ағынымен жататын сайларға ұрып
(білмейсің ғой – жанымның түкпірінде
атылғалы жатқанын қайнар бұғып),
құлай сүйіп көрмеген жүрегіңді
алқындырып, көңіліңе қайғы алдырып,
келтірместен мұршаңды ойлантуға,
отыруға пайымдап, жайларды ұғып,
құздан құлап көрмеген өр басыңды
көкке сүйреп, сонан соң Айдан жығып,
шеңберлермен шектеліп жалтаңдаған
жасқаншақтық - барлығын қайран қылып –
алам сенің басыңды айналдырып!

Керек емес мекерлік, айла маған:
сүйем сені, сескенбей айналадан.
Менсіз сезбей, ұға алмай қаласың сен –
қайда жүрсің, тұрғаның қандай алаң.
Біреулер бар сескеніп аяқ басса,
біреу көріп тұрма деп тайғанаған.
Біреу үшін рахат, жұмақ өмір –
біреу үшін қантөгіс майдан алаң:
мазаланып көрмеген жандар ғана
жасқаншақтап жүреді айдаладан.
Жалтақтамай солардың барлығына,
тірлігіңді бір өзім жайлап алам.
Ақ сезімді алдыңа селдетемін –
тек сен шыдар ма екенсің… қайдам… оған.
1984
***
Көңілімнен кетіп көп арман,
көзімде тұнып мұңдарым,
сәулелер быт-шыт жоғалған
құштырып маған құндағын.

Қызғалдақ гүлдер дөң басқан
қызығы тоқтап қалғандай.
Түссе де кенет Жерге Аспан
қарайтындаймын таңданбай.

Сезім – тұл. Күш жоқ кернеген,
өртенуге де жоқ шамам.
Ғашық боп жүргендерге мен
немкетті жүзбен көз салам.

Кездестің, менде жан қалғып
жүргенде, бұлттан Күн шықпай,
бей-жайлығымды талқан ғып,
шыр айналдырдың ұршықтай.

Өртеді-ау мені тәтті ернің,
жолықтың, жаным, кеш неғып…
Күрсіндім осы сәттердің
өткіншілігін еске алып.
1984
***
Сен мені түсінсеңші.
Түсінер деп жыр-маржан төгіледі
(төгілсе жыр, сол ғана көңіл емі).
Қошқар мүйіз әжемнің теруіндей
сөз тізбегі кеудемде өріледі.

Өзің жоқсың жанымда.
Теңіз-көңіл қалайша толқымасын
(есің шығып сүймесең, ол күнә, шын).
Мәңгі кетер өзіммен мұң-қайғымды
сен де түсінбеген боп, тор құрасың.
Елестетші: жалғыз жан… жым-жырт бөлме…
Шыдам таппай он кіріп, он шығасың.
Айыпты өзің. Осылай құлазытып,
сонсын қайта көңілді толтырасың.
Менің көңіл-көгімнің жайлауысың,
сұраса жұрт, тек саған жол сұрасын.
Басқа ештеңе білмеймін. Есалаңмын.
(Азабы ғой бұл маған жасағанның).
Өзің айтшы, айтшы өзің, сыбырлашы –
өрт сезімді қалай мен баса алармын?

Жеткізсінші жырларым саған, жаным,
сен екенін тек жалғыз алаңдарым.
Мені еш нәрсе өмірде таң қылмайды:
даңқ, мансап, кей “мықты” адамдарың.
Білесің ғой, өзіңсіз мұңды жаным.
Үнім шықпай мен іштей шыңғырамын:
“Түсінсеңші сен мені бар қалпыммен,
сарқылмашы мәңгілік, мың бұлағым!”

Саған деген сезімім теңіз сынды:
еш адамға көрінбес төңірегі,
толқындарға батады, көміледі.
Сен осылай құртасың, қуантасың,
тек моншақтар жыр болып өріледі.
***
Бір-ақ жайды, әйтеуір, білдім бүгін:
маңайымды, тіпті анау жыңғыл гүлін
сен арқылы ораймын жылылыққа,
сен арқылы сіңіріп күннің нұрын.

Үстемдігін жүргізіп заман мына
адамзаттың болмысы жаңарды ма –
мен, әйтеуір, сезінем сен арқылы
әлемдегі жақсыны, жаманды да.

Самарқаумын қызығу, құнығуға,
табиғаттың жатыр ма сыры мұнда –
кешіремін үлкенді, кішіні де,
жақсы, жаман олардың қылығын да.

Менде бұрын жоқ қылық мұның бәрі,
ұқпай келем өзім де сырымды әлі.
Бар дүние кеткендей сүйкімді боп,
жаным жақтырмастар да бұрындағы.

Еткендей-ақ мен бейне таңды мұра,
нәр құяды бір сәуле ән-жырыма;
сенетінді шығардым әр адамның
бойында бір жақсылық барлығына.

Сен арқылы сүйемін бұлақ, күнді,
сен арқылы қысым – жаз, қырат – нұрлы.
Сен арқылы жұмбақтар шешім тауып,
сен арқылы самсаған сұрақ тұрды.
1982
***
Қасаңсып кеткен кезімде
қайрақ тастардай қашалған,
кездесіп сендік сезімге
көзіме балқып жас алғам!

Жас алғам – жаным жасарған,
көктемгі жердей қан жібіп.
Көрініп тұрды тасаңнан
сәулесі шалқар нәрлі үміт.

Қаңтарып тарпаң ғұмырды,
шаршадым ба әлде безуден,
өзімнің осалдығымды
қайта бір сонда сезінгем.

Жүйкемді тарап, жіктедім,
көңілімнен, сірә, шықпай ел.
Өзінің әлсіздіктерін
сезінуімен мықты әйел.

Өмірі жұмбақ, сөзі үлгі
айналғам мылқау мүсінге,
табындым саған
өзімді
сезіндіргенің үшін де!

Қашықтап кеткен Күн нұрын
қайтадан құйып жанарға…
Байқасам, Жердің тірлігін
қайталайды екен адам да!
1983
***
Еш нәрсеге, ешкімге алаңдамай
жүруші едім, кезіктім саған қалай?
Қалай таптың сен мені, бұл әлемде
жол сілтеген кім саған маған қарай?

Сені итерген мен жаққа не күш кенет,
(ойлап қалдым зымиян келіс пе деп)
түсіңе аян берді ме әлде саған
ертегілер елінен періште кеп?

Мен жайлы айтқан кім екен: бұлақ па екен,
мұңымды айтып кейде оған жылап кетем,
сыбырлаған самал ма сайда жүр деп
жетім көңіл, жаны дерт бір ақ бөкен?

Түсті ме әлде Күн көзі жанарыңа,
жанарыңмен мен жаққа қарады ма?
Ұйықтап жатқан шағыңда саусағыммен
Айдың нұры шашыңды тарады ма?

Қалай таптың, білмедім. Ісім де жоқ.
Алаулады тұншыққан ішімдегі от.
Жанарыңнан қаймықтым, сосын сені
көретінді шығардым түсімде көп.

Талай жанмен - әрқайсысы жеке жарық –
жолықтырып мені өмір өтер ағып.
Бұл кездесу, білгенім, еркімізден
тыс күштердің бұйрығы екені анық.
1983
***
Шығарып салдың мені:
аэропортта – ызы-шу, жан дүрмегі.
Қуаныш, мұң алмасып көңілімде,
жүрегімнің басталды бал күндері,
дәл сол күннен қиқуға салдың мені.

Жүрегім бұлқып керім,
құшақтаса береді кірпіктерім,
ерек бейнең тұрады сонда алдымда,
кеудемдегі дүбірді іркіп демім.
Күйім менің – күзгі гүл,
нұр – күткенім.

Ештеңе
жоқ өмірде:
атағың ба, даңқың ба, өнерің бе,
жұрт ығысар жасың ба, өрлігің бе –
тіршілік – тек сол көзде, сол ерінде!
Оралам ба, тағы да көремін бе?

Қарсы алды бәрі құшып,
жақсы көріп, аялап, сағынысып.
Жиырмадағы күйімді кешіп тұрмын,
өз-өзімнен сенделіп, жанып-ысып.
Қайта кеткім келіп тұр қазір ұшып.

Ешкімді, ештеңені
көрсетпедің. Жұрт менен сескенеді.
Жынұрғандай күйдемін. Не боп барам?
Қайда қалды, қайда әлгі «ес» дегені?
1983
***
Сен маған тамыр жайдың,
(мен жүргенмін көзімнен арылмай мұң),
содан бері туғандай жанымда Ай, Күн:
бей-жай тірлік тағы да былай қалып,
аласұрып сағынам, жалындаймын.

Жалғыз кешіп, дауыл мен жел екпінін,
жаным жаурап тоздырған желек-гүлін,
көппен жүріп күрсінгем
сезінгеннен
мені сезер бір жанның керектігін,
шуағыңды шаш енді, ерек Күнім!

Талай түстім торына тұзақ-қылдың,
бірде күлдім жындыдай, жылап бір күн.
Арасында адастым құрақ-нудың,
өмір-сеңмен алыстым, құлап-тұрдым.
Дымы кеуіп, шөл жеген қара жер ем,
тамыр жайдың – тірілтіп, гүл аттырдың!

Қайғысымен күңіреніп жыр-жүрегім,
кейде ызамен шашатын мұңды лебін,
(жан дертімнің бір адам білді ме емін?)
Тағдырымның түнек-түн патшалығын
найзағай боп келдің де тілгіледің!
1983
***
Мен тағы да ғашықпын! Мына Құдай
жүрсін дей ме ғұмырда мұңы арылмай,
сезіну мен сезуден жосаланған
жүрегімді келеді сынап ұдай.

Күйіп-жанып, қуанып көрінгенге,
түсімнен де шошынып, өңімнен де
жануменен, сөнумен жанұшырып
өтіп жатыр әйтеуір өмір менде.

Ауру қылған арылсам ой-мұрадан,
тыныштығын тосардай тойлы ғалам,
періштедей пәк тірлік кешсем деп ем –
бей-жайлықты бұйыртпай қойды маған.

Жай отымен жаншылған өртең едім,
айналғандай өртеңге көркем егін.
Баяғыдай ғашық боп тұрмын бүгін.
Енді қайттім?
Тағы да өртенемін!
1983

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста