Әміре ӘРІНҰЛЫ: Жыр жамалын жария тербетіп ем, Бөгде жұмақ таппаспын жер бетінен...

Әміре ӘРІНҰЛЫ: Жыр жамалын жария тербетіп ем, Бөгде жұмақ таппаспын жер бетінен...

АЙҚАБАҚ
Айқабақ,
Айдай ару,
Қасы керім,
Ақ маңдай,
Меңі ноқат, асыл ерін.
Еліктей елең ете қарағанда,
Тау суындай тасты ұра тасып едім.

Ай көрдім,
Аман көрдім, тағдырым ба,
Жүзінен шуақ төгіп жалғыз ұлға.
Бейкүнә жүрегімнің пернелерін,
Айқабақ,
Бұлай бердің сазды мұңға...

Айқабақ арай шашып тербелгенде –
бұйыртпай жел көтерген кез келгенге.
Сиқыр қыз содан бері оралмапты,
Демеңіз – «мына ақын емделген бе?!»

Мен іздедім өзіңді биіктерден,
Қырқалардан қылықты киік өрген.
Еркелігің ертегі елітіп жүр,
Көктем атып көп сырың түйіп келген.

Алтынға аптап жібергем сәлемімді,
Сағынғаннан – сарғайғам әдемі үнді.
Қос Ай бірдей қол бұлғар қабағыңа,
Телігенмін теңдессіз әлемімді.

Шаттанып ем ақ таңның атқанына,
Бақ тіледім байтақ жұрт бақтарына.
Ақын едім алдымен арды ойлаған,
Айқабақ,
кете алмадым ақтарыла...

Ғұмыр кештім,
Құлпырды, құлпырмады,
Қош көреді десе де, жұрттың бәрі.
Муза болған Айқабақ бәрімізге –
Жамалына қонақтап құстың әні.

Жылдарым көп – анамның жаулығындай,
Күндерім бар –
қараша үй баулығындай.
Армандарым қалықтар бұлт бауырлап,
Асқар-Асқақ Алатау ауқымындай.

Беу, Алпыс!
Шолтаң еттің келте күндей,
Пай, дүние!
Есік аттап енгенімдей.
Айқабақ,
Еске түссең, көркің жайнап,
Ән салам Серкебайдың Ермегіндей!
Білмеймін, бола алдық па елге күнгей!
***
ЖАЛҚЫ ҒҰМЫР
Сары аязды сездірер күз хабары,
Жалқы ғұмыр –
Жанымның жылғалары.
Жаратылыс – бұл өзі дара тұрыс,
Ар түзіліп айналар жырға бәрі.

Тыңдайтын тына қалып талқыны бір,
Аламанның алды да, арты дүбір.
Адассаңда,
Адаспай бақ ассаңда,
Басыңа жазылғаны жалқы ғұмыр.

Жарқырар жапан түзде жалғыз шырақ,
Қалтырар қараша үй,
Сансыз сұрақ.
Жалғыздың жары құдай демеп пе едік,
Жайнағым жасын ойнар, қамсыз бірақ...

Айта алмаймын арна асып шалқыдым бір,
Жетекке алып жөргектен жалқы ғұмыр.
Қатар ұстап қобыз бен қамшыны дүр.
Желпінтсем-ау деп едім жалпыңды бір.

Өкінішін өткен күн қайтарды кім,
Қолқа қауып, мұржаңнан қайтар түтін.
Аңыз енді, бауырым,
Аңызақ шақ,
Ат терлігі кеппеген айдарлы күн.

Бақытыма балаймын
Біздің ауыл –
Балқаштың бауырында,
Бәрі ғажап,
Бұл жақта – сауығың да.
Көктемеде құс тойлап, аң асыр сап,
Өмір қайнар – теңіздің сауырында.

Домбырамды, дариға-ай, күйлетер ме ем,
Көз алдымда – бал күндер жиде терген.
Күнді сүйген,
Күн дидар,
Күміс қанат,
Қиқуына аққу-қаз үйлесер ме ем!

Ақ самалды армансыз өбіп келгем,
Тай-құнандар тақымда көбіктенген.
Шағыл аунап,
Шаң құшқан қыр қыздары,
Хор қызындай шомылып көріктенген.

Жатқандай-ау жайлауда тұсап атын,
Өзі болыс,
Өзі би Пышан ақын.
Серілігі, менімше, ірілігі,
Сәскелігін ішкенше түс ауатын.

Солай еді,
Солай ғой, әлі де сол,
Шежіренің шер тербер мәні де сол.
Көкше теңіз көгінен Арқа асатын,
Асабасыз айтылар әні де сол!

Бір пұшпағын бұл жердің құм басатын,
Құм басқанда қарттарым мұңдасатын.
Күні – жылды арқалар ауыл жайын,
Алматылық қонақтар тыңдасатын...

Ақ шілтерін түріп ем талай таңның,
Қырқаларда, шилі өзен – арайландым,
Қара қорым,
Қара орман,
Құмды кенім,
Бақытыма мың мәрте балай бардым!
***
АҚЫН АРАЛЫ
Өртенгенде өлең кернеп өзегін,
Шер тарқата өбектейтін өз елін.
Қарамайтын қарасың ба,
Хансың ба,
Біледі жұрт, жан алсада төзерін.

Өліарасы Адамдық пен Адамның,
Өзегіне айналған жыр-ғазалдың.
Ақын екен аңқылдаған,
Ар тұнған,
Шырағданы он сегіз мың ғаламның.

Өліарада шайыр қайта түлейді,
Ай-хой, жүрек,
Мыңсайрам сәт тілейді.
Бір суынып, бір жалындап, бір бусап,
Көз алдыңа келтірер-ау дүлейді!

Таусылғанда топ ішінде амалы,
Есік ашар ешкім бармас аралы.
Сол аралда Ар мен Ұят аймалап,
Барлық ақын барақат күй табады.

Сол арада ғапыл дүние ғажабы,
Және сонда тарқар заман азабы.
Тура сонда ғарыш жалғап әкетер,
Адалдық пен
Адамдықтың ажалы!..
***
ДӘРУІМ
Ұлық үй туырлықтарындай,
Тылсымым үзікте менің.
Шыңғыстың мыңдықтарындай,
Мәрттікті түзіп келемін.

Көшпенді күндердің шері,
Тосылып қала береді.
Бұл сөре кімдердің төрі –
Үмітім Қаракер еді...

Бабамның басы да қалған,
Ұлытау ұлықтап еді.
Көк бөрі асырап алған,
Қыл қобыз қуықта ма еді...

Тас жарып таскерең тұстан,
Талқаным таусылмай келгем,
Қан жұтып әскерім құздан,
Қас жауды алқынбай жеңгем.

Асыл ұл ғасырдан озған,
Дәруім – жалпыға дерлік,
Қағанға ақылман болған,
Зәруім – Майқыда ерлік!
***
КӨЛДЕЙ СЕЗІМ
Басына Балқаш көлдің барып па едің,
Қызығына қылық күн қанып па едің.
Ертегі ме, елес пе,
айыра алмай,
Ерік кетіп, жалындай жанып па едің?!

Маңдайыңнан майда леп самал өбкен,
Самал өбкен!
Сарайың сайран шеккен.
Шықылықтап, сылқылдап, кіл сұлулар,
Сезім тербеп, су іші танар естен.

Жарқылынан жанардың сыр ұғар ең,
Буға бөккен күріштей булығар ең...
Көз ұшында көк дөнен күйін тежеп,
Құшағында талмаурап тұнық әлем.

Қалқалаған қалқаны құрақтардан,
Тәтті сәттен көл беті сұрақ қалған.
Бір ғажабы,
Толқындар тебінсе де,
Жан таппассыз жағада жырақ қалған.

Арман есіп,
ажарлы келбетінен,
Көкше теңіз төрінде ержетіп ем.
Көрінгенмін бүгін де көл бетінен,
Жыр жамалын жария тербетіп ем,
Бөгде жұмақ таппаспын жер бетінен...
***
АРМАНЫМ ЖҮР
Жатса да жайнап әмсе жан-жағым гүл,
Алдында бөрте топтың арманым жүр.
Қырғиын қағып тастап әлгілердің,
Баршын бүркіт бейнеде самғадым дүр.

Арманым жүр алдаурап өзімді де,
Елемей көзімді де,
төзімді де.
Сол арманға, ағайын, есем кетті,
Тұрсаң да қайталаумен сөзімді іле.

Ай толысып,
жатса да Таң ұзарып,
Пенде біткен жалғанда жалғыз ғаріп.
Соны түскен соқпақтың жапан түзде,
Жатқаны қандай абзал андызданып.

Ләйлі –Мәжнүн
Ғұмырын сүре алдым ба,
Хор қызымен сән түзеп жүре алдым ба?
Қазақтың қай арманы алдан шыққан,
Әйтеуір адал жүрмін діл алдында!
***
ДҮР-ДҮНИЕ
Дүр-дүние жанымның дүрмектері,
Ұстатпайды жалғанның ілгектері.
Тегін бе еді,
Телегей Шыңғысханның,
Мәңгіліктің дәруін іздеткені.

Көкше теңіз солған жоқ сағағы әлі,
Шаттығым бар жалғасқан шағалалы.
Өртеңде өскен көк майса шалғындай боп,
Жақсы күннің аспандар бағалары.

Санақта бар серкеге сенер ел де,
Жалт бермейтін келгенде жеме-жемге.
Телпекбайлар тағдыры қиналтады,
Делдиетін зәуде бір демегенге.

Керме керген,
Кезім жоқ қашыр мінген,
Қауқарсызды асудан асырдым мен.
Бәстен шығып,
Бақ туын көтергенге,
Өрде тұрып, зор тұта басымды игем.
***
ТҮЙСІК
Өмір деген өрнегіндей үйшінің,
Мың бұралар қыл беліндей бишінің.
Адастырмас –
Жаңа туған айдай боп,
Сүйегіңе тура бітсе түйсігің.

Бауыр тартқан қарасын да, көсемін,
Сапардамыз қансонарда қос өрім.
Армандарым ала қашар қазір де,
Көрер бәлкім,
Келер ұрпақ өтемін!

Кежегемді кері тартқан – кесір күн,
Түйсіне алмай тосылғанмын кешіргін.
Түйсік,
Сенің мысың басып талмау тұс,
Сол-ақ екен ақ самалдай есілдім.

Тіленшіні қолын жайған қолдаман,
Жүрсін мейлі,
Тірлік қымбат, ол да аман.
Бірақ, достым, тірі жүру түйсіксіз,
Басқа берсе,
Бәрінен де сол жаман.
***
ТҰРАН ТҰРАҒЫ
Кәрі күн ерен қырағы,
Жанарға жасын жасырған.
Еуразия тұрағы –
Тұран жұрттың ғасырдан.

Ұлы Далам,
Арда шың,
Бабамның беу, көзі еді.
Шумерлер тегім, қандасым,
Жұртымның жайнақ – өзегі!

Дәуірдің озып тезінен,
Жәдігер жетті қатталып.
Қайыңның қожыр безінен,
Ұрпаққа ұрық жас тамып.

Ру-тайпам өзін таңбалап,
Заманнан жұртын оздырды.
Айбарлы Алаш хан балап,
Қашады тасқа сол жылды.

Қанатын созып қағанат,
Құрлықтар жігін жалғаған.
Қалдырмай дүзде жаманат,
Көк аспан көктей самғаған.

Грегі, парсы, қытайы,
Қыр астынан қылтиып.
Бабамның түгел ұпайы,
Мыңдық,
Жүздік ұлт жиып.

Төрткүл түзген шеңберде,
Көкбөрі болып үн салдым.
Шежіре жетер терберге,
Құлданған шақта құрғалдым...

Жадымда,
Бәрі қанымда,
Адамзат енді түйсінді,
Арылма,
Рухым, Арылма,
Мәңгілік шертер күй сынды!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста