Ертай АШЫҚБАЕВ: Мен деген — үнсіз ғаламмын
ТАҒЫ БІР ХАТ
Ежелгі тәртібімді бұзбайын да,
Өлең жаздым,
Алматы,
Сіз жайында.
Сәлем айт терек-ұлға,
қыз-қайыңға!
Әр көшеңіз —
әуен ғой әлеуметтік,
Сіз Бас шумақ болғанда,
біз — Қайырма.
Маған ұқсап тұратын шуағыңды
тонайын ба,
тағы да сыздайын ба?
Бұлттарымды берейін,
Күз дайын ба?
Уайымда мені,
хат жазған осылайша,
Анау тілсіз Алатау-Құзды уайымда!..
Уа, міне, сіркірей бастады аспан!
...Жоқ. Жазайын басқа хат.
Басқа дастан.
Бұл дастан —
біз кестеден тастамас пән.
Ұмытып қалсаңыздар,
қайталайын:
Мен есік ем,
әлгі қыз жасқана ашқан,
һәм өлең ем,
кәдімгі тасқа басқан.
Беу, нұрлы кеш,
есіңе түсір мені,
Менен,
уа, аулаққа қашпа,
Жас Таң!
Боз бүркіт ем,
жүлде алған Бас Таластан.
...Қайда сол адал айдын,
аспалы бақ?
Мына тамшы иесі —
басқа бұлақ,
Басқа толқын —
мына жұрт Астана асқан.
Мен сендерді көп болды жыр қылғалы,
Әкімі жақсы қала тұрғындары,
Қиялым,
о, қаншама түнді ұрлады.
Бақшаңда торғын гүлдер толықси ма,
Ақшамда қанша күлкі сыңғырлады,
Көшеде дөңгелей ме нұрдың дәні?
Әлі келіп жатыр ма басқа жақтан,
Басқа жұрттың бейкүнә бұлғындары?
Уа,
мен де бір адал қорықшы едім,
Бұлғын еді,
о, менің құрбым дағы.
Ай, дүние-ай,
сайрай ма бұрынғыша
Қаланың қамкөңілдеу бұлбұлдары,
Қайталай ма баяғы бір мұңды әлі?
...Қанша заман өтті, о, одан бері,
Баяғыша сүймейді тоған мені,
Біздің көл одан бері мың құрғады,
Бұлғындар мен бұлбұлдар бұлдырлады.
...Арғы жағын айтпаймын.
Сау болыңыз, беу,
Алматы қаласы тұрғындары!
ТАҢ
Жұлдыздарын жинап болды Ай мақтап,
Жапырағын сілкіп қойды жайлап бақ.
Мең-зең болып кірпік ашты Ақтөбе,
Ілгері озған бір сағатты ғайбаттап.
Бұл Ақтөбе мазасы жоқ кент еді,
Дем алмайды тіпті жел мен желкемі.
Демалып-ақ жатыр жалғыз амалсыз,
Анау үйдің жұмыста жоқ еркегі.
Жатпағанда… қайда бармақ, не істемек?..
Әйел байғұс бұрқылдайды кешке кеп.
Ұясынан Күн шығып тұр ұялып,
Еш пендеге көрсете алмай еш көмек.
Жасырғысы кеп тұр көзін бұлтпенен,
Күн шыққанда шаттанбайды жұрт деген.
Жаңбыр тілеп жаутаңдайды аспанға,
Көңіл-әйнек кірін ешкім сүртпеген.
Бүгін жаңбыр жаумайды ғой — белгілі,
Елдің майдай ерімейді терлігі.
Тек тарихқа жаңа беттер қосады
Базардағы әйелдердің ерлігі.
Айтылмайды түйіні бар сөз әлі,
Тек көліктер бір-бірінен озады.
Тез қартайған жеңгелердің өңіндей
Ақтөбенің асфальттары тозады.
Бола қоймас төтен хабар, тосын жай,
Бір күн өтер еш жаңалық қосылмай.
«Өзің біл, — деп, — тұрмасаң да, тұрсаң да»,
Ақтөбеге таң келіп тұр осындай.
САНТЕХНИК АЛПАМЫС
(Мадақ жыры)
Уа, сантехник Алпамыс,
алдыңа кеп құлдық ұрды алты арыс!
Қыста тоңбау,
жазда мөлдір су ішу —
бұл-дағы бір алқалы іс.
Ана жағың —
көне бетон,
көк асфальт,
Мына жағың — құбырдағы қарт ағыс.
Сен шыққанда үйіңнен —
әлденеге мұңданады әр таныс.
Білгің келсе,
сен деген —
төбемізде ұшып жүрген қалқа құс!
Уа, аймаққа сыйлы ізгім,
темірге қалпақ кигіздің,
тасқа алау тигіздің.
Бір төбенің толқынын
бір төбеге құйғыздың.
Жем-Сағыз бен Ойылды,
Қарғалы мен Електі
бір құбырға сыйғыздың.
Сен шыққанда көшеге,
тікесінен тік тұрады —
Үй біздің!
Басыңнан бақ кетпегей,
жауың жүрсін — беттемей,
бізге де төк мейіріміңді шектемей.
Уа, Алпамыс,
бұл сенсіз
мына Ақтөбе шаһарыңыз не етпек, ей?!
Уа, тоқтайын!
Бұл сөзім
астана жұрт әкімдері құлағына жетпегей!
Алысатын ерімді —
күндіз демей, түн демей,
Қарысатын ерімді —
жауап бермей,
үндемей,
дәрі беріп ұйықтатып,
солар бір күн алып кетіп жүрмегей!..
КӨКТЕМ. ҚҰСТАР
Бұл қыста да озық жұртқа теңелмей,
Мемлекет абыройын төксек те,
Күн жылынды — Сенбеймін бе, сенем бе, ей?
Табан тиді көк шөпке.
Жердің үсті, обалы не, құлпырды,
Жылытайын тоңып қалған күлкімді. ...
«Кешіріңіз, біз осында тудық» деп,
Келіп жатыр кеткен құстар былтырғы.
Рұқсат та сұрамай, Қонып жатыр — бұ қалай?
Тағы қашып кетер ме екен бұл құстар
Желтоқсанда алағай да бұлағай?
Тағы да сол ақ қар, көк мұз тайғақта,
Бұларсыз-ақ мінеміз бе қайратқа?
...Көктем жайлы өлең жазу қызық-ақ,
Шіркін, біздің аймақта.
Қонды құстар... жек көрдік пе оны біз?
Ұя бұзып кірленген жоқ қолымыз.
Сендер емес келгендердің алды-арты,
Үйренгенбіз.
...Құстар, уа, қоныңыз!
БІР ӘҢГІМЕ
Ұсынылған жоқ бізге де төр бірден,
Көп тірлікке өзімді өзім көндіргем.
Ойыл — мынау,
Қиыл — анау, содан соң…
Алматыны көргім келді, көрдім мен.
Ерте солып біздің жақта бүлдірген,
Бөлісуге жарамады құрбыммен.
Бақша — шағын, көше — шолақ, әрине,
Алматыда жүргім келді, жүрдім мен.
Қызыл-жасыл гүлге толып кетті іргем,
Көп таныстым ылғи жаңа тек-түрмен.
Күндер болды көкірекке леп кірген,
Түндер болды аздап азап шектірген,
Шуақ анау, көз жасымды кептірген.
Мен — Ақтөбе өлкесінің өзені,
Алматыдан кеткім келді, кеттім мен.
Алматыңыз сол еді,
Енді, міне, ертіп келіп көнені,
Аспан неге мазалайды, о, мені,
Бұлттар неге ұсақ тамшы төгеді,
Жұлдыз неге бірте-бірте сөнеді?
Бір сынық мұң түрткілейді, төнеді,
Мен білмеймін, не сұрайды ол менен?
…Ай, жөн еді Алматыны көрмеген,
Алматыға бармағаным жөн еді.
ЕСКІ ЕЛЕС
Мен деген — үнсіз ғаламмын,
Қоштасқам дүрмектеріммен.
О, не деп тұрсыз маған, Мұң,
Не істеуге міндетті едім мен?
Тоқтадым ескі өлеңіме,
Білмеймін, қанша аялдаймын?!
Сүймеймін ештеңені де,
Әрнені аңсай алмаймын.
Мен деген — көктем емеспін,
Сөйлейтін асқақ үнменен.
Мен — зулап өткен елеспін,
Елеспін басқа мүлде мен.
Жүрмеймін күліп құрбыммен,
Мен — егде құрметті елеспін.
Күюді ұмыттым мүлдем,
Сүюге міндетті емеспін.
Жоғалды сәруар елес,
Күз келді.
Келеді мұз-қар.
Ол менің шаруам емес,
О, менде нелеріңіз бар?.
АЛМАТЫ – АҚТӨБЕ
Курстастарға
Сол кеткеннен, әйтеуір, шешпедім бел,
Көп сортақты біледі кешкенімді ел,
Біледі кейде жел боп ескенімді ел,
Енді сәл дес беріңдер.
...Алматыны... сол жылы... бұл менен де...
Алып қалып едіңдер... не істедіңдер?..
Күндіз кімдер жүреді біздей қалқып,
Біздей балқып жүреді кешке кімдер?
...Маң-маң басқан әнеу бір кербездердің
Көкейлерін неліктен теспедіңдер?
...Альбомда қандай сурет сақталыпты,
Түседі оңашада еске кімдер?
Мына жақта жүрегім жүз ұлыды,
Алматының тәтті еді... Күзі... Мұңы...
Көп еді аңқау аға, қызық іні,
Әрине, көркем еді... Қызы... Гүлі...
Алматының сол сәнін тартып алған —
Өмір деген ақылсыз бұзық ұры.
Солай ма, құрметті М.Талдыбаев,
Солай ма, қадірлі М.Ізімұлы?!
Ашылмайды, әйтеуір, күн қабағы,
Бұлақ бастан осылай бұлғанады,
Осылайша дүлділ күн ұрланады.
Біз көрмеген біреулер тепсінеді,
Біз көрмеген біреулер бұлданады.
...Біздер кезген бақтарға кім барады?
Алматының мөп-мөлдір жылғалары
Жүрген жоқ па шілдеде құрғағалы?
Құм астында көміліп жатыр ма екен
Біздің шашпа қыздардың сырғалары?
...Сол кеткенде... сол жылы... бұл менен де...
Алып қалып едіңдер бұл қаланы...
Мұңайғаным болмаса күзде кей күн,
Мен сендерді аса көп іздемеймін.
Бір бөрікке сыймайтын бір басымда
Кесірлігі бар, сірә, жүз кедейдің, .
..Ақтөбенің шаттығын үзбегей күн.
Мынау Күләй ханымның мойнындағы
Жоғалмайтын ақ моншақ тізбедеймін.
...Сондағы... алып қалған Алматыңыз...
Қайырлы бола берсін Сізге деймін.