Еліміздің агрокешенінің келешегі кемел

Еліміздің агрокешенінің келешегі кемел

Жыл сайын 16 қазанда елімізде Нан күні атап өтіледі. Бұл атаулы күн үш жыл бұрын Үкіметтің қаулысымен арнайы белгіленген болатын. Еліміздің агроөнеркәсіп саласында жетекші елдердің бірі екенін, бидай өндіру, сату өндірісінде өзіндік орны бар мемлекеттердің бірі екенін ескерсек мұндай күннің елімізде айрықша маңызды екенін бағамдаймыз. Бұл күн еліміздегі нан өнімдері мен нан өндірісіне қатысы бар барлық мамандардың еңбегін елеу үшін, соның ішінде нан өндірушілер, ұн тартушылар мен бидай өндірісі саласындағы барлық наубайшылардың жоғары мәртебесін нығайтуға арналған күн ретінде танимыз. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше мерекеге орай отандық диханшыларды құттықтады.
Ол өз құттықтауында «Дихандарымыздың жоғары кәсібилігінің, өз ісіне адалдығының және қажырлы еңбегінің арқасында агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігінің сенімді кепіліне және экономикалық дамудың басты қозғаушы күшіне айналды. Біз тұрғылықты жеріне қарамастан барлық азаматтардың жан жақты дамуына бірдей мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан ауыл тұрғындарының әл- ауқатын арттырып, тұрмыс салтын жақсарту - біздің басты міндетіміз. Барша дихандарға зор денсаулық пен  бақ береке тілеймін. Құрметті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, сіздер еліміздің игілігі үшін және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде істеп жатқан еңбектеріңіздің бағасы ұшан-теңіз. Қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамыз. Мерейлі мереке – Нан күні құтты болсын! – деп өз лебізін білдірді.

Президент атап өткендей еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы жетістігін, алға ілгерілеушілігін соңғы жылдары анық сезініп келеміз. Астық өндіруде ғана емес, сыртқа шығарып сатуда да көрсеткіштеріміз жыл өткен сайын жоғарылап келеді. Бұл саланың уақыт сұранысына сай дамып, елгерілеп келе жатқанының айқын көрінісі. Сондықтан мерейлі мереке тұсында еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы еңбекшілердің баршасының ерен еңбегін тағы бір сараптап өтуді жөн көрдік.

Мәселен биылғы жиын терімнің аяқталуына орай есептік көрсеткіштерге көз салсақ, болжамды сандардан да асып түсіп жатқанын, күзгі жиын терімнің берекелі болғанын аңғарамыз. Жоспарланған 19,5 млн тонна бункерлік салмақтағы астықтың орнына бүгінде 21,7 млн тоннадан астам астық бастырылған көрінеді. Сонымен қатар, 16,3 млн тоннадан астам бидай қамбаға түскен. Ал алдын ала болжам бойынша бункерлік салмақта 14,1 млн тонна жиналады деп күтілген болатын. Шын мәнінде мұның барлығы еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы қызметкерлердің  қажырлы еңбегінің арқасында екені даусыз.

Жалпы елімізде өндірілетін өнімдердің көптеген химикатсыз, табиғи болуы бүгінде шетелдіктердің де сұранысын арттырып отыр. Қазақстандық фермерлердің астықпен отандық нарықты ғана емес, өнімдеріміздің сапалық көрсеткіштері жоғары бағаланатын шекараның арғы бетіндегі мемлекеттерді де қызықтыруы ең алдымен ел мерейі деп айта аламыз. Жекелеген әрбір облыстың да бұл жоғары көрсеткіште өздерінің жоғары үлесі бар. Осы орайда бір ғана Жамбыл облысына егілетін және орылған дәнді дақылдардың, жеміс жидектердің түріне қарап таң қалмасқа шара жоқ.  

Мәселен Жамбыл облысында биыл 756 мың гектардан астам аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары себілген екен. Бұл санды өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға артық екенін ескерсек жалпы себілген дән есебінен де алға ілгерілеудің бар екенін аңғарамыз. Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов «390 мың гектардан астам жерге дәнді және дәнді бұршақты дақылдар егілген. 72,5 мың гектарға тарта егістікке майлы дақылдардың тұқымы тасталған, ал 5,5 мың гектарға қант қызылшасы себілген. 11,6 мың гектарға картоп, 61 мың гектардан астам жерге көкөніс-бақша дақылдары отырғызылса, 215 мың гектардан астам жерге мал азығы дақылдары егілді.

Бүгінде 371 мың гектардан аса жерге себілген масақты дәнді дақылдар толықтай орылып бітті. Оның әр гектарынан алынған орташа өнімнің көлемі 17 центнерден асып жығылады. Яғни, қырманға 633,4 мың тонна астық бастырдық. Сонымен қатар, қазіргі кезде картоптың 75,3 %-ын жинап қойдық, бақша дақылдарын жинау науқаны бітуге таяды. Көкөніс дақылдарының да 85 %-ға жуығын қоймаға кіргізіп алдық. Жүгері алқабының жиын-теріні енді басталды. 20 %-дан астам жүгері қырманға түсті, майлы  дақылдардың да 70 %-ға жуығын жинап үлгердік. Осындай жұмыстарымыз қауырт түрде жалғасып жатыр» дейді. Бір ғана облысымызда осынша өнім алынғанына қарап ақ қазақтың дархан даласының жомарттығына риза боласың.

         Агрокешен ұғымынан төрт түліктің қысқа дайындалар азығы да қалыс қалмайды. Сондықтан барлық облысымыз өздеріне ғана емес кейде көрші облыстарға да мал азығын дайындасуға қолғабыс етеді. Жоғарыда атап өткен Жамбыл облысының шаруалары шаруалары қыстауға 342 мың гектардан астам пішен орып, әзірлеген көрінеді. Атап өтер жайт мал азығын дайындауда да болжамды статистикадан асып түскеніміз аңғарылады. Мәселен мал азығы үшін биылғы жылға 1,8 млн тонна пішен, 64 мың тонна пішендеме, 492 мың тонна сабан, 61 мың тонна сүрлем дайындау көзделсе, қазіргі уақытта 1, 9 млн тонна пішен, 642 мың тонна пішендеме, 495 мың тонна сабан және 41 мың тонна сүрлем дайындалған көрінеді. Демек көзделген межеден асып түсуіміз биылғы қыстан қысылмай шығуымыздың көрсеткіші дей аламыз.

         Себілген дән көлемінің де жыл санап артып келе жатқаны суармалы жерлеріміздің егінге жақсы дайындығының белгісі болса керек. Осы орайда Жамбыл облысында егілген дән көлемі де былтырғыдан айтарлықтай жоғары болған. Аймақта 158 мың гектарға күздік бидай егілген, ал бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 360 гектарға артық екен. Бүгінде күздік дақылдарды себуге 88 420 гектар жер дайындалса, оның ішінде 8 811 гектар алқапта сүр көтеріліп, 3 204 гектарға дақыл егіліпті. Сонымен қатар келер жылы себілетін жаздық дақылдар үшін 441 140 гектар сүдігер жырту көзделіп отыр. Қазіргі уақытта 28000 дай гектар жер өңделіп біткен.

         Келесі жылға жоспарланған болжамды егіс көлемі де көз қуантады. Қазіргі таңда 2022 жылдың өніміне егілетін күздік дақылдардың егіс көлемі 157 580 гектарды құрайтынын мамандар айтуда. Ал оған қажетті тұқым көлемі 28 мың тоннаның айналасында екен. Қазіргі кезде Жамбыл облысындағы қолда бар тұқымның көлемі 29 393 тоннаны құрап отыр, яғни 1 621 тонна артығымен жиналған. Оның ішінде Р2 сұрыпты тұқым – 4 тоннаны, жоғары элиталы тұқым – 132 тоннаны, элиталы тұқым – 2 530 тоннаны, бірінші репродукция – 7 190 тоннаны, екінші репродукция – 10 532 тоннаны, үшінші репродукция 9 086 тоннаны құрап отырған көрінеді. Сондай-ақ биыл осы өңір бойынша 52,4 мың тонна минералды тыңайтқышты егістік алқабына ендіру және тыңайтқыш енген алқап деңгейін 46,6 %-ға жеткізу жоспарланып отырғанын айтып мамандар қуантып отыр. Негізі былтыр бұл көрсеткіш 51 мың тоннадан сәл асқан екен. Бүгінгі күнге Жамбыл облысының шаруа қожалықтары тарапынан 41,9 мың тонна тыңайтқыш алынып, 230 мың гектар алқап қамтылған. Яғни Жамбыл облысы келер жылы да халықты қуантатын түрі бар.

Атап өтер жайт Жамбыл облысын ғана мысалға алып отырмыз. Ал негізі барлық облыстарымызда сала бойынша өсім бар екені қуантады. Осы орайда мұндай жетістікке мемлекет тарапынан қолдау болмаса қол жеткізе алмасымыз анық. Осы орада күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан 10 725 тонна кепілдендірілген жанармай бөлінген екен. Жиын терім кезінде мұндай көмектің, қолдаудың маңызы зор екені анық. Жоғарыда бөлінген 10 725 тонна кепілдендірілген жанармайдың 2 860 тоннасы – шілдеде, 2 795 тоннасы – тамыз айында үлестірілсе, 2 860 тоннасын қыркүйек айында таратып дер кезінде жеткізген. Осы қазан айында шаруаларға тағы 2 210 тонна дизель қолжетімді бағамен сатылып жатыр. Бұл тұрғыда шаруаларымыз жанармайдан тапшылық көрмеуде деп айта аламыз. Атап өтер жайт биылғы жылы операторлар тарапынан шаруашылықтарға дизель отынын арзандатылған түрде тарату бағасы 202-213 теңге арасында бекітілген. Және бұл шектен асырылмау мемлекет тарапынан қатаң тапсырылған.  Бұл шаруаларға қолжетімді баға болып отыр.

Ал суды тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиялары арқылы өткен жылы егіс алаңының 40,5 мың гектарына енгізілген болса биыл бұл сан 50 мың гектарға жеткізілуі де көңілді қуантып отыр. Оның ішінде, тамшылатып суару 32,7 мың гектарды, жаңбырлатып суару 17,3 мың гектарды қамтып отыр. Су тапшылығы соңғы жылдары жиі айтылып жүргенін ескерсек, облыс шаруаларының сол мәселеге орай бейімделе білгенін байқап отырмыз.

Агрокешен саласын техникасыз елестету де мүмкін емес. Тонналаған астықты жинап алу, егу тек техниканың күшін талап етеді. Осы орайда Жамбыл облысында осы жылы 1 300-ден астам ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылған екен.  Оның ішінде 847 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынса, оның 12-сі комбайн, 151-і трактор және 684 данасы басқа да түрлі техникалар екен. Ауылшаруашылығы техникаларын жыл сайын жаңартып отыру арқылы саладағы жұмыс өнімділігі артуға ықпал етеді. Аталмыш облыста бүгінгі күні техникалардың орташа жаңару көрсеткіші 7 %-ды құрап отыр екен. Сондықтан ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартып отырудың маңызын жұмыс өнімділігі артуынан байқаймыз. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығы техникаларын уақытылы жаңартып, сақадай сай етіп отыруға мемлекет тарапынан да қолдау қарастырылған. Мәселен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 362 өтінімге 1,3 млрд теңге субсидия төленгенін атап өту керек.

Мұндай көрсеткіштер арқылы келешекте еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы әлеуетін тиімді пайдаланып, шетелге табиғи, таза өнімдерімізді шығаруға көшбасшы елдердің біріне айнала білсек ел дамуына айрықша ықпал етер еді. Оған кең байтақ жеріміздің ғана емес, саладағы жинаған осынау барлық тәжірибелеріміз де әсір етер еді.

Жалпы еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы жыл сайынғы жетістіктерін барлық жағынан сезініп келеміз. Оны осы мақаламызда арнайы атаулы күн белгіленуінен бастап, жанармаймен қамту, ауылшаруашылығы техникаларын жаңарту кезіндегі қамқорлықтарынан да атап өтіп отырмыз. Мемлекет тарапынан берілген субсидиялар мен қолдаудың барлығының нәтижесін статистикадан да көріп отырмыз. Осындай мемлекет қолдауы мен ауылшаруашылығы саласындағы мамандарымыздың қажырлы еңбегі мен кәсіби жұмысының нәтижесі елімізді дамытып, көркейте берері анық!

Қуаныш Ермекова

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста