Әлия ІҢКӘРБЕК: Сезімнен тамған соңғы жас...
1997 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. Он сегіз жасар ақын қыз "ТƏҢІРТАУ" жыр жинағының авторы. Өлеңдері Республикалық "Жұлдыз", "Жас Алаш" газет-журналдарында жарық көрген.
ӨМІР
Ойларым жолдас боп алды түндермен кілең,
Тағатсыз іздеп келемін күн-бейнеңді мен.
Кезіге қалсақ, жүрегім нұрланса-дағы,
Көрсетем жұртқа сұрланып үлгерген рең.
Бақыт та, бақ та біздерді таниды делік,
Екеуміз жайлы айтпады фәни күрмеліп.
Ауада ұшқан асқақтық ұлпалары да,
Бұл күні менің жанымды қариды келіп.
Өзіңнен өзге кімге енді тағармын айып,
Салқындығыңнан қалса егер жанар мұңайып.
Сағынышыма тұншықсам, кетер ма екен -
Басымнан бағым, қолымнан қаламым тайып.
Қалмайтындығын ешқашан көңіл ұқтырып,
Мен емес,тағы мен болып сені күтті үміт.
Өмір дегенің - жұлдызға тілегіңді айту,
Орындалмасын білсең де егіліп тұрып!
ҚАРАШЫҚ
"Я нарисую ваши глаза когда узнаю вашу душу"
(Модильяни)
Қылқалам мен қылығыңды құрбы еттім,
Мүсініңнен таппай мін.
Көздеріңнен түнді көрдім, Құрметтім,
Таңы ешқашан атпайтын.
Болмысыңнан безер болсаң,жүр, қалқам,
Бақытсыздық - бар айып.
Сезімі өлген, жүрегі жоқ жылдардан,
Өзімізді табайық!
Сенің жасың - суретшінің бояуы,
Аққан бірге түндермен.
Өмірімнің басталмаған тойы əлі,
Аяқталып үлгерген.
Сыңғырындай балбұлақтың біз əн ба ек,
Неткен мөлдір жанарың?!
Тұңғиыққа батып кеттім бұзам деп, -
Қарашықтың қамалын ...
АҚТАЛУ
Селт еткен сиқыр сезімнің тұрағын көрдім,
Қолдағы бардың қадірін,сірə,білер кім?
Санаңда ескі естелік жаңғырса тағы -
Кінəлі менмін.
Жұлдызбен жырын аспанға жазыпты дегін,
Өткенді аңсап бұлқынса нəзік жүрегің.
Сенің көгіңнің күні боп шуақ шашпасам,
Жазықты өзің.
Жалғыз мен емес жасырған күліп қайғысын,
Секемшіл адам көңілін құлыптайды шын.
Ұмытамын деп барлығын кетіп ең үнсіз,
Ұмытпаймысың?!
Жан едің жалғыз алақан жайып сұраған:
Бақытын бүкіл жалғанның лайықты маған.
Тағдырымыздың тоғыспас жолдары үшін -
Айыпты ғалам!
ЭЛЕГИЯ
Шыныңды айтсаң күндейтін,
Мұныңды айтсаң күлкі қып.
Мен жайлы мүлде білмейтін,
Жандардың сөзі ұмтылып,-
Маза бермейді маған түк,
Арбайды және көз күлген.
Ризамын саған Жамандық,
Жақсының дәмін сездірген.
Жел сөздер салса құрығын,
Кермеге қарай атылдым.
Өлеңімменен Ұлымын,
Өлеңімменен пақырмын!
Сөз бенен көзден тоңам мың,
Жүзімде жасым тайғанап .
Алдым деп несін олардың,
Отырам сосын ой қамап.
Сырымды айтсам күндейтін,
Мұңымды көрген жорып кім?
Жарықты мүлде білмейтін,
Түнекке сәуле болыппын!
САУАЛ
Көктемді күтем дегенше,
Қой қоздап кетті дегейсің.
Өртеніп бітем дегенше,
Ой маздап кетті дегейсің.
Суықтан тоңдым дегенше,
Жаурады жаным дегейсің.
Жалғанға сендім дегенше,
Алдады бәрі дегейсің.
Өртеніп біттім дегенің –
Болмады сенер ешкімің.
Көктемді күттім дегенің –
Көрдің ғой оны кешқұрым.
Жалғанға сендім деген үн,
(Сен емес болсаң, кім деймін...)
- Не дейсің бұған, Өлеңім?!
- Білмеймін!
ЖОЛ ҚАРАУ
(триптих)
1.
Түнге қанша уәде беріп көз ілдім,
Ұмыттым деп, қадіріңді ұққым кеп.
Жалғыз қалып көшесінде төзімнің,
Күттім сені, күттім көп.
Ғұмырыма жеткілікті сор-бағым,
Сезіміме қояды енді нүкте кім.
Еш кінәсі жоқ екен ғой жолдардың,-
Келмесе егер күткенің.
Бір күні мен жырға айналып тынам шын,
Мұң дейсің бе? (Мұң құрсын!)
Мен жайлы бір ойламаған шығарсың,
Ойладың ба..
кім білсін?!.
2.
Кешіктің,
Күттім жолыңды келем деп едің,
Бекер болды ма сен жаққа елеңдегенім.
Жаныңның сырын жаһанға жайып салатын,
Осы ма Өлең дегені?!
Жаңылып кетсем жазудан пешенемдегі,
О, ұлы сезім, өтінем , кеше гөр мені.
Сағыныш, Аңсар, Үміттен қол үздім,күнім,-
Кешеден бері.
Жыласын жүрек ақылдан жеңілдім бе деп,
Мен енді мүлде бастаймын өмірді бөлек.
Келмейтініңе көнбейтін жұбатар екем,
Көңілді не деп..?
3.
Жадыма менің естелік гүл боп көктемек,
Шырқалмайтынын білемін енді көгімде əн.
Көндігу үнсіз оңай деймісің?
-Кетпе, деп
жүгірмесем де соңыңнан,
Өмірді сенсіз сүре алмайтындай қарадың,
Өлмеймін, мен тек сүреңсіз ғұмыр кешемін.
Күлімдеп тұрдым, жүректің сүртіп жанарын,
Қайран қалғаның не сенің?!
Қарсы алар едім арайлы үміт боп келсең,
Тағдырға,күнім, тағы да тағы көндім. Рас.
Аялдай тұршы жаныма сіңіп кеткенше,
Көзімнен тамған соңғы жас,
Сезімнен тамған соңғы жас...