Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде жоғары оқу орындарының ғылымға назар аударуы үшін магистратураның оқу құны өсетінін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министр ғылымға көңіл аударылмауының бірден бір себебі қаржы екенін атап кетті. Сөзінше ЖОО-ның басшылары үшін магистранттарды аз ақыға оқытқанша, қымбаттау бағаға бакалавр студенттерін оқытқан тиімдірек екен.
“Бізде жоғары оқу орындарының бсым көпшілігі әлі зерттеу форматына көшкен жоқ. Бірнеше себеп бар. Біріншіден жоғары оқу орындарының ректорларының өздері магистрларды, PhD докторанттарды даярлауға құштарлық жоқ. Неге десеңіз, магистр грантының құны 380 мың теңге. Ал бакалавриат грантының құны 1 млн теңгеге жуық”,- деді министр.
Сонымен қатар Саясат Нұрбек осы себептен ректорлардың басқаша ойлайтынын алға тартты.
“Олар бакалаврды қазір қабылдасам, ол маған төрт жыл бойы миллион теңге төлеп тұрады. Ал магистрды қабылдасам, ол екі жылда маған бір миллион теңге де әкелмейді дегендей ойда болады. Сондықтан біз осы жылдан бастап магистратура, докторантура гранттарының құнын өсіреміз. Кемінде бакалаврлармен теңесуі керек”,- деп қосты министр.
Үш жылдың ішінде магистр құны 1,5-2 миллионн теңге көлемінде өспек.