Айбек Құттыбек: ҚАЙТА ОРАЛДЫ ГҮЛ КӨКТЕМ

Айбек Құттыбек: ҚАЙТА  ОРАЛДЫ  ГҮЛ КӨКТЕМ

АЙБЕК ҚҰТТЫБЕК


ҚАЙТА ОРАЛДЫ ГҮЛ КӨКТЕМ


Қазіргі қазақ өлеңіне жаңаша леппен өзіндік өрнегін сала бастаған жас ақынның бұл тұңғыш жинағына бозбала шақтың жылынды кезеңі мен мен махабат, сағыныш жайлы ой-толғаған әсершіл жырлары топтастырылған. Ақын қаламынан бүгінгі заман ағысы мен табиғаттың тылсым сырларын аңғаруға болады. Жинақтағы жырлар шынайылығымен, шындықты ашып айтуға деген ұмтылысымен ерекшеленеді.


КӨКТЕМІН КҮТКЕН АҚЫН

Құдыреті күшті Жаратушының қалауымен бойына ақындық қасиет дарыған пенденің жүрегі ерекше жылылыққа бөленіп, ізгі ойлардың ошағына айналатыны хақ. Алайда Ұлы сөз киесін қондырған ақын жүрегі бір қалыпты соға бермей, жалғанның ащы-тұщысымен өмірдің ақ-қарасын айырғысы келіп, ақиқатты айтуға ұмтылып, аласұрып тұрады.
Қай заманда да ақындардың сөзі халықты өзіне қаратып келген. Сол себепті де ел-жұрттың арман-мұраты, сағыныш-махаббаты, өтініш-тілегі тіпті мұң-зарына дейін шайырлардың аузымен айтылатын болған. Дәуірлер алмасып, заман ағыстары арнасын өзгерткенімен рухани кеңістіктегі ақындықтын миссиясы өзгермек емес. Әйтсе де, ақпараттар тасқыны үдеген бүгінгідей жаһанданған дәуірде әдебиет атаулыға деген, жалпы өнер мен мәдениетке деген көзқарастар өзгерген. Осылайша құндылықтардың орны алмастырыла бастаған өтпелі кезеңде лас дүниенің соңына түсіп кетпей, қара өлеңнің қара қазанын сапырып, қолынан қаламын тастамаған ақындардың адалдығына тәнті боласың. Өмірдің өзін – өлең деп ұғатын ақын ғана өміршең жырлар туғыза алады. Ал, жақсы өлең – жаныңды жадыратады, көңіліңді сергітеді, жадыңды жаңғыртады, ойлантады, мұңайтады, үміттендіреді, ғашық етеді... Сол үшін де қарапайым оқырман болсын, талғампаз әдебиетші болсын, Абайша айтқанда «айналасы теп-тегіс, жұмыр» келетін шумақтарды, шынайылыққа толы шығарма оқығысы келеді. Келешегінен көп үміт күтуге болатын жас ақын Айбек Құттыбектің бозбала шақта туындаған өлеңдерімен танысып отырып, оның өлеңде өтірік айтпайтынына көз жеткізуге болады. Әсілі өлең атаулыға ең алдымен шымыр ұйқастар мен үйлесімді түр қажет десек те, ағынан жарылатын ақынның кейбір олқылықтарын да кешіруге болатындай. Жасынан ауыл қарттарының аузынан жыр-қисса, дастандарды естіп өскен, қасиетті дала мен туған жердің тылсым табиғатынан өн-бойына тазалықты сіңіре білген жас қалам иесі, өзінің «өлеңге таласы бар» екендігін ерте аңғарта білсе керек. Айбек өз өлеңдерін, әлдекімдердей күшпен құрастырып, әсіре әдемі сөздер мен ерекше теңеулер іздеп өз ойы мен оқырман ойын ауырлатқысы келмейтіні байқалады. Жастыққа тән албырттықтан да болар, бірде жүрегі от шашып, бірде көңілі судай басылып, бірде тіпті өмірден баз кешкендей болады. Әйтсе де, Айбектің өлеңдері қазіргі көп жастардың шығармаларындай тым жасық емес. Айтар ойын ашық жеткізе білетін жас ақын қажет тұста іркілмей, кесек түйіндерді шымыр шумақтарға сыйғызуға бейім. Десек те Айбектің алдағы жырларынан туған өлкесі – Алакөлдің жағаға соғылған ала толқындырының үні мен қасиет қонған төл мекенінің тау мен тасының тылсым дауысын естігіміз келгенін жасырмаймыз.
«Қайғы атаулы жерге сіңіп кетсе деп ем ақ қармен...» деп, әмәнда әділдікті жақтап тұратын жас дарын әзірше ақ қағазға махаббат пен достық жырларын түзіп келеді екен.
Аяма мені,
Бұрылма маған қарама!
Қаныпезер де, қасиетсіз де, қарала!
Көңілімді күңгірт,
Жанарымды жас қыл құрғамас.
Жанымды жаншы
Жұлмала тағы жарала!
Бәрібір сүйем,бәрібір...
Шын сүйген жас жүрек, неге болса да шыдайды. Махаббат азабына көнеді. Тіршіліктің осы бір заңдылығы ақынның отты да сыршыл өлеңдерінің өзегіне айналғандай.
Ақиық Мұқағали айтқан «Поэзия махаббатпен басталып парасатпен аяқталады» деген қағидаға сенсек, қаламын бұдан да ары ұштай түссе заман шындығын ту ететін азаматтық тұрғыдағы туындылар Айбектің де көкірек сарайын кернеп шығарына сеніммен қарауға болады. Мүмкін, бұл жас ақынның жүрек түкпірінде гүл-көктем кейпінде жасырынған бір үлкен сағыныш-жырдың бүршік атар кезегін күтіп, бұғып жатқан да болар.
Босай алмай күйкі «тірлік-күрмектен»,
Жаза алмай-ақ жүрген едім жыр көптен.
Шуақ сыйлар
Қуат жинар әркімге,
Қайта оралды гүл көктем! – деп айналасына қуана құшақ жайған ақын, лезде жанарына мұң ұялатып, оның күткен көктемі бұл еместей күй кешетіні жұмбақ құбылыс. Сосын, тағы да толғанып:
Жаңалығын жаңа жырым жеткізсе де жағымды.
Мейлі - күн бол,
Мейлі - гүл бол, келген көктем ол – рас,
Жадырата алмас жараланған жанымды... –деп күрсінеді. Адамның жүрек тұсындағы жанқалтасына сыйып кетер жас ақынның осынау шап-шағын ғана тұңғыш жинағына сәт-сапар тілей отырып, бұл жаңа жырлардың беташар-бастамасы болсын дейік. Айбектің де айы оңынан туып, көптен күткен көктемі мәңгілік жыр болып оралатынына сеніп, ақын болашағына үмітпен қарайық.

Алмат Исәділ
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері

 


Гүл-көктем!

Босай алмай күйкі «тірлік- күрмектен»,
Жаза алмай-ақ жүрген едім жыр көптен.
Шуақ сыйлар
Қуат жинар әркімге,
Қайта оралды гүл көктем!
Көптен күткен нұр-көктем,
Сағындым ғой –
Жүрегімді тебірентер сыр-көктем.
Дүниені түрлендірер дүр-көктем...

Жүрегімнің сырын айтар
сыртқа шығып жатқан дем.
Күз айында қош айтысқан
бет сүйістім бақтармен.
Қара жердің топырағын қайта сүйіп қауыштым,
Ақ ұлпа қар жұмсақ түсіп, жерді жапқан шақта өлген.
Жүрегімде бір түйірі жасырынып қалғандай,
Қайғы атаулы жерге сіңіп кетсе деп ем ақ қармен.

Барын жинап,
Арын сыйлап жатса-дағы жан қаратпас жалынды,
Жаңалығын жаңа жырым жеткізсе де жағымды.
Мейлі - күн бол,
Мейлі - гүл бол, келген көктем ол - рас
Жадырата алмас жараланған жанымды.

Солған - кеуде,
Сөнген - сезім.
Секем алғыш түрге енді.
Тек сағыныш сетінетпей ұстап тұрған іргемді.
Тілек - нұрға,
Жүрек - жырға бөленетін ерекше,
Бұл көктеммен мерекең де бір келді.

Мендегі жыр
Үзілгелі тұрған үміт аппақ жібін жалғаған.
Ал өзгелер?!
Қол ұстасып
Болашағын жоспарлаған, талдаған.
Қатар шыққан қос кеудеден арман ән.
Дүниенің ең азабы сол маған.
Тым болмаса мерекеңмен құттықтап,
Мен не деген бақытсыз ем,
Өзіңе, гүл де сыйлай алмаған.

Сол үшін де келген көктем
Қуанта алмас жанымды.
Қуантуы қалсын былай,
Қайта қорқам тіпті қатты шығарар деп зар «үнді».

Оң бағытта ұстай алмас,
Ойрандалған жолымды.
Түн жамылған саябақтан тұнжыраумен қайтармын,
Қарлығашын қондыра алмаған қалтама салып қолымды.
Елестеген ерке жүзің тұра тұғын ар тұна,
Жете алмадым қолым созып байқағанмен талпына.
Мені іздеп келе жатқан шығар деумен бұрылып,
Қайта - қайта қарай бердім қарай бердім артыма.


3.03.2006.

 

 


Сен кім едің?

Сен кім едің,
Мен сүйіп сағынатын?
Еріксіз жүрек саған бағынатын.
Елеңдеп ұшқан көңіл еңіреп кеп,
Жолыңда тауым тағы шағылатын.

Сен кімсің,
Жанарымды жас қылатын?
Булықтырып көмейге тас тығатын.
Қуанып қарсы алғанмен, қайғы құшып,
Еңкейіп еңсем биік, бастығатын.

Сен кім едің?
Жанымды жаралайтын?
Жоғалтқан жоғарыдан бағымды айқын.
Жас толы жалтаңдатып жанарымды.
Көңілді күйге салған алаңдайтын.

Сен кімсің?
Мен өзгеден қызғанатын?
Сол үшін де сезімде із қалатын.
Тұтатып тағылықтың талшықтарын,
От салған өң бойыма мұз жанатын.

Сен кім едің?
Мен саған жыр арнайтын?
Жай тауып жаным бір сәт тұра алмайтын.
Қамаған қараңғыға құса қылып,
Шынайы сырды сыртқа шығармайтын.

 

 


Сен бақытты болсаң...

Жалғыз жүрмін,көп емеспін жалқымын,
Іші - сырты жүрегімнің қайғы - мұң.
Сағым сынып, сергелдеңмен күй кештім,
Армандап ем адалдықтың айдынын.

Саған ғана жылы құшақ кең еді,
Жайқалған саған жанымның жасыл желегі.
Ал бүгінде арылып ой мен сезімнен,
Сары даланы кезіп кеткім келеді.

Ешқандай жылу бермейтіндей күн келген,
Түңіліп жүрген адамдай болдым бұл күннен.
Сірә менің жүрегімді жақында,
Мұз басып суық, айырар ма екен лүпілден.

Қаматқандай тұсау салып түнекке,
Ешбір бақыт сыйламайды құр өкпе.
Ыңғайыма жығылмайды - ау қу тағдыр,
Айықпас дерт жазылмаған жүректе.

Жаныңа жаным жақты ма екен жат үні,
Сол ғана ма екен жүрегіңнің жақыны.
Қаншама жырды жолдасам да өзіңе
«Құлақтан кіріп,бойыңды алар жоқ түрі».

Өзендей аққан өткінші өмір өтеді,
Жалғандықтың жүрегімде жоқ кені.
Мені қойшы ақ қағазбен сырласқан
Сен бақытты болсаң маған жетеді.

7.03.2005.

 

 

 

Елордалық сұлуға

Еріксіз қолға ұстатып қалам,
Жаздырдың жырды жалынды.
Әзірше жаным сырқаттан аман,
Оның да емі табылды.
Толқытса сезім,бойымды билеп,
Оңаша кетем жыраққа.
Жырларым сосын түйдек те түйдек,
Төгіліп жатады параққа.
Апамның киген шай көйлегіндей,
Бүреді жанды бір күйік.
Астананың бәйтерегіндей
Есімің маған тым биік.
Бір күні бақыт -қуаныш болар,
Деп, қарап жүрмін жолыңа.
Сағынған сәтте жұбаныш болар,
Суретің де жоқ қолымда.
Қызыққа мына қарашы,
Шебер - ақ жердің анасы.
Түбі бір қайың ағашы,
Айырылған екі арасы.
Қызарған шоқтың жануы,
Жарық қыла алмас маңайды.
Сен жоқта аспан аруы,
Сұлу Ай күліп қарайды.
Жыл - аман, ал, күн - есен де,
Тағдырым немен тынады.
Сені ойламайын десем де,
Аспанда Ай тұрады.
Қалың боп қайғым қаулайды,
Тірексіз төзім таусылды.
Сезіммен алау лаулайды,
Естіген сайын даусыңды!
Өзіңсіз мүнда қазірше
Қиындау жатып түруым.
Сен аман бол эзірше,
Елордалық сұлуым!

18.09.2005.

 

Жүректі тыңда!

Айықпас мұң тұр көңілде әлі,
Мейірім түсір тілекке Тәңір.
Уланса болды сезімге жаны
Жүрмейді екен ғой жүрекке әмір.

«Бұлбұлын» қуып, ұшырып бағы,
Жанымнан жүдеу, жылу безінді.
Айта алмай жүрмін қысылып тағы,
«Сүйемін »деген сұлу сөзімді.

Жасағым келмейді жүрекке қастық,
«Қыдыртайын »десем де шапағат бақта.
Сен айтқан едің «Арада достық,
Айналмасын деп, махаббат жаққа!»

Қайтемін енді,өшем бе жаным,
Кетейін бе әлде кездеспей жырақ.
Өзгермес шешім десең де жаным,
Өмірдің заңы емес қой бірақ.

Өзіме солай жаза қыламын,
Қайтемін сырды сенгенше айтып.
Жасыммен жырды жаза тұрамын,
Өзіңнен жауап келгенше қайтып.

Жаныма жылу жинамасаң да,
Жүрегіңнің тұрмын лебін сұрап.
Көңілге сезім сыйламасаң да,
Сүйемін сені,сүйемін бірақ...

Әрине, бәрін қалауың білер,
Айтылар ойға ол да бір сын шақ.
Мүмкін өзінің жауабын білер,
Құлағың салшы жүрекке бір сәт!!!

5.12.2005.

 

 


Наз

Мұң басса қайтып сезім серпілер?!
Қасіреттің міне қолқаны алғаны.
Құлатып жарға өзін өлтірер,
Қырандай шіркін қауқарым болмады.

Үміт күткенмен сен кеткен жақтан,
Өкініш болып бәрі есте тұрды.
Киесі ата ма жөргекте жатқан
Шетінетіп алдым «нәресте жырды».

«Ренжіме»- дейсің тағы да маған,
Түбінен қиып бүршігін жырдың.
Уайымға босқа салына ма адам,
Құлазып көңіл, күрсініп жүрмін.

Мөлдір жас кетті көзімнен ағып,
Қалайша жаным жай табады енді.
Құлап сүйгенмен өзіңе барып,
Жылап жүрегім қайтадан келді.

Дұрыс шешімді сен істемесің,
Өзге аурудың қонбаған емі.
Сүйгенің ғана теріс демесең,
Еш бір жазығым болмаған еді.

Көңілдің көктем, жазы болушы ең,
«Еншісін» берер жыл сыйын күтті.
Қиындық болса разы болушы ең,
Маған да ұсындың бір қиындықты.

Жүрегім сені сол кезде тапқан
Күз айы түрған сезімге тұна.
Махаббат отын бір кезде жаққан,
Өшіре алмассың өзің де сірә...

6.12.2005.

 

 

 

Мұқағалиға

Сен деп білем,өмірде асыл адам,
Жұртын мына жырымен асыраған.
Бар қазаққа өлеңнен қуат алып,
Нұр едің Хантәңірден шашыраған.

Асқақтап, асқақ жырың тұрады шын,
Дегенде қара өлеңге қырағысың.
Шарқ ұрған, шабытпенен шарайнада,
Ақиық ақындардың қыранысың.

Сарқып берген сұлу сөз, сайын далаң,
Жырларың жүрек сөзі - жайында ән.
Біркезде құлағына ілмегендер,
Қолда жоқта «Құдай ғып мойындаған».

Бір қасиет қонғандай жаратыла,
Үніңді тыңдаушы еді дала тына.
Алаштың бойтұмары болмақ әркез,
Жазған жырың аққудың қанатына.

28.03.2005.

 

 

 

Сағыныш

Қызығы көп, сол қызыққа тоймаған,
Күміс - күлкі, сұлу сөздер айналам.
Туған өлке аңсап сені сағындым,
Топырағыңа аунап - қунап ойнаған.

Оңашада шомып ойға ойланам,
Сөйтем - дағы қара түнек, қара бұлтқа айналам.
Жүрегімнен жырақтасың туған жер,
Қайтіп енді бейқам жүріп жайланам.

Сен керексің, осы ғана білгенім,
Өзгеге де дәл осыны біл дедім!
Көз алдымнан елес беріп кетпейді,
Гүліңді иіскеп, суыңды ішіп жүргенім.

Жұдырықтай жүрегімде мұң - қайғы,
Білем оны, мәңгілікке тұрмайды.
Өртенген - өзек, сағынған - жаным өзіңді,
Өлеңге қосып осылай енді жырлайды.

Осылай енді, жалындайды, жырлайды,
Туған жер десе тұғырда талант тулайды.
Жібектей жұпар, ауаңды жұтып жүретін
Жүрек пен миды қаланың уы улайды.

Шаршадым,болдым балалық ой мен қиялдан,
Өзіңдей қылып ешкімді енді сүйе алман.
Тамырына тамсана жұтар су жетпей,
Өзіңсіз мында жас талдай болдым қуарған.

 

 

 

 

 

Асиятқа

АГУ-дың аялаған ерке кызы,
Табыстырмай қойды өмір ерте бізді.
Жасындайын жалт еткен өлеңімді
Арнадым бір өзіңе Мерке қызы.

Сендей қыз бар екенін байқамадым,
Өзіңе жарасып тұр ай қабағың.
Бұлақтай сыңғырлаған сылқым күлкің,
Сұлулығын әперген сай - саланың.

Өзіңді артық жанға телуші едім,
Сұлулықты көзіңнен көруші едім.
Бір сәтте ғайып болып көз алдымнан,
Сені іздеп сабағыңа келуші едім.

Қашанда тағылатын «батырға» мін,
Сен оңтүстік, мен де сол жатырданмын.
Еш қатысым болмаса да дәріс тыңдап,
Сен отырған сарайда,
сөйтіп жаным, күнімді батырғанмын.

Сұлулық тал бойыңнан сая тапты,
Төгілген шаш, иығыңды аялапты.
Жарасымды қасыңды қап - қара ғып,
Жаратқан бар бояуын аямапты.

Осылай ақ парақпен тілдесемін,
Ай жүзіңді аңсаймын күнде сенің.
Сөзіңе жауап таппай сөйлей қалсаң,
Көзіңе қарай алмай күн кешемін.

ҚазҰПУ 4 курс 3 тр. 425 аудитория

 

 

 

Ұстаздарыма

Гүл шоғын ұстап қолдарға ,
Сыңғырлап қоңырау соғылған.
Кіргенде алғаш бұл Ордаға,
Ұстаздар - Ана боп табылған.

Жүргенге он бір жыл болыпты,
Кешегі бүлдіршін балаңыз.
Біліммен есейіп қалыпты,
Рахмет, ұстаздар - Анамыз.

От болып жанарда жанасыз,
Қадірлі,құрметті Анасыз.
Ұстазым өшпейтін әріппен,
Жазылып жүректе қаласыз.

Қатыспай сабақтан қашсақ та,
Сағыныш жүректі тербейді.
Өмірден бақ құсын тапсақ та,
Мектептен кеткіміз келмейді.

Үлгілі ұл - қыз боп өсірдің,
Мың алғыс ұстаздар сіздерге.
Аналық көңілмен кешіргін,
Кемшілік кетсе егер біздерде.

Кеш болып,тез таңың атқандай,
Бұл өмір алдамшы бекер ғой.
Әндерде шырқалып жатқандай,
Қоштасу тым қиын екен ғой.

22.05.2004.

 

 


Нұрлыбекке

Шынайы достық жау ала алмас қамалдай,
Жан досым айтшы,жүрміз бе соны соға алмай.
Антына адал жоқ болса досың жаныңда,
Жамандар келіп жармаспай ма жағаңа - ай.

Өзің ғанасың өнерде мынау сырласым,
Сырдың сүлейі, Аранды атты қырдансың.
Қиналған сәтте қол ұшын созған көмекке,
Бір үзім нанды,бір үзіп жеген құрдасым.

Еншіме бүгін өзіңе арнау тигесін,
Өзімше менде ағыттым ақыл түймесін.
Өмірде қайғы,қуаныш қатар жүреді,
Ашылған маңдай, ашынып тасқа тимесін.

Арындап кетпе алдыға қарай асқына,
Дұшпандар көп қой сүріндірер қас қыла.
Ортасы болып жүре бер елдің өлмейсің,
Керілсе кеудең, көпшік қып салғын астыңа.

Білмеймін достым,болашақ нені береді,
Бұйырар бір күн орынның биік, төмені...

12.11.2004.

 

 

 

Аққу-қыздар

Күлім қағып көңілге от тастайсыңдар,
Адым ашып, арынан аспайтындар.
Қырмызы қасындағы құрбысынан,
Ешкімге ешқашан сыр ашпайтындар.

Әйтеуір аққу қыздар аман жүрсін,
Жоқ жерден бір бәлені бастайсыңдар.
Сүйкімді сағым болып сағындырған,
Қасиетті қылығымен табындырған.

Жүректе жатқан сырды айтпак түгіл,
Алдында есіміңнен жаңылдырған.
Ақ қыздар аман жүрсін жігіттерді
Мұңына махаббаттың малындырған.

Еріксіз,еріктен тыс жан алғандар,
Ақ қайың - ақ жаулық боп ағарғандар.
Аулақ боп жаман істен жүре берсін,
Басыңа бақ жұлдызын жағар жандар.

Еркектің жүрегі боп тумаса да,
Бір нәзік қабырғадан жаралғандар.
Қыз десе көкейден көп жыр ағылған,
Өнердің бастау алып бұлағынан.

Бір әсем әуелетіп ән бастаса,
Шуылдақ орман,тоғай тына қалған.
Сыңғырлап шыққан үні көпке шейін,
Еркелеп кетпей қояр құлағыңнан.

09.01.2005

 

 

 


Медетке

Риза болдым бауырым өнеріңе,
Өлеңнің түсе білген тереңіне.
Сенің мынау талантың тас бұзатын,
Әрқашан үлгі болсын өреліге.
Өнер қиын.
Білмегенге арман шығар.
Ол емес мойындаумен алдан шығар,
Сен соны бағындырдың, Абай атаң
Риза боп аунап тағы қалған шығар.
Мен өзіңе тілейін бақыт қана,
Тілейін соған қосып шаттықты да.
Жалғанның жылуына жуындырып,
Тапты екен сені қандай бақытты ана.

Алматы. Абай оқулары. 17.05.2003

 

 

 


Т-ға

Сен - жиенсің, мен нағашы ағаң болдым,
Әкеңдей емес саған, адал болдым.
Сәбилік күндеріңде сезбессің - ау,
Жігіттік өміріңе алаң болдым.

Анаң бақты түнімен көз ілмеген,
Көз ілмеген, темірдей төзімменен.
Ертеңгі күнің қалай болар екен,
Әкенің еш жылуын сезінбеген.

Бұлағын білмеген «тау» қараң екен,
Мен оны мәңгүрттікке балап өтем.
Безініп өз - өзінен жүре берді,
Болғандай жары - басқа, бала - бөтен.

Бұл өмір басқа енді келмейді екен,
Сыйынсаң да сый қылып бермейді екен.
Сол қинайды жанымды, анашыңа
«Әкем қайда?» - десең сен, не дейді екен?!

Жамау жауып тағы бір жарасына,
Қарамай қайғы сыйлап анашыңа.
Сәбиіңде тастаған «сұм әкеңе»,
Қан жібермей қайтадан барасың ба?!

Сен - жиен, мен нағашы ағаң болдым,
Әкеңдей емес саған, адал болдым.
Мен сені қарсы қойып жатқаным жоқ,
Тек, ертеңгі күніңе алаң болдым.

7.04.2005.

 

 

 

Тағы да саған

Сағыныштан жанардан жастар тамған,
Бірақ мен жасықтықты жастанбағам.
Мен үшін қарсы түрған бәріне де,
Сен едің жалғыз жартым жасқанбаған.

Сағындым.
Шер тарқатып жылар ма едім,
/Сағынбасам осылай жырлар ма едім./
Сен қандай күйде жүрсің балапаным,
Ал, менің сағыныштан сынған белім.

Сұқтанба!
Менің ішкі сырларыма,
Оданда үңіл жаным жырларыма.
Өзгені ғашық қылып сүймек түгіл,
Жүректің сыйламайтын жұрнағын да,
Татымайтын сенің бір тырнағына.

Күт жаным!
Өмірге қарызым бар қайтармаған,
Бағым бар өзге бақтай жайқалмаған.
Түсін мені.
Ауыстырып біреуге кете берме,
Сүйе білген, ауыр сөз айта алмаған.

20.10.2004.

 

 


Аяма мені

Құрметте «соны» аяла!
Жүрегіне бар,жылуын сұра, саяла!
Құлай сүйгенім бар кінәм еді, сол үшін
Қайғыға сал, аяма!

Аяма мені!
Қара бұлт сыйла көгіме.
Қарама маған!
Жауын боп жасым көзімнен тамсын төгіле.
Бағымды ұшыр, басыма орнат қасірет... ...
Тек «соны» сүй,беріле!

Қайтесің аяп,
Сезіне алмасаң жан сырын?!
Сыйлай алмасаң тәтті сезімнің талшығын.
Жігерді құм ет,
Жүректі күл ет, пәршелеп...
...тек соған ұсын бал шырын!

Аяма мені!
Жауыздарға тек қоса бер,
Көріне қалсам, жолама маған,
Қаша бер!
Кездесіп жатсам, көңілімнің сүртпе айнасын,
...Сүйгеніңе тек бал ерніңді тоса бер!

Бұрылма маған!
Жатсам да мейлі өртене,
Кіргізбе мені!
Кіршіксіз таза өлкеңе!
Балапаным ең, алақаныма қонбаған,
Қайтейін енді, сүйгеніңе бар
Еркеле!

Аяма мені,
Бұрылма маған қарама!
Қаныпезер де, қасиетсіз де, қарала!
Көңілімді күңгірт,
Жанарымды жас қыл құрғамас.
Жанымды жаншы
Жұлмала тағы жарала!
Бәрібір сүйем,бәрібір.

28.02.2006.

 

 

 

Қос жұлдызым

Қос жұлдызым Мейірімім, Көркемім,
Сендерсіз шын сенімсіздеу ертеңім.
Қос ханшайым екеуіңсің бақытты,
Басталса егер таңғажайып ертегім.

Қос жұлдызым қос шынарым қыздарым,
Қыз-береке, қыз-бақытын, қыз-бағың.
Тек солардың шат күлкісін көрейін,
Бұл өмірде таусылғанша тұз-дәмім.

Қос жұлдызым, қос қанатым шырағым,
Барымда осы, байлығымда жыр әнім.
Өміріме шуақ шашқан қос шырақ,
Тәңірімнен сөндірмеуін сұрадым.

Қос жұлдызым, қос періштем, қос нұрым,
Бұл бақытқа мына мені қосты кім.
Қыз Жібектің ізін жалғап кешегі,
Өсіп келе жатыр ерке қос бұрым.

10.06.2012

 

 

 

Бәрін кеш..

Жанымды қинап жолықтым неге?
Жылуын төкпейді жарық күн неге?!
Шуақ нұр еді әр сағаттарым,
Жылап жүрегім жабықтым неге?!

Кездестің неге күнде ызғарлы?
Сезбеспін деме сезімде із қалды.
Қосылып енді шырқай алмаймыз,
Махаббат жайлы бірге ізгі әнді.

Мәңгілік теңің,
Жан жарың боп,табарсың кеште сән құрып.
Мәңгілік менің,
Арманым боп қаларсың есте жаңғырып!

Көзіңді сүйдім,
Еркелеген кезіңді сүйдім
Бәрі кеш.
Езілдім,күйдім,
Өртеп денең,өзіңді сүйдім
Бәрін кеш..

 

 

 


Балдырған

Сол күндер-ай тәтті естелік қалдырған,
Көше бойын шыбық мініп шаң қылған.
Үйге келмей үй ойнаушы едік жиылып,
“Үйленгенде”көрші қызды жар қылған.

Сол жылдар-ай мазда бізді таң қылған,
Тас машина табылушы еді әр құмнан.
Тапсырыспен алдыртушы ек ас үйден,
Май жағылып ,қант себілген,тандыр нан.

Сол кездер-ай бұзау іздеп әр қырдан,
Ауыл сыртын аралаумен әл құрыған.
Барған сынды қуанушы ек теңізге,
Қалған суды кешіп өтіп жаңбырдан.

Жібек жіппен ине болған қармағым,
“Тәубә”- дегем теледидар барға мың.
Тек осыған қоспай кеткен мәңгілік,
“Дэнди” менің бала күнгі арманым!

Ойыншықтан болмаса да қолда түк,
Ол мен үшін мол қуаныш,мол бақыт.
Сағынышпен сені еске алармын,
Қайта келмес сол уақыт...

 

 

 


Көке

Көке
Айтшы мен кіммін
Жеке
Қалғанда білдім
Қателесіппін
Топсасын сындырмай тұтқасын ұстаппын
Тағдырымдағы қатерлі есіктің
Айылымды жимай қайығымды салып
Ағынға қарсы бекер есіппін

Көке
Күйіп барам
Неге
Ұмтылып ұйық табам
Адам боп күн кешудің өзі арман
Қол жетпес биік маған
Жер бетінен шығарып жіберердей
Итеріп мені иықты адам

Көке
Білмейм не істеймін
Бұдан соң өшпесем
өспеймін
Сен айтшы
Пенде үшін қаншалық
Жүруге әр таңды қайғыссыз қарсы алып
Үміт пен сенімнің салмағы
Ал менде
Еш нәрсе қалмады
екеуі алдады

Көке
Басым қатты
Табалмай жасыл бақты
Жолдарым жабық бәрі
Сол жағым сыздап жатыр
Таңдауым табыт әні
Денем мұздап жатыр

Көке
Баспады іс ілгері
Запыран қинап жатыр ішімдегі
Жете түсін мені
Жақындап көрген едім
тақымдап қалармын деп
Тұлпарым ұстатпады түсімдегі

Көке
Шын
Жылап тұрмын
Өте
Сұлу сәттерді келмеске келместей ұзаттырдым
Тас бауыр тарамыс тағдырға
Менде тас лақтырдым
Олда жылар деп құлақ түрдім

Көке
Сынақ бұл
Мен үшін анық бүгін
Сүрінбей өз болмысын таныпты кім
Бағыт қылдым
бақытқа бастар жолды
Болды
Ертең ақ атар бәлкім жарық күнім!

 

 

 


Ертеңгі күн

Ертеңгі күн ақ парақтан басталар
Ертең біреу шын жанашыр дос табар
Ертең біреу махаббатпен қоштасып
Жанарынан қимас ыстық жас тамар

Ертеңгі күн біреулерге қайғылы
Құлағандай көктен жұлдыз ай күні
Ертең біреу жеңіп тұрып жеңіліп
Біреулердің басталады бай күні

Ертең біреу тұлпар мінер астына
Шат көңілін қуанышпен мас қыла
Ертең біреу тар төсекке таңылар
Ауыруым кетіпті деп асқына

Ал біреулер ертең сұлу жар құшар
Зорлық көріп ертең біреу қан құсар
Ертең біреу туысымен табысып
Біреулер қу дүниеге тартысар

Ертеңгі күн біреулерге сәтті күн
Кеудесіне сыймай тулап шаттық үн
Ертең біреу бала сүйіп бақытты
Бітпесінші деп тілейді тәтті күн

Ертең біреу лашық таппай түнеуге
Ал біреулер қалар сынап мінеуге
Ертең біреу жаңа өмірін бастаса
Ертең қабір қазылады біреуге

Бұл өмірде көп жыладың күлдің де
Бір күніміз ұқсамайтын бір күнге
Сұрап білген ешкім жоқ қой тәңірден
Сұрақ белгі ертеңгі күн кім кімге

Ертеңгі күн қиын жұмбақ табуға
Ақыл жетер десек те өмір тануға
Ертең бәлкім кеш болады жақсылық
Асығайық бүгін жасап қалуға

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста