Айбатыр СЕЙТАҚ: Мен ойлап ем ғашық оты сөнді деп...
Мен ойлап ем ғашық оты сөнді деп...
Басқа құстар мекен етті көлді кеп...
Аққуы жоқ айдын қалды мөлдіреп!
Сол бір шақта махаббаттың алауы
Мен ойлап ем
Жанбай жатып сөнді деп.
Өмір-өзен ағысына көндім де,
Осы күнге келіп едім мен білмей.
Бір жаңалық аштым бүгін:
сезімді
Қыз жүрегі сақтайды екен сөндірмей!
17 шілде 2011 жыл.
Шыныңды айтшы, сен әлі ғашықпысың?
(әні бар)
Шыныңды айтшы, сен әлі ғашықпысың?
Сынап көргің келді ме бақыт күшін?
18-де қағып ем есігіңді,
45-ке келгенде ашып тұрсың!
Салсаң-дағы абырой, беделіңді,
Өмір сыйлай бермейді керегіңді.
Сөніп қалған сезімді тірілттің-ау
Білмей тұрмын мен саған не дерімді?!
Білмесін деп досым да, туысым да,
Сыр сақтайсың жүректің бұрышында...
Ай, қыздар-ай, өмірмен ойнайсың-ау
Тағдыр жібі тұрғанда уысыңда!
...О, Махаббат – жастықтың өкілісің!
Қалайтұғын жүректің бекінісін.
Таңғы түстей есімде қалды бәрі...
Өткен күнге жоқ менің өкінішім!
17 шілде 2011 жыл.
Біздің кездің махаббаты-ай сезімтал
Жүрекке болса-дағы табар емі,
Заманның жылынбаған «Сахалині»,
Пәктік пен адалдықтың құжатындай
Заңдары махаббаттың қатал еді.
Көңілің құстай ұшар атқан оқтай,
Сезімің алаулайды жаққан оттай!
Сөз айту сүйген қызға оңай емес,
Жүрегің тасырлайды шапқан аттай!
Жыр болып пәк сезімге толшы кесем,
Болсаң да әншейінде сөзге шешен,
Үздігіп, күйіп-жанып, тілің келмей:
«Сен менің махаббатым» болшы десең,
«Жоқ»,- дейді екі көзі жыпылықтап.
Қыздардың кім бар екен сырын ұқпақ?
Тұп-тұнық сезіміне тас лақтырып
Жігітті әуре етеді сықылықтап!
Дәл бүгін отырғам жоқ ішім күйіп,
Өмірден сабақ алдым ойға түйіп.
Қуаты махаббаттың мәңгі алаудай
Тұрады жүрегіңе жылу құйып!
Қыз жүрегі – таразы
Байқалмастан татуы мен аразы
Тұрса-дағы жігіттердің сабазы,
Мінезі мен ақыл-ойын салмақтап
Өлшеп білер қыз жүрегі – таразы!
Көңіл қалап, бүйрегіңді бұратын
Сезім барда адам жанын ұғатын,
Мен түсінем, қыздар ғана білетін
Әр еркектің биігі бар шығатын...
Бірі тауда, бірі тұрар дөңесте,
Жүйрік болса, шауып шығар белеске,
Бар тағдыры бір ғұмырға байланған
Барлық адам жалпы бірдей емес пе?!
Әрбір пенде өз өмірін құраған,
Тілегі көп Жаратқаннан сұраған...
Бәрі болып,
Саған жетпей келіпті-ау
Жан-дүниеңді байытатын бір адам!
Астана қаласы. 19 шілде 2011 жыл.
Кездесу мен қоштасу
Кей сәттер естен өшкен-ді
Қып-қызыл шоғын сөндіріп...
Мыңдаған керуен көшкен-ді,
Арада жылдар жөңкіліп...
Іштегі жатқан сезімді
Жүздестік мүлдем білместен.
Қарсы алдым жаймен өзіңді,
Жүрек пе үнсіз тілдескен?!
Билемес сезім бойыңды
Нөсері құйып өткенше!
Біле алмай келдім ойыңды
Қоштасар сәтке жеткенше.
Есімді тұрдым жия алмай,
Ойладым шын ба, жалған ба?
Құшақтап тұрып,
қия алмай
Сен мені сүйіп алғанда!
Астана қаласы. 22 шілде 2011 жыл.
Сыр ақтарар сәт келер
(әні бар)
Өзіңсіз-ақ өтті өмірдің мың күні,
Жатты менде бүршік жармай жыр гүлі.
Соншама жыл жалғыз сайрап келіпті-ау
Жыр аңсаған жүрегіңнің бұлбұлы!
Көзің талмай көкжиекке қарашы,
Жақын емес қос қаланың арасы.
Шөлдеп тұрған сезіміңмен өлшенер
Мөлдіреген махаббаттың бағасы!
Елекзиді байыз таппай құр жаның,
Кім біледі көкейіңде мұң барын...
Екеуміздің арамызды білем мен
Сағыныштың жібі жалғап тұрғанын.
Көрсетпеші мұңға тұнған жасыңды,
Иіскейін жел тараған шашыңды.
Сыр ақтарар сәтің келер бір күні
Иығыма сүйеп тұрып басыңды!
Астана қаласы.
Бір белгі
(әні бар)
Қазақ қызы-ай, әдебінен аспаған,
«Жоқ» деп айтып жігіттерді жасқаған.
Тау селіндей ағыл-тегіл сезімге
Төзім деген тоған қойып тастаған!
Ұлағатты ұлт салтына бас ұрған,
Әулетінің атақ-даңқын асырған.
Сырын ашпай, өз жүрегін құлыптап,
Қыз-ғұмыр-ай, құпиясын жасырған!
Бірге жүріп, терген жоқпыз гүлдерді,
Ай астында өткізбедік түндерді...
Жас күнімде маған жетпей қалғаны –
Сүйгеніңді білдіретін бір белгі!
АСТАНА, 1 сәуір 2012 жыл.
Махаббатқа ештеңе де жетпейді
Өткен күндер өлең болып өрілер,
Шабыт-сезім жыр-кеседен төгілер...
Қыз Жібекпін деп жүргенде әрбір қыз
Барлық жігіт Төлеген боп көрінер.
Кез болып ек құдіреттің күшімен.
Гүлім қалды ызғар ұрмай үсіген...
Біз оқуға түскен жылы
өзіңді
Таңдап едім тоқсан қыздың ішінен.
Мені дәйім тек досым деп қолдадың,
Түсінсең де жаным жырға толғанын,
Көктем келіп, тасығанда сезімім
Өткізбеген өр мінезді қорғаның.
Бейбіт кезде қол салмайсың қаруға,
Батыры кім?
Мүмкіндік жоқ тануға.
Жігіт-көңіл, сірә, байыз табар ма
Өз жүрегін бергенше бір аруға!
Таза ұстап айдын-көңіл тұнығын,
Салдыртпап ең ер жігіттің құрығын,
Мені іздеп оянғанда сезімің,
Сүйіктімнің сипап тұрдым бұрымын.
Мың сан толқын жағалауды шайды ма?
Кешегі тал бүгін өркен жайды ма?!
Қосылмауды бақытсыздық демеймін,
Жоқ, әрине, қасірет те, қайғы да...
Әрбір күнің мағынасыз өтпейді,
Адам өзін ақыл-оймен шектейді.
Ең жақыным, дос, жолдасым десең де,
Махаббатқа ештеңе де жетпейді!
АСТАНА, 31 наурыз, 1-2 сәуір 2012 жыл.
Мен кетіп ем...
Дүйім жұртқа жарасқан жұп дегізбей,
Алыс кеттік ажыратқан егіздей.
Өлең жетім, селт еткізе алмаған
Сезіміңді сенің шалқар теңіздей!
Ойың-жұмбақ, оны қалай білермін?
«Енді келме» дегендей-ақ түнердің.
Барған кезде менің өлең баламды
Шапалақпен беттен осып жібердің.
Гүл дәурені құлпырса да көктемнің
Жас шағында арманына жеткен кім?
Мен біржола күдер үзіп,
өзіңе
Керек емес екенмін деп кеткенмін.
Сәуір 2012
Мен бұлт едім төніп келіп жаумаған
Көрген сәтте нұрға бөлер жан-жағын,
Ай ма, Күн бе, кім еді ол ардағың?!
Сағынышың ширек ғасыр сақталған
Жүрегіңе түсірді ме салмағын?!
Мен бұлт едім төніп келіп жаумаған,
Сен даласың шөлі бір сәт қанбаған.
Екі жақта өмір сүріп жүрсек те,
Күндерім жоқ сені есіме алмаған.
Өрге бассам өз күшіме сеніппін,
Өмірімде өз антыма берікпін!
Тұнығыңды лайлау үшін емес-ау,
Жүрегіңді байлау үшін келіппін!
Сәуір 2012
Сезіміңді түрткілеп...
Жан емдейтін дәру жоқ,
Өз жырыма жандым мен.
Асау мінез ару боп
Жүрегімде қалдың сен.
Жел де соқпай күштірек,
Жалындап бір жанбадым.
Сезіміңді түрткілеп
Мен оята алмадым.
Өз отыма күйдім тек,
Ғашық боп ем ынтығып...
«Мен де сені сүйдім» деп
Жібердің ғой жынды ғып!
11 қыркүйек 2012 жыл
Мен өкінбес едім ғой
Өткен уақыт жеткізбейді қусам да,
Өксік қалар, көз жасыммен жусам да...
Меншігі боп кете бардың өзгенің,
Бұл Өмірде сен мен үшін тусаң да.
Жайлы болса, басқа жаққа көшпес ем,
«Жоқ!» демесең, мен біржола өшпес ем.
Жас кезіңде сонша сараң болдың ба,
Нең кетер ед, бір сүйгізіп, «Қош!» десең?!
17-іңде оттай лаулап келдің де,
Тау селіндей сезімімді жеңдің бе?
Ой, жаным-ай, мен өкінбес едім ғой
Ерініңнің табы қалса ернімде!
24 қазан 2013 жыл.
Жайыққа тастап кеттің-ау
Студент шаққа не жетсін!
Әр атқан таңы – сәтті күн.
Оралда төрт жыл оқыдың
Жастықтың кешіп шаттығын.
Сен едің өмір бағымның
Ашылмай қалған аспаны,
Жалынды жастық шағымның
Жазылмай қалған дастаны!
Ешкімге бермей ақыңды,
Қалдырып жақсы атыңды,
Жайыққа тастап кеттің-ау
Мөп-мөлдір махаббатыңды!..
Білсең де құнын асылдың...
Ілікпей қалған қолдармыз.
Жатса да жерде толған із,
Алланың жобалауымен
Қосылмай қалған жолдармыз.
Жыр-дәптер болып ашылдым.
Білсең де құнын асылдың,
Түсіріп алған Теңізге
Мен сенің маржан тасыңмын!!!
Неге іздедің сен мені?
Шашу қылып жолыңа
Шашқан жоқпын теңгені.
Сені «байлап» беретін
Таба алмадым жеңгені.
Сүю болды ол кезде
Бар қолымнан келгені,
Жіберіп ап қолыңнан,
Неге іздедің сен мені?!
Кездесу сәті
Ақырын келіп, қол алдың
Жан-жүрегіңмен толғана,
Сан жылдардан соң оралдың
Оқытқан білім ордаңа.
Өрт шалды неге жаныңды?
Сезімнің отын жақтың ба?
Жастықта жоғалт-қаныңды
44-іңде таптың ба?
Толқынға толқын қос дейді
Арнасын жырдың бұрғанда.
Мен жаққан шырақ өшпейді
Жүрегің соғып тұрғанда!
АСТАНА
Өзіңе айтар тілек көп
Ұсынған сыйлығымды ал қысылмай.
Жырым бар Наурыздың нақышындай!
Өзіңе өлең жаздым
жылдар бойы
Аңсаған түндеріңнің ақысындай!
Есінен еш уақытта тастамаған
Сен менің дастаным ең бастамаған.
Жүрмісің аман-есен Ақтөбеде,
Бір сәлем жолдап тұрмын Астанадан!
Айта алман бар сырыңды білемін деп,
Қашанда өзіңе айтар тілегім көп.
Жанымды түсінген соң «Жаным» деймін,
Мен саған айта алмадым «Жүрегім» деп!
Қолымнан шығарып ап тізгініңді,
Құшаққа қыса алмадым жүз гүліңді.
Архивте жатқан жырды табыс етіп,
Есіңе түсірдім бе қыз күніңді?!
Ескегін бірге еспедің қайығымның.
Өзіңнен амалсыздан айырылдым...
Алыста бұрқ-сарқ шалқып жатқан
Мен сенің тулап аққан Жайығыңмын!
АСТАНА
Сыр ашпадым мұңсызға
Мен ешқашан сыр ашпап ем мұңсызға,
Ұмтылмап ем қол жетпейтін жұлдызға...
Ғашық болып, өз-өзімнен өртеніп,
Көз салмадым сенен басқа бір қызға.
Сол бір кезде соқты неге салқын леп?
Қолды бұлғап жағалауда қалдым тек...
Маған кінә таға алмайсың, жан еркем,
Бірге оқыған басқа қызға бардың деп!
Бұл өмірде кездерің аз ант берген,
Өз бағыңды іздедің бе жат жерден?
Ай, қыздар-ай, сол мінезді ұқпадым
Жас жігітті сүйе тұрып, жалт берген!
Бұза жарып кіргенім жоқ есіктен,
Дұшпан іздеп, жан емеспін өшіккен,
Қалқам, сенің сезіміңе не дейін
Маған жетпей, 25 жыл кешіккен.
Айлар түгіл, жылдар жатыр алмасып,
Пәк сезімді қалған шығар қар басып...
Біз бәрібір өмір сүре алмаймыз
Өткен күннің шылбырына жармасып!
Мүмкін емес қайта өмір бастауың,
Керегі жоқ адалдықты ластауың.
Ой, жаным-ай,..
керек шығар сен мені
Жүрегіңмен қоса жұлып тастауың!
АСТАНА
Жылатып не құлатып...
Көңілінде көктем гүлі гүлдейді,
Өзге жұртты көзіне де ілмейді.
Ессіз-түссіз ғашық болған бейбақтар
Махаббаттың шекарасын білмейді!
Сөз айтып ем жүрегіңмен ұғалық,
Асау болып салдырмадың бұғалық.
Алабұртып тұрғанымда,
«Жоқ!» дедің
Арманымның күл-талқанын шығарып!
Өзімізше сертімізге бекембіз.
Хан-Тағдырға өкпелейміз бекер біз.
Сен «Жоқ!» дедің, қайырылмай мен кеттім –
Бір-ақ рет қателескен екенбіз.
Жан-дүниемді, өнерімді сынатып,
Жанып едім бір өзіңді ұнатып,
Жастығымды еске салып,
алмашы
Менің сәби көңілімді жылатып.
Сезіміңді сағынышың жұбатып,
Күз келсе де, жаның тұр-ау гүл атып.
Өкініштің құдығына алмайын
Сенің нәзік жүрегіңді құлатып!
АСТАНА
Қыз бақыты – орамал
Алуан түрлі сырқаттар да емделер,
Әр адамның тұрмысы да жөнделер...
Бұл өмірде бақытсыз боп өтеді
Махаббаты сөніп қалған пенделер.
Қандай ыстық студенттік шақтарым,
Естелігін жүрегімде сақтадым.
Сыр-сандыққа салып қойған жібектей
Қолымда тек қалды сенің хаттарың.
Сый берсе де бір басыңа жететін,
Ғұмыр деген қысқа екен ғой өте тым.
Қыз бақыты орамалға ұқсайды
Тағдыр желі іліп алып кететін.
Еске аларсың бүгін түске енді деп,
Жылап жатар жан-жүрегің елжіреп...
Тұрады екен көңіліңнің төрінде
Сағыныштың орамалы желбіреп!
АСТАНА
Сезіміңді сақтадың ба жүректе?
Шындық айтқан адамды мен жақтармын.
Құпиясын жүрегінде сақтар кім?
25 жыл көкірегіңе сыйдырған
Сағынышты сезіміңді ақтардың!
Таңдайыңда қалса-дағы кермегі,
Уақыт-емші жүрек дертін емдеді.
Қоштаспастан екі жаққа кетіп ек,
Кім ойлаған сағынар деп сен мені.
Сағынышпен өткен болса күндерің –
Қадірімді кештеу барып білгенің.
Ол да менің бір бақытым шығар-ау
Жүрегіңде өмір сүріп жүргенім.
АСТАНА
Қайта алып келдің бе көктемімді?
Әсер етер әрине ойың маған,
БІЗ СӨЙЛЕМБІЗ НҮКТЕСІ ҚОЙЫЛМАҒАН.
Жылдар салып араға «Сағындым» деп,
Сен бірінші адамсың мойындаған!
Отқа салып жүрсем де құр жанымды,
Аралатсам деп едім жыр бағымды.
Сезбедің-ау сол кезде қолыма алып
Жүрегімді ұсынып тұрғанымды!
Әр сөзіңнен сеземін от-деміңді,
Көз алдыма оралтып өткенімді,
Бәрін-бәрін ұмытып кеткен едім,
Қайта алып келдің бе көктемімді?!
Еске салып жас дәурен шақтарымды
Жанартау боп сезімім ақтарылды.
Көрмеу үшін өзгелер,
өшір-дағы
Жүрегіңе жазып ал хаттарымды!
АСТАНА
Жарқылдаған жауһарлар...
Сезімтал жандар сағынар
Айтады асқақ ән қылып.
Жастықтың жасыл бағы бар
Жүректе тұрар жаңғырып.
Қарамай боран, мұз-қарға,
Қыран-жыр көкке ұшырдым!
Ең асыл көркем қыздарға
Жанымның гүлін ұсындым.
Қуатты жырдан алушы ем,
Ғашықтық дерті үдетті.
Қолына бере салушы ем
Алаулап тұрған жүректі!
Өткен соң ширек ғасырдай
Әр қырдан іздеп табам тек.
Жеткізер сырын жасырмай
Сағынып еске алам деп.
Жүректе мәңгі жатқанын
Айтамын ешбір жасқанбай.
Ей, менің махаббаттарым,
Шашылған асыл тастардай!
Жыр-алау жанған ұям бар,
Жүрегі сияр мың қыздың!
Бар асыл тасты жиям да,
Махаббат тауын тұрғыздым!
28 шілде 2011 жыл. Сағат 09.23
Алматы қаласы.