Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтауы
Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы жылы бұл мемлекеттік мерекені әрбір қазақстандық үшін аса маңызды меже - ел Тәуелсіздігінің 25-ші мерейлі жылымен қатар атап өткелі отырмыз.
Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан құқықтық жүйенің тиімділігінің арқасында мемлекетіміз әлеуметтік-экономикалық дамуында елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік қауымдастық алдында үлкен абыройға ие болды. Бүгінгі күні Ата Заң еліміздің табыстарының түпқазығы, Қазақстанның одан әрі гүлденуінің кепілі болып отыр.
Құрметті жетісулықтар!
Біздің алдымызда Мемлекет басшысы жүктеген ауқымды тапсырмаларды орындау, бағдарламалардың межесіне жету міндеті тұр. Оларға біз тас-түйін бірлігімізбен, Конституция нұсқаған сара жолмен жүру арқылы жете аламыз.
Негізгі заңымыздың талаптары мен ережелерін сақтау, конституциялық құндылықтарды қорғау – әрқайсымыздың басты парызымыз әрі міндетіміз. Осы таңдаған жолымызбен қадамымызды одан әрі де нық басып, талай белесті бағындыратынымызға, талай жеңіске жететінімізге сенемін.
Сіздерге толайым табыс, мықты денсаулық, мейірім мен молшылық тілеймін. Әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс-құт ұяласын!