Динара МӘЛІКОВА: Өмір дегенің осы екен... Жанарға сыймай сырғитын
Сыр бойынан келгенбіз...
Қасиетті Елденбіз,
Қасіретті жерденбіз:
Қызығымызды қымбат, паң
Зымыранын күнде атқан,
Жан-тәнімізді улатқан,
Ұлардайын шулатқан
«Байқоңырға» бергенбіз.
Ажар-көркімізден айрылып,
Қыр-омыртқамыздан майрылып,
Құс-қиялымыздың қанаты
Қатаймай жатып қайрылып,
«Жетісудың» қойнына
Жылап-еңіреп енгенбіз.
Мұнда да біздей бар екен,
Ұя-мекені тар екен.
Зар-Нарық... киер киім мен
Ішер асына зар екен.
Ескексіз тесік қайықтай
Қалт-құлт еткен ғаріп тірлігіне
Бір Алла ғана жар екен.
Жуатыны жаңбыр-қар екен,
Тапталатыны ар екен...
...Несіне айта берейін,
Сыр елі дейтін Елденбіз,
Киелі дейтін Жерденбіз.
Ақ басты Алатау-Шалға
Ауылды тастап келгенбіз.
Ия...
Ауылдан келген қыз...
***
Алла ғана безінбейді адамнан,
Алла ғана бөлінбейді ғаламнан.
Жердің беті, жүректердің жұпары,
Бір Алланың мейірінен жаралған.
Жалғыз саған құлшылығым белгілі,
Аян екен, мендік өмір ендігі...
Ақыл айтып, батыр болып бұл күнде,
Адамдардың өлшеніп жүр ерлігі.
Сен барлығын естіп тұрсың кешіріп,
Еркелейді пенде біткен есіріп.
Бірін-бірі Құдай тұтып құлдарың,
Шын Алласын тауып жатыр кешігіп.
Сезем, ол да, кешіреді пендесін,
Бұл жалғанға бірінші рет келгесін.
Бір Аллаға тең келер ме құдірет,
Айтар пенде «Алла ғана кең» десін.
Келген таңды сүйіп тұрдым «тәубе» деп,
Тәубеліктен тауып жүрмін бір медет...
Құран ғана қадіріңді арттырып,
Алла ғана азабыңды емдемек.
***
Мен гүлмін ғой,
Су құйып жүрші сезіммен.
Мен Күнмін ғой,
Көрініп тұрам көзіңнен.
Мен желмін ғой,
Алдыңнан шығам ұмтылып.
«Сағындым» дедің келдім ғой,
Жүрекпен бірге ынтығып.
Мен жыр екем,
Жазылмай жүрген түндерде.
Сүйген бір шақта тірі екем,
Сезініп сен де көрдің бе ?
Мен жас екем,
Жан адам оны көрмейтін.
Өмір дегенің осы екен...
Жанарға сыймай сырғитын.
***
Қала мені шамдарымен арбайды,
Бұл қалаға болмайды екен ар-қайғы.
Жарықтардың жанарына мұң сіңген,
Жанымды бір шарықтата алмайды.
Бұл қалаға керек екен махаббат,
Сезімім жүр суық қарды аралап.
Бір досым кеп, сезімімді жылатты,
Бір досым жүр тағдырымды табалап.
Адамдарға тән болған соң жаңылу,
Жүректерде болады екен жабығу.
Бұл қалаға керек екен мен құсап,
Бір адамды, бір жүрекпен сағыну!
Керек екен бұл қалаға жылылық,
Дала туған, ана туған ұлылық.
Қызыл гүлдер бүршік ашса қыста да,
Аппақ қардың жалғыздығын ұғынып.
Ал, көктемдер серік болса күзге ше?
Жылы жаз кеп, желтоқсанды іздесе.
Бұл мезгілдер қосылмайды ешқашан,
Біздің тағдыр сондықтан да өзгеше.
Біздің қала содан болар суықтау,
Сіздің қала содан болар тұйықтау.
Құмарымды сезсең, жаным шегі жоқ,
Қиялымды керек шығар құлыптау...
***
Не тәйірі бақ болып па мақтаның?
Көктен биік ұмыттық-ау Хақ барын!
Мақтан деген тіршіліктің талқаны,
Қара нанды енбегіңмен тапқаның.
Не тәйірі, бақ болып па байлығың,
Қанша сағат, қанша қалды ай-күнің?
Құдай дейміз жалынамыз имансыз
Жолымызға жайғасқанда кайғы-мұң.
Пенделерге алдамшы ғып арманды,
Арманменен ардың жолы таңдалы!
Қара жердің мезгіл шешер көйлегін,
Мәңгілікке жүрегінде кім қалды?…
Күңгірт кешке көз жасыңды төкпеші.
Күлімде де күнге карай беттеші!
Тарам-тарам тағдырлар бар жазулы,
Бәрінің де болар бірақ нүктесі!
Біз жүрейік нүктелерді сөйлетіп,
Жанардағы мұңның өзін билетіп,
Адалдықты кірлетпейік күбірмен,
Адамдықты жібермейік күйретіп!
***
Пендеге керектің бәрі бар,
Әйелмін, баласы, жары бар!
Адам боп жүремін ақылды,
Жан екем жалғанда бағы бар.
Бақытты болуға талпынып,
Ешқашан болмады жарты үміт.
Түн сайын тілеймін тыныштық,
Күн сайын атады таң күліп.
Қуантқым келеді барлығын,
Өзім боп күледі әр күнім.
Құдай-ау қалайша жүре алам,
Жүректің тыңдамай жарлығын?
Жүректің мазасыз шақтары,
Жанымды өртейді оттары.
Сенгісіз сезімдер бар онда,
Белгісіз қай кезде тоқтары.
***
Шынымды айтсам -шырмалдым,
Мұңымды айтсам тыңдар кім?
Жұдырықтай ғаламда,
Лүпілдеген мен барамын!
Сүюге де үлгірмей,
күз келердей күлдірмей. ..
Құбылады-ау, дүние,
Құрығымда сыр бермей..
Төнсе бүлттар төбемнен,
Қара жерді көрем мен.
Тағдыр кетіп барады,
Табанымда түнерген.
Қайдан табам өзімді,
Ардай аңғал кезімді.
Төгіп алдым абайсыз,
Көңілшектеу сезімді.
Көз-жасымда түрленіп,
Жырға қояр тіл беріп.
Биіктігім, бақыттым,
Қолын созып тұр келіп....
Тым жақындап арамыз,
Нəрестедей ғанамыз.
Өлең, Əлем үшеуміз,
Құшақтасып барамыз....
***
Ақ төсекке Айдың нұры төгіліп,
Дидарың да түгел жатыр көрініп.
Маңдайыңнан, маңдайыңнан иіскедім,
Әр шашыңа сәуле болып ілініп.
Өмір бізге ұсынады қанша мұң,
Көз алдымда көлбеңдейді мың сағым.
Сан сұрақтар қалды кенет шашылып,
Иығыңа тиіп кетіп саусағым....
Момақан боп жатқаныңмен көз іліп,
Кірпігіңді тұр ма екен ой тізіліп....
Демімді де ішке жұтам білдірмей....
Сен барлығын жатқандайсың сезініп.
Сағат қанша, керек пе осы жылдамдық,
Уақытқа да құрбан болып ұрландық...
Күбірлеймін, күлімдеймін сен болып,
Осы шығар ең аяулы жалғандық!
Ай сәулесі көшіп кетті бөлмемнен,
Қашан қай кез құшып оны үлгіргем?
Ұлиды кеп ішімдегі көп дауыс...
"Келмейді деп, бұл өмірді сүргім мен!
Тым асығыс еніп келді таң бүгін,
Түн мен Күннің ұқсын дей ме тарлығын...
Аспан...ол да тыншымаған екен-ау,
Қалың болып жауа қапты қар бүгін!
***
Жүрегімде жалқы-ғұмыр адасып,
Отырады ертеңіне бал ашып.
Ал, таңертең басқаша боп оянып,
Жанындағы жармен кетер жарасып.
Тағдырынан тілегенін тапты кім,
Мен шығармын баса алмаған аптығын...
Тіршілікке құс көзімен қарасам,
Бақытсыздық жер бетінде жоқ бүгін...
Бала даусын, дала үнсіз тыңдамақ,
Аққаладан аппақ өмір жүр қалап
Бойжеткен тұр ән салғандай әдемі,
Ақ жүзінен ақ ұлпа қар сырғанап!
Жас-жұбайлар бірін іштей аймалап,
Жақын қалған Жаңа-жылды тойламақ.
Бара жатыр қол ұстасып өмірмен,
Бойларынан қылдай күнә тайғанап...
Бірін-бірі естімейді ешкім де,
(Беу -дүние жарқын жаққа көштің бе?)
Сөкпеңдерші, төкпеңдерші мұң-қайғы,
Бәрі еркелеп жүр ғой мынау "бес күнге"!
Уақытымды жырмен ғана шегертем,
Алып Күн-ау, арманыңды төк ертең!
Құс көзімен, қыс кейпімен тіл қаттым,
Бірі қалмай сені сүйсін таңертең!
***
Гүлден де нәзік жанымның,
Керегн таппай жаңылдым.
От болып жанған өмірдің,
Шоқ болар сәтін сағындым.
Базары басым көңілдің,
Жүзіне қарап жеріндім.
Көппенен бірге күліп ап,
Елеусіз қалып егілдім.
Достың да білмей ниетін,
Сенім бар бірге жүретін.
Құдай-ау, бір жан бар шығар,
Күнәсіз келіп сүйетін!
Сезім жүр мені басқарып,
Ақыл тұр одан жасқанып.
Көзімде уақыт көктейді,
Барады өмір басталып.
Адалмын десем пендемін,
Жаман да емен, сенбегін.
Күрсінгім келген... шүкірмін,
Жалғызбын десем Елдемін.
Тағдырдан нені таба алдым?
Табайын десем таландым.
Еркекпен құны өлшенген,
Әйел боп қана жаралдым!
***
Түн келіп, сүйсе деп тіледім,
Тілімді тіліне байлатып.
Мойныма асылған білегін,
Қойныма жіберсем ойнатып.
Жүректі соқтырып жандырып,
Тіршілік тәнімде сөйлесе.
Есімді тандырып, таң қылып,
Ал, ертең ештеңе білмесе!
Ғажапқа шөлдеген азаппын,
Деміңде дүрсілдеп тынайын.
Құласын кеудемде тозақ-түн,
Жаным-ау енді не сұрайын?
Аялдап тұрар ма азырақ,
Айрылысу қасірет араймен.
Көзіме кіл өлең жазып ап,
Өмірді сүрейін қалай мен?
Ләззат деп атай ма мұны да,
Әйелмін, айыпты емеспін!
Бар бақыт сыяды жырыма,
Бақытсыз демейді мені ешкім!!
***
«Түнгі клубтың желге ашылып етегі,
Желбең-желбең етеді!
Мен де,
Әншейін...
Кіріп - шықсам нетеді?!»
Жә!
Жетеді!
Жетеді!
Құпия – өмір жалаңаштанып қарады,
Тылсымына тәнті етіп!
Әйел-арым жаныштанып барады,
Бура саны жарқ етіп!
Аңға айналып адамзаттың баласы,
Жемтігіне қарайтындай тамсанып
Хайуандықтың харам тұнған қаласы,
Жатсынбайды – қарсы алып!
Күң пұлдайтын, құл сататын базары,
Тазалықтан жерінген!
Түнгі клуб өлген тәндер мазары,
Тозағына телінген!
Безінбейтін, сезінбейтін соқырлар,
Ластығыңа түкірдім!
Кірмей...
Кетіп қалуыма –
Хақым бар,
Шүкір?!
Шүкір?!
Мен –
Әзірге шүкірмін!!!»
***
Көзге көрінбес күнәларымды,
Оқылмай қалған дұғаларымды...
Алладан бұрын пенде біткенді,
Бес күнге қимай сынағанымды...
...Өшіре алам ба кеудемнен?
Есімді білмес ессіз күнімді,
Түгесілген төзім...көзсіз мұңымды...
Жария етіп...жалғаннан бездім,
Қараңғы дедім, Сізсіз ғұмырды...
Өзгерерін бәрін кім білген?
"Жалғызбын" деппін...сезбеді жаным,
Түннің де тұнық көздері барын.
Сезімге ұйып сыңар етіппін,
Өзіме тілеп, өзгенің бағын...
Көңілді қалай сендіргем?
Бағалай алмай бақыттарымды,
Жалғанға қиып жақұт-таңымды.
Нұрынан Күннің жасқанды жүзім,
Кім білсін...бүгін ғаріп халімді...
Жанымды шерге көндірген...
Қайғыға балап, шүкір күнімді,
Тағдырға телген бүкіл мұңымды...
Тілімнен шыққан тоғыз күнәмді,
Айтылып қалған күпірлігімді...
Өшіре алам ба кеудемнен?
***
Мен сүйсем, сүйемін өртеніп,
Кірпігің ішінен гүл теріп.
Жастығым жиылмай күтемін,
Сенбесең көзіңмен көр келіп!
Мен сүйсем, сүйемін сағынып,
Күдіктен, қайғыдан арылып.
Ернімді ерніңе қондырып,
Жолыңды күтемін зарығып.
Кейбіреу жүрсе де сөз қылып,
Көзіңде тұрамын үздігіп.
Мен құшсам, жанымды жаямын,
Әйелдің әлемін сездіріп!
Қайтемін жаратса от қылып,
Жалғандық – бойыма жат қылық.
Мен сүйсем, сүюді үйретем,
Ләззаттың бағасын ұқтырып!
***
Саусақ пен саусақ сөйлесіп,
Дене мен дене үйлесіп.
Тереңге кеттім шым батып,
Шыға алмай ғажап күй кешіп...
Көзіңмен көзім сырласып,
Түсіндік іштей "ымдасып"...
сұраса біреу айта сал:
"қыз емес маған, жыр ғашық"!
Ерніме ернің еркелеп,
Ебін бір тауып өртемек.
Əуен боп қалқу үшін де,
Адамға аздау шер керек!
Үнсіздігіммен алысып,
Мұңымды жұттың тауысып.
Төзімі түннің сөгілді,
Сезімнің есі ауысып!
Жүрек пен жүрек ұғысып,
Суынып кетпей тұр ысып...
Гүлденіп жатты апыр-ай,
Қызғалдақ-ғұмыр бүрісіп...
Тие алмай жерге табаным,
Желменен жүйткіп барамын.
Тартылып барам теңіздей,
Жарыққа сіңіп жанарым... ...
Дидары жердің нұр екен,
Түсім ғой деймін...тірі екем...
Сұлулығым қағып кірпігін,
ғаламды сүйіп тұр екен!..
***
Бұл неткен сағыныш сабырлы,
Үнсіздік кеудемде жаңылды. ..
Сүйетін. .. Сүйетін адам да,
Осылай сұрай ма халімді?
Тірліктің түйткілін күйретіп,
Шарықтай білуді үйретіп.
Жіберсең, гүл етсең қайтеді...
Жырымды жанарда сөйлетіп.
Бөлініп кетсек деп қаладан,
Көрмеген күндерді санағам.
Қиялмен қойныңа тығылып,
Жеп-жеңіл боп кеттім ауадан. ..
Жып-жылы сезімге талпынған,
Жүрекке талай жүк артылған.
Сəулең боп сəн құрғым келіп тұр,
Адасып төзімді қалпымнан!
Сөйледім...бəлкім Сен естідің...
Осылай ғұмырды шешті-мұң...
Бар болса бақыт та -бағасыз,
Жақсы ғой болмаған ешкімің!