Көліктер жиналып қалған Тараз-Алматы тасжолы видеоға түсірілді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Кадрларға қарағанда, ондаған көлік қар құрсауында қалып қойған. Автордың айтуынша, видео 4 қаңтарда түсірілген.
"Қар басып қалды. Тіпті бульдозер де тұрып қалған", - дейді кадр сыртындағы дауыс.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 15:00-дегі мәліметі бойынша, ауа райының нашарлауына байланысты (бұрқасын, көктайғақ) 65 жол учаскесі жабылған, оның 35-і республикалық, 30-ы облыстық маңызы бар жолдар.
Жолдардағы төтенше жағдайларды жою бойынша республикалық штаб құрылды, мұндай штабтар облыстарда – Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Павлодар, Жетісу облыстарында және Абай облысында жұмыс істейді.
Бақылау бекеттерінде 1000-нан аса көлік тұрып қалған.
"Осы тәулікте құтқару бөлімшелерімен 725 адам құтқарылды және эвакуацияланды, оның ішінде 137 бала, 124 техника қар құрсауынан шығарылды. Халықты эвакуациялау үшін автожолдардың жабық учаскелерінде уақытша жылыту пункттері дайындалды, сондай-ақ эвакуациялау үшін 200 техника дайын тұр", - делінген хабарламада.
Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 4163 адам және 1343 ТЖМ, ЖАО және ІІМ техникасы жұмылдырылған.