«Әзiрет Сұлтан» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық-музейiнiң қызметкерлерi Қаратау бөктерiнiң жартасты шатқалында орналасқан «Жылаған ата» ескерткiшiне саяхат жасады.
«Әзiрет Сұлтан» қорық-музейiнiң құрамындағы дiни-рухани ескерткiштердiң бiрегейiнен саналатын Жылаған атаға жету де оңай болмады. Ол үшiн Қарашық, Жүйнек, Қарнақ, Шерт (Серт) елдi мекендерi арқылы алдымен Үкаша атаға жеткен топ әрi қарай Қаратау арасымен бiрнеше шақырымды көлiкпен жүрдi. Сонан соң шың-құз арасындағы соқпақпен үш шақырым жердi жаяу жүруге тура келедi.
«Жылаған ата кереметi» тақырыбындағы танымдық экскурсияға қатысқандар туған жердiң небiр ғажап кереметiне қанықты. «Жылаған ата» дiни-рухани ескерткiшi орналасқан жерiнiң әсем табиғатымен, саф таза ауасымен көрген жанды таң қалдыратыны сөзсiз. Жолдың қиындығынан әзiрге келушiлер легi көбейе қоймаған. Болашақта жолды дұрыстаса, тек қазақстандық емес, шетелдiк туристердiң де көбейетiнi анық. Туған өлкенiң бай тарихынан хабардар болған саяхатшылар бұл сапарын ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына арнады.
Ү.РЗУАНҚЫЗЫ
"Оңтүстік Қазақстан"