Шымкенттік келіннің бір күні қалай өтеді?
Қазақ халқында келін түсіру дәстүрі бәріне ортақ болғанымен, елдің әр өңірінде оның жөн-жоралғыларында айтарлықтай ерекшелік бар. Келіннің міндеттерін де әркім өздігінше түсінеді. Соның ішінде оңтүстік өңірінің келіндеріне қойылатын талаптарды көбі шошына қабылдайды.
Осы орайда, NUR.KZ тілшісі шымкенттік келіннің бір күнін бақылап көрді.
«Оңтүстікте келінді құлы сияқты қабылдайды», «Шымкентке келін болып түссең, таң атпай есік алдын күніге сыпыруың қажет», «Оңтүстікке келін болдым дегенше өз-өзіңе қарауды ұмытасың. Бітпейтін шаруа…», – деген әңгімеден қазір келін болуға дайындалып жүрген кез келген бойжеткеннің қорқатыны рас.
Шынымен де, Шымкент келіндерінің өмірі соншалықты қорқынышты ма?
Альмира Оразалиеваның жасы 28-де. Жұмабековтер әулетінің босағасын аттағанына үш жыл болды. Бүгінде Ерасыл және Айсұлтан есімді ұлдардың анасы.
Келін таң азанымен ұйқыдан тұра сала әдеттегідей төсегін жинап, бірден орамал тағып алады. Себебі оңтүстікте келіннің ата-ененің алдында жалаңбас жүруі ерсі әрекет болып табылады.
Аптаның өзге күндері жұмыс болғандықтан келін ертерек ұйқыдан тұрып, үйіндегілерге таңғы ас әзірлеп қояды. Жексенбі болған соң таңғы сағат 8.00-дерде ұйқыдан тұруды әдетке айналдырған. Бұл уақытта ұлдары тәтті ұйқыда жатыр.
Ата-енесі де әлі ұйқыдан ояна қойған жоқ. Беті-қолын жуған соң Альмира дереу ас үйдегі шаруаларына кірісті. Көбі ойлап жүргендей Шымкентте келін күн сайын есік алдын сыпыруға міндетті емес.
Альмира таңертеңгі шаруаларын реттеген соң, ата-енесі ұйқыдан оянар сәтте шай қояды.
Жас келін әр жексенбі сайын ас үйде түрлі тәттілерді пісіреді. Бүгін тәтті бәліш әзірлеп, дастархан жая бастады.
Таңғы шай әзірлеп жүрген сәтте ата-енесі де ұйқыдан тұрды. Қазақы салт бойынша келін үйдегі үлкендерге иіліп сәлем салды.
Бұл аралықта ұлдары да ұйқыдан оянып қалды. Балақайларды киіндіріп, беті-қолын жуып, дастархан басына алып келді. Оларға таңертеңгілік жеңіл астарын берді.
Ата-енесі де ас үйге беттеді. Таңертеңгілік ас ішу үшін үй іші дастархан басына жиналды.
Енесі Бибіайша апа да келінінің қызметіне разы.
«Жұмысбасты болса да үйдегі шаруаларына уақыт табады. Барлық жағдайымызды жасап отыр. Бізге одан артық не керек? Өте пысық. Үйге келген қонақты үнемі жылы шыраймен қарсы алып, дастарханын жайнатып отырады»,- дейді Бибіайша апа.
Таңғы шайдан соң келін үй тазалау жұмыстарына кірісті.
Көбіне жас келін үйдің шаруаларымен айналысқандықтан, балаларға ата-енесі бас-көз болады. Шаруаларын жасап қойса, өзі де бір сәт балақайларын ойнату уақыт табады.
Әне-міне дегенше түскі астың қамына кірісу уақыты да таяп қалды.
Альмира бүгін ата-енесі мен балаларының түскі асына “нарын” тағамын әзірледі. Үлкендер астың өте дәмді шыққанын айтуда.
Кейде балаларды ойнатып отырып, үйдің өзге жұмыстарын қатар жасап отыруына тура келеді.
Кейіпкеріміз аптаның алты күнінде жекеменшік компанияда есепші болып еңбек етеді. Ал жексенбі күні ол бар уақытын отбасына арнап, өзінің күнделікті келіндік міндетін атқарады.
Альмираның айтуынша, Шымкенттің келіні болу соншалықты қиын емес. Өйткені, қазақы тәрбие көрген кез-келген бойжеткен келіндік өмірді де тез игеріп кетеді.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.
Дереккөз: NUR.KZ
www.nur.kz/kk/987020-shymkenttik-kelinninh-bir-kuni-qalay-ot.html